Сүлеймен қарақшы
Өзі екi иығына екi кiсi мiнгендей төртпақ жауырынды, қап-қара
жүздi дәу бiреу екен. — Ей, атқа мiнген жалғыз сен бе? Тура қазiр
анау бұқа мойныңды тақымға басып, үзiп жiберейiн бе, осы?!
Денесi аюдай болғанымен дауысы жiп-жiңiшке екен.
Қамшысын тiстей салып, мұны аттан жұлып алардай, қолдарын
ербеңдете ұмтылды. Сол екпiнiмен келiп, ай-шай жоқ мұның екi
иығынан шап берiп, ат үстiнен жұлып алуға әрекеттендi. Егер
денесiн бостау ұстап отырғанда, ол әп-сәтте ер үстiнен жұлып
алар едi. Сәтiн салғанда, оның қолдары иығына тие бергенде-
ақ, денесiн тырыстырып, айқаса кеттi. Екi дәудiң дүлей күшiне
шыдас бере алмаған аттар төрт тағандап тұруға шыдамай,
теңселiп-теңселiп кеттi. Осылайша тiресiп тұрғанда:
— Ай, кiмсiң сен өзiң? — деп айқайлады Сүлеймен.
— Сен өзiң кiмсiң, менi атпен қағатын? — деп анау да
айқайлады.
Бiрақ бiр-бiрiнен қолдарын босатпады. Ат үстiнде өзара
тартқыласып, бiрiн-бiрi ала алмай, бiраз жұлысты.
Аздан соң ана жiгiт Сүлеймендi өзiне қарай тартып тұрды
да, керi қарай итерiп қалды. Сүлеймен оны алға қарай тартты.
Осы сәт дүлей күшке шыдамаған екi ат бiрдей жерге гүрс етiп
жамбастай құлады. Екеуінің бiр-бiр аяқтары ат қабырғасының
астында қалып қойса да жағаларынан қолдарын босатпаған
күйлерi тартысып жатыр. Бұл шақта бұлардың қасына басқа
кiсiлер жиналып та қалған.
— Әй, әй, не болды сендерге? Дереу босатыңдар қолдарыңды!
О несi-ей, құласа да бiр-бiрiн босатпай жатқандары. Ей, Құлажан,
қой деймiн саған! Сүлеймен, сен де қой! — деген Көбектiң даусы
естiлдi.
Осыны естiген екеуi қолдарын босатты. Алдымен аттары,
одан соң өздерi тұрды.
— Тойға кетiп бара жатқанда, қай қылықтарың бұл? Ерегiстi
бiрiншi кiм бастады?
— Атымның тартпасын тартып тұрсам, менi атымен қағып
кетiп бара жатыр да бұл, — дедi Құлажан. — Өзiн аттан жұлып
алайын десем, мықты ғой бұл пәлеңiз, Көбеке.
— Болды, ендi жарасыңдар. Құлажан, бұл – Сүлеймен деген
жiгiт. Сендер дос болудың орнына алысып жатқандарың қалай?
Аттарың мертiгiп қалған жоқ па?
65
Сүлеймен қарақшы
— Аттар да, өзiмiз де аман сияқтымыз. Жұрттың бәрi аузынан
тастамай айтып жүретiн Құлажан деген осы екен ғой.
— Осы, осы. Бiр-бiрiңдi жақсылап танып алыңдар. “Ер
шекiспей, бекiспейдi” деген. Қол алысып татуласыңдар да,
аттарыңа мiнiңдер. Бiрге жүрейiк.
IХ
...Қаратаудың Шығыс жақ сiлемiндегi ұшы-қиырсыз кең
жазық далада тiгiлген ақбоз үйлерде есеп жоқ. Сол үйлерге
қарай аттылысы бар, жаяуы бар ағылған адамдар да қисапсыз.
Жан-жақтан айдалып келiп, үйлердiң сыртын ала тартылған
шарбақтарға қамалып жатқан малдардың саны да есепсiз. Бұл
малдар — Керiмбай болыстың тойына “тойана” ретiнде түскен
малдар. Ауыл үстi айқай-шу. Бiр шетте әлдекiмдер домбыра,
қобыз тартып, ән салып жатса, бiр шетте жастар жиналып,
алтыбақан тебуде. Әр ақбоз үйдiң алдында қойылған үлкен-үлкен
ошақтағы қазандарға толтыра ет салып, ас дайындап жатқан
аспаздар да өзара айқайласа сөйлеседi. “Әй, жай сөйлесеңдершi.
Iштегi кiсiлерден ұят-ты” — деп ақбоз үйлердiң есiгiнен сығалай
қараған қызметшi жiгiттер бақырып-бақырып қояды.
Сүлеймен, Құлажан, Нұржан үшеуi Досалы би ауылынан
шыққалы берi жұптарын жазбады. Бүгiн де солай. Таң азанымен
тұрып алып, қай үй қай елден әкелiп тiгiлгенiн қызықтап, үйлер
арасын аралай ұзақ жүрдi. Түс әлетiне таман өздерi қонған үйге
қайта келдi. Ордабек болыс Қазығұрт маңындағы жаныстар үшiн
жиырма бес үй тiктiрген. Соның бiрi шабандоздарға арналған.
Сүлеймен осы шабандоздармен бiрге. Өз үйлерiнiң алдына
келгенде:
— Қанша үй санадық? — дедi Құлажан.
— Бiздiң үйлердi қосқанда, тiгiлген киiз үйдiң барлық саны
сегiз жүз жиырма сегiз болды, — дедi Нұржан.
— Түһ, бiр тойға екi рулы елдiң үйi тiгiлiптi-ау. Мұндай
жиынды бұрын-соңды кiм көрген, — дедi Сүлеймен.
Осы сәт ар жақтағы би-болыстар отырған үйден Көбек шықты:
— Қайда жүрсiңдер? Билер iздетiп жатыр сендердi. Келiңдер,
кiрiңдер үйге!
|