Дәріс тезистері
Дәріс 1. Синтаксис ілімінің зерттелуі, оқыту мәселелері
Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
1. «Синтаксис» ұғымының мәні.
2. Синтаксистік зерттеу бағыттары.
3. Қазіргі қазақ тілі синтаксисінің зерттелуі.
4. Синтаксисті оқытудың жалпы мәселелері
Синтаксис грек тiлiнен аударғанда «бiрiктiру, байланысу құру, тәртiпке келтiру» деген ұғымды бiлдiредi. Тiл ғылымында синтаксис сөйлемдегi жеке сөздердiң байланысын, сөз тiркесiнiң заңдылықтарын, сөйлем құраудың амал-тәсiлдерiн яғни сөйлеу процесiнiң пайда болуын қарастырады. Мұнда сөйлем iшiндегi жеке сөздердiң орналасу тәртiбi, үйлесуi, сөйлемнiң жалпы қасиеттерi толық зерттеледi. Сөйлем iшiндегi сөздер мен сөздердiң орын алмасуы транспозиция тәсiлi арқылы зерттеледi. Бұл әдiс сөздiң тұлғасы мен оның синтаксистiк қызметi арасындағы қатынасты анықтау үшiн қолданылады. Синтаксис ең алғаш /б.э.д. III ғ./ логикалық бағытта зерттелiп, Аристотель заманынан бастап, ХIХ ғасырдың ортасына дейiн логикалық категория ретiнде танылды. Протагор, Платон, Аристотельдер “логос” ұғымының сөйлемде, пiкiрде тексте әрқашан болатынын басшылыққа алған. Сөйлемдердi байланыс қызметiне қарай жiктеу /коммуникациялық қызметi/, сөйлемнiң негiзгi бөлiктерiн анықтау, сөйлем бөлiктерi арасында болатын қатынастарды анықтауы жағынан салыстырғанда стоиктер заманындағы синтаксистiк зерттеулер қазiргi тiлiмiздiң синтаксистiк заңдылықтарымен үйлесетiнiн көремiз. Протагор сөйлеудiң iшiнде сұрақ, жауап, тапсырма, өтiнiш болатынын, Аристотель терiске шығару, үндеу, баяндау, болымсыз не құптау сөйлемдерi, жалпы не жалқы сұрақ, бұйрық не жалыну, ант, үндеу тәрiздi қағидаларды басшылыққа алды. Платон пiкiр-сөйлемдi есiм және етiстiк деп екiге бөлiп, оларды субект пен объектiнiң көрiнiсi ретiнде қарастырды. Олар сөйлем iшiндегi предикат пен септiктердiң де қызметiне назар аударған. Аппалоний Дискол /III ғ./ тұлға мен септiктiң байланысын қарастырған.
ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында А.Шахматов, О.Есперсендер синтаксистi сөздегi ойды табатын тiлдегi құбылыстардың қызметi мен тұлғасын зерттейтiн грамматиканың саласы деп түсiндiрдi. Сонымен қатар, ХIХ ғасырдың екiншi жартысында Х.Штейнталь, А.Потебня, Герман Пауль, Вильгельм Вундт тәрiздi ғалымдар психологиялық арнада зерттедi. Синтаксистi “сөйлем iшiндегi сөздердiң қызметi туралы iлiм” деп таныған ең алғашқы ғалым Ф.Фортунатов болды. Ол тiлдердiң ұлттық ерекшелiктерiне баса назар аударды. Лингвистикада ХХ ғасырдың 50 жылдарына дейiн синтаксис саласы баяу зерттелдi. Бiрақ сөйлемнiң пайда болуы, оның құрылысы туралы заңдылықтар осы кезден бастап қалыптасты. 60-80 жж-дан бастап, синтаксистiң дамуында мынандай заңдылықтар болды: синтаксистiк бiрлiктердiң семантикасына көңiл бөлу, тек сөйлем емес одан да iрi – дискурсты, текстi зерттеу, коммуникацияны зерттеу, сөйлемнiң субективтi мағынасын/ адамға қатысты/ зерттеу, бiрқалыпты синтаксистен гөрi өзгерiсте болатын синтаксистi зерттеу. Бұл синтаксистiң семантикамен, сөзжасаммен, прагматика, стилистика, коммуникация теориясымен байланысын көрсетедi. Синтаксистiк қатынастардың көрiнiсi сөйлем iшiндегi құрылыста ұлттық ерекшелiктерге бағынады. Сондықтан сөйлем тiлдiң типiне бөлгенде негiзгi рөл атқарады.
Қазақ тiлiнiң синтаксистік мәселелері 1894-1897 жылдары орыс тiлiнде шыққан П.М. Мелиоранскийдiң “Краткая грамматика казах-киргизского языка” атты екi кiтабынан бастау алып, А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, Н. Сауранбаев, М. Балақаев, Т. Қордабаев Қ Есенов, Ә. Аблақов, О. Төлегенов, М. Серғалиев, Т. Сайрамбаев, Е.Ағманов, еңбектерінде жалғасын тапты. Бүгінгі таңда Р. Әмiров, Б. Шалабаев, Ж.Сәдуақасов Ж.Жақыпов, Т.Ермекова, Н.Ильясова, Ә.Елшібаева, М.Жолшаева т.б. сынды ғалымдар мен зерттеушілер айналысуда.
1935-1940 жылдар арасында сөйлем мүшелерiнiң зерттелуi жақсы қолға алынды. Ол кезде сөйлем мүшелерi туралы А.Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, Х.Басымов, I.Байтенов, С.Аманжолов, М.Балақаев, Ә.Ермеков сияқты ғалымдар көп еңбек сiңiрдi.
Сөз тiркесi синтаксисiнiң зерттелуi 1950 жылдардан бастап қолға алына бастады. Оған дейiн түркiтанушы ғалымдар сөз тiркесi дегендi бөлiп қарамай-ақ, “анықтауыштық қатынастағы есiмдер тобына” баса назар аударды. Сөз тiркесi сөйлемде қолданыла ма, әлде сөйлемнен тыс қолданыла ма деген мәселе әлi күнге дейiн зерттелу үстінде. Бұл мәселе тек түркологияда ғана емес, орыс тiл бiлiмiнде де онша шешiмiн таба қойған жоқ. Түркологияда, оның iшiнде қазақ тiл бiлiмiнде М.Балақаев, Ә.Аблақов, Т.Сайрамбаев, Е.Ағмановтар, орыс тiл бiлiмiнде В.В.Виноградов, В.Н.Ярцева, Д.Ю.Кобрин, К.Н.Абервухтар сөз тiркесiн сөйлемнiң құрылыс материалы ретiнде таниды.
Қазақ тiлi синтаксисiнде елеулi еңбек сiңiрген ғалым – С.Жиенбаев. Оның жай және құрмалас сөйлемдерге, үйiрлi мүшеге арналған құнды зерттеулерi бар. 1954 жылы шыққан “Қазiргi қазақ тiлi” грамматикасының синтаксис саласында сөз тiркесi жай сөйлемнен бөлiнiп алынып, сөз тiркесiнiң ерекшелiктерi сараланды. С.Аманжоловтың еңбектерiнде сөз тiркесi сөйлем мүшелерiнiң ыңғайында қарастырылды.
Сөйлемнiң зерттелуi барысында М.Балақаев, Р.Әмiр, О.Төлегенов т.б. сөйлемнiң негiзгi белгiсi ретiнде предикативтiлiктi, модальдiлiктi алып, олардың әрқайсысына баса назар аударады.
Синтаксис тiл ғылымында екi түрлi қызметте жұмсалады: бiрiншi –коммуникациялық қызметте жұмсалатын тiлдік бірліктердің құрылымдық жүйесі мен семантикасы, екiншi – тiлден сөйлеуге көшу үстiнде жұмсалатын тiлдік бірліктердің динамикасы мен коммуникативті мәні.
Синтаксисті оқытудың жалпы мәселелері мектеп бағдарламасында бекітілген білім мазмұнымен тікелей байланысты. Синтаксисті оқыту грамматиканы оқыту әдістемесімен ғана шектеліп қалмайды, қазақ тілін кешенді оқытудың негізі болып табылады. Себебі синтаксис ой-пікірді білдіретін тілдік бірліктердің жүйесін қарастырады. Ойды, пікірді білдіруге тіл жүйесінің барлық элементтері қатысады.
Сондықтан синтаксисті оқыту тілдік элементтер мен мазмұн бірлігін сабақтастыру принципін басшылыққа алады. Бұл тілдік құбылыстарды біржақты талдауға, жаттанды білім алуға мүмкіндік бермейді. Мысалы, «бастауыш дегеніміз атау септігінде жұмсалып, кім, не деген сұраққа жауап беретін сөйлемнің тұрлаулы мүшесі», «Бастауышы жоқ сөйлемді жақсыз сөйлем дейміз», «Кем дегенде екі сөйлемнен құралып, күрделі ойды білдіретін сөйлемді құрмалас сөйлем дейміз» т.б. деп синтаксистік ережелерді тек формалық тұрғыдан оқытсақ бұл оқушының танымына, түсінуіне, қабылдауына да өте қиындық тудырады, сонымен бірге формализмге соқтыратыны сөзсіз. Синтаксисті оқыту форма мен мағына, мазмұнды бірлікте оқытуды талап етеді. Бұл үшін ыдыратунемесе талдау (анализ), жинақтау ( синтез),даралау (индукция), жалпылау (дедукция) әдістерін қолдану аса қажет.
Ыдырату (анализ - грек тілінен алынған термин) сөйлем құрамындағы тілдік бөлшектерді жігіне қарай ажыратып, олардың ой-пікірді, ақпаратты жеткізудегі атқаратын қызметін анықтап, талдау жасау; оларға тән белгілерді саралау. Ыдыратуға қарама-қарсы құбылыс жинақтау (синтез) әдісі. Анализ бен синтез бір-бірімен тығыз байланысты, себебі анализ болмаса синтез жасалмайды. Синтез грек тілінен аударғанда «біріктіру» деген мағынаны білдіреді. Синтаксисті оқытқанда біріктіру немесе жинақтау әдісі мен анализ әдісін форма мен мазмұнды бірлікте қолдану үшін пйдалануға болады. Мысалы: Уһ, әйтеуір, Мадридтің шетіне жеттік-ау! деген сөйлем арқылы анализ-синтез әдісін қолданудың үлгісін көрсетейік.
Анализ-синтез әдісі бойынша тапсырма:
1. Сөйлемде қандай ақпарат бар екенін табыңдар.
2. Сөйлем құрамындағы тілдік бөлшектерді анықтаңдар
3.Әрбір тілдік бөлшектің ақпарат жеткізу қызметін дәлелдеңдер.
4. Ақпараттық мағынаға сүйеніп жаңа сөйлем құрастырыңдар.
Мұнда алдыңғы 3 тапсырма анализ әдісіне, ал, 4 тапсырма синтез әдісіне негізделген. Ескерту: Тапсырманы орындап, нәтижесі туралы ой бөлісіңіздер.
Даралау әдісі (индукция грек тілінен енген термин) синтаксистік бірліктерді даралап талдау арқылы ой қорытынды шығаруды талап етеді. Синтаксистік бірліктерге сөз тіркесі, сөйлем, күрделі синтаксистік тұтастық кіреді. Осылардың әрқайсысының нақты ерекшеліктерін басшылыққа алып, форма мен мазмұн бірлігі негізінде түрлі тапсырмалар құрастыру қажет. Мысалы, сөз тіркесі формалары: қиысу, матасу, меңгеру, қабысу, жанасу. Осы формалардың байланысу жолдары мен ақпарат жеткізудегі қызметін мағыналық тұрғыдан ажыратуға арналған тапсырмалар құрастыру арқылы қол жеткізуге болады.
Жалпылау әдісі (дедукция грек сөзінен алынған термин) синтаксистегі субъект, предикат, байланыс үштігі негізінде сөйлемге тән жалпы белгілерді анықтап, сол арқылы даралап ой-қорытынды шығаруға арналған әдіс. Мұндағы субъект латынның бастауыш деген сөзі, предикат латынның баяндауыш деген сөзі, байланыс синтаксистік қатынастардың мәнін анықтайды. Бұл әдісте субъект сөйлем арқылы берілетін ой-пікірдің тірегі ретінде, предикат ой-пікірге қатысты ақпарат мазмұнының жиынтығы ретінде, байланыс бастауыш пен баяндауыштың жетегінде байланысып, синтакситік қатнасқа түскен сөздердің қызметін анықтаумен ерекшеленеді.