ә) Үтiр сөйлемнiң бiрыңғай мүшелерiн бiр-бiрiнен бөлiп тұрады. Мысалы: Аңға Байжан, Самарқан, Дәулет үшеуi ғана шықты.
б) Үтiр қаратпа сөздi сөйлемнiң басқа мүшелерiнен бөлiп тұрады. Мысалы:
Арылма, өлең, арылма
Домбырам, күйден жаңылма! (Жамбыл)
в) Үтiр қыстырма сөздi сөйлемнiң басқа мүшелерiнен бөлiп тұрады. Мысалы: Жабайдың айтуынша, көп уақыттан берi бұл өзеннiң аса бiр мол тасуы екен (С.Мұқанов).
г) Үтiр одағай сөздi сөйлемнiң басқа мүшелерiнен бөлу үшiн қолданылады. Мысалы: Ойбай, Шықаң мәселенi қабырғасынан қойды ғой! (Ғ.Мұстафин).
д) Үтiр сiлтеу, мақұлдау, келiспеу мәнiнде айтылатын кейбiр оқшау сөздерден кейiн қойылады. Мысалы: Иә, айта берiңiз. - Жоқ, мен сiзге ештеме де айтпаймын.
е) Үтiр оңашаланған мүшенi, сөйлемнiң басқа мүшелерiнен бөлiп тұру үшiн қолданылады. Мысалы: Абай соңғы күндерде, әсiресе осы соңғы түнде, өзiне бұрын дағдылы болмаған бiр халде.
ж) Үтiр хабарлы сөйлем түрiнде айтылған төл сөзден кейiн, автор сөзiнiң алдында қойылады. Мысалы: “Таулы жер бұлақсыз, сулы жер құрақсыз болмас”,-дейдi халық мақалы.
Нүктелi үтiр. Нүктелi үтiр – хабарлы сөйлемдерден кейiн қойылатын нүкте мен үтiрдiң аралығындағы тыныс белгiсi. Мұның мәнi, дәрежесi нүктеден төменiрек те, үтiрден жоғарырақ. Бұл – аралары үтiрмен бөлiнген сөйлемнiң күрделiрек бөлшектерi арасында да, мағыналары өзара байланысты, ортақ немесе бiрыңғай тұлғалы мүшесi (әсiресе баяндауышы) бар талдап, санамалап, пункттеп баяндау түрiнде айтылған тиянақты сөйлемдер арасында да қолданылады.
а) Соңғы жай сөйлемi алдыңғы жай сөйлемдегi пiкiрдi талдап, саралап ашып түсiндiретiн құрмалас сөйлемнiң жай сөйлемдерi арасына қойылады. Мысалы: Кiсi Қызылорда елiнiң екi iсiне қайран қалады: бiрi – кетпен шабу, бiрi – егiн ору (С.Мұқанов).