Диплом жұмысының сипаты


А. Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы және қоғамдық саяси қызметі



бет7/12
Дата22.11.2022
өлшемі140,97 Kb.
#51782
түріСабақ
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
А. Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы және қоғамдық саяси қызметі

ХХ ғасыр басында қазақ зиялыларының үлкен шоғыры қалыптасты. Жалпы қазақ зиялыларының қалыптасуы мен ұлтқа қызмет еткен қоғамдық-саяси қызметтерін саралай келе, біз ұлт қайраткерлерінің үш негізгі бағытта қалыптасқандығын байқаймыз. Мысалы Т. Рысқұлов, С. Сейфуллин, Б. Майлин, Т. Жүргенов сынды өзге де қазақ зиялылары большевиктік көзқараста қалыптасты. Большевиктік көзқарастағы ұлт қайраткерлерінің пікірінше, қазақ халқының ұлт болып ұйысып, мемлекет болып дамуы тек коммунисттік идеология мен большевиктік тәртіп негізінде ғана мүмкін болады деп сенді. Алайда кейінгі оқиғалар көрсеткендей, өздері жан-тәнімен сенген большевиктік тәртіптің құрбандарына айналды. Ал Мұстафа Шоқай бастаған бір топ қайраткерлер большевиктерге мүлдем сенбеді және большевиктер адамзаттың, соның ішінде әсіресе қазақтардың басты жауы деп есептеді. Әскери күші мығым большевиктерге қазақтар жалғыз қарсы тұра алмады және осы мақсатта большевиктерге қарсы тұру үшін түркі халықтарының басын қосу керек деп санады. Аталған бағыттағы пікірлер күні бүгінге дейін өзекті болып табылады. Бүгінде түркі халықтарының басын біріктіретін Тұран мемлекеті туралы ойлар әр жерде көтеріліп, айтылып жүр. Большевиктер Мұстафа Шоқайдың идеясынан қатты қорықты. Түркі жұртының басы қосылса, большевиктер биліктен айырылып қалады деп санады. Бұл идеядан қазіргі әлем елдері де қауіптенетіні жасырын емес. Сол себепті де Мұстафа Шоқай большевиктер тарапынан қуғанға түсіп, қалған өміріндегі қызметін шетелде жалғастыруға мәжбүр болды. ХХ ғасыр басында қалыптасқан ұлт қайраткерлерінің үшінші тобы Алаш қайраткерлері болды. Алаш қайраткерлерінің көзқарастары большевиктерге қарсы болғанымен, олар түркі халықтарының емес, тек қазақ халқының өз ұлттық идеясына негізінде басын қосып, жеке ел болуын аңсады. Жай аңсап қана қоймай, нақты іс әрекеттерді ұйымдастыра білді [31, 24 б.]. Сол ұлттық идеяның негізінде ұлттық мемлекеттілікті қалпына келтіріп, әлем елдерімен терезесі тең байланыстар орнату жолында аянбай еңбек еткен ұлт қайраткерлерінің бірі – Ахмет Байтұрсынұлы болды.


Алаш қозғалысының белді мүшесі Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы дүниеге келген болатын. Қыркүйек айының 5-ші жұлдызында дүниеге келген Ахмет Байтұрсынұлы ХІХ ғасырдағы әкімшілік-территориялық бөлініс бойынша Қостанай округіне жататын Торғай уезіне қарасты Тосын болысы аумағындағы №5 ауылда дүниеге келген болатын. Кіндік қаны тамған Сартүбек елді-мекенінде тамған. Демек Сартүбек мекені №5 ауылына қарасты еді. Ахметтің әкесі Байтұрсын дәулетті адам болған. Бір ескерте кететін жайттардың бірі ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басында тек дәулетті адамдар ғана өз балаларының Ресейдің ірі орталықтарында оқыта алған болатын. Біз жоғарыда атап өткен ұлт қайраткерлерінің басым көпшілігі әлеуметтік шығу тегі жағынан байдың балалары болды. Кедейдің балалары тек медресе-мектеп білімімен ғана шектелді. Тек жекелеген кедейдің балалары ғана түрлі жайттарды пайдалана отырып, білім алуға мүмкіндіктер алып отырды. Ал кеңестік тарихнамада біздің санамызға байлар қанаушы, байларды кері кеткен кер заманның өкілдері ретінде сипаттап, олардың қатарында жақсы адамдар өте сирек болады деген жалған түсініктерді қалыптастырды. Алайда шындық мүлдем олай болмаған. Егер де ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басында өз балаларын Ресейде оқыта алған байлар жаман болса, ұлтына қызмет еткен қазақ зиялылары қалыптасуы да жүзеге аспайтын еді. Сондықтан қазақ байларын қаралайтын әңгімелер, тарихи романдар мүлдем шындыққа жанаспайды және арнайы большевиктік тапсырыспен жазылған деген қорытынды жасай аламыз [11, 352 б.].
Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан Республикасында Тілдер күні аталып өтетіні белгілі. Осыдан бірнеше жыл бұрын Тілдер күні «Тіл туралы» заң қабылданған 22 қыркүйекте аталып өтетін. Міне ендігі кезекте қазақ тілінің дамуына қосқан зор үлесі үшін Тілдер күні Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген 5 қыркүйекте аталып өтеді. Ахмет Байтұрсынұлының шығу тегі немесе шежіресіне мән беретін болсақ, текті адамдардың ұрпғаы болғандығын байқаймыз. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлының арғы тегі арғын болып табылады. ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген Үмбетей Байсейітұлы қазақ-жоңғар соғысынде ерекше көзге түскен батыр болған. Жеті әйелінен үлкен бір қауым ел тараған. Сол себепті арғынның ішінде Үмбетей руы деген ру бар. Міне сол Үмбетей руының үлкен атасынан Ахмет Байтұрсынұлы тарайды. Үмбетейдің әкесі Байсейіт әкеден жалғыз болған. Ал Байсейіттің әкесі Қалқаман Көшейұлы болса, әкеден 5 ағайынды болған. Қалқаманнан тараған ұрпақтар арғын руының белді елі болып табылады деп толық негіз бар.
Ахмет Байтұрсынұлының өмірі және шығу тегі туралы бірқатар авторлар түрлі мәліметтер жазып қалдырғаны белгілі. Солардың ішінде анағұрлым толыққанды мәліметтерді Ахмет Байтұрсынұлының тек замандасы ғана емес, идеялас серігі Мұхтар Әуезов қалдырған. Неге идеяласы? Өйткені жас Мұхтар Әуезов те жас шағында Алаш қайраткерлерінің жанында жүріп, өзін солардың ізбасары санаған. Тек Алаш қозғалысына қауіп төніп, оның мүшелереі қудалана бастаған сол Ахмет Байтұрсынұлының тапсырмасымен Мұхтар Әуезов Алаш қозғалысынан бас тартуға мәжбүр болған. Міне сол Мұтар Әуезов қаламдас болған ағасы Ахмет Байтұрсынұлы туралы 1923 жылы жазған арнайы мақаласында, оның сүйегі Арғын екендігін жаза келе, арғынның ішінде Үмбетей руы екендігін ерекше атап өтеді. Байсейіттен тарайтын Үмбетейден екі ұл тарағандығын атап өтіп, олардың есімдерін Шошақ және Түбек деп кқрсетеді. Ахмет Байтұрсынұлы Үмбетейден тарайтын Шошақтың немересі болып табылады. Демек Ахметтің әкесі Байтұрсын Шошақтың баласы болғандығын көрсетеді [12, 17 б.].
Ахмет Байтұрсынұлы ауыл медресесінен білімін алған соң, 1886 жылы Торғайда орналасқан екі сыныптық орыс-қазақ мектебіне оқуға түскен болатын. Аталған мектепті 1891 жылы ойдағыдай бітіріп шығып, орыс тілінде өз ойын еркін айтатын дәрежеге жетеді. Соның арқасында мектепті бітіріп шыққан жылы Орынбор қаласында орналасқан мұғалімдер мектебіне түскен болатын. Жалпы жастық шағы өткен бұл Орынбор қаласы Ахмет Байтұрсынұлы үшін ерекше маңызды болған еді. Әсіресе бұл қала Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық қана емес, сонымен қатар саяси қызметінде маңыздылыққа ие болған еді. 1895 жылы Орынбордағы мұғалімдерді даярлау оқу орнын сәтті аяқтап, арнайы диплом иесі атанады. Осыдан бастап Ахмет Байтұрсынұлы Орынбор ұстаздар кеңесі шығарған шешімге сай бастауыш мектеп мұғалімі деген атаққа ие болады.
Осы білімі негізінде Ахмет Байтұрсынұлы өзінің қызметін қазақ балаларын оқыту ісінен бастайды. Атап айтқанда Ахмет Байтұрсынұлы 1896 жылдан бастап 1901 жылдар аралығында еліміздің бірқатар өңірінде мұғалімдік қызметін сәтті атқарған болатын. Атап айтқанда Ақтөбе мен өзінің туған жері Қостанай, сонымен қатар Қарқаралы уезінде орналасқан ауылдық мектептерде қызметін сәтті атқарды. Әрине Ахмет Байтұрсынұлы тек ауылдық қана мектептерде емес, сонымен қатар болыстық мектепте де қызметін атқарған. Оған қоса арнайы мұғалімдер даярлайтын екі сыныптық училище де мұғалімдік қызметін жалғастырған. Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлының мұғалімдік қызметі жалғасқан қалалардың бірі Омбы болды. 1902 жылдан бастап Ахмет Байтұрсынұлы 1904 жылға дейін аталған қалады директордың орынбасары болып қызмет атқарған болатын. Мұндай лауазымды қызметті Ахмет Байтұрсынұлы Торғай облысында да атқарғаны белгілі. Халықтық мектептің директоры орынбасары болып, директордың іс жүргізуші деп аталатын лауазымды қызметін ойдағыдай атқара алған. Нәтижесінде балалар үшін қолайлы болатын оқыту әдістерін жасақтап, мектеп жұмысының белсенді жүруіне көп көңіл бөлген еді. Қазақ балаларының білімге деген құштарлығын оятып, өзге елдегі қатарластарынан қалмауы үшін сол жылдары анағұрлым танымал болған И. Крылов сынды орыс ақындарының шығармаларын қазақ тіліне аударады.Әсіресе мысалдарын көптеп аударды. И. Крыловтан аударған мысалдарын арнайы жинақ қылып, «Қырық мысал» деген атаумен жарыққа шығарады. Рас Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» атты аудармаларының қазақ балаларының ой-өрісінің дамуына, дәстүрлі қазақ қоғамына серпілісті түрде әсер еткені белгілі. «Қырық мысал» жинағында Ахмет Байтұрсынұлы И. Кыровтың «Кісі мен аю», «Бұлбұл мен есек», «Маймыл мен көзілдірік» сияқты шығармаларын аударып, білімді адамдардың оқымаған адамдардан әлдеқайда жоғары тұратындығын мысалдар және салыстырмалы талдаулар, түрлі күлкілі образдарды сипаттау арқылы қазақ балаларының санасына сіңіреді. Сөзсіз Ахмет Байтұрсынұлының аудармасынан шыққан туындылар қалың оқырмандар үшін білімнің қаншалықты маңызды екендігін толыққанды ұғындыра алды. Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлы өзінің «Қырық мысал» жинағына тек қана И. Крылов қана емес, сонымен қатар орыстың бас ақыны саналған А.С. Пушкин шығармаларын да қазақ тіліне аударып, қосады. Мұндай шығармалар қатарында «Балыұшы және балық», «Ат», «алтын әтеш» пен «Данышпан Али ажалы» өлеңдерін аударса, И. Хемницердің «Ат пен есек» және тағы да басқа шығармаларды аударған болатын [13, 56-58 б.]. Бір назар аударатын мәселенің бірі, Ахмет Байтұрсынұлы өзінің аудармаларында орыс классиктерінің шығармаларындағы адам аттарын тура қалдырмай, оларға қазақи болмысқа сай келетін есімдер беріп отыр. Ахмет Байтұрсынұлының И. Крыловтан аударған «Қайғылы шаруа» деп аталатын мысалында шаруалардың ауыр тағдырын бейнелейді. Осы мысалында келтіретін парақор соттар жайында мәліметтер келтіріп, дәстүрлі қазақ қоғамына келген жағымсыз түсініктердің ара жігін ашып береді.
ХХ ғасыр басында саяси оқиғаларға да Ахмет Байтұрсынұлы белсенді атсалысады. Біз жоғарыдағы тарауша барысында атап өткен Бірінші орыс революциясынан кейінгі орын алған петиция жазу ісі белсенді жүрген болатын. Міне Ахмет Байтұрсынұлы 1905 жылы қазақтың өзге де зиялыларымен бірігіп, атақты Қоянды жәрмеңкесінде үлкен кездесу өткізеді. Осы кездесу барысында қазақ қоғамы үшін маңызды болған мәселелерді талқылап, патша үкіметіне айтылуы тиіс арыз-шағымдарды сұрыптау арқылы әйгілі Қарқаралы петициясын жазады. Қазіргі таңда петицияны құзырхат деп аударып жүр. Аталған құзырхат барысында Ахмет Байтұрсынұлы өзінің байқаған барлық олқылықтар мен патшалық Ресей үкіметі жүргізіп отырған отарлық саясаттың ауыр салдарын тізбектей алады. Петиция жазуды шебер ұйымдастырғанымен Ахмет Байтұрсынұлы өзінің негізгі қызметін де ұмытпайды. 1905 жылдар мен 1908 жылдар аралығында Қарқаралыда орналасқан орыс-қазақ мектебінің мұғалімі және және меңгерушісі қызметін қатар алып жүреді. Әрине Ахмет Байтұрсынұлының мұғалімдік қызметі оның саяси көзқарастарымен ұштасып, мұғалімдік қызметтен бөлек қоғамдық-саяси қызметтерін де белсенді жүргізе бастайды. Сондықтан да патша үкіметі қазақ оқығандарының мұндай белсенділігінің алдын алуды кеңінен жоспарлап, 1908 жылы Ахмет Байтұрсынұлын қамауға алады. Саяси көзқарасы және патшалық Ресейдің жүргізіп отырған отарлық саясатын ашық сынағаны үшін Қарқаралыда орналасқан абақтыға жабады. Әрине бұл қамаудың өзіндік оң әсері де болды. Өйткені 1910 жылдың 9-ші наурызында Ахмет Байтұрсынұлы өзінің белсенді қоғамдық-саяси қызметіне куә болған және маман ретінде қалыптасып, білім алған Орынбор қаласына жер аударылған болатын [12, 18 б.].
Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлы өзінің шығармашылық қызметін одан әрі жалғастыра береді. Мысалы 1911 жылы өзінің әйгілі «Маса» өлеңдер жинағын жариялаған болатын. Сонымен қатар «Қырық мысал» деп аталатын біз жоғарыда айтып өткен мысалдар жинағын екінші рет басып, шығарады. Ахмет Байтұрсынұлы тек қана кітаптар немесе жинақтар шығарып қана қоймай, сол жылдары белсенді шығып тұрған, біз бірінші тарауша барысында атап өткен қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» журналына өзінің мақалаларын да жариялап тұрады. Осылайша қалың оқырман қауымға өзін танысытырып, қоғам белсендісі ретінде көзге түседі. Сол жылдары «Айқап» журналында Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ һәм түрлі мәселелер» деп аталатын саяси сарындағы мақаласымен қатар, «Қазақтың өкпесі» деп аталатын отарлық саясаттың салдары туралы мақаласын жариялайды. Ахмет Байтұрсынұлы «Айқап» журналына «Қазақ жерін алу туралы низамдар мен бұйрықтар» деп аталатын патшалық Ресейдің отарлық саясатын әшкерелеген мақаласында қоныстандыру саясатының құқықтық негіздерін талдай алады. Сонымен қатар «Заң жобасының баяндамалары» мен «Тағы да халықтық сот турасында» деп аталатын мақалаларымен қатар «Жер жайынан» деп аталатын саяси астары басым өткір мақалалары жарияланды. Әрине Ахмет Байтұрсынұлы тек қана саяси мәселелер ғана емес, сонымен қатар өзінің кәсіби қызметіне қатысты мақалалар жариялап, өзінің әріптестерімен оқу ісін жетілдіру жолдарын қатысты да пікірлерін білдіреді. Мұндай мақалалары қатарында «Жазу тәртіптері» мен «Кітаптар жайынан» және «Бастауыш мектеп» сынды ғылыми тұрғыдан сараланған ғылыми-әдістемелік мақалалары шыққан болатын.
Жалпы Ахмет Байтұрсынұлы тек қана саяси санасы қалыптасқан қоғам қайраткер ғана емес, ең бастысы Ахмет Байтұрсынұлы ағартушы, ұстаз болды. Оның ағартушылығы тек қана мақалалар жазып, бала оқытумен ғана шектелмеді. Ең бастысы Ахмет Байтұрсынұлы бүтіндей бір ұлтқа жазу ойлап тапқан жан. Кезекті бір қамауға алынған кезде Әлихан Бөкейханов оны Максим Горькийдің әйелі, құқық қорғаушы екатерина Пешковаға таныстырып, қарапайым қазақ емес екендігін білдіру үшін «Ол (Ахмет Байтұрсынұлы) қазақ халқының Кириллі мен Мефодийі» деп атаған болатын. Кирилл мен Мефодий бүтіндей орыс халқына кириллица деп аталатын жазуды ойлап тапса, Ахмет Байтұрсынұлы төте жазуды ойлап тапқаны белгілі. Қытай қазақтары әлі күнге дейін осы жазуды пайдаланады. Міне Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық қызметінің басты көрсеткіші оның жазу саласынддағы реформаторлығынан анық көрінде. Осы мақсатта 1912 жылы қазақ әліпбиі саналатын төте жазу әріптері қолданысқа енгізуді ұсынады. Ұсыныс енгізілген жылы түсінікті болу үшін «Оқу құралы» деп аталатын қазақша әліппенің бірінші кітабы да жарыққа шығарылады. Оған қоса өзінің қоғамдық пікір тудыру мақсатында мақала жазу ісін де тоқтатпайды. Сол Мұхамеджан Сералин басқарған «Айқап» журналына әртүрлі жылдары «Шәйзіман мырзаға», «Қазақ және төртінші Дума» мақалаларын жариялаған болатын. «Айқап» журналымен қатар «Шора» деп аталатын журналының беттерінде «Қазақ тілінде сөз жазушылар үшін» деген мақаласын жариялайды. Әр жылдары әр басылымдарды Ахмет Байтұрсынұлының өзге де мақалалары жарық көріп тұрды. Олардың қатарында «Көшпелі және отырықшы қалып», «Шаруалар жайынан», «Жер жалдау мәселелері туралы» және «Земство», «Білімділер жарысы» мен «Оқу жағдайы» деп аталатын мақалаларды атап өтуге болады.
Ахмет Байтұрсынұлының өміріндегі жарқын сәттердің бірі ол сөзсіз қазақтың бас мерзімді басылымдары саналатын «Қазақ» газетін шығарған жылдары болып есептеледі. Өзі бас редактор болған «Қазақ» газетінің алғашқы саны 1913 жылы жарық көрген болатын. Алғашқы жылдары аптасына бір рет шығып тұрған «Қазақ» газеті 1915 жылдан бастап аптасына екі реттен шығып тұрды. Бұл үрдіс 1918 жылға дейін жалғасты. Азамат соғысы бастаған шақта газет жұмысы тоқтады. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстары ақ гвардияшылармен бірігіп, большевиктерге қарсы соғыс әрекеттеріне барған болатын. Осы жылдары патшалық Ресей тарапынан қазақ халқының этникалық атауын саналы түрде өзгертіп, қырғыз деп атай бастағаны белгілі. Мұндағы мақсат қырғыз халқымен біріктіріп, ауқымды территорияны өздері иеленгісі келді. Міне мерзімді басылымның атауын «Қазақ» деп атауының басты құпиясы да осы тарихи атауды қайта жаңғыртып, заңды этнос атауын қайтаруға үлес қосу болған еді. Ахмет Байтұрсынұлы оған қоса мерзімді басылымды ашудағы мақсаттары турасында газеттің алғашқы санында қазақ халқына өзінің арнауын арнаған болатын. Өз арнайында Ахмет Байтұрсынұлы аталы жұртымыз және адуыны басым ұлтымызға тән аруақты атауды біз өз газетіміздің есімі етіп таңдап алдық. Осылайша газетімізді «Қазақ» деп атадық. Газет ұлт мүддемсі үшін атқарылатын әс-әрекеттерімізге жаңа күш пен леп беріп, ұлғая түсуіне көмектесуі тиіс. Осы бағытта қызмет жасау қазақ баласына міндет болып табылады. Ұлтқа қызмет жасаймын десеңдер, азаматтылық пен ұлтжандылықтың зор жолы осы болып табылады деген болатын [14, 3 б.]. Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің тек бас редакторы және ұйымдастырушысы ғана болып қойған жоқ, бас сарапшы қызметін де қоса атқарған болатын. Рас Ахмет Байтұрсынұлы үшін мерзімді басылым ашып, оны ұлт мүддесіне жұмылдыру ісі аса маңызды саналды. Өзінің бір мақаласында ол «газет – халықтың көзі мен құлағы және тілі» деген өте орынды пікір білдіреді. Осы сөзін әрі қарай сабақтап адам үшін көз және құлақ, сонымен қатар тіл қалай керек болса, халық үшін де газет соншалықты керек деген болатын. Сондықтан осы уәжді алға тарта отырып, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының өз газеті жоқ болса, газеті бар өзге жұртпен салыстырғанда қасындағы ұлтқа қарағанда құлағы керең, тілі мылқау, көзі жоқ соқыр сияқты болады деген маңызды пікір білдіреді. Біздің пікірімізше Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетін ашудағы ең басты мақсаты қазақтардың әлемде және Ресейдің әр жерінде не болып жатқандығын хабардар етіп отыру болған деп санаймыз. Алаш қайраткері сол заманның өзіне қазақтар ақпараттық шабуылдарға көп ұшырағандығын сезді. Өздеріне қажетті ақпаратты ала алмай қиналған қазақ халқына нақты ақпараттар бұрмаланып та жетіп отырған. Сол себепті де Ахмет Байтұрсынұлы газет жұрттың ақпараттық тұрғыдан уланбауына кепілдік береді деп санады. Сонымен қатар газет ашудағы мақсатын ел арасынан шыққан білімді, өзіндік пікірі бар, көргені сол көсемдердің, оқығаны мол ғалымдардың газет арқылы қазақ халқының алдына шығып жол көрсетуін маңызды деп санады. Газет арқылы қалың қазаққа жөн сілтеп, қиын қыстау жылдары басшылық етуіне көмектеседі деп санаған. Ахмет Байтұрсынұлы газеттің халыққа білім таратушылық қызметін де ескереді. Өйткені газет арқылы халық естімегенін естуге, білмегенін білуге мүмкіндіктер алатындығы жасырын емес. Осылайша білімділердің пікірін оқып, өзіндік пікірі де қалыптасатыны белгілі. Ең бастысы газет халықтың өз пікірін білдіруіне мүмкіндік береді. Орын алған жайттарға байланысты көзқарасын білдіріп, халықтың дауысына айналады деп санады. Халық мүддесін қорғап, зарын білдіріп, ұлттың сөзін сөйлеуге мүмкіндік береді. Осылайша өз пайдасын қорғауға,пашаның отарлық саясатына қарсы тұрып, өзге ұтылмауға тырысады деген пікірді ұстанды. Сол себепті де «Қазақ» газетінің бетіне жарияланған мақалалар негізінен либералдық-демократиялық бағытта болды. Уақыт өте келе, «Қазақ» газеті ХХ ғасыр басындағы либералды-демократиялы көзқарасты ұстанған ұлт қайраткерлерінің шоғырландырған баспасөзге айналды. Әрине патшалық Ресейдің отарлық саясатын әшкерелегені, ұлттық рухтың қайта жандануына түрткі болғаны үшін Ахмет Байтұрсынұлы қадалануға ұшырайды. Атап айтқанда 1914 жылы және 1915 жылдары әкімшілік айыппұлдар төлеттіреді. Тіпті Ахмет Байтұрсынұлы өзінің өткір сыны үшін абақтыға да жабылады. Демек большевиктердің қудалауына дейін-ақ Ахмет Байтұрсынұлы үш мәрте абақтыға жабылып та үлгерген [12, 18 б.].
Орын алған қазан революциясынан кейін Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси қызметі тіпті жандана түседі. 1918 жыл мен 1919 жылдар аралығында «Алаш» партиясын құру мақсатында І жалпықазақ съезін шақырса, ІІ жалпықазақ съезінде «Алашорда» үкіметін құруда белсенділік танытады. Оған қоса қазақ оқулықтарын жазу бойынша құрылған Комиссиясының құрамына кіреді. Тек қана «Қазақ» және «Айқап» журналдарында ғана емес, сонымен қатар бүкіл Ресейге таратылатын «Жизнь национальностей» атты басылымға да жарияланады. Бұл басылымға Ахмет Байтұрсынұлы «Революция және қазақтар» деп аталатын мақаласын жариялаған болатын аталған мақала 1917 жылы болған қос бірдей революция тарихына арналады. 1917 жылы патша ІІ Николайды құлатқан ақпан революциясын Ахмет Байтұрсынұлы Орынбор қаласында қарсы алды. Жалпы қазақтар осы ақпан революциясын ерекше қуанышпен қарсы алғандығын жазады. Өйткені сан жылдар өздерін отарлаған патшаның құлауы сөзсіз қуаныш еді. Ахмет Байтұрсынұлы пен Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш арыстары қазақ халқына бостандық пен теңдік алып беру үшін саяси қызметтерін белсенді етті. Бұл белсенділік 1917 жылы шілде айында І жалпықазақ съезін ұйымдастырып, Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынұлы жанындағы либерал-демократиялық бағыттағы ұлт қайраткерлері ұлттық партия құрады. 1917 жылдың 21 және 26 шілде айының аралығында Орынбор қаласында ұйымдастырылған съездің өзінде Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатов партия құрылғаннан кейін «егеменді автономия» құру туралы идея көтерген болатын [15, 101 б.].
Ахмет Байтұрсынұлы азамат соғысы жылдарында ақ гвардияшылардың жағына шықты. Алайда біз жоғарыдағы тараушада қарастырып өткен себептерге байланысты 1919 жылдың наурыз айында Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстары Кеңестер үкіметі жағына шығуға мәжбүр болды. Қазақстанда большевиктер үкіметін орнату үшін Революциялық комитет құрылды. Міне Ахмет Байтұрсынұлы сынды большевиктер жағына шыққан ұлт қайраткерлері осы комитеттің құрамына енді. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлт қайраткерінің білімін пайдалану, оған қоса қазақтар арасында беделді адамдарды тарту большевиктер үшін ауадай қажет еді. Ахмет Байтұрсынұлы өзінің саналы ғұмырының екі жылын Қазақстанның халық ағарту комиссары қызметіне арнады. Бұл бүгінгі тілмен айтқанда жаңа құрылған үкіметтің білім және мәдениет министрінің лауазымы еді [16, 202 б.].
1919 жылдың жаз айлары мен күзінде Ахмет Байтұрсынұлы белсенділік танытып, құрылған Қазревкомның мәжілісінде Алашорда үкіметінің батыс бөлігімен байланыстар орнату қажеттілігін атап өтеді. Алаш-Орданың батыс бөлігімен келіссөздер жүргізу мақсатында арнайы өкілдер жібереді. Мұндағы басты мақсат Алаш-Орданың батыс бөлігіндегі қазақтардың большевиктер жағына шығару болып табылады. Ахмет Байтұрсынұлы өзі осы мәселеде белсенділік танытуы сөзсіз батыстағы ұлт қайраткерлері мен жалпы қазақтардың ақ гвардияшыларды қолдаудан бас тартуына алып келеді. Нәтижесінде ақ гвардияшылар әлсіреп, Қазақстандағы азамат соғысының аяқталуына жағдай жасайды [16, 206 б.]. Шындығына келгенде Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ұлт қайраткерлерінің Кеңестер билігі жағына шығуы кездейсоқ емес еді. Ол турасында Ахмет Байтұрсынұлы «Жизнь национальностей» журналына жариялаған 1919 жылдың 3 тамызындағы мақаласы барысында өзінің азамат соғысының алғашқы жылдарында Колчак бастаған ақ гвардияшылардың қазақтарға мемлекет беретіндігі туралы уәдесіне сенгендіктен оларды қорғауға мәжбүр болғандығын айта келе, өздерінің мүлдем ақ патша билігін қолдаамайтындығын жеткізеді. Ал ақ гвардияшылар уақыт өте келе патшалық үкімет тұсындағы билікті алып келетіндіктерін жеткізгендіктен оларды да қолдаудан бас тартқандығын айтады. Ең бастысы Ахмет Байтұрсынұлы неліктен большевиктерді қолдамағандығын атап өтеді. Осы ретте Ахмет Байтұрсынұлы большевиктердің өздері құрған Алаш-Орда үкіметінің большевиктер тарапынан қолдауға ие болмауы және жалпы большевиктердің аз ұлттардың өзін-қзін басқаруына деген қарсылығы үшін қолдамағандығын білдірген болатын [16, 241 б.]
Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш қайраткерлері негізінен большевиктер бастаған Кеңестердің билігін амалсыздан мойындаған болатынды. Ахмет Байтұрсынұлы на тән қасиеттердің бірі ол қазақ мүддесіне сай қызмет етіп, ұлттық мүдденің қорғалуына мән беру еді. Қазақ халқының өзге ұлттардан еш кем емес екендігін дәлелдеп, өз алдына даму жолын тапсы екен деген тілегі болды. Міне большевиктер жағына амалсыз шыққанда да қазақтардың Кеңестер билік жылдарында өз үлестерін алуына түрткі болсам деген оймен большевиктер жағына амалсыз шықты. Өзінің 1920 жылдың 17 мамырында В.И. Ленинге жазған хатында «...Ресейде коммунистердің өте көп екені анық. Алайда нағыз идеялық тұрғыдан дамыған коммунистер өте аз деп ойлаймын. Оған қоса олар тек Ресейдің орталықтарында тұрады. Ал шет аймақтарда шынайы коммунисттер аз немесе мүлдем жоқ деп айта аламын» деген болатын. Осы арқылы Ахмет Байтұрсынұлы В.И. Лениннен Қазақстандағы билікті қазақ ұлтынан шыққан комунистердің қолына берген дұрыс болады деп ұсыныс білдіреді [17, 4 б.].
Жалпы большевиктердің Орта Азия жеріндегі мұсылманшылдылықпен күресі және панисламизмге қарсы күресті бастаған болатын. Міне осы ретте Ахмет Байтұрсынұлы тек қана Алаш зиялыларымен ғана емес, сонымен қатар большевик ұлт қайраткерлерімен бірігіп, В.И. Ленинге хат жолдаған болатын. Осы хаттың жазылуына атсалысқан ұлт қайраткерлерінің қатарында Ахмет Байтұрсынұлымен қатар, Т. Рысқұлов пен Н. Ходжаев, Зәки Валиди мен Әлімхан Ермеков және Х. Юмагулов сынды тек Орта Азия деріне ғана емес, бүкіл Ресейге танымал ұлт қайраткерлері атсалысты. Олар В.И. Ленинге жолдаған хаттарында өздерінің ОртаАзия мен Қазақстандағы жекелеген топтарды, оның ішінде пролетариат өкілдері болып табылатын жұмысшы-кедейлерді панисламизмге айыптап, қудалауға қарсы екендіктерін атап өтеді [11, 354 б.].
Ахмет Байтұрсынұлы 1920 жылдан бастап 1922 жылға дейін Қазақ өлкелік Халық Комиссариаты жанынан құрылған Академиялық Орталық төрағасы болып қызметін атқарған болатын. Бұл Академиялық орталық Халық ағарту комиссиариаты жанынан құрылды. Ондағы мақсат Қазақстан ғылымын академиялық тұрғыдан басқару ісін ұйымдастыру болып табылды және соның қалау еді. Оған қоса Ахмет Байтұрсынұлы 1922 жылдан бастап 1925 жылға дейін Қазақ Халық ағарту Комиссариаты жанынан құрылған Ғылыми- әдебиет комиссиясы төрағасы болған еді. Осы лауазымды қызметтермен қатар Қазақ өлкесін зерттеу қоғамы құрметті төрағасының бірі де болған еді. 1925 жылдан бастап сол жылдары Қазақстанның астанасы болған Қызылорда қаласына қоныс аударады. Аталған қалада 1928 жылға дейін өмір сүреді. Осылайша Қазақстандағы білім беру саласының дұрыс ұйымдастырылуына үлкен үлес қосады.
Ахмет Байтұрсынұлының өмірінде Орынбордан бөлек орын алатын қалалардың бірі Алматы қаласы болды. 1928 жылдың қыркүйек айында Алматы қаласына қоныс аударып, Қазақ мемлекеттік университеті деп аталған, кейіннен Қазақ педагогикалық институтында профессор лауазымында қызмет атқаратды. Жалпы Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі жемісті болды. Қазақ тілінің емлесі, жазу ережелеріне қатысты бірқатар тың жаңалықтар ашады. «Еңбекші қазақ» газетінің 4 қарашадағы санында Алматы қаласында Қазақ университетінің ашылуы жайында атты құттықтау сөзін жариялап, сол санында «Емле туралы» деп аталатын мақаласын да жариялаған болатын. Қазақ тіліндегі бүгінгі таңда қолданып жүрген одағай, шылау, үстеу, жалғау, жұрнақ сынды заңдылықтардың барлығын да Ахмет Байтұрсынұлы ойлап тапқан болатын. Аталған жоғары оқу орнының қаьырғасында 1929 жылдың маусым айына дейін қызмет атқарған болатынды. Әрине отарлаушы үкіметке Ахмет Байтұрсынұлының қазақ халқының көзін ашып, саяси сауатты етуге бағытталған әрекеттері ұнамады. Сондықтан да 1931 жылдың өзінде-ақ Кеңестер елінің қылмыстық істер кодексі 58 бабына сай, ең ауыр жазалау бойынша ату жазасына үкім шыққан болатын. Алайда бұл үкім қайта қаралады да, жаза 10 жыл бас бостандықтан айыру жазасына ауыстырылады. Осылайша Ахмет Байтұрсынұлы өміріндегі екінші мәрте жер аударылған болатынды [15, 110 б.].
Ахмет Байтұрсынұлы өмірінің 1931 жылдар мен 1933 жылдар аралығында Беломор-Канал жерінде айдауда өткізеді. Әрине Ахмет Байтұрсынұлы қоғамға зияны жоқ жан екені ақиқат еді. Сондықтан айдауда болған алғашқы жылдың соңында ақ Ресейдің Кривошеин деп аталатын ауданы құрамындағы Жуково ауылында қоныс-түрмеге ауыстырылады. Осы жерде әйелімен жылға жуық бірге тұрған болатын. Бір қызығы Ресейдің тысқары аудандарының бірінде қудалауда жүрсе де «Сарыарқа самалы» деп аталатын мерзімді басылымда «Жауға түскен жан сөзі» мен «Қарқаралы қаласы» сынды, сонымен қатар «Жұртыма» деген өлеңдерін жариялаған. Бір зерттеушілер бұл өлеңді Ахмет Байтұрсынұлының әріптестері ақынның өлеңдерін өздері берген деген пікір келтіреді.
Сөзсіз Ахмет Байтұрсынұлының халық пен қоғам алдындағы қызметін тек қана қазақтар емес, халықаралық ұйымдар да жоғары бағалаған. Өйткені 1934 жылы «Қызыл крест» қоғамы Ахмет Байтұрсынұлының ісіне араласып, Алаш арысының түрмеден босап шығуына түрткі болады. Ахмет Байтұрсынұлы қайтадан Алматыға келіп, қазақ тілі грамматикасы бойынша ғылыми еңбектер жазу ісін қолға алады. 1934 жылдың 16 желтоқсан айында Орталық музейдің кеңесшісі ретінде жұмысқа тұрады. Аталған музейдегі жұмысы 1936 жылдың 21 кыркүйек айына дейін жалғасады. Жалпы осы жылдары шығармашылық жұмыстарға белсенді кіріседі. Қазақстанда ерекше сурет туындыларын салған В.Н.Хлудовтың жұмыстарына талдау жасап, «Заключении по картинкам художника Хлудова» деп аталатын ғылыми-сараптамалық еңбегін жариялайды.
Кеңестік Қазақстан тарихындағы ең бір ауыр кезеңдердің бірі 1937 жыл мен 1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргінмен тығыз байланысты. Бұл қуғындау саясаты Ахмет Байтұрсынұлын айналып өтпеді. Осы кезге дейін-ақ ұлтжандылығымен ерекше көзге түсіп үлгерген оны И. Сталин мен оның жақтастары «ұлтшыл» деп айыптап, Францияда эмиграцияда большевиктерге қарсы күрес жүргізіп жүрген Мұстафа Шоқаймен байланысы бар деп айыптап, 1937 жылдары жазықсыз ату жазасына кесіледі [16, 15 б.].
Сонымен тараушаны қорытындылай келе, Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі ұлтжандылық пен ұлтты сүюдің жарқын мысалы бола алады деп нақты қорытындыға келдік. Өйткені білім алып, маман болып қалыптасқаннан бастап, өмірінің соңына дейін ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етті.




  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет