Диплом жұмысының зерттеу нысаны. Диплом жұмысының басты нысаны Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінде ұлттық идея мәселесінің көтерілуі және оның тарихи-әлеуметтік таным ретіндегі мәні болып табылады.
Диплом жұмысының сыннан өтуі. Диплом жұмысы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультеті, Философия кафедрасында дайындалып, қорғауға ұсынылды.
Ұлттық идея: концептуалды негіздері және А. Байтұрсынұлының шығармашылығы.
Ұлттық идея ұғымы, құрылымы, тарихи танымдағы сабақтастығы
Қазіргі таңда қазақстандық қоғам үшін маңызды болып отырған мәселелердің бірі – ұлттық идея тақырыбы болып отыр. Өйткені ұлттық идея – бүтіндей ұлтты ғана емес, сонымен қатар республика азаматтарын белгілі бір мақсатқа топтастырып, өміршең идеяны басшылыққа алуына жағдай жасайтыны анық. Еліміз егемендік алған алғашқы күндерден-ақ ұлттық идея немесе ұлттық идеология мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Зерттеушілер, қоғам қайраткерлері ұлттық идеяның өзегі болуы тиіс салалар турасында жан-жақты пікір білдіргенімен, көп жылдар бойына бұл пікірлерден біржақтылық байқалмады. Әрине бұл ретте атап өтетін жайт, пікір ортақтығының болмауының басты себебі, әр зерттеуші ұлттық идеяны өзегі ретінде әр саланы көрсетті. Бірі ұлттық идеяның өзегі ретінде салт-дәстүрді ұсынса, ендігі бір қазақ халқының тарихында болған ақындар мен жыраулардың шығармашылығын алға тартты. Тіпті, ислам дінінің төңірегінде де ұлттық идеяның негіздерін қалыптастыру керек деген де пікірлер болды. Әрине діни түсініктердің іртүрлілігіне байланысты және зайырлы мемлекет жағдайында дінді ұлттық идеяның өзегіне айналдыру мүмкін емес еді. Міне пікірдің ортақтығының жоқтығы сөзсіз ұлттық идея мәселесінің ерекше өзекті және жан-жақты талқылауды қажет ететіндігін көрсетеді. Ұлттық идеяның негізгі өзегі ұлтқа қызмет ету болуы тиіс деп санаймыз. Ұлттық идеяның өзегі ұлтқа қызмет ету болса, оның жарқын үлгісін ХХ ғасыр басындағы ұлт қайраткерлерінің қоғамдық-саяси қызметінен анық байқауға болады.
ХХ ғасырдың соңғы он жылдығында адамзат бірқатар терең онтологиялық өзгерістерді басынан өткерді. Бұл өзгерістер өз кезегінде үлкен әлемнің геосаяси карталардың өзгерісіне алып келді. Бұл әрине іргесі мызғымастай болып көрінген КСРО мемлекетінің ыдырауымен байланысты болған еді. Одақтас елдердің өз алдына жеке мемлекет болып шығуы, сөзсіз халықаралық саяси аренада жаңа республикалардың пайда болуына алып келді. Бұл дегеніміз әлемдік саяси картаның өзгеруін білдірді. Оған қоса бұрынғы аксиологиялық модустардың жоғалып, дамудың жаңа бағыттарының жоқ болуы сынды мәселелерді тудырды. Сонымен қатар үшінші мыңжылдықтың басталуы да жас мемлекеттер үшін оңай болмады. Жаһандану үдерісі күшейіп, әлемнің бір ұлтқа айналуы сынды көзге көрінбейтін, бірақ жүріп жатқан үдеріс жүріп жатыр. Әр ұлттың немесе әр мәдениет өкілінің өз бірегейлігін сақтап қалуға деген тырысушылығы байқалуда. Бұл заңдылық болып табылады. Демек екі маңызды үдерістің жүріп жатқандығы анық байқалады. Ол өз ұлттық бірегейлігін сақтау мен әлемді біртұтастандыруға алып келетін жаһандану үдерісі екендігі анық екендігін байқатады.
Өзіндік бірегейлікті сақтап қалуға деген тырысушылық, ұлттық дүниетанымның өзіндік ерекшеліктерін бағалай, отырып әлемдік үдерістерден қалмау да аса маңызды. Тұйықталып, әлемдік үдерістерге қатыспау сөзсіз дамудың тежейді. Осы келтірген фактордың өзі ұлттық идея мәселесінің мемлекеттік деңгейде шешімін табу қажеттелігін көрсетеді. Осы қалыптасқан ұлттық идея арқылы азаматтық қоғам қалыптасып, тұтастай мемлекеттің дамуына қол жеткізуге болады [2, с. 43.].
Жалпы ұлттық идея туралы сөз қозғағанда біз мына жайтты естен мүлдем шығармауымыз керек. Ұлттық идея тек қана бір ұлттың ғана рухани феномені болып табылмайды. Ұлттық идея тұтастай алғанда өркениеттік ұстанымдардың сақталуына жағдай жасайды. Өйткені ұлттық идея ұлттық дүниетаным ерекшеліктерінің жалпы гуманисттік принциптерге сай болуына және ең маңыздысы мемлекет пен ұлттың қажеттіліктеріне сай болады. Мемлекеттің құқық саласымен етене әрекет ету арқылы жаңа әлеуметтік-мәдени құрылымдардың сапалы болуына, экономикалық жүйе мен саяси жүйенің тарихи сабақтастыққа негізделуіне жағдай жасай отырып, ұлттың мәдени болмысы мен тілдік қолданыс ерекшеліктерінің сақталуына алып келетіні сөзсіз.
Ұлттық идеяның қоғам мен мемлекет алдындағы мұндай маңызды қызметтері болғанымен аталған мәселеге қатысты отындық гуманитарлық ғылым салаларында арнайы теориясын айқындап, нақты даму бағыттарын ұсынатын ғылыми-зерттеу жұмыстары назардан тыс қалып келеді. Рас ұлттық идея тұтастай бір ұлтты ұлы мақсаттарға біріктіре алатын қасиетке ие. Оған қоса ұлттық идея әлеуметтегі стратификацияны еңсерудегі ролін де ешкім жоққа шығара алмайды. Құқық саласын жетілдіріп, азаматтық қоғамның қалыптасуында шешуші күшке де ұлттық идея ие. Дегенмен ғылыми-зерттеу жұмыстарында ұлттық идея мәселесіне тек жанама мәліметтер берумен ғана шектелетіндігі бар. Бұл өз кезегінде аталған бағыттағы зерттеу жұмыстарының өзекті екендігінің басты көрінісі деп пайымдауға негіз береді.
Қазақ халқының ұлттық идеясы мәселесіне келгенде біз ұлт қайраткерлерінің ұлт шығармалары тарихи бастаулар болып табылатындығын жоққа шығармаймыз. Рас ХХ ғасыр басында қалыптасып үлгерген ұлт қайраткерлерінің шығармаларына дейін қазақ тарихында түрлі ақын-жыраулардың шығармаларында ұлттық идея және оның қалыптасуы турасында жетекші ойлар кездеседі. Дегенмен А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов, Ә. Ермеков, С. Торайғыров және тағы да басқа ұлт қайраткерлерінің шығармалары қазақ халқының ұлттық идеясының үлгісінің негізгі өзегін айқындайды. Осының негізінде ұлттық идеяны тек философиялық қана емес, сондай-ақ тарихи-әлеуметтік, мәдени феномен ретінде қарастыру ісінің маңызды екендігін де атап өтуіміз керек.
Бүгінгі күні бұқаралық ақпарат құралдарының және өзге де жекелеген зерттеу жұмыстары мен білім беру бағдарламалары нәтижесінде біз ұлттық идея сөзін жиі қолданамыз. Алайда бұл ұғымның түпкілікті мәні мен айтар ойы турасында түсініктеріміз шамалы екендігі анық. Атап өтетін жайттардың бірі бүгінгі посткеңестік қоғамда анағұрлым талқыланатын мәселелердің бірі ұлттық идеяның тарихи бастауларын талқылау болып табылады. Тіпті ғылыми-зерттеу жұмыстарының өзі ұлттық идея түсініктерінің тарихи бастауларына ерекше мән береді. Мұны Қазақстанның мысалынан-ақ байқауға болады. Өйткені ғылыми-зерттеу жұмыстарынан бөлек, әлеуметтік желілер мен күнделікті тұрмыстық әңгімелер барысында ұлттық идеяға негіз болатын тарихи бастаулары туралы көп айтылады. Бабалар бойындағы адалдық пен батырлық, көшпелі қазақ қоғамындағы жауынгерлік рух, парасаттылық пен данышпандылық сияқты асыл қасиеттерді бойына жинаған бабаларымыздың өмірін үлгі етіп, өнеге алуға шақыратын әңгімелерді жиі естуге болады. Сөзсіз ұлттық идеяның негіздеріне айналуға толыққанды мүмкіндігі бар бұл идеялар жиынтығы ғылыми тұрғыдан негізделуі тиіс деп санаймыз.
ХХ ғасырдың басынан бастап, билікке большевиктер келгеннен ұлттық идея мәселесі жабулы болып, оған түсініктеме беру, ғылыми айқындамасын қалыптастыруға тыйым салынды. Тіпті ұлт қайраткерлерінің өз ұлтына қызмет еткен әрекеттеріне теріс баға беріліп, қуғындауға ұшырағаны да жасырын емес. Өйткені Кеңестік билік жылдарында ұлт мәселесі өте қызу талқыланып, ұлтшылдықпен күресу басты мәселе болған еді. Ұлт феномені өте ауыр кезеңдерді бастан кешірді. Жекелеген ұлттар арасынағы мәдени шекараларды жойып, интернационалдық сезімдерді қалыптастырудың үлкен жоспары жасақталды. «Кеңестік» адамның үлгісі одақ көлемінде ойлап, ұлт мәселесінен гөрі коммунисттік идеология мен большевиктік тәртіпті жоғары санауы тиіс саналды. Әрине кеңестік дәуірдің өзінде де ұлт мәселесінің, ұлттық дүниетаным мен ұлттық құндылықтар, мәдениет пен болмыс сынды мәселелерге тоқталып, оның маңыздылығын жоққа шығаруға болмайтындығын атап өткен жандар болды. Мысалы 1964 жылы жарық көрген Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поямасы қазақ халқының болмысы мен басынан өткерген тауқыметті күндері турасында көптеген мәліметтерді сақтаған [3, 47 б.]. Отанға деген адал махаббат пен сүйіспеншілік, ұлтжандылықтың озық үлгісі, қазақ халқының тарихындағы ауыр күндердің барлығы дерлік автордың поэмасына арқау болды. Сөзсіз ақынның бұл поэмасындағы көтерілген мәселелерден Алаш қайраткерлерінің сарынын байқауға болады. Коммунисттік идеология өз күшіне мініп тұрған шақта осындай поэма жазып, қазақтар арасында өшіп бара жатқан ұлттық рухты бір серпілту сөзсіз ақынның батырлығы қабылдануы тиіс.
Ұлттық идея түсінігі қазіргі философиялық анықтамалық сөздіктерде ұлттың өзін-өзі тануына түрткі болатын түсініктердің жүйеленген түрі ретінде сипатталады. Ол түсініктер көп жағдайда әлеуметтік-философиялық мәтіндер және қоғамдық-саяси мәтіндер түрінде берілетіндігі және көркем шығарма түрінде де кездесетіндігі айтылады. Философиялық сөздікте ұлттық идеяның негізгі мәні этнос-халықтың тұрмысын түсіну мәселесі екендігі айқындалады [4, с. 557]. Рас бұл анықтамамен толыққанды келісуге болады. Біздің пікірімізше ұлттық идеяның негізгі мәні де ұлттың өзінің құндылықтарына құралып, қоғамдық-саяси мәнге және әлеуметтік-философиялық сипатқа ие болуы тиіс. Ұлттық идеяның анықтамасын айқындауда әсіресе ұлттың өзінің тарихи кезеңдерде қалыптасқан ерекшеліктеріне сай болуға деген ұмтылушылық деп түсінген дұрыс. Кез-келген ұлттың өзінің қалыптасу тарихы болады. Ол бірнеше кезеңнен тұрып, сол кезеңдер барысында сол ұлттың өзіне ғана тән қасиеттер қалыптасады. Ұлттық идеяның негізгі мәні сол тарихи тұрғыдан бірнеше ғасырлық қалыптасу жолынан өткен қасиеттердің бүгінгі ұттың келбетіне ие болуын білдіреді деп санаймыз. Осы ретте белгілі зерттеушілер С. Широкогоров пен А. Агаев өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында «ұлттың өзіндік сана-сезімі ұлтты құраушы әр адамның белгілі бір ұлтқа өзін жатқызуға болатындығымен де өлшенеді» деген пікір білдіреді [2, с. 17]. Бұл ретте мән беретін бір жайт, ұлттық ерекшелікте болып отыр. Сол ұлт болып қалыптасу барысында сол ұлтқа ғана тән тіл, дәстүр мен әдет пайда болады. Міне сол ерекшеліктерді өз бойына жинақтаған адам өзін белгілі бір ұлтқа жатқызып, сол ұлттың өкілімін деп санайды. Міне осындай ерекшеліктерді бойына жинақтаған адамдардың көп болуы өз кезегінде бүтіндей ұлттың сана-сезімінің сапалық тұрғыдан жоғары болуының басты кепілі болады.
Зерттеуші А. Багдасарова өзінің еңбегінде ұлттық идея кешенді түсініктерге негізделеді деген пікір білдіреді. Бұл ретте «кешенділік дегеніміз ұлттың тек бір ғана ерекшелігі емес, барлық құндылықтық жүйелерді қамтиды» дейді [5, с. 56]. Біздің пікірімізше әлеуметтік ерекшеліктер, идеологиялық принциптер, мемлекеттік саяси-мәдени ұстанымдар, тарихи жағдайлар және тағы да басқа маңызды құрылымдардың барлығы да ұлттық идея түсінігіне біріктіріледі. Ерекше атап өтетін мәселе мемлекеттік саяси және мәдени ұстанымдардың маңыздылығы. Мемлекет өз азаматтары арасында таралатын ақпараттар мен азаматтардың әлеуметтік-мәдени көзқарастарына тікелей әсер етеді. Ұлттық идеология мемлекеттік стратегиялық маңызды саяси ұстанымдарымен тығыз байланысты болады. Сол себепті де зерттеуші ғалымның ұлттық идея түсінігіндегі кешенділік түсініктерді көтеруі өте маңызды. Ұлттық идея тек сол ұлттың болмысы мен сана-сезімі ғана емес, мемлекеттік саяси ұстанымдармен де ерекше байланысты деп айтуға негіз бар.
Ұлттық идея қоғам дамуының өзіндік тарихи жемісі болып табылады. Белгілі бір этникалық қауымдастықтың сан жылдар көлемінде жойылып кетпей, сакталып қалуда шешуші роль атқарған ділі мен келбеті негізгі құрылымдық бөлшек болып табылады. Мемлекет өз тарапынан осы ұлттық ерекшеліктерге қосымша ретінде өзінің стратегиялық маңызды деп тапқан ұғымдар мен түсініктерді енгізеді. Әрине ол ұғымдар мемлекетшілдік пен ұлжандылық сынды қажетті түсініктермен байланысты болып келеді. Сол себепті мемлекет көп жағдайда ұлттық идеяны қоғам және оның мүшелерінің өткенді қастерлеп, бүгінмен өмір сүріп, болашақ үшін аянбай еңбек ету сынды түсініктермен жиынтықтайды [6, с. 13]. Осы келтірген жайттарды басшылыққа ала отырып, біз ұлттық идея түсініктері туралы нақты қалыптасқан пікірдің жоқ екендігіне көз жеткіземіз. Біз тараудың басында ұлттық идеяның негіздері мен өзегі ретінде жекелеген зерттеушілер дінді ұсынатындығын атап өткен болатынбыз. Рас Қазақстанның ғана емес, әлем елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып қарайтын болсақ, мұндай пікірдің орын алуы заңдылық. Өйткені діни аспектілердің негізінде бірігіп отырған елдер бар. Дәстүрлі діни сенім жүйесі адамдарды белсенді топтастыру шы қасиетке ие екендігін тарихтың өзі дәлелдеп берген болатын. Мысалы сол Ұлы Дала жерінде өмір сүрген Алтын Орда мемлекетінің тарихына қарайтын болсақ, Өзбек ханның тұсында ислам мемлекеттік дін деп жарияланған соң, мемлекеттік идеология шариғат заңдарына негізделген еді. Зерттеушілердің байқауынша уақыт өте келе, Алтын Орда халқының арасында бірлік пен ерекше топтасушылық байқалған. Өйткені мемлекеттік идеология «мұсылман мұсылманға бауыр» деген хадиске негізделген болатын. Әрине әртүрлі этностан тұратын халық өкілдерінің бір діннің аясында өмір сүруі сөзсіз халықтың да топтасуына жағдай жасады. Рас ресейлік ғалымдардың бірі С. Соловьев «ұлт идеясы дегеніміз ұлттың өзі туралы ойлары емес, алдымен Құдайдың ол ұлт туралы не ойлайтындығында» деп діни астары басым пікір білдіреді. Сондықтан бұл пікірді ұстанушылардың басым көпшілігі ұлттық идеяны қалыптастыру барысында сан ғасырлық ұлттың өзіндік болмысын сипаттайтын ерекшеліктерді емес, дін заңдылықтарына сай келуіне ерекше көңіл бөлу керектігін айтады. Бұл пікір, яғни ұлттық идея негіздерін дінмен байланыстыру мәселесі біздің диплом жұмысына арқау болып отырған А. Байтұрсынов және Алаш қайраткерлерінің пікірімен ұштаспайтындығын атап өтуіміз қажет. Мысалы Алаш партиясының бағдарламасында «діни мекемелер мемлекеттен бөлінуі қажет» деген жолдарды кездестіруге болады [7, 89 б.]. Демек А. Байтұрсынов бастаған Алаш қайраткерлері ұлттық идея негіздерін дінмен емес, керісінше мемлекетшілдік идеясымен байланыстырған. Оған дәлел Алаш зиялыларының бүкіл қоғамдық-саяси қызметін түйіндеген екі бірдей жалпықазақ съезі өткен болатын. Міне сол съездердің біріншісінде саяси партияны құрса, екінші жалпықазақ съезінде Алаш- Орда үкіметін құрады. Қазақ халқының өзге елдерден еш кемшілігі жоқ екендігін дәлелдегісі келіп, өз алдына жеке ел болуы үшін бүкіл ғұмырларын арнады. «Қазақ даласының әрбір тасы олардың кеудесіне түйме болып тағылуы тиіс» деген ұранды көтерген Әлихан Бөкейхановтың олардың барлық қоғамдық-саяси қызметінің түпкі мақсаттарын білдірді. Демек ұлттық идея негізінде халықтың мүддесіне қызмет ететін мемлекет құру идеясы жатыр де айтуға толық негіздер бар. Ал Міржақып Дулатов жазған «Оян, қазақ!» деп аталатын ұранды өлеңі де қазақ халқының саяси сауатын ашуға деген зор ұмтылыс болған еді. Сол себепті диплом жұмысының басты нысанына айналып отырған А. Байтұрсынов бастаған ұлт қайраткерлерінің түсінігіндегі ұлттық идея түсініктері әр этностың немесе халықтың өзгеден кем болмай, мемлекеттілігіне қол жеткізуіне, саяси сауаты жоғары болып, бәсекеге қабілетті саяси институттың негізін қалау ісімен тығыз байланысты болды деп айта аламыз.
Ұлттық идея мәселесіне қатысты өзіндік пікір білдірген зерттеушілердің басым көпшілігі ұлттық идеяның өзегі немесе негіздері болып белгілі бір этностың тілі болуы тиіс деген пікір білдіреді. Демек ғасырлар бойына қалыптасқан этностың тілі, оның қолданылуы мен сақталу мәселелері ұлттық идея ұғымдарымен астасып жатуы тиіс деген пікірді білдіреді. Рас этностың тілі тек бірнеше жылдың ішінде ғана қалыптаса салатын құбылыс емес. Тіл сан ғасырлар бойына қалыптасады. Сонымен қатар тілдің қалыптасуына тек бір ғана этнос емес, күрделі этникалық үдерістер нәтижесінде пайда болады. Ұзақ жылдар бойынан қалыптасатын тіл адамдар арасындағы тек қана қатыаныс құралы ғана емес, тілде сол ұлттың мәдениеті мен дәстүрі, әдет-ғұрпы мен дүниетанымы бейнеленеді. Демек біз жоғарыда атап өткен салт-дәстүрі, рухани мәдениеттің қайнар көздерінің барлығы да тілде сақталатыны анық. Сол себепті де ұлттың тілі сөзсіз ұлттық идеяның негізі болуға әбден қауқарлы. Сондықтан біз диплом жұмысы барысында ұлттық идеяның өзегі этностың тілі болып табылады деген қорытындыға келдік.
Ұлттық идея түсінігі туралы пікірлер көп болғанымен бір анық мәселе бар. Ұлттық идея әрқашанда аксиологиялық модустармен, адамгершілік пен құндылықтар жүейсімен, ұлттың өзіне тән сенім жүйесімен тығыз байланысты. Осы мәселеге қатысты жарық көрген ғылыми әдебиеттерді саралай келе, біз ұлттық идея ұғымын патриотизм түсініктерімен шатастырмау керектігіне көз жеткіздік. Патриотизм сөзісіз ұрпақтар сабақтастығында алар орны зор. Патриотизм сөзсіз тұлғаның Отанға деген және қоршаған ортаға деген шексіз махаббатын білдіреді [8, с. 672]. Патриотизм қоғамның топтасуына алып келетін ерекше күш екендігі анық. Мемлекеттің қоғамдық-саяси тұрақтылығы мен мемлекеттің қауіпсіздігі саласының да өз деңгейінде жұмыс жасай алуына түрткі болады. Алайда біздің пікірімізше патриотизм де тіл, дін, әдет-ғұрып пен салт-дәстүр сынды ұлттық идеяның негізгі құрылымдарының, бөлшектерінің бірі болып табылады. Сондықтан ұлттық идея түсініктерін патриотизммен шатастыруға болмайды. Дегенмен бұл келтірілген түсініктер ұлттық идеяның пайда болу алғышарттарына түрткі бола алатындығын да жасыруға болмайды деп санаймыз [5, с. 55].
Ендігі кезекте ұлттық идеяның құрылымдарына тоқталсақ. Ұлттық идеяның құрылымдары азаматтардың барлық өмір сүруіне қажетті және қоршаған ортасының маңызды салаларын қамтиды. Тұлғаның қалыптасуы мен мәдени және тарихи мақсаттары, қоғамдық өмірдегі орны, бірегейлігінің сипаттары, ұлттық ділі мен мінез-құлқы, болашақ тарихи басымдылықтарының барлығы да ұлттық идеяның құрылымдары болып табылады. Жалпы ұлттық идеяның маңызды құрылымдарының бірі – нақты жүзеге асу жоспар-бағдарлама болып табылады. Мемлекеттің деңгейде ұйымдастырылатын шаралар мен мемлекеттік бағдарламалардың барлығы осы нақты жүзеге асу жоспар-бағдарламасының аясына кіреді. Ұлттық идеяның құрылымдарының бірі оның саяси негіздері болып табылады. Мемлекеттің құқықтық және әлеуметтік болып жариялануына байланысты осы сипаттағы түрлі тұжырымдамалар қабылданатыны белгілі. Міне осы тұжырымдамалар ұлттық идеяның құрылымдары қатарына жатады. Мысалы халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғау тұжырымдамасын алсақ болады. Сөзсіз ұлттық идея заман ағымы мен әлемнің экономикалық дамуына сай болуы тиіс. Сол себепті ұлттық идея мемлекеттік аталған бағыттағы заңнамалары мен арнайы қаулылар, мемлекеттік бағдарламалар және тұжырымдамаларды қамтуы тиіс. Ұлттық идеяның маңызды құрылымдарының бірі – аксиологиялық модустар болып табылады. Аксиологиялық түсініктер ол алдымен құндылықтар жүйесімен тығыз байланысты ұғым екендігі белгілі. Зерттеуші В.И. Карасик өзінің зерттеу жұмысында құндылық ұғымын «мәдениеттің іргелі сипаттамасы, өзін-өзі ұстаудың ең жоғарғы бағдары» деп түсіндіреді [9, с. 27]. Сөзсіз ұлттық идеяның маңызды құрылымдарының бірі – құндылықтар жүйесі болып табылады. Құндылықтар адамгершілікке негізделген ұлы қасиеттерден тұрады. Бұл адамгершілікке негізделген қасиеттер сөзсіз әр ұлттың өзінің қалыптасу тарихымен бірге этностың бойына бітеді. Тіпті белгілі бір қасиеттердің тек бір ұлтқа ғана тән болуы да таңғалдырады. Әр ұлттың қалыптасу жолы мен кезеңдері әртүрлі. Сондықтан әр ұлтқа тән адамгершілік қасиеттер де түрліше болуы да заңдылық. Дегенмен кез-келген ұлттық идеяның маңызды құрылымдарының бірі дәл осы құндылықтар жүйесі болып табылады.
Ұлттық идеяның маңызды құрылымдарының бірі – патриотизм болып табылады. Патриотизм ең алдымен мемлекет азаматтарының топтасуына жағдай жасайды. Сонымен қатар патриотизмнің мемлекеттің жастар саясаты сынды маңызды салаларды реттеуіне де түрткі болады. Әрине ұлттық идеяның негізгі құрылымдарының бірі – мемлекеттің құқықтық негіздері болып табылады. Ұлттық идея сөзсіз рухани астары басым болғанымен ол мемлекеттің құқықтық негіздерімен өте тығыз байланысты. Өйткені ұлттық идея өз кезегінде мемлекеттің саяси институт ретінде орнығуы мен қалыптасуы сынды үдерістер барысында беки түседі. Ұлттық идея мемлекеттің құқықтық негіздерімен байланысы алдымен азаматтардың топтасуы мен олардың тарихи мұраттарын анықтау және биліктің легитимділігі сынды маңызды мәселелерден көрініс табады. Сонымен қатар мемлекет ұсынған саяси идеологиямен де ұлттық идея астасып жатады. Қазақстан Республикасы жағдайында қарастыратын болсақ, ұлттық идея еліміздің бірқатар заңдарымен қатар, қаулылар және стратегиялық бағдарламаларымен біріге отырып, қалыптасады. Атап айтқанда «Қазақстан 2030» және «Қазақстан 2050» деп аталатын стратегиялық бағдарламалар, «Қазақстанның егеменді ел ретіндегі даму стратегиясы», «Қазақстан Республикасындағы тарихи сананы қалыптастыру» бағдарламасы және тағы да басқа мемлекеттік бағдарламалар.
Ұлттық идеяны маңызды құрылмдарының бірі – ұлттық мүде болып табылады. Ұлттық мүдде ұлттық идеяны анықтаушы сипатқа ие. Ең бастысы ұлттық идея алдымен ұлт мүддесіне қызмет етіп, сол ұлттық мүдде негізінде қалыптасуы тиіс. Ұлттық мүдде қоғамның барлық саласын қамтиды десек қате болмас. Ол мемлекеттің ұлттық идеяны қалыптастырушы этностың тіліне деген қамқорлығы, дәстүрі мен ғұрпына деген оң көзқарас, ұлттың қауіпсіздігі мен оның құқықтары және бостандықтарының сақталуы, мәдениетін қорғап, оның насихатталуына көңіл бөлу сынды өзге де мәселелерді қамтиды.
Қазіргі таңда ұлттық идеяның мәнін анықтауға қатысты түрлі ұстанымдар мен көзқарастар бар екендігін ескерсек, С. Сулакшинаның пікірі біздің назарымызды аударды. Автор өзінің еңбегінде ұлттық идея мемлекет азаматтарының басым көпшілігін қамтуы тиіс және ұлттық идея азаматтардың тілдік әртүрліліге, діни көзқарастарының бір болмауына, өмір сүру ерекшелігі мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан таралуы тиіс деген пікірді білдіреді [6, с. 62]. Рас этностың өзіне тән тілі мен діні болғанымен, қазіргі таңдағы жаһандану үдерісінің ерекшелігіне сай белгілі бір ұлтқа жататын азаматтар арасында көптілділікті айтпағанда, көп дінділіктің өзі кеңінен таралған. Демек ұлттық идея азаматтарды нақты бір әлеуметтік мәртебесіне қарамастан ортақ жұмылдырушы идеяларға құрастырылуы тиіс. Әсіресе Қазақстан сынды тек қана ХХ ғасырдың өзінде ғана бірнеше саяси құрылымдардың ерекшеліктерін басынан өткізген ел үшін аса маңызды. Алғашқы жылдары патшалық Ресей құрамында өмір сүрген қазақтар қазан революциясынан кейін Кеңестер билігінде өмір сүрді. Жетпіс жылдан астам уақыт көлемінде қазақтар өздерінің ұлттық құндылықтарынан толыққанды айырыла жаздаған болатын. Қазақ тілі тұрмыстық тіл қатарына жатқызылып, тіпті тіл мамандары сол кездің өзінде қазақ тілін өлетін тілдер қатарына жатқызған еді. Ал дін мәселесі мүлдем жабық тақырыптар қатарына жатқызылды. Өйткені атеисттік қоғам құрылды. Әрине Қазақстанда атеисттік қоғам құруға белсене кіріскенімізбен, мұндай белсенділік Орта Азия мемлекеттерінде болған жоқ. Сондықтан Өзбекстан мен Қырғызстан сынды елдердегі ұлттық рух қазақтармен салыстырғанда анағұрлым жоғары болды. Жалпы одақтас республикалардың ешқайсысында қазақтар сынды өз ұлттық құндылықтарын жоюға тырысқан ел болған жоқ. Әлі де солай. Сондықтан Қазақстан сияқты ұлттық құндылықтарын жоғалта жаздаған ел үшін ұлттық идея мәселесі ерекше өзекті. Еліміз егемендік алғаннан кейін аталған мәселе өз шешімін таба бастағандай көрінгенімен, нарықтық қатынастардың салдарынан сананы тұрмыс билеп, ұлттық құндылықтардан гөрі материалдық игіліктер аса маңызды болып отыр. Мұның жарқын мысалдарын әлеуметтік желілер ғана емес, мәліметтері ерекше сұрыптаудан өтетін телеарналардан да көріп жүрміз. Сөзсіз мұның барлығы да еліміз үшін ұлттық идея мәселесінің оң шешілуі және ең бастысы мемлекет тарапынан шынымен қолдауға ие болуы тиіс. Бүгінде мемлекет тарапынан жарияланған түрлі бағдарламалар мен ұлттық идеяның өзегі болатын бастамаларды жергілікті жерлерде тек үстірт ұйымдастыруға дағдыланғанын байқаймыз. Сондықтан ішкі топтасуы ойдағыдай болмай отырған қазақстандық қоғамды топтастыру үшін ұлттық идея мәселесі мемлекет пен қоғамның қызығушылығына сай болуы тиіс. Жалпы ұлттық идея негізінде қоғам мен мемлекет дамып, толыққанды қалыптаса алады. Осы жайтты ескере отыры ұлттық идея мемлекеттілік пен қоғам дамуының іргетасы болып табылады деп айтуға толық негіз бар. Зерттеуші В. Сальников өзінің еңбегінде «мемлекет идеясыз және идеологиясыз өмір сүре алмайды, шынтуайтына келгенде мемлекеттің өзі адамдардың бірігу, тәртіп, қауіпсіздік туралы идеясынан туындаған» деген маңызды пікір білдіреді [10, с. 194]. Рас ғалымның пікірімен толықтай келісуге болады. Мемлекет адамдардың қауіпсіздігі мен бір тәртіпке бағынып, өмір сүруге деген талпыныс идеясынан туындаған.
Сонымен тараушаны қорытындылай келе, біз ұлттық идея мәселесінің аса бір өзекті екендігіне көз жеткіздік. Зерттеушілердің еңбектерінде айтылған идеяларды сараптай келе, біз ұлттық идея белгілі бір халықтың сан жылдар бойында қалыптасқан рухани құндылықтарын өз бойына жинап, халықтың даму болашағын да анықтаушы күшке ие идеялар жиынтығы деген қорытындыға келдік.
Достарыңызбен бөлісу: |