Айырбас шартынын ұғымы. Айырбас шарты бойынша тараптардын әрқайсысы шаруашылық жүргізуді, оралымды басқаруды басқа тараптың меншігіне бір тауарды екіншісіне айырбасқа беруге міндеттенеді (бұл Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 501-бабынын тұжырымдамасы). Түсініктілеу айтатын болсақ, айырбас шарты бойынша бір тарап өз тауарын өзге (екінші) тараптың тауарына айырбастайды. Тараптардың әрқайсысы бір біріне тауарды меншікке, шаруашылық жүргізуге, оралымды басқаруға беруге міндеттенеді.
Айырбас шарты Рим құқығында шарт нысаны ретінде сатып алу-сату шартынан бұрын қалыптасқан. Жеке құқықтық қатынастарды құқықтық реттеу Римде сияқты жоғары дәрежеде болмаған қоғамдарда айырбас қатынастары материалдық игіліктерді бөлудің объективті ең басты нысаны болды.
Одақ кезіңдегі (кеңес одағы) кезіндегі азаматтық құқықта социалистік ұйымдардың қатысуымен айырбас шарттары өте шектеулі қолданылды. Қазақстан Республикасында қаржы-несие жүйесінің құлдыраған кезінде заңды тұлғалардың қатысуымен жасалған айырбас шарты, шарттық қатынастардың негізгі нысандарының бірі болды. Әсіресе, бұл 1993 Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы енгізілгенге дейін айқын сезілді. Өз кезегінде бартерлік (айырбас) қатынастар қаржы қатынасына кері әсерін тигізді. Сондықтан, бартерлік шарттарға тиым салынатын болды. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі қабылдауына байланысты мұндай шектеулер қойылуы мүмкін емес, өйткені заңды тұлғаларға, негізінен жеке меншіктегілерге тиісті әрекет қабілеттігіне сәйкес қандай да болсын құқыққа сәйкес қатынастарға кіруіне болады. Бірақ та, сол субъектілер құқықтарын теріс мақсаттарда пайдалана алмайды. Мысалы, егер кәсіпкерлер өздерінің іскерлік белсенділігін жасыру мақсатымен жаппай заттай айырбасқа көшсе, онда бұл заң шығарушы тарапынан теріс бағалануы тиіс.
Айырбас шарты өзінің заңды табиғатына сәйкес-консенсуалды, өзара және өтеулі (ақылы) шарт болып табылады. Айырбас қатынастары тек тауарларды басқа бір тауар айырбастағанда емес, сонымен бірге тауарларды белгілі бір қызмет, жұмысқа (оның нәтижесінде) айырбастағанда орын алады, әсіресе егер бір тарап екінші тарап одан белгілі затты жасау үшін материалын артығымен беретін болса. Зат қызметке, жұмысқа айырбасталса, онда мердігерлік қатынастарын, ақылы қызмет көрсету бойынша қатынастардың құқықтық реттелуінің ерекшелігін, туындайтын міндеттемелердін мәнісін ескеру керек болады. Айырбас қатынастарына - бір тауар мен екіншісін айырбастағанда, олардың құны бір-біріне сәйкес келмеуіне байланысты тараптардың бірі қосымша ақшалай өтемақы беретін жағдайларда жатады
Егер шартта немесе заңнамада өзгеше көзделмесе айырбас шарты сатып алу-сату шартының ережесіне сәйкес жүргізіледі. Сондықтан, бұл мәміленің нысанына, оны мемлекеттік тіркеу бойынша талаптар сатып алу-сату шарты бойынша қойылатын талаптарға тең болып келеді.