Мұхаммед — тарихи тұлға. Оның тарих төрінен орын алуының өзі пайғамбарлығына байланысты. Ал, пайғамбар — адамзатқа Алланың бекіткен жолын нұсқаушы, көрсетуші. Көркем шығармадағы бейнесі де осы өмірдегі тұлғасынан алынған. Діни эпостардағы Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлығын таныту оның пайғамбар екендігін айтумен ғана шектелмейді.
Олар һəм өтіп кетті сабаздарың,
Кетіп кейін тастады қағаздарын.
Хақ Пайғамбар бас болып патшасына
Оқып тұрған бамдаттың намаздарын [1;9].
Бұл шумақтағы Хақ Пайғамбар — Мұхаммед (с.ғ.с.). Осы көрініс діни эпостарда жиі қолданылған. Көрініс деп отырғанымыз — мешіттегі мұсылмандардың намаз оқуына басшылық жасап, имам болуы. Əрине, Пайғамбар болғаннан кейін бұлайша əрекет жасау міндетті. Дегенмен мұндай иірімдер оның даралық деңгейін танытуға, дəріптеуге жол аша қоймайды.
Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың бейнесі діни эпостардың басым көпшілігінде түрлі жағдайларда көрініс береді. Ондай халықтық мұралардың қатарына «Мұхаммед пайғамбар», «Расул Алланың миғражға қонақ болғаны», «Расул Алланың дəрул пəниден дəрул бақиға рихлат еткен мəселесі», «Көгершін», «Зарқұм», «Киік», «Салсал» т.б. жатқызуға болады. Діни эпостарда Мұхаммед (с.ғ.с.) ең алдымен — пайғамбар. Оның пайғамбарлық сипатын үш түрлі жағдайдан анық аңғарамыз. Алғашқысы — мұғжиза. Жалпы мұғжизаның пайғамбарларға ғана тəн екендігін жоғарыда айттық. Ал жырларда Мұхаммед пайғамбардың қандай мұғжизалары көрініс берген, соған назар аударайық.
Көпшілікке кеңінен танымал эпикалық жырдың бірі — «Салсалда» мынадай оқиға иірімі бар: Əзірет Əлінің мұсылман батырларымен, сахабаларымен шайқасқа аттанып кеткенін естіген Хамар Сағим деген кəпір, əскерлерін жиып, пайғамбарды өлтіріп, Меккені жаулап алмаққа келеді. Онымен жекпе-жекке Мұхамедтің (с.ғ.с.) өзі шығады. Осы сəтте барша жаратылыс Аллаға «пайғамбарға көмектесейік» деп ұсыныс жасайды. Бірақ Алла рұқсат бермейді. Жекпе-жекте таңқаларлық кұбылыс көрініс табады.
Хақ Пайғамбар майданға өзі кірді,
Хамар Сағим алдынан қарсы тұрды.
Пайғамбарды қылышымен келді де ұрды,
Кереметпенен оң қолы тіпті құрды.
Қылышты сол қолына тағы да алды,
Сол қолы тағы да құрып қалды.
Екі қол ол бірдей құрыған соң
«Хақ Пайғамбар екенсің», — деп ойбай салды [2; 292].
Бұл — мұғжиза. Мұндай көріністі діни эпос өзгелерге қолданбайды. Атақты Əзірет Əлінің өзі де бұл істі жасауға шамасы жеткен емес. Мұғжизаның көркем туындылардағы қызметі — Мұхаммедті (с.ғ.с.) өзгелерден озық етіп бейнелеу. Бұл бір қыры. Келесі қыры — жер бетіндегі жан- жануарлардың қайсысы болмасын, пайғамбар тілек етсе, тіл бітіп сөйлеуі. Қисса «Көгершінде»:
Сасқанын көгершіннің енді білді,
Жеңіне оң жақтағы келіп кірді.
«Сөйлесін көгершінге тіл бергін» — деп,
Тіленіп бір Алладан дұға қылды.
Бір Алла көгершінге берді тілді,
Отырған халайықтың бəрі білді.
Көгершін пайғамбарға жауап қылып
деп жырланады. Бұл өзге адамзаттың қолынан келмес екінші керемет. Эпикалық жырларда батырлардың тұлпарларына тіл бітіп, сөйлейтіні кездеседі. Бірақ екеуінің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Біріншіден, батырлардың аты — оның сенімді серігі, сондықтан қиналған немесе тығырыққа тірелген батырларға көмекке келуі, ақыл-кеңес беруі орынды. Екіншіден, бұл көріністің өзі жылқының боранда, тұманда адаспай жол табатындығы тəрізді ерекшелік сипаттарынан тууы мүмкін. Үшіншіден, Алладан тілек тілеу көрініс бермейді. Ал, мына жырда көгершіннің сөйлеуі пайғамбардың арнайы тілегі бойынша жүзеге асып тұр. Мұғжизаның келесі түрі — өлген адамды тірілту. Мұны біз «Кесік бас» жырынан көреміз.
Пайғамбар сонда сөйледі,
Бір Алланы етіп жат.
Алладан тілеп дарамат
Өліктерге жан бер деп.
Достарыңызбен бөлісу: |