Қырғыз айтысы. Қырғыз әдебиетіндегі айтыс «айтыш» деп аталады. Зерттеуші Ж.Таштемирова қырғыз айтысын:
1.Адат-салт айтышы 2. Чечендер айтышы 3. Ақындар айтышы деген үш түрге бөледі [16, Б.208-211].
Ал, «Қырғыз Совет Энциклопедиясында» әдет-салт айтысына: бәдік, қайым, сармерден, қыз-жігіт айтысы т.б; ақындар айтысына: алымсабақ, табышмақ, кордоо, учурашуу түрлерін енетінін жазады. Бірақ бұл түрлер қатаң жіктелмейді, кейде бірінің белгілері бірінде болатынын айтады. Мысалы, табышмақта ақындар бір-біріне философиялық сұрақ қойып, жұмбақ түрін қолданса, алымсабақта негізінен жас ақындар өнерін өсіруді, ұштауды көздеген көрінеді [17, 107-б.].
Тарихта шешендердің айтысы да болғаны белгілі. Шығу тегі және пішіні жағынан айтыс жанры байырғы әдет-ғұрып, ырымдарға байланыстырып, халықтық тұрмысты жоғарғы деңгейге дейін жеткен. Айтыс жанрының алғашқы түрлері көркем сөз өнерінің адамдарға практикалық және рухани қызмет қыла бастаған кезінен шыққан. Мысал, бәдік айтыс, «бекбекей» т.б. Жастардың ой-саналары, қуаныш-қайғылары қайым, қыз-жігіт, сәрмерден айтыста көрініс тапқан.
Пішін жағынан айтыс салтанатты болып келеді, мерекелерде театр сахналарында ұйымдастырылады, радио-теледидар, газет-журнал арқылы таралады. Юмор, күлкі, тамаша шеберлікпен қолданылып, сөзсіз жеңіске жету мақсаты жоқ, болып өткен айтыстан бір қорытынды, шешім шығарылып, соңында айтыскерлер бір шешімге келеді. Айтыс өнері ақындық таланттың, суырыпсалушылықтың, ақындық айланың қатаң табиғатын ізденуде практикалдық зор мағынаға ие [17, 107-б.].
Әзербайжан айтысы. Әзербайжан халық әдебиетінде айтыс «деишме» деп аталады. Бұнымен қатар соңғы жылдарда айтыстың көп таралған «мейхана» деген түрі де жаңғыра бастады. Тіпті, Әзербайжан халық әдебиетіндегі «деишме» Кеңестік кезеңде қатты азайып, көбінесе мейрам-салтанаттарда, маңызды күндерде ұйымдастырылып өткізіледі. Мейханалар болса әр өткен күн сайын қызығушылық ояту мен бірге ел арасына жайылуын күшейтуде. Біз біріншіден ескіден келе жатқан айтыстың «деишме» түрін қарастырамыз.
Әзербайжан халық әдебиетінің ғалымы Азад Набиев «Әзербайжан халық әдебиеті» атты еңбегінде «деишме» формаларын үш топқа бөліп зерттейді [18, Б. 246-252].
Біріншісі: Ақынның өз өзімен, көңіліндегі қиял сүйіктісі немесе қолы жетпеген бір адаммен айтысуы. Вагиф Велиев « ...көп жағдайларда халық өлеңінде «Дедім-деді» деп аталған өлеңдер негізінде іштей сөйлесу жатыр. Яғни ақын өз сөзін әрі ойындағы қарсыласының да пікірін меңзей отырып тыңдаушыға жеткізеді: «Дедім-деді» мен айтыс арасындағы маңызды айырмашылық орындаушы ақындарда. Атышмаға, дейішмеге және айтысқа кем дегенде екі ақын қатысса, «Дедім-деді» түріне тек қана бір ақын қатысады. Осындай өрнектер лирикалық дастандарда және ақындардың шығармашылықтарында жиі кездеседі.