Негізгі мағына мен номинативті мағына:баланың сөзі, баланың ойы, баланың қолы т.б (матасу)
Дәріс 3. Сөз тіркесінің байланысу жолдары және оған ұқсас тұлғалар Қазақ тіл білімінде сөз тіркестері бес түрлі форма арқылы байланысады: қиысу, матасу, меңгеру, қабысу, жанасу.
Қиысу – сөйлемде атау септік жалғауы мен жіктік жалғаулар арқылы байланысқан сөздердің тіркесі. Қиысу формасы жақ категориясы арқылы байланысады.
Матасу – сөйлем ішіндегі сөздердің ілік септік жалғауы мен тәуелдік жалғау арқылы байланысуынан туындайтын сөз тіркесі формасы. Мысалы: ағаштың бұтағы, сенің кітабың, менің көргенім.
Сөз тіркесінің матасу формасы да жақ категориясына тәуелді. Мысалы:
І жақ: Менің кітабым
ІІ жақ: Сенің кітабың (Сіздің кітабыңыз)
ІІІ жақ: Оның кітабы Бірақ олардың өзіне тән ерекшеліктері бар: біріншіден, матасудың құрамында тек зат есімдер немесе заттанған сөздер мен есімдіктер ғана байланысады; екіншіден, матасу атрибуттық қатынаста жұмсалады.
Меңгеру – сөйлем ішідегі сөздердің атау мен іліктен басқа септіктердің бірінде тұрып байланысу формасы. Меңгерілетін сөз барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септік жалғауларының бірінде тұрады да, меңгеретін сөз етістік, есім не сол екеуінің ортақтасқан тобы болады. Осыған орай, меңгеру формасы үш түрге бөлінеді: етістікті меңгеру (терезені ашты, жайлауға шықты, қалтасынан алды, жолда жатты, түнімен жүрді); есімді меңгеру (қойдан жуас, оқуға ықыласты, қалада көп); ортақ меңгеру (айтуға тілім жетпейді, сөзін мақұл көрдік, жұртқа күлкі болдық, маған күлкі емес).
Септеулік шылаулар өзі бағынып тұрған сөздің меңгеру формасы арқылы байланысуына негіз болады. Мысалы: мектепке қарай жүрді, осыдан кейін барамын. Сөз тіркесі құрамынан септеулік шылауды алып тастасақ та, сөз тіркесінің синтаксистік байланысуы жойылмайды. Мысалы: мектепке қарай барамын – мектепке барамын. Меңгеру формасы синтетикалық тәсілмен байланысады, объектілік, адвербиалдық қатынаста жұмсалады.
Қабысу – сөйлем ішіндегі сөздердің еш жалғаусыз, қатаң орын тәртібі тәсілі арқылы байланысатын формасы. Қабыса байланысатын сөздер – есім сөздер. Сөз тіркесінің тірегі көбінесе, зат есімнен, кейде сын есімнен болып, оның қарым-қатынас үстіндегі мәнін анықтауға зат есім, сын есім, сан есім, модаль сөздер негіз болады. Мысалы: қызыл алма, нар түйе, үш бала, көп кітап. Олардың байланысу жолдары сөз мағыналарының ішкі бірлігіне сай келіп, тірек сыңардың сыны, саны, қасиеті т.б. ерекшелігі айқындалады. Сондықтан олардың құрамындағы грамматикалық байланыс тұрақтылық сипатқа ие болып, сөз тіркесі құрамындағы сөздер орнын ауыстыруға, арасына сөз салуға көнбейді. Нәтижесінде қабыса байланысқан сөз тіркестері қатаң орын тәртібі бойынша байланысып, аналитикалық тәсілге негізделеді. Атрибуттық қатынаста жұмсалады.
Қабысу есімдік және есімшелі сөздермен байланысып та анықтауыштық қатынаста жұмсалады. Есімдік пен зат есімнің байланысуы: мына бала, сонау жыл, бүкіл әлем, барша халық, т.б.; Есімше тұлғалы сөзбен зат есімнің байланысуы: келген қонақтар, айтар сөз, т.б.;
Жанасу – сөйлем ішіндегі сөздердің ешбір жалғаусыз, бірде алшақ, бірде іргелес тұрып байланысуы. Жанаса байланысатын сөздер сөйлем ішінде іргелес тұрып та, алшақ тұрып та байланыса береді. Мысалы: биыл бітірді сөз тіркесі сөйлем ішінде іргелесе тұрып байланысуға да, алшақ тұрып байланысуға да қабілетті. Салыстырайық:
Ол мектепті биыл бітірді; Ол биыл мектепті бітірді.
Қабысуға қарағанда жанасудың құрамындағы грамматикалық байланыс еркін болады.
Жанаса байланысатын сөз тіркесінің тірек сыңары етістік, қарым-қатынас үстіндегі мәнін айқындаушы сыңары адвербиалданған сын есім (жақын тұрды); тірек сыңары туынды сын есім, қарым-қатынас үстіндегі мәнін айқындаушы сыңары негізгі сын есім (баладай сүйкімді); тірек сыңары зат есім, қарым-қатынас үстіндегі мәнін айқындаушы сыңары үстеу (бүгін кезекші); тірек сыңары сын есім, қарым-қатынас үстіндегі мәнін айқындаушы сыңары үстеу (қазір көңілді); тірек сыңары сан есім, қарым-қатынас үстіндегі мәнін айқындаушы сыңары үстеу (биыл онда); тірек сыңары етістік, қарым-қатынас үстіндегі мәнін айқындаушы сыңары үстеу (кеше келді); тірек сыңары модаль сөз, қарым-қатынас үстіндегі мәнін айқындаушы сыңары үстеу (бүгін бар, қазір жоқ); тірек сыңары етістік, қарым-қатынас үстіндегі мәнін айқындаушы сыңары сан есім (екі-екіден тұрды); тірек сыңары етістік, қарым-қатынас үстіндегі мәнін айқындаушы сыңары көсемше тұлғалы сөз (күле қарады); тірек сыңары етістік, қарым-қатынас үстіндегі мәнін айқындаушы сыңары үшін септеулік шылаулы сөз (сен үшін келдім); тірек сыңары етістік, қарым-қатынас үстіндегі мәнін айқындаушы сыңары еліктеуш сөз (қарқ-қарқ күлді) болса, сөз тіркесі адвербиалдық қатынаста жұмсалады.
Сөз тіркесі құрамындағы сөздер үш түрлі тәсілмен байланысады. Олар: синтетикалық, аналитикалық және аналитика-синтетикалық тәсіл.
Синтетикалық тәсіл – сөз тіркесі құрамындағы сөздердің жалғаулар арқылы байланысуы. Қазақ тілінде сөз бен сөзді байланыстыратын қосымша – жалғаулар. Олар септік, тәуелдік, жіктік және көптік жалғаулары болып төртке бөлінетіні белгілі. Сөз бен сөзді байланыстыруда жалғаулардың әрқайсысының атқаратын синтаксистік қызметі бар. Аналитикалық тәсіл – сөз тіркесі құрамындағы сөздердің ешбір жалғаусыз орын тәртібі арқылы байланысуы. Аналитикалық тәсілде орын тәртібі маңызды қызмет атқарады. Аналитикалық тәсілмен байланысқан сөз тіркестері қатаң орын тәртібі және әрі іргелес, әрі алшақ тұру тәртібі арқылы байланысады.
Аналитика-синтетикалық тәсіл үшін, туралы, жөнінде, жайында т.б. шылаулары арқылы байланысқан сөз тіркестеріне тән. Мысалы: Сен бала үшін барасың; Біз кітап жайында айттық; Ол жиналыс жөнінде сөйлесті деген сөйлемдерде бала үшін бар, кітап жайында айт, жиналыс жөнінде сөйле сөз тіркестерінің құрамындағы шылаулар атауыш сөздің жетегінде жұмсалып, сөз бен сөзді байланыстырады. Бұлардың атауыш сөздердің жетегінде жұмсалатын көмекші сөздерден өзіндік айырмашылықтары бар. Көмекші сөздер атауыш сөздердің жетегінде жұмсалғанда семантикалық жақтан тұтастұлғаланып, бір ұғымның мәнін білдіреді. Сондықтан олар түйдектеліп жүреді, түйдекті тіркес деп аталады. Сөйлем құрамында түйдегімен жұмсалып, (күрделі сөздер сияқты) басқа сөздермен септік жалғаулары арқылы байланысып, парадигма түзеді. Мысалы: үйдің маңы тазаланды, үй маңының тазалануы, үйдің маңын тазалады, үйдің маңына барды, үйдің маңында жатты, үйдің маңынан шықты, үйдің маңымен жүрді. Ал үшін, туралы, жөнінде, жайында т.б. шылаулары арқылы байланысқан сөз тіркестері септелу парадигмасын түзе алмайды. Сондықтан сөз тіркесінің құрамындағы үшін, туралы, жөнінде, жайында т.б. шылаулары атау септігінің жетегінде емес, өз алдына сөз бен сөзді байланыстыру қызметіне ие.
Сөз тіркесінің құрамында толық мағыналы екі сөздің бірі екіншісіне бағынып тұрады. Осыған орай, олардың бірі бағыныңқы, бірі басыңқы болады. Сөз тіркестері қиысу, матасу формалары арқылы байланысқанда алғашқы компонент басыңқы болады да, кейінгі компоненті бағыныңқы болады. Меңгеру, қабысу, жанасу формалары арқылы байланысқанда сөз тіркестерінің алғашқы сыңары бағыныңқы, кейінгі сыңары басыңқы болады. Осыған орай, сөз тіркестері басыңқы – бағыныңқы, бағыныңқы – басыңқы құрылымға негізделеді. Бұл құрылымнан сөз тіркесі құрамындағы сөздердің өзара қарым-қатынасын анықтайтын синтаксистік мағына туындайды. Сөздердiң байланысуы синтаксистiк амалдар арқылы жүзеге асатыны да жасырын емес. Олай болса, сөздердiң тiркесуi синтаксистiк тәсiлге негiзделедi. Синтаксистiк тәсiл тiркескен сөздердiң лексикалық мәнiн айқындайтын мағыналық құрылымның байланысу ерекшелiктерiне қарай екi түрлi қатынаста жұмсалады. Синтагмалық қатынас, семантикалық қатынас.
Еркiн тiркестер, оның iшiнде синтаксистiк, изафеттiк, атаулық тiркестер синтагмалық қатынасқа, тұрақты тiркестер фразеологиялық тiркестер, терминдiк тiркестер, түйдектi тiркестер семантикалық қатынасқа негiзделедi.
Сөз тiркесiнiң құрамындағы қатынастардан тұлғалық жақтан бiркелкi тiркестердiң түрлерiн ажыратып алуға болады.