Дипломдық жұмыстың өзектілігі. Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін бұрын, коммунисттік идеология әсерінен зерттеугі тыйым салынған тақырыптар көлемінде белсенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады. Әсіресе Сталиндік қуғын-сүргін саясаты нәтижесінде жазықсыз жала жабылып, «халық жауы» деп айыпталған ұлт қайраткерлерінің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі аясындағы зерттеулерге сұраныс артты. Бір ерекшелігі аталған тақырып көлеміндегі сұраныстар тек қана ғылыми қауымдастық қана емес, қоғам тарапынан да байқалды. Бұл сөзсіз ұлт қайраткерлерінің еңбегі тек қана белгілі бір зерттеушілер тобына ғана емес, қоғам үшін маңыздылығын байқатады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемлұлы Тоқаев Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіштің ашылуында сөлеген сөзінде ел егемендігі жылдарында Алаш мұрасы түбегейлі түрде қайта қаралғанын айта келе, Алаш қайраткерлерінің тарихи ролін айқындап, лайықты бағасын беруді қолға алғандығын атап өткен болатын [1, 1 б.]. Осы ретте біз Алаш қайраткерлерінің ішінде «ұлт ұстазы» атанған Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінің өзіндік ерекшеліктері бар екендігін айта келе, арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізудің қажеттілігін атап өтеміз. Барлық саналы ғұмырын ұлт мүддесімен байланыстырған Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінде ұлттық идея мәселесі тиісті деңгейде көтерілген. Бүгінгі таңда оның тарихи-әлеуметтік астарын ашу ерекше маңызды. Ұлттық идеологиямызды анықтап жатқан Тәуелсіз Қазақстан үшін Ахмет Байтұрсынұлы еңбектері тарихи бастауға айналуы тиіс.
Ахмет Байтұрсынұлы ХХ ғасыр басында ерекше тарихи жағдайларда қалыптасқан ұлт қайраткерлеріне жатады. Азамат болып толысып, ұлттың қамын жеген қайраткер болуы алдымен патшалық Ресейдің Қазақстан жерінде жүргізіп отырған отарлық саясатымен тұспа-тұс келді. Қазақ халқының өзіне тиесілі жерінен айрылып, мүддесінің аяқ асты болуы Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлт қайраткерлерінің белсенді қызметіне түрткі болды. Қазақ халқының алдымен өз құқығы мен мүддесін жақсы білу тиіс деп санаған Ахмет Байтұрсынұлы тек бала оқытып, ағартушылықпен ғана емес, түрлі мақалалар мен өлеңдер жазып, мерзімді басылым шығару ісін қолына алды. Түрлі мысалдар жазу арқылы қарапайым халықты бірлесіп іс жасап, ұлт болып ұйысыудың жетекші идеяларын ортаға салды. Міне осы мол тарихи-рухани мұраны сараптай келе, біз Ахмет Байтұрсынұлы еңбектеріндегі ұлттық идеяны тарихи-әлеуметтік астарын ашу ісінің маңыздылығын айқындадық. Өйткені мұндағы өміршең идеялар бүгінгі қазақ қоғамына үшін әлі де болса қажеттілігімен ерекшеленеді.
Сонымен қарастырып отырған тақырыптың ғылыми-әдістемелік маңыздылығы өте жоғары, әрі зерттеушілердің назарына ілігуге лайықты деп санаймыз. Бұл тақырып бүгінгі қазақстандық қоғамды топтастырушы қасиетке ие деп санаймыз. Осы келтірген жайттардың Ахмет Байтұрсынұлы еңбектеріндегі ұлттық идеяның тарихи әлеуметтік негіздерін ашу мәселесінің өзектілігін айғақтайды.