Мәтінмен жұмыс істегенде образға мінездеме берумен қатар, шығарманың түрліше суреттеу тәсілдерін де талдаймыз (баяндау, диалог, монолог, сюжет, пейзаж, портрет, суреттеу).
Композиция деп шығарма құрылысын, ой мен оқиғанывң автор көзқарасына лайық сұрыпталып берілу тәртібін айтамыз. Композицияға сюжет, баяндау, монолог, пейзаж, кейіпкер өмірбаяны, тіл, суреттеу элементтері жатады. Шығарманың тұтас композициясы бар да, жеке образдар композициясы бар. 5-8 сыныптарда көбінесе шығарма композициясы талданады.
Композицияны танытудың басы – жоспар жасау. Жоспар жасаумен оқушылар 5-сыныптан бастап танысады. Сонымен бірге сюжетті шығармалардың әр бөлімінде қандай оқиғалар суреттелген, оның қызметі қайсы дегенді де талдау керек (пейзаж, монолог, диалог, портрет).
Прозаны сюжет элементі жағынан талдау керек. Сюжет кішігірім эпизодтардан тұрады. Прозалық шығармалардың композициясын талдағанда оқиғаның әрбір бөлімінің қызметін, оның оқиға желісін, кейіпкер тарихын баяндаудағы орнын аңғартамыз.
Сюжет образ тарихынан басқа бөлшек (эпизод) пен бүтіннің ұштасуы бар. Эпизодтар жиналып келіп, тұтас сюжет, шығарманың композициясын жасайды. Сонымен бірге сюжетте тартыс элементі болады. Олар: экспозиция, байланыс, дамуы, шарықтау шегі, шешімі.
Образ, композиция, сюжет талдау көбіне мәтінге негізделген сұрау, жауап (әңгіме әдісі) оқушының өзіне істету жолымен жүргізіледі. Мұғалім сюжеттің жеке немесе тұтас элементін қай мәтін тұсында, қай сыныпта, қашан бастап, аяқталатынын күнібұрын бағдарлап алуға тиіс. Прозада композициялық талдау образ талданғаннан соң жүргізіледі. Кейде ол қорытуға қызмет істейді. Композиция мен сюжет мәтіннің көркемдік ерекшелігін танытатын элемент болғандықтан, оған да сабақтың мазмұнын орындату, жаттықтыру тәсілдерін қолданамыз.
Тіл – образ жасайтын материал болғандықтан, оны шығарманың образы мен идеясынан бөлек талдауға болмайды. Тіл – образдың киімі ғана емес, соның ішкі жан сарайын тоқитын шығарманың мазмұны (идеясы) мен формасына (образ, сюжет, тіл, жанр) бірдей қатысы бар, көркем шығарманың басты элементі. Сол элементті әдеби талдаудан шет қалдыруға болмайды.
Прозада көркем тілді қаһарманның характерін, автор көзқарасын немесе шеберлігін анықтаудың құралы ету қажет. Шығарманың тілі алдымен жанрға (әңгіме, пъеса, роман, өлең), одан соң авторға, кейіпкерге байланысты болады. Сол сияқты реалистік туынды мен романтикалық стильдегі щығарманың тілі бір емес. Сондықтан шығарманың тілін оның жанрына қарап, өз орнына нақтылай талдау, таныту қажет.
Жанрдан, әдістен басқа пейзаж, суреттеу, портрет, баяндау, монолог, сияқты элементтердің тілі образға, көрініске тән нақтылай талданады, тіл арқылы автор идеясын, сол тәсілдердің мәнін, қызметін талдаймыз. Бұдан басқа тілді талдаудың 3 түрі бар: түсініксіз сөздердің анықтамасы; қаһарманның тілі; автор тілі.
Бұлардың бәрі жанрға, әдіске, идеяға байланысты. Сонымен бірге, ол – стиль, шеберлік, көркемдік деген аса қажетті ұғымдарды жинақтауға қызмет етеді. Тілдік талдауды да көбіне оқушының өзіне сұрақ-жауап әдісімен жеткізу керек. Себебі, бала – тілді түсінуші ғана емес, одан әсер алушы. Тілді талдау тұсында біз оқушыларға троп пен фигура элементтерін көбірек танытамыз. Оны поэтикалық тіл дейміз. Автор тілі мен кейіпкер тілін де талдау керек. Автор тілі әдеби тілге негізделеді, көбінесе баяндауға құрылады. Ал кейіпкер тілінде сөйлеу тілінің интонациясы, сөздердің орын ауысуы, архаизм, диалектілер, кәсіби сөздер көбірек кездеседі. Сол тілден кейіпкердің характері, жан жүйесі, ұғым-түсінігі, т.б. фактілер табылады.
Сонымен бірге, мақал-мәтел, афоризм элементтерін де ұмытуға болмайды. нақыл сөз, мақал-мәтел прозада көп ұшырасады. Тілді әрбір жанр, образ үстінде, мәтін арқылы талдаймыз. Композиция элементтерінен тапсырма бергенде шығарма идеясының, кейіпкердің жаңа бір тілдік белгісін ашу көзделеді.
Әрбір шығарманы өз табиғатына сай оқытып, талдау керек. Мысалы, көлемді прозалық шығармадан үзіндіні жеке тараулар бойынша талдаймыз, бір тарауын сыныпта оқытсақ, екіншісін үйден оқытамыз, үшіншісінмұқият талдап, мәтінге жуық түрде әңгімелетеміз. 4-6 тарауларын қысқаша мазмұндатамыз, кейбір тарауларын жеке оқушыларға мазмұндатамыз. Мұғалімнің өзі қорытады. Жұмбақтың шешуін тауып, оқушыларға жатқа айтқызамыз. Мақалдың мағынасы түсіндіріліп, өмірдегі кездесетін орындарымен толықтырамыз. Мысалды талдауда оқушыларға ғибрат беру көзделеді.
Әрбір шығарма тұсында талдаудың барлық түрлерін түгел қамтимын деп әуреленуге болмайды. Әуелі 2-3 материалды тыңғылықты талдап көрсеткен соң, келесілерін ұқсастығы бойынша балалардың өздеріне талдатамыз. Жақсы талданған 1-тарау басқа тарауларды талдауға үлгі болады. Бас ты мәселе – оқушылардың қабілетін жетілдіре білуде. Шығарманы баланың өзіне талдата білу – мұғалім шеберлігінің белгісі.
Шығарманың идеясын анықтау. Көркем шығарманың тақырыбы, образдары, композициясы мен тілі талданған соң, оның идеялық мазмұнын да таныту қажет. Онсыз шығарманың тұтас тұлғасы шықпайды. Шығарманың идеясы дегенді төменгі сыныптарда көбіне тақырып төңірегінде әңгімелеп, дәл мағынасывнда ҮІІ сыныптарда әңгімелей бастаймыз. Тақырып шығарманың әңгімелейтін проблемасы (әлеуметтік теңсіздік, ағартушылық, отан қорғау, өндіріс мәселесі) болса, идеясына көбіне автор көзқарасын, оның сол проблеманы қалай шешкендігі жатады. Идеялық түйіндеудің өзіне тән сұраулары болады. Шығарма идеясын тұтас, жалпылай алмай, бірде тақырыбы, бірде образдары, бірде композициясы, бірде тілі жағынан жеке-жеке таныту керек. Бұл көп жағдайда шығарма жанрына байланысты болады.