Диплом жұмысы телжан шонанұлының лингвистикалық МҰрасы 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті»


-БӨЛІМ. ТЕЛЖАН ШОНАНҰЛЫНЫҢ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ МҰРАСЫНЫҢ БҮГІНГІ ОҚЫТУ ІСІМЕН САБАҚТАСТЫҒЫ



бет12/19
Дата21.07.2022
өлшемі161,89 Kb.
#37839
түріДиплом
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   19
2-БӨЛІМ. ТЕЛЖАН ШОНАНҰЛЫНЫҢ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ МҰРАСЫНЫҢ БҮГІНГІ ОҚЫТУ ІСІМЕН САБАҚТАСТЫҒЫ


2.1. «Оқу құралы» - оқу хрестоматиясының керемет үлгісі боларлық энциклопедиялық еңбек

XX ғасырдың 20-30 жылдары жаңа үкімет орнап, халықты жаппай сауаттандыру үшін оқу-ағарту жұмыстары жан-жақты жүріп жатты. Сол кездерде арнаулы оқу орындары, қазақ жастарына арналған мектептер аз болғандықтан, жастардың сауатын ашатын оқу құралдары жоқтың қасы болғаны мәлім. Сондықтан да сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу алаш зиялылары әуелі мектеп оқушыларына оқулықтар жазуға белсене атсалысты. Оны өздерінің тікелей міндеті, перзенттік парызы санай отырып, өзге қыруар қоғамдық-мемлекеттік қызметтерімен ұштастыра білді. Айталық, белгілі жазушы, қоғам қайраткері Ж.Аймауытовтың «Психология» (1926), ақын М.Жұмабаевтың «Педагогика» (1927), жазушы М.Әуезовтің Казнаркомпростың ғылыми-әдістемелік Кеңесінің шешімімен шыққан «Новый аул. Русский букварь для казахских детей» (1929) атты оқулықтарының жариялануы соның айғағы. «Үстіміздегі ғасырдың 1910 жылдарынан бастап, қазақ қоғамында оқу-ағарту идеясының жандануына байланысты балалардың сауатын ашатын әліппе құралдарын жасау қолға алына бастады. Уфа, Орынбор қалаларының баспаханаларында бірқатар авторлардың (М.Нурбаев, М.Малдыбаев, З.Ергалиев т.б.) қазақша әліппелері жарық көрді. Бірақ, бұлардың көбі бірер басылымнан артық жарияланбай, кеңінен қолданыс таба алмады.


Солардың қатарында шыққан А.Байтұрсыновтың әліппесі – «Оқу құралы» 1912–1925 жылдар арасында 7 рет басылып, оқу-ағарту жұмысында ұзағырақ әрі кеңірек пайдаланылды»’. Алайда, бұл – 1926 жылы Шонанұлымен бірге жазылған «Оқу құралынан» мүлдем басқа еңбек. 1912–1925 жылдары аралығында үзбей жарияланып, қазақша сауат ашатын жастардың бірден бір әліппесіне айналған «Оқу құралы» (96 беттік) әріп, хат танытуды ғана көздейтін оқулық ретінде қолданылса, оқырманға тұңғыш рет ұсынылып отырған «Оқу құралы» – ең біріншіден, хрестоматия. Екіншіден, бұл А.Байтұрсынұлының белгілі ағартушы, әдіскер, өзінің шәкірті Т.Шонанұлымен бірлесіп жазған еңбегі. Үшіншіден, хрестоматия I–II сынып емес, ересек III–IV сыныптарға арналған.
XX ғасырдың бас кезінде жарық көрген «Оқу құралы» 412 беттік (1926- 1927 жж. Қызылорда) – сол кезде қазаққа жөн сілтеп, жастардың сауатын, дүниетанымын кеңейтуге әсер еткен құнды басылым. Авторлар да бұл кітаптың оқушыға қажеттілігін жете түсініп, тілін қарапайым, мазмұнын шұрайлы беруге тырысқан.
«Оқу құралының» ғылыми құндылығы:
1) ана тілінде сауат аштыру;
2) оқушылардың көркемдік талғамын, дүниетанымын қалыптастырып, жетілдіру; 3) табиғат құбылысы мен адам тұрмысының әр қырын салыстыра оты-рып, жасөспірімге қажетті танымдық-тәжірибелік білім беру;
4) оқушыны оқыта отырып тәрбиелеу, рухани тазалық пен жауапкершілікке баулу екені анық.
Мәселе білім беруде ғана емес, оны қабылдауға ыңғайлы етіп жүйелеуде. Бұл әрекеттер оқушының ойлау қабілетін жетілдіруге бағышталған. Өйткені Алаш ғалымдары айтқандай басты мақсат – оқушыны білімді ақылмен қабылдауға, оны санасымен қорыта білуге үйрету болып табылады.
«Оқу құралында» мақалалар мәтіні көлемді, мағынасы терең. «Оқу құралы» XX ғасырдың 20-жылдары жарық кергендіктен, бұл еңбекте сол кезеңдегі қазақ әдеби тілінің лексикалық және орфографиялық нормаларына сәйкес жазылған сөздер кездеседі. Мәселен, осы күнгі әдеби тіл қолданысындағы сурет, дәреже т.б. сөздер «Оқу құралында» сүгірет, даража, шыға баратқанда, ірет т.б. болып қолданылады. Мәтіндегі қазақша сөздердің біразы қазіргі қолданыстағы қалпына түсірілді. Орыс тілінен енген сөздер (магізен, мағазин, пыркашык, сотсиалестер, нашалник, гүбірнатұр, міністер, т.б.) түпнұсқадағыдай қалпында беріліп, жақша ішіне қазіргі таңбалануы көрсетілді (іспіске – список, меншеуек – меньшевик, есер – эсер т.б.). Осы басылымда мақалалардың қайдан алынғандығы, газет, жүрнал, кітаптардың аттары, шыққан жылы, баспасы мәтіндердің соңында көрсетілмеген. Сол себепті «Оқу құралындағы» кейбір мақала, олең, мысалдар алдыңғы жинақтарда, басылымдарда жарияланған нұсқаларымен салыстырылып, ғылыми түсініктер берілді. Бірақ, әрбір мәтіннің, өлеңнің «Оқу құралында» берілген нұсқалары сақталды. «Оқу құралы» хрестоматиялық еңбегі мәтін таңдау, мазмұндас тақырыптарды топтастыру, оларды өзге саладағы шығармалармен (көркем әңгіме, поэзия, мысал, аңыз-әңгіме т.б.) толықтырып, тереңдете отырып түсіндіру (мысалы, түліктің бір тұрі қой туралы ғылыми мақаладан соң А.Байтұрсынұлының «Қара шекпен мен қой» мысалының берілуі т.б.), оның тәрбиелік бағыты, сабақтардың жүйелілігі мен жекелеген мәтіндердің оқушы ұғымына сай жазылуы жұмыстың құндылығын арттырары сөзсіз. Сондай-ақ, хрестоматиядағы кейбір мәтіндерде кездесетін кәсіби терминдік сөздер мен жер-су аттары, көнерген сөздер, сирек кездесетін жан-жануарлар мен өсімдік атауларына байланысты анықтама келтірілген. Түйіндеп айтар болсақ, А.Байтұрсынұлы мен Т.Шонанұлының «Оқу құралы» – қазірде оқу хрестоматиясының керемет үлгісі боларлық энциклопедиялық еңбек.
Оқу материалының дені екі автордың өздері жазған шағын әңгіме-мағлұматтар, бірқатары Т.Аксаков, А.М.Никольский, Л.Н.Толстой, К.Д.Ушинский, А.П.Чехов, Н.М.Покрова, Тимирязов, Рубакин, В.Гюго, Короленколардан, тіпті В.И.Ленин мен Троцкийден аударылып алынған әңгімелер, бірді-екілі материалдар (мысалы, «Тундра», «Арқаның жарқылы», т.б.) «Живой родник» сияқты сол кездегі орыс тілінде көпшілікке арналып шығып тұрған журналдардан алынған. Бірақ сан жағынан мұндай аударма материалдар көп емес. 229 мақаланың 20-дан асар-аспасы ғана аударма.
Бұл оқу құралының және бір ұтімді ерекшелігі – адам, табиат, қоғғам, тарих туралы прозамен берілген әңгімелердің ара-арасында өлең мәтіндері араласып отырған. Мысалы, жыл мезгілдері сөз болған тұста Абайдың «Қыс», «Күз», «Жазғытұры», «Теректің сыйы» өлеңдері, табиғат көріністерін суреттеген жерлерде Ыбырайдың «Өзен», Міржақыптың «Жұт», Сәкен Сейфуллиннің «Жазғы дала», Бейімбет Майлиннің «Жазғы кеш» сияқты өлеңдері келтірілген. Әсіресе Мағжанның, Сәкеннің мағынасы баяндалып отырған тақырыпқа сәйкес келетін өлеңдерін жиірек береді. Ал бұлардан да жиірек берілгендер – Ахмет Байтұрсыновтың өзінің өлеңдері, бірақ прозамен берілген материалдардың өздері жазғандарының авторын көрсетпегендері сияқты, Ахаң да өз өлеңдерінің де авторын қоймаған. Сондай-ақ әңгімелердің қайсысын кім (Ахаң ба, Телжан ба) жазғаны да көрсетілмеген, оны «Дәйектеме» деп ұсынған алғы сөзде жазушылар (яғни авторлар дегені) мақалаларын тіке өз беттерімен жазып, соңына екеуі бір қосқан деп ескертеді. Ахмет пен Телжанның авторлықты айырып көрсетпесе де, барлық материалдарды баяндау стилі, мақаланың көлемдік мөлшері, білім-ғғылымдық, техникалық терминдерді қолдану жағынан біртекті болып шыққан. Еңбектерін оқу-ағарту мен білім-ғылымға, оның ішінде тіл білімі мен әдебиеттануға арнаан бұл екі ғалым әуелден тіл табысқан, стильдік үйлесімі жарасқан, бір-бірін «айтпай ұғысатын» жандар болғандығы байқалады.
«Оқу құралы» авторлардың түсіндіруінше, екі бөлімнен тұрады:
1) әдебиет және тұрмыс пен еңбекке қатысты,
2) ғылымға, ғылыми танымдарға қатысты материалдар.
Кітапта қазақ халқының тарихын баяндайтын әңгіме-мақалалардың келтелеу болғанын ескертеді, өйткені «жіктеп жазуға бұл күнге дейін ана тілімізде жазылған тарих жоқ» дейді. «Оқу құралының» өн бойындағы тақырып аттары меноларды жүйелеп орналастыруда авторлар үлкен шеберлік көрсеткен: алғашқы әңгімелердің тілі қарапайымдау, яғни ауыл баласының білім-ғылымнан әлі де алшақтау шағын, олардың білім дәрежесін ескеріп жазылған, мәтіндер қысқа, бірер беттен аспайды, яғни бір сабақта оқып үйренетін материал мөлшері көзделген.
Бірте-бірте мәтіндер ұзақтау (2-2,5 беттей), құрмалас сөйлемдері күрделілеу бола түседі. Әсіресе, «Ғылым» бөлімінің баяндалуында ғылыми түсініктемелер, атаулар, тіпті шет тілдік (интернационалдық) терминдерді келтіріп құрылған әңгіме мәтіндер көзге түседі. Оқу-ағартуға қатысты класс, парта, стол, шкап, градус деген сөздер алғашқы әңгімелердің өзінде-ақ қолданылған. Әуелі молдадан оқитын ауыл балаларының дәрістері («Байжанның молдасы») суреттелсе, екінші әңгіме «Біздің мектеп» деп аталады және азаматтық (жәдидше оқытатын) мектеп баяндалады. Онда балалар оқитын пәндер аталады, олар: есеп ғылымы, жағырапия, қоғам құрылысы, жаратылыс ғылымы, ана тілі, сугірет (сурет) салу. Бұл мектепті Ахмет «Баулу мектеп» деп атаған. [21]
Бұл еңбектегі материалдардың құндылығғы – 10-12 жастағы мектеп балалары үшін табиғат құбылыстары, жыл мезгілдері, олардың адам тіршілігіне қатысты жағдайлары («Қазақ даласы», «Дала бораны», «Күз», т.б.) әңгімеленеді және тек қазақ тұрмысына, қазақ танымына жанасты көріністер ғана емес, «Тундра», «Арқалық мұз мұхиты», «Арқаның жарқылы» (орысша «Северное сияние») сияқты қазақ табиғатында жоқ құбылыстармен де таныстырады. І бөлімнің бір үлкен тарауы жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне арналған. Мұнда да аң-құстар, үй жануарлары мен таы жануарлар, олардың түрлері мен тұқымдары, адам тіршілігіндегі алатын орны, пайдалы-зиянды тірліктері жайындағы мәліметтер жинақы, жүйелі түрде баяндалады. Мұнда да тек қазақ жеріндегілері ғана емес, өзге құрлықтарда бар жануарлар, өте ертеде болған мамонт, бұл замандардағы маймылдар, Тундра бұғылары тәрізділері де әңгімеленеді, бизен, термит, мұхиттарда болатын каракатица өз атауларымен баяндалады. Жан-жануарлар әлемімен таныстыруда да жануарлардың жер жүзіне таралуы, қыстыгүні жан сақтауы, ашаршылықпен алысуы, қауіптен қорғануы деген таза танымдық материалдар берілген және олардың барлығын авторлар өздері жазған. Бұл әңгіме-мақалалардың да арасында аң-құстарға арналған өлеңдер, әсіресе Ахметтің өзінің мысалдары, тіпті Тургенев («Торғай»), К.Баранцевич, А.Никольский («Маймылдың тілі») сияқты авторлардың әңгімелері араластырылып беріліп отырған. Бұлар әрі тың, әрі қызықты материал болып шыққан.
Бірінші бөлімнің тақырыптары алғашқы қоғам тірлігіне, адамға, олардың тұрмыс-тіршілігіне, күнкөріс қарекеттеріне, әлеуметтік тарихына, қысқасы адамның өзіне арналған. Мұнда жабайы адамдар қауымының от жағуды үйренгеннен бастап, алғашқы кезеңдердегі аң аулау, егін егі, қару-жарақты пайдаланулары, қазіргі тұрмыс-салты, тарихи оқиғалар орын алады.
Тараудың бір тармағы адамдар, оның ішінде қазақ қоғамы жайында болғандықтан, мұнда қазақтың ақын-жырауларының өлең-жырлары, би-шешендердің сөздері келтірілген. Мысалы, «Қаракесек Тіленші би», «Бекболат би мен Абылай ханның түйісуі», «Қобыланды батыр» жырынан үзінді, «Сіргелі Елшібек батыр», «Кенесары қоныстан ауғанда, Досқожа ақынның айтқаны», «Керей Қожаберді жыраудың Абылайға айтқаны» сияқты поэтикалық дүниелерді беруді авторлар өте қажет деп тапқан. Бұлар, бір жағынан, қазақ халқының тарихынан хабар берсе, екінші жағынан, қазақ тілінің әсемдігін, қазақ сөзінің эстетикалық құдіретін көрсететін материалдар болып отыр. Өлең сөзге құлағы үйренген, айтылмақ ойды тура да, астарлап та берген өлең-сөзді жақсы ұғатын қазақ құлағына білім-ғылым туралы мағлұматтарды өлең сөздермен көмкеріп отыру- ол мағлұматтарды дұрыс ұғынуға, жақсы түсінуге өтімді, аса әсерлі амал екендігін де авторлар жақсы білген.
Міне, бұл еңбектің І бөлімінде адам мен табиғатқа қатысты көптеген нәрселерді белгілі мөлшермен, жүйелі түрде оқушылардың жас шамасына, білім дәрежесіне, ой қорыту қабілеттеріне сәйкестендіріп жазылғған материалдар осылайша ұсынылған.
Кітаптың ІІ бөлімі «Ғылым» деп аталғандықтан, балалар мұнда ботаника, зоология, астрономия, геология, ішінара химия ғылымдарымен «ауызданады», яғни ең алғашқы ғылыми мағлұматтармен танысады. Егер еңбектің І бөлімінде аң-құстар, ағаш-шөптер, табиғат нысандары туралы мәліметтер берілсе және олардың адам тіршілігіндегі орны, мәні, пайда-зияны деген сияқты тұрғыдан баяндалса, «Ғылым» атты ІІ бөлімде бұлар енді өзге қырынан, ғылым-таным қырынан баяндалады.Мысалы, өсімдіктің жер жүзіне таралуы, бұл процесте желдің, шыбын-шіркейлердің қызметтері, өсімдіктің оттегін шығарудағы рөлі айтылады. Осы жерде химияның «күштің сақталу заңы», оттегі, көміртегі, қышқыл, газ деген терминдері кездеседі. Бұл терминдер Халел Досмұхамедұлы шығармаларында аз қолданылғанын білеміз. Демек, ХХ ғасырдың 20-жылдарының басында –ақ бірқатар химия терминдері қалыптаса бастағандығын көреміз. Мазмұны жағынан сол кезеңдегі қазақ оқырмандарына, оның ішінде мектеп балалары үшін соны әрі қызғылықты болып келетін материалдар «Табиғат құбылыстары» деп аталатын тараушада берілген. Мұнда желдің ураган, смерч деген түрлері, құдықтың артезиан құдығы деп аталатын түрі болатындығы, жер сілкінісі, вулкан сияқты табиғат құбылыстары баяндалады және бұлардың барлығы дерлік суреттермен көрсетілген.
«Оқу құралы» полиграфиялық сапасы жағынан да сол кезең үшін (кітап 1923 жылы Орынборда дайындалып, 1927 жылы Қызылордада жарық көрген) өте жақсы басылым екенін атау қажет.
Астрономиядан едәуір мәлімет берілген. Мұндағы «дүниенің көлемдігі», «сәуле жылы» , «Жердің өз шүлдігінен айналуы», «Жер қосшылары - планеталар», «Күн жүйесі», «Құйрықты жұлдыз», «Ағынды жұлдыз», «Үйек», «Құбылнама» деген тараулар беретін ұғымдарды таныстырады. Бұл атау-сөздер қазақша болғанмен, олар білдіретін ұғымдар ғылыми нысандар (обьектілер) демек, белгілі бір дефинициясы бар терминдер.
А.Байтұрсынов пен Т.Шонанов бірігіп жазған «Оқу құралы» атты еңбектің мазмұны мен танымдық сипаты осындай. Бұл оқулық текмектеп балаларына ғана емес, ересектерге де арналған, себебі сол кезеңде, яғни ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарында қазақ халқының ересектерінің көпшілігі сауаттарын енді ашып жатқандығы, ал олардың білім-ғылымнан алғашқы мағлұматтар алатын оқу құралдарының жоқтығы ескерілген.
«Оқу құралы» еңбегінің мынадай белгілеріне назар аударуға болады:
1) Бұл құралда ғылымның әр саласынан алғашқы мәліметтер берілгендіктен, сол салаларға қатысты әр алуан атаулар мен терминдер біраз қолданылған. Көбінесе орыс сөздері деп, соңғы жылдарда құбыжықтай көріп жүрген шет тілдік сөздер мұнда едәуір кездеседі. «Оқу құралында» арқау болған білім-ғылым салаларынан алғашқы мағлұмат берген кезде Ахметтер класс, парта, программа, школ, градус, газ, термометр, фотограф, машина, паравоз, профессор, полиция, жандарм, надзиратель, инженер, капитан, буржуазия, социалистер, капиталшы деген бөгде тілдік атауларды да, тіпті күнделікті тұрмыстық стол, шкап, балкон, сияқты шет тілдік атауларды да ретті жерінде еркін пайдаланып отырған. Әрине, қазақтың баласы түгіл, үлкендері бұрын естіп-білмеген, ұстап көрмеген кейбір зат, ұғым аттарын жақша ішіне түсіндіріп беруді авторлар дұрыс деп тапқан. Мысалы, «Арқаның жарқылы» (орысша «Северное сияние»)деген әңгімеде «Сібір тундрасында итпен жөңкітіп жүгіріп келеміз. «Термометр» (жылылық пен суықтықты өлшейтін құрал) 38 градус аязды көрсетіп келеді...» дегенсөйлемді осы жазылған түрінде оқимыз. Мұнда термометр сөзін тырнақшаға алу арқылы оның шет тілдің сөзі екенін әдейі көрсеткен.
2) «Оқу құралының» ішіндегі және бір көңіл аударатын тұсы-мұнда кейбір ұғым атауларының қазіргіден біраз өзгеше түсетіндігі немесе тұлғаларының өзгеше болып келетіндігі. Мысалы, бұл күнде дәреже, тәжірибе, және, мағына, диқан, жәндік, сурет деген сөздер 20-жылдары даража, тажриба, жана, мағана, диқаншы, жандық, сүгірет деп қолданылған.
3) Сөздердің орфограммасында да (таңбалануында да) ескеретін тұстар бар: есімшенің осы күнде –атын/-етін түрінде жазылатын тұлғасы –атұн/-етұн (баратұн, көретұн), өткен шақ көсемшенің –ып/-іп/-п жұрнағы әрдайым –ыб/-іб/-б болып жазылған. Сондай-ақ мен, бен, пен болып келетін шылау мен көмектес септік жалғауы барлық сөзге тек «бен» тұлғасында және бөлек жазылып отырған. Мұндай орфограммалық ерекшеліктер ХХ ғасырдың алғашқы он жылдықтарындағы қазақ жазбаларында жүйелі түрде кездеседі. Ал жазудағы бұл ерекшеліктер – сонау орта ғғасырлардағы түркі жазба ескерткіштерінен келе жатқан дәстүрлі орфограммалар. Бұл дәстүрден қазақ жазуы ХХ ғасырдың 30-40 жылдарынан бастап қол үзгенін білеміз.
Сөйтіп Ахмет Байтұрсынов пен Телжан Шонанов жазған «Оқу құралы»-қазақ оқу-ағарту саласындағы мүлде соны дүние болды, ол тек қазақ мәдениетінде емес, жалпы мазмұны мен мақсаты, құрылымы мен әдістемесі жағынан тіпті орыстарда жоқ тың еңбек болып шықты.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет