IV. Қазақстандағы мұғалімдердің білімін жетілдіруге арналған әдістемелік курстарды ұйымдастыруға және оны өткізуге белсене араласа отырып, осы салада жазған еңбектері. «Оқытушылар курсы 1927 жылы қалай өту керек?»//Жаңа мектеп. 1927, № 1-2-3-4-7-8. «Жаңалыққа жетекші» (Қызылорда, 1929, 36 б.).
Мұнда ғалым сан алуан оқу әдістерінің (зерттеу әдісі, плакат әдісі, лабораториялық әдіс және т.б.) мағынасын түсіндіріп қана қоймай, оларды қандай сабақтарда, қай кездерде тиімді пайдалану қажеттігін дәлелдеген. Сондай-ақ ұлттық мектептердегі оқыту үрдісінде дидактикалық қағидаларды пайдалану жолдарын айқындайды. Ғалым әрбір еңбегінде педагогикалық теориямен қатар практикалық кеңес, бағдар, сабақ жоспарын, оны өткізудің түрлі үлгілерін беріп отырған. «Оқу-тәрбие жұмысының қай-қайсысы да күн ілгері жасалған жоспар бойынша жүруі керек. Ана тілі сабақтарының ең басты жоспары – бағдарлама. Бірақ бағдарлама бар екен деп, жоспар жасамай отыруға болмайды. Бағдарлама – оқытылатын сабақтың жалпы техникасын, көлемін ғана көрсетеді. Сол көрсетілген көлемде нақтылы білім беру үшін тақырыптың өз жоспарын жасау керек», - дей отырып, мектеп тәжірибесінде жылдық күнтізбелік жоспар мен әр сабақтың күнделікті нақтылы жоспарын жасау жолдарын түсіндіреді. Сабақ жоспарының толық немесе қысқа болуы, қай түрде жазылуы жөнінде оқытушыға стандартты нұсқау берудің қажет еместігін ескертеді. Яғни, бұл мәселеде шығармашылық танытуды қалайды. Осы тұрғыда ғалым-әдіскердің ойы мынадай: «Оқыту жұмысы механистік жолмен, белгілі бір стандартпен, бастан-аяқ есеппен ғана жүргізілген өлі жұмыс емес, әрі оқытушының, әрі оқушының (кластың), әрине білім көлемі т.б. жағдайларға қарай бейімделіп, құбылып отыратын жұмыс. Алайда, жоспар қаншалықты қажет болса, орындалған жұмыстың есебін алып отыру соншалықты қажет деп қарайды. Себебі баланың үлгеруін есепке алу арқылы мұғалім баланы сынайды, өзінде сынайды, қолданған әдісін де сынауға мүмкіндік алады».
Ғалым-әдіскер оқытушының өзі оқытқан балаларын күнде сынап отыруы қажет деп санайды: «Тақырыпты өтті деген аты болып, затында балалар ол тақырыпты меңгеріп алмаған болса, оның аты тақырыпты өтпеген болып саналады. Мұндай жағдайлардың бәрі күнделікті сынақ негізінде байқалады», - деп жазды.
Т.Шонанұлы бұл оқу құралдарының көпшілігінде әр ұлт тіл грамматикаларын салыстара отырып, әсіресе орыс ұлт өкілдеріне арналған оқулықтарында тіл үйренуді жазылу үлгісі мен мағыналық үлгісін қатар берген. Мысалы: Мәскеу-Москва, кітап – книга тағы да басқа. Осы оқулықтарда жоғарыда аталған дидактикалық принциптер негізінде, әуелі қарапайым сұрақ – жауап арқылы сөз, сөйлем құратып, біртіндеп сөзді күрделендіреп, қазақша сөйлеуге, сосын жазуға көшуді ұсынады. Оның өзге ұлт өкілдеріне арнап жазған осы бағыттағы еңбектерінің басқа ұлттар арасында қазақ тілін насихаттаудағы маңызы зор болды.
Ғалым – педагог қазақ мектептеріне, оның мұғалімдеріне арнап бірқатар әдістемелік көмекші құралдар жазды. Бұл дәстүр А.Байтұрсынұлының “Баянын”, “Әліппе астарын”, «Нұсқаушы» сияқты еңбектерінен басталған еді. Т.Шонанұлының “Жаңалық” (1928ж.), “Сауаттан (1930ж.), С.Жиенбайұлы, Ғ.Бегалыұлымен бірге “Бастауыш мектептегі қазақ тілінің әдісі” (1935ж.) «Тіл дамыту» (1939ж.) атты бағалы кітаптары Қызылорда, Алматыда басылып көпшілік оқырманға ұсынылды.
Осы аталған ғылыми - әдістемелік еңбектерінде қазақ тіліне байланысты және оны оқыту әдісі жөнінде теория мен практика табиғи бірліктен алына отырып, оқыту әдістері мен тәсілдері туралы құнды ойларын ортаға салады. Бұл пікірлер – оның ғалымның еңбегінің табысты жетістіктері еді.
Телжан Шонанұлы педагогика, тіл білім саласында өзіне ұстаз тұтып, әркез қатарлас болған Ахмет Байтұрсынұлымен бірлесіп, 1926 жылы мектеп оқушыларына арналған 412 беттік “Оқу құралын” (хрестоматия) құрастырады. Оған дәлел “Ахмет Байтұрсынұлы өзінің алдына жүйелі программа қойғанға ұқсайды, ол әуелі қазақша сауат аштыруды мақсат еткен, бұл үшін әліппе “Оқу құралды”, одан соң қазақ тілінің фонетикасы мен грамматикасын, ана тілінде талдап, пән ретінде үйретуді мақсат еткен. Осыған орай үш бөлімнен тұратын “Тіл құралы”, дұрыс сөйлеп, дұрыс жазуды, оқуды үйретуге көмектесетін және бір құралды жазуды ойға салған “Тіл жұмсарды”, сауат аштыру, тілді оқыту әдістемесін жасауды міндетке алған, бұл мақсатта “Баяншыны, әліппе астарын”, бесіншіден – балалардың тілін ұстартып, оларды көркем сөзге баулуды көздеген Телжан Шонанұлымен бірігіп, үлкен хрестоматия (ол да “Оқу құралы” деп атаған) құрастырған.