3. Интонациялық принцип. Сөйлемнiң коммуникативтік мақсатына қарай айтылу сазына, нақышына негіздей қойылуы.
Қазiргi заманда тiлдерде кездесетiн тыныс белгiлерiне тән тағы бiр қасиет – олардың интернационалдығы. Тыныс белгiлерi – түр-тұрпаты жағынан да, мағыналары мен функциялары жағынан да тiлдердiң басым көпшiлiгiнде бiркелкi болып келдi. Қазақ тiлiнiң пунктауциясы кенжелеп туып, кеш дамыды. Қазан революциясына дейiн белгiлi бiр жүйеге келтiрiлген, көпшiлiкке танылған пунктуациялық заң-ережелер болған жоқ. Ол уақыт үшiн пунктуациялық ережелердiң болмауының өзi де табиғи нәрсе едi. Өйткенi тыныс белгiсi баспасөз үшiн керек. Республикамызда баспасөздiң дамуы, оның бүкiл халық игiлiгiне айналып, оқушылар санының артуы, жазу мәдениетiнiң, сауаттылықтың шешушi бiр саласы болып табылатын пунктуация мәселесiн ғылыми негiзде қалыптастырып реттеу мiндетiн қойды
Дәріс 11-12. Сөйлемнің айтылу мақсатына қарай қойылатын тыныс белгілер, олардың қызметі Сөйлемнiң тыныс белгiлерiн дұрыс қою үшiн басшылыққа алынатын негiзгi үш критерий бар. Ол мыналар: тiлдiң грамматикалық құрылысы, сөйлемнiң жеке сөздiң мағыналық жағы, сөйлемнiң интонациясы. Бұл үшеуi бiр-бiрiмен тығыз байланысты. Белгiлi бiр жағдайда белгiлi бiр сөйлемнiң тыныс белгiсiн қою үшiн осы үш принциптiң үшеуiн де қолдануға тура келуi мүмiн. Екiншi сөзбен айтқанда, сөйлемнiң тыныс белгiсiн қою үшiн үш критерийдiң үшеуi тұрғысынан да қарап, бiрлiкте ұстау керек. Дегенмен де, айқынырақ және түсiнiктiрек болу үшiн осылардың әрқайсысына қысқаша болса да жеке-жеке тоқталайық.
Тiлдiң грамматикалық құрылысы. Белгiлi бiр сөйлемнiң тыныс белгiсi сол сөйлемнiң құрылысына, яғни синтаксистiк қолданылу ерекшелiгiне, байланысты қойылады, соған қарай негiзделедi. Өйткенi тыныс белгiлерiнiң негiзгi мiндеттерi адамның жазғандарын бөлiм-бөлiмге ажырату және ол бөлшектердiң ара қатынастарын айқындау, сөйтiп солар арқылы жазылған нәрсенi тез оқу, жеңiл түсiну үшiн белгiлi бiр қызмет атқару болса, сол тыныс белгiлерiнiң өзi, негiзiнде, сөйлемде сөйлем iшiнде қолданылып, сөйлем арқылы айқындалады. Әрбiр тiлдiң, сол сияқты қазақ тiлiнiң, тыныс белгiлерiн қолдануда меже етерлiк нәрсе сол тiлдiң синтасистiк құрылысы дейтiн себебiмiз де осыдан. Екiншi сөзбен айтқанда, алдымен тiлдiң синтаксистiк құрылыстарының ерекшелiктерi, оның түр-түрге бөлiнуi мен әрбiр категориялары, топтары айқындалу керек. Тыныс белгiлерiн қолдану ережелерiн осыған орай жасалады.
Мәселен, бiз тiлiмiздегi сөздер мен сөз тiркестерiнiң, сөйлемдердiң қолданылу ерекшелiктерiн зерттеп, жалпылай, қорытындылай келiп, мынау жай сөйлем, мынау құрмалас сөйлем, мынау құрмалас сөйлем немесе тұрлаулы мүше, тұрлаусыз мүше, жай сөйлем айтылу сазына қарай хабарлы, сұраулы, лептi сөйлем я болмаса сөйлемнiң бiрыңғай мүшелерi, оқшау сөздер, төл сөздер деп, т.б. осылайша топтастырып бөлемiз. Осыған орай оларға қойылатын тыныс белгiлерiн айқындаймыз.
Айталық, сұраулы сөйлемнен соң сұрау белгiсi қойылуы керек, сөйлемнiң бiрыңғай мүшелерi сөйлемнiң басқа мүшелерi сөйлемнiң басқа мүшелерiнен үтiр арқылы ажыратылуы керек, оқшау сөздер де сөйлемнiң басқа мүшелерiнен өзара бөлiнiп тұруы қажет, құрмалас сөйлем құрамына енген әрбiр жай сөйлемдер бiр-бiрiнен үтiр арқылы ажыратылуы, оқшау сөздердiң сөйлемнiң басқа мүшелерiнен үтiр мен бөлiнуi, сөйлемнiң бiрыңғай мүшелерiнен соң келетiн жалпылауыш сөздерден бұрын сызықшаның қойылуы – осы сияқтылардың бәрi де сөйлемнiң синтаксистiк құрылысына байланысты.
Белгiлi бiр текстiң немесе сөйлемнiң тыныс белгiсiн қою үшiн, алдымен оны талдап, қандай сөйлем екенiн, сөйлем мүшелерiн, олардың байланысуы жолдарын т.б. айқындап алу керек. Осылайша талдап келгенде, жоғарыдағы текстiң тыныс белгiсi былайша болу керек: “Бала кезiнде Алтынсарыдан Шауыпкел пысық едi. Алтынсары сөзге нанғыш, уәдешiл, момын бала едi. Қазiр мүлдем олай емес”. Шауыпкел өткендерiн еске түсiрдi: “Көкке шыққан емей немене? – деп ойлады босағада тұрған Шауыпкел. – Поезға да, автомобильге де, самолетке де мiнетiн осы, Алматы мен Москваны аралайтын да осы”.
Сөйлемнiң немесе жеке сөздiң мағынасы. Сөйлемдi синтаксистiк жақтан талдап ажырата бiлу – сол сөйлемге тиiстi тыныс белгiлерiн дұрыс орналастырудың бiрiншi шарты. Бiрақ жалаң ғана мұның өзi жеткiлiксiз. Белгiлi-бiр құрылысқа тыныс белгiлерiн қою үшiн, сол сөйлемнiң жалпы мағынасы мен оның әрбiр бөлiмдерiнде айтылған ойдың, тiптi әрбiр сөздiң мәнiне түсiнiп алу керек. Бұл — тыныс белгiлерiн дұрыс орналастырудың екiншi шарты болып табылады. Бiрақ сөйлемнiң тыныс белгiлерiн орналастыруда бұл екi принциптi — синтаксистiк құрылыс пен сөйлемнiң мағыналық жағын — бiр-бiрiнен бөлiп алып қарауға болмайды. Өйткенi формасыз мағына жоқ, мағынасыз форма жоқ. Тiлiмiздiң синтаксистiк құрылыстарының ерекшелiктерi өте көп. Осыған байланысты, сөйлемнiң синтаксистiк құрылысы бойынша қойылуға тиiстi белгiлi-бiр тыныс белгiсi байқалмай қалып, ондағы айтылған ойдың мағынасына қарағанда ғана аңғарылуы мүмкiн. Мәселен, тырнақша нақ осы принципке — сөйлемдегi сөздiң мағынасына — негiзделiп қойылады. Өйткенi тырнақшаға алынатын сөздердiң тұлғалық жағынан басқа сөздерден ешқандай айырмашылығы жоқ. Олар тек белгiлiбiр сөзге қандай мағына берiлуiне ғана байланысты болады.
Жалғыз ғана тырнақша емес, көп нүкте, жақша, леп белгiлерi сыяқты пунктуациялық таңбалар да осы принципке негiзделедi. Бұл принципте автордың сол сөзi мен сөйлемiне қандай мән беру басымдық етедi. Белгiлi бiр сөздер мен сөз тiркестерiне немесе бүтiн бiр сөйлемге, ондағы ойға автордың немесе айтушының көзқарасы, ирониялық мағна көбiнесе осы принцип арқылы бейнеленедi.
Сөйлемнiң бiрыңғай мүшелерiнен кейiн келiп, оларды жинақтайтын жалпылауыш сөздер тiлiмiзде көп қолданылатыны белгiлi. Бiрақ сонымен бiрге ондай жалпылауыш сөздер көзге көрiнбей, яғни айтылмай ойда сақталуы да мүмкiн. Мәселен, Мен саған, Кәкiтайға — баршаңа да ағам үшiн алысыңдар деймiн (М.Әуезов). Мұндағы “баршаңа да” — жалпылауыш сөз. Бұл сөйлемде жалпылауыш сөз көзге көрiнiп қолданылып тұр.
Ал мына сөйлемдерде: 1. Жiбек шапанының жеңi, аяғындағы жүннен тоқыған ала шұлығы, темiр iлгектi башпағы, басындағы үкi таққан жалпақ етек қалпағы — тұтқынның шет елден келген адам екенiн сұрамаса да айтып түрғандай (В.ßн, Бату). 2.Екi көршiнi бiр-бiрiне шағыстырып, араз ету, екi мылжыңды қымызға қыздырып ап төбелестiру, екi сөзуар мылжыңды әдейi қажастырып қойып, қырқысқан дауға салу — Әзiмбайдың жас күнiнен ермегi болатын (М.Әуезов).
3.Мұны тапсам ойланып, ақын деңiз,
Таба алмасам, ақылды болар немiз.
Қыс пенен жаз, күн мен түн, тақ пен жұп,
жақсылық пен жамандық — болды сегiз (Абай).
Бұл үш сөйлемнiң үшеуiнде де жалпылауыш сөздер айтылмай, ойда сақталып тұр. Бiрақ бiрыңғай мүшелерден кейiн қолданылуға тиiстi (сызықшадан кейiн) “осылардың бәрi” деген жалпылауыш сөздердiң көрiнiп тұрмағанына қарамастан, сөйлемнiң құрылысы мен ойда тұрған жалпылауыш сөздiң мағынасына қарай, сөйлемнiң бiрыңғай мүшелерiнен кейiн сызықша қойылады.
Бастауыш пен баяндауыш есiм сөздерден жасалғанда, олардың арасына сызықша қойылады. Құрмаластар құрамына енген жай сөйлемдердiң ортақ бастауышы мен ең соңғы сөйлемнiң баяндауышы екеуi де зат есiмнен жасалса, ортадағы етiстiк баяндауыштарға қарамастан, жалпы қағида бойынша, бастауыштан кейiн сызықша қойыла бередi.