Дипломдық ЖҰмыс 1-сынып оқушыларының Әліппеден кейінгі кезеңде сөйлеу дағдыларын қалыптастыру әдістемесі



бет5/28
Дата11.04.2023
өлшемі455 Kb.
#81658
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28
Байланысты:
Коптерова Б. диплом жұмысы

3. Тамақ сусындар: нан, ет, кеспе, тары, сөк, құймақ, қазы, қарта, жая, шұжық, бөртпе, құрт, ірімшік, жент, малта, сары май, тоқ май, еріткен май, торта, қаймақ, бал, бауырсақ, жалпақ нан, қуырдақ, сорпа, көже, қатық, айран, сүт, қымыз, саумал, шай, қант, шалап, уыз.
4. Дене мүшелері: бас, мойын, кеуде, қол, аяқ, көз, мұрын, ауыз, маңдай, иек, тіл, тіс, көкірек, өкпе, бауыр, жүрек, қолқа, қарын, талақ, өт, ішек, ұлтабар,бүйен, сан, сан, жанбас, сирақ, бақай, тобық, иық, білек, саусақ, бармақ.
5. Киімдер: Шапан,ішік, тон, шекпен, күрте, бешпент, тымақ, құлақшын, бөрік, тақия, жаулық, орамал, камзол, кимешек, сәукеле, шалбар, көйлек, ыстан, етік, мәс, кебіс, байпақ, шұлғау, шәркей.
6. Туысқан-туған іліктес: ата, баба, әке, ана, әже, шеше, аға, іні, апа,, қарындас, жеңге, келін, қайын ата, қайын ене, қайын аға, қайын іні, қайын бике, балдыз, жезде, абысын, күйеу, бажа, сіңлі.
7. Түйе : бура, атан, лөк, нар, қоспақ, інген, құнанша, буыршын, тайлақ, бота.
8. Жылқы: айғыр, ат, құлын, байтал, тай, құнан, дөнен, бесті, бие, дөнежін, құнажын, сәурік, құлық, бедеу, қысыр.
9. Сиыр: бұқа, өгіз, құнан өгіз, дөнен өгіз, тайынша, бұзау, дөнежін, құнажын, қашар, баспақ, торпақ, қысыр.
10. Қой: қошқар, азбан, саулық, тұсақ, ісек, бойдақ, тоқты, марқа, қозы.
11. Ешкі: теке, серке, серкеш, туша,шыбыш, ылақ.
Осындай тақырыптаррға керекті сөзер бере отырып, ғұлама ғалым олардың сөздерді меңгеруге арнайы жаттығу жұмыстарын да берген. Ғалым оқушылардың ауызша сөйлеуге жаттығу арқылы дағдыландыруға болатынын көрсетеді.
Адам сөйлейді, түйе боздайды, жылқы кісінейді, сиыр мөңірейді, қой маңырайды, ит үреді, ұлиды, қыңсылайды, мысық мияулайды.
Мыналардың ішінен артығын алып шығарып тастап қалғандарына жалпы ат қойыңдар: 1. ит, сиыр, мысық, бұғы, жылқы, түйе
2. сиыр, қой, бұғы, жылқы, түйе.
Демек А.Байтұрсынов оқушылардың тілін дамытуға, олардың білімін жетілдіруде алдымен олардың ауызша сөйлеу дағдыларын жетілдіру жұмыстарын жүргізуді тиімді санаған.
Ғ.Бегалиев - бастауыш мектепте қазақ тiлiн оқытудың әдiстерi мен тәсiлдерiн саралаған ғалым. Ол оқушылардың сөйлеу дағдыларын түрлi жаттығулар мен тапсырмалар арқылы қалыптастыру жолдарын атаған. Ол оқушылардың сөздiк қорын байыту жолдарын ғана емес, сонымен қатар олардың ауызша және жазбаша сөйлеу дағдыларын қалыптастыру жолдарын да қарастырған [12, 362 б.].
Ғ.Бегалиев «Әрiп, дыбыс, буын» атты еңбегiнде оқушылардың сөйлеу дағдыларын мынадай жолдармен қалыптастыруға болатынын атап көрсетедi:

  1. Оқушыларың тiлiн байыту үшiн iстелетiн жұмыстар үшке бөлiнедi.

  2. Сөз запасын көбейту;

  3. Өз пiкiрiн дұрыс айтуға жаттықтыру;

  4. Өз пiкiрiн жазып түсiндiруге жаттықтыру, – деп олардың

әрқайсысына жеке-жеке тоқталады.Бұған қоса бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу дағдыларын қалыптастыру үшiн төмендегiдей жұмыстар орындатылуы керек дейдi:
1. Оқушылардың өз пiкiрiн дұрыс айтуға үйрету мақсатында дұрыс жауап алу:
а) Оқылған мақала бойынша оқушыларға сұрақтар қойып, қысқа, дұрыс жауап алу:
ә) Оқыған мақаланы, көрген-бiлгенiн, iстегенiн, сөйлегендерiн байқап отырып, қате айтқандарын соңынан түзету, дұрысы былай болады деп айтып беру.
б) Оқылған мақала туралы өз ара пiкiр алысуға, оқушыларды үйрету, сұрауларды қалай беру, толықтыру, қарсы пiкiрiн бiлдiру жолдарын үйретуi:
д) Жиналыстарда шығып сөйлеуге үйрету;
2. Бiткен ойды жазуға үйрету үшiн:
1) Бүкiл бөлiм болып қысқа ұрандар қарау, сұрау-жауаптар айтып, оларды жазып алу;
2) Тiл ширату немесе әңгiме есту жұмыстарында айтылғандарды жазып алу, соңынан оның дұрыс-бұрысын анықтау;
3) Анкет, мәлiмдеме, әдiс, тiл-хат, куәлiк, қағаз жаздыру т.б. [9.10-11]. Оқушы бұған тек оқу процесiнде ғана үйренiп дағдыланады, оған бiрсыпыра өткелiктерден өту, кейбiр қиыншылықтарды жеңiп алу керек болады. Мысалы: Жазуға төселу, жазу түрiне қалыптасу, емле ережелерiн, тыныс белгiлерiн меңгерiп алу, ойындағысын жазуша тиянақты етiп бiлдiруге қалыптасу. Мiне, мұның бәрi көп жаттығуды, машықтануды керек қылады.
Оқушылардың сөйлеу дағдыларын қалыптастыру жолдарын осындай үлгiде жүргiзiлетiнiн санамалап көрсеткен Ғ.Бегалиевтiң еңбегi мектепке келген балалардың сөйлеу тiлiн ауызша да, жазбаша да дамытып, олардың дағдылары мен икемдiлiктерiн қалыптастыру жолдарын анықтағанымен құнды. Бұны оның: «Пысықтау жұмысы нашар ұйымдастырылады да, оқушылар бар оқығандарын ұмытып қалады, бұрын оқыған тақырыптар мен жаңа тақырыптар арасында ешбiр байланыс болмайды. Сондықтан да оқушылардың бiлiмi жүйелi, тиянақты болып шықпайды. Оқушылар бүгiн оқығанын ертең ұмыта берсе не болмақ? Оқушылар әрбiр оқыған, үйренген сөз үлгiсiн, емле ережесiн ойланып тұрмай-ақ, iске асыра алатын дәрежеге жетуi керек. Дағды, машық деп осыны айтамыз. Дағды – алғашқыда сaналы орындауды қажет ететін әркеттердің жаттыға беру нәтижесінде автоматты қалыптасуы. Дағдыға айналған қимылдар санадан тыс болмайды. Ол- мидың қызметі. Дағдының қимыл, сенсорлық және ой-әркетіне байланысты түрлері бар. Пысықтау бұл жөнiнде маңызды орын алады», – деген пiкiрi дәлелдейдi [13, 70 б.].
Сонымен қатар ғалымның пiкiрi бойынша грамматика мен емле сабақтарында, балалар ана тiлiнiң заңдарын меңгере отырып, сөздердi сөйлем iшiне кiргiзiп, бiр-бiрiмен байланыстыруға үйренедi. Оқушылар сөйлемнiң түрлерiмен, сөз өзгерту, сөз тудыру тәсiлдерiмен таныса отырып, оларды өздерiнiң сөйлеу тiлдерi мен жазбаша тiлдерiнде дұрыс пайдалануға үйренедi.
Еңбекте тiлдiң қалыптасуы және оқып дамуы үшiн ауызша және жазбаша жаттығулар ұйымдастыру қажет екенi айрықша аталған:
«Ауызша және жазбаша жаттығу жұмыстары бiр-бiрiмен тығыз байланысты болды; сөйлеу тiлi жазбаша тiлдiң негiзi болып табылады: жазбаша тiл сөйлеу тiлiнiң дамуына жәрдемдеседi.
Оқушылардың сөйлеу тiлi бiрiншi жылдары жазбаша тiлден бұрынырақ жүредi: балалар мектепке келгенде, азды-көптi дамыған сөйлеу тiлiмен келедi, бiрақ ол кезде олар жазбаша тiлдi әлi бiлмейтiн болады.
Балалардың сөйлеу тiлi мен жазу тiлiн дамыту мақсатын көздеп жүргiзiлетiн арнаулы жаттығулардың негiзгi түрлерiне ауызша және жазбаша, мазмұндама мен шығармалар жатады», - деп, ауызша сөйлеу жаттығуларын былайша бөледi:
1. Балалардың оқыған немесе тыңдаған әңгiмесiнiң мазмұнын кейiннен толық етiп, қайта айтып беру мақсатымен қойылған сұрақтарға жауап бергiзу. Мұғалiм балалардың берген жауаптарын жинақтай отырып, қайта айтып берудiң тәртiбiн белгiлейдi.
Балалар жеке-жеке сұрақтар бойынша әңгiменi немесе ертегiнi қайталап айтып шыққаннан кейiн, ендi түгел айтып шығуға кiрiседi.
2. Әңгiменiң желiсiн көрсететiн суреттердi пайдаланып, мазмұнын қайта айтып беру. Балалар суреттердi қарап шығып, мұғалiмнiң көмегiмен сол суреттер бойынша әңгiменiң тәртiбiн белгiлейдi.
3. Балалардың өздерiнiң суреттердi салуға болатындығын айта отырып, балалар сол әңгiменiң тұтас мазмұнының жеке-жеке негiзгi мәлiметтерiн көрсетедi.
4. Балалардың оқып шыққан не тыңдаған әңгiмелердiң мазмұны бойынша олардың жасаған не мұғалiм жасап берген жоспарға қарап, әңгiменiң мазмұнын айту. Бұл ауызша жаттығулар болашақ жазбаша мазмұндамалардың негiзi болып табылады».
Ғ. Бегалиевтің тұжырымдаған пікірі профессор Қ.Жұбанов «Оқушы қанша пысық, тиянақты болмасын өз ойындағысын ауызша бiлдiргендегiдей етiп жазуша бiлдiре алмайды, ауызша тиянақты түрде мазмұндай алғаны жазуға келгенде, ауызекi айтқандағысындай еркiн мазмұндай алмайды» - деген пікірінің жалғасы іспеттес.
Қорыта айтқанда Ғ. Бегалиевтің бастауыш мектеп мәселесіне жазылған еңбектерінде оқушылардың сөйлеу тiлiн қалыптастыру және жетiлдiру үшiн арнайы ұйымдастырылған жаттығулардың көмектесетiндiктерi айтылған. Мұндай жаттығу түрлерiн бiз өз жұмысымызда кеңiнен пайдаландық. Ғалым еңбектерiнiң әдiстемелiк құндылығы ― бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға арналған кешендi жұмыстар жүйесiн ұсынғандығы.
К.Бозжанова оқушыда қандай да болмасын дағды қалыптастыру үшiн алдымен оқушылар белгiлi бiр тәртiпке бағынуы қажет, яғни:
«Оқу жұмысын дұрыс ұтымды ұйымдастырып iстеуге дағдыландыру үшiн оқушылар мына тәртiпке төселуге тиiс: ең алдымен керектi құралдарды (сия, қалам, дәптер, кiтап) дайындап, орын-орнына қою, газет төсеу, дәптердi, оқулықты ашып, тапсырманы табу, тапсырманы оқып, түсiну, содан кейiн барып орындауға кiрiсу; сөйлем, сөздердi түгел оқып алып ойша жазу, тиiсi тыныс белгiсiн жазу үстiнде тұсына бiрден қойып отыру, тиiстi сөз, сөйлемдердi жазу үстiнде бiрден тауып, астын сызып отыру. Оқушылар сөз, сөйлемдердi жатқа да түгел ұғып алып, ойына сақтап жазуға төселуге тиiс. Мұғалiм оқушылардың жұмысты орындау ритмiн де қадағалап, оларды бiр кезеңде кiрiсiп, қатар бiтiруге дағдыландырады».
К.Бозжанова - бастауыш мектеп оқушыларының оқу дағдысын қалыптастыру мәселесiн арнайы қарастырып, әдiстемелiк еңбек жазған. Ғалымның оқушылардың оқу дағдыларын қалыптастыруға арналған әдiстемелiк нұсқаулары оқушылардың қазақ тілiнiң дыбыс жүйесi мен орфографиялық заңдылықтары жөнiнде бiлiмдерiн кеңейтiп, сөздердi дұрыс айту, дұрыс жазу және көркем әдебиеттердi оқу арқылы бүкiл жан-дүниесiн дамытып, эстетикалық талғамын жетiлдiредi.
Кейiнгi жылдары әдiскер-ғалымдар Р.Әмiров пен А.Асқарбаеваның авторлығымен шыққан әдiстемелiк құралда оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын мәтiндi оқу, сол мәтiнде кездескен жаңа сөздердi түсiндiру, сол арқылы оқушылардың сөздiк қорын молайту секiлдi мәселелерге баса көңiл аударылады. Әдiскер-ғалымдар: «Тiл үйретудiң негiзi – оқушылардың сөздiк қорын байыту және сол сөздердi дұрыс айтуға дағдыландыру. Сондықтан қазақ тiлi сабағында бұл жұмысқа баса көңiл аударылуға тиiс. Оқушылардың сөздiк қорына мәтін арқылы енетiн жаңа сөздердiң мағыналарын түсiндiрiп беру – iстiң бастапқы қадамы ғана» - деп көрсете келе, оқушылардың ауызша сөйлеу тiлiн қалыптастыру жұмыстары ауызша жаттығулар мен сөздiк қорды молайтуға арналған жұмыстардан құралатындығын атайды». Бұл еңбекте басты назар оқушылардың тілін дамытуға аударылған.
М.Томанов - оқушылардың сөйлеу дағдыларын сын есiмдердi кең тұрғыда, тереңдетiп оқыту арқылы, сол игерген, меңгерген сын есiмдердi оқушылар сөйлеген сөздерiнде орынды қолдану жолдарын дұрыс көрсеткен. «Сын есiмдердi оқыту тек грамматикалық және емле ережелерiн жаттаумен бiтпейдi. Мұғалiм сын есiмдердi оқытуды оқушылардың сөздiк қорын молайту, тiлiн дамыту жұмыстарымен байланыстырады. Ауызекi сөйлеуде сын есiмдердi орынды қолдану арқылы жас балалар өз ойларын жаттанды тiлмен айтып беруге жаттығады. Сондықтан мұғалiм әр сабақта оқушылардың түсiнiгiне лайық сын есiм сөздерiн кiрiстiрiп, оның мағынасын түсiндiрiп отыруы керек. Сурет бойынша шығарма жаздыру, басқа да түрлi жаттығу жұмыстарын ұйымдастыру оқушылардың сын есiм сөздерiн танып, оларды өз бетiмен қолданып үйренуiне себеп болады» деп ғалым сын есiмдердi тек жаттанды түрде үйретпей, сын есiм жөнiндегi бiлiмдерiн ауызекi сөйлеу тiлiнде орынды пайдалануы қажет дейдi
Бастауыш мектепте қазақ тiлiн оқыту әдiстемесiн кейiнгi жылдары арнайы ғылыми тұрғыда қарастырған, бастауыш мектеп оқушыларының жас ерекшелiктерiн ескере отырып, олардың тiлiн дамытуда қандай әдiстер тиiмдi екенiн айқындау, лексикалық дағдыларды қалай, қандай жолдармен қалыптастыру, сауат ашу кезеңiнде оқушылардың тiлiн жетiлдiру, сөздiк қорды молайту мәселелерiне арналған бiрнеше iргелi ғылыми жұмыстар сәттi қорғалды. Сондай еңбектердiң бiрегейi ― бастауыш мектеп оқушыларының тiлiн дамыту мәселесiн түбегейлi қарастырған әдiскер-ғалым профессор С. Рахметованың еңбегi. Ғалым өз еңбегiнде оқушылардың тiлiн дамыту үшiн, бiрiншiден, балалардың сөздiк қорын молайту керектiгiн айтып, сөз запасын бiрдi-екiлi сабақтарда ғана жетiлдiрмей, мектепке алғаш келген күннен бастап байыту қажет екенiн, ол үшiн сөз мағынасын түрлi лексикалық тәсiлдер арқылы ұғындыру жолдарын айтып, екiншiден, бастауыш мектеп оқушыларының байланыстырып сөйлеу дағдыларын қалыптастыру қажеттiгiн көрсетедi. С.Рахметова бастауыш мектеп оқушыларының тiлiн дамытудың мазмұны ненi қамтуы қажет деген сұраққа былай деп жауап бередi: «Мұнда бiз мына сияқты негiзгi мәселелердi үйретуiмiз қажет, яғни белгiлi бiр тақырыпты оқыта отырып, баланың сөздiк қорын дамытатын сөздердi үйрете отырып, жаңа сөздер жасайтын формаларды меңгеру барысында оларды байланыстырып сөйлем құрауға, сөз тiркесiне, сондай-ақ ойларын ауызша жазбаша сауатты, жүйелi, дұрыс жеткiзуге, сөйлей бiлуге мақсат етедi. Сонда осы үшеуi /сөздiк жұмысы, сөз тiркесi мен сөйлем құрау және байланыстырып сөйлеуге үйрету/ күнделiктi өтiлетiн сауат ашу, грамматика, оқу сабақтарымен байланысты, бiртұтас жүргiзiлiп отырса, тiл дамыту жұмысы да бiршама жүйелi өткiзiледi деуге болады».
Ғалым оқушылардың сөздiк қорын молайту жұмыстары олардың тiлiн дамытудың бiр бағыты екендiгiн дұрыс тұжырымдаған. Мұндай тұжырым оқушылардың тiлiн дамыту үшiн олардың сөздiк қорын молайту қажет екендiгiн анық көрсетедi. Оқушылардың сөздiк қорын молайтудың негiзгi мақсатын былайша қорытқан: «Сөйтiп сөздiк жұмысының мақсаты, сайып келгенде, оқушылардың мәтiндегi сөздi дұрыс қабылдап, оның мағыналық реңктерi мен ерекшелiктерiн ұғынуларын, яғни қажеттi жағдайларда дереу естерiне түсетiндей дәрежеде балалардың өз сөздерiне айналуын қамтамасыз ету; оқушылар алуан түрлi жаттығулар арқылы үйренген сөздерiнiң мағынасын терең түсiнiп және керектi кезiнде мұғалiмнiң көмегiнсiз өз беттерiмен оны дұрыс қолдана алатын дағдыға төселедi. Мұның өзi оқушылардың бiлiм сапасының жоғары болуына жағдай жасайды».
Ғалым оқушылардың тiлiн дамытудың негiзгi бағытына байланыстырып сөйлеуге үйрету жұмыстарын жатқызады. С.Рахметованың докторлық диссертациясы қазақ мектебiнде оқушы тiлiн дамыту мәселесiн түбегейлi қарауымен құнды. Мұнда айтылған әдiстемелiк тұжырымдарды басшылыққа алып, кеңiнен қолдануға болады.
С.Қазыбаев - бастауыш мектепте қазақ тiлiн оқытуға арналған еңбегiнде қазақ тiлiн оқыту барысында оқушыларда мынадай дағдылар мен iскерлiктер қалыптасуы қажет дейдi: «Концентрлi-сатылы бiлiм беру принципiне негiзделген қазақ тiлi грамматикасының бастауыш курсында берiлетiн iскерлiк пен бiлiм, дағды негiздерi нақтылап көрсеткенде төмендегiлер:
1. Дауысты және дауыссыз дыбыстарды танып, ажырата алу. Оларды дұрыс айту, оларды дұрыс айта, жаза бiлу.
2. Орыс графикасынан алынған дауысты және дауыссыз дыбыстарды дұрыс айту, олардың әрiптерi мен айыру белгiлерiнiң (ъ,ь) жазылуы емлесiн меңгеру.
3. Программада көрсетiлген емле ережелерiне сай бас әрiптердi дұрыс қолдана бiлу.
4. Дауысты дыбыстардың жуан және жiңiшке, дауыссыз дыбыстардың қатаң, ұяң, үндi болып жұпталып келетiн түрлерiн ажыратып, олардың жазылу емлесiн бiлу.
5. Құрамы айқын, танымал сөздердiң мағыналы бөлшектерiн (түбiр, жұрнақ, жалғау) айыра бiлу.
6. Сөйлем iшiндегi сөздердiң өзара байланыстарын анықтап, сөз тiркестерiн табу: әр сөзге сұрақ қоя бiлу.
7. Бастауыш сыныптарда оқып үйренiлетiн сөз таптарын және олардың негiзгi грамматикалық белгiлерiн (сандық, сапалық белгiлерi, септiктер мен олардың түрлерiн, шақтар және жiктелу жолдары) ажырата бiлу.
8. Сөйлемдердi (хабарлы, сұрауы, бұйрықты, лептi), жай сөйлем мен құрмалас сөйлемдердi тану.
9. Сөйлем мүшелерi: тұрлаулы (бастауыш, баяндауыш) және тұрлаусыз мүшелер (анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш) жөнiнде жалпы түсiнiк алу.
10. Сөздердiң айтылуы мен жазылуын (орфографиялық сөздiктi пайдалану арқылы) бiлу.
11. Тыныс белгiлерiн (нүкте, сұрақ белгiсi, деп белгiсi т.б.) дұрыс қолдана бiлу.
12. Оқу бағдарламасында қазақ тiлiнiң аталған салаларынан бiлiм беру, оларды практикада қолдануға дағдыландырумен қатар сабақ процесiне әр түрлi жаттығулар жасату жолымен лексикадан мағлұмат берiп, байланыстырып сөйлеуге үйрету мiндеттерi көзделген .
Ғалым осы аталған бiлiмдiк дағдылар оқушылардың қазақ тiлiнен алған бiлiмiн практика жүзiнде қолдануға негiз болатындығын көрсетедi. Бiрақ С.Қазыбаевтың еңбегiнде оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыру жолдары мен ерекшелiктерi туралы айтылмаған.
Соңғы жылдары бастауыш мектғепте оқушылардың тілін дамытуға ерекше назар аударыла бастады. 1990 жылдарға дейін қазақ педагогикасында бастауыш мектеп мәселесінен ғылыми жұмыс қорғаған екі ғалым М.Қ. Жұбанова мен С.Р. Рахметова болса, кейінгі жылдары К. Бозжанова, Т. Әбдікәрімова, Г.Уәйісова, Ә. Е. Жұмабаева, М.Ермекбаев, және т.б. ғалымдар осы салаға арнайы ғылыми зерттеулер жүргізген. Жоғарыда аталған ғалымдардың еңбектерінде біздің зерттеу тақырыбымызға қатысты құнды тұжырымдар мен пікірлер мол. Атап айтқанда, М.Қ. Жұбанова мен Ә. Е. Жұмабаевалардың ғылыми жұмыстарында бастауыш мектептің сауат ашу кезеңі туралы пікірлер құнды. Бірақ М.Қ. Жұбанова сауат ашу кезеңдерінде қазақ тілінің дыбыстарын үйретуге арналса, Ә.Жұмабаеваның ғылыми жұмысы сауат ашу кезеңінде оқушылардың тілін дамытуға арналған. Ғылыми жұмыстарда бастауыш мектеп оқушыларының ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастырудға арналған бірқатар пікірлер кездескенімен, арнайы осы тақырыпқа тоқталмаған.
Бастауыш мектеп оқушыларының ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыру мәселесі озық тәжірибелі мұғалімдердің еңбектерінде көрініс тапқан. Атап айтқанда С.Ахметовтың «Әліппе кезеңіне дейінгі сабақтарды оқыту», Ә. Ермековтың «1 класс оқушыларын оқу- жазуға үйрету», Қ. Разиевтың «Балалардың 66 күнде сауатын аштым»,Ә. Нүкеевтың «1 класс оқушыларын жазуға үйрету», Ж. Жолаевтың «Әліппеге дайындық кезеңі» және осы автордың «Әліппені жақсарту туралы» атты мақалаларында бастауыш мектепте сауат ашу мәселесінің жетілгенін байқауға болады. Озық тәжірибелі мұғалімдердің еңбектерінде сауат ашу кезеңінде жүргізілетін жаттығу жұмыстары түрленіп, әліппемен жұмыс істеу әдістері молайған. Бұл мақалаларда авторлар сауат ашу кезеңінде жүргізілетін жұмыстар жөнінде өздерінің тәжірибелерін ортаға салады. Бұл мақалалар қазақ балаларының сауатын тиімді әдістер мен тәсілдер арқылы ашуға өзіндік үлес қосқан мақалалар.
Бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданындағы М.И. Калинин атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Т Бәкішеваның сауат ашу барысында бүкіл сабағын ойын түрінде өткізіп,оқушыларды сабақта қызықтырып отыруы-құптарлық іс. Ұстаздың өткен сабақ пен жаңа сабақты ойын арқылы байланыстырып, сабақта оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын жетілдіруге арналған жетекші сұрақтар беруі, «Қ,қ» дыбысы мен әрпін өтуде осы әріптен басталатын отызға тарта сөз үйретуі, «Қасқардан құтқарайық» ойынын өткізіп, оқушыларды топ-топқа бөліп жарыстырып жаңа материалды меңгертуі – назар аударарлық тәжірибе.
Мысалы, осы сабақта
Тісі десең – тісі бар,
Күші десең – күші бар.
Торуылдап ауылды,
Түнде жүрер – ісі бар. – деген сияқты жұмбақ жасырылып, «Қасқардан құтқарайық» ойыны ойнатылған. Ұстаз оқушылардың назарын ертегі кейіпкерлері арқылы өзіне аударып,қиялы мен тілін дамытуға ұмтылғаны аңғарады.
Адамның сөйлеу – мәнерлікті көсетуге негіз болатын ерекше бай мұра. Дауыстың өзі сөйлеушінің көңіл-күйін көрсетеді. Сөйлеуші адамның санасының бағыттылығын, оның басқа да мінез-құлық ерекшеліктерін ашуға мүмкіндік береді. Адамның жа-дүниесін айқындауда сөйлеудің мүмкіндігі шексіз [14, 19 б.].
Оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын жетілдіруде, сөздік қорларан молайтуды дидактикалық ойындардың маңызы зор.
Ақтөбе облысы, Қ. Жұбанов атындағы «Жұрын» қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі З. Өтегенова оқушылардың ауызша тілін дамытуда дидактикалық ойындарды тиімді қолданған. Мектепке алғаш келген балалардың жас ерекшелігін ескере отырып, тіл дамыту сабағын ойын түрінде өткізген. Бастауыш мектеп оқушыларының ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруда оқушыларға өздігінен сөйлем құрату, осы сөйлемдер арқылы кішігірім мәтіндер құрату, сұрақтарға ауызша жауап беруді талап ету тапсырмаларының тиімді екені байқалады. Мұндай ойындар оқушылардың ауызша өз ойын еркін жеткізуге дағдыландырады.
Бұрынғы Семей облысы, Абай атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ф.Әбішева да өз сабақтарында оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға баса назар аударған. Ұстаз сабағында көрнекіліктерді ұтымды пайдаланып, балалардың ойлау, сөйлеу қабілеттерін жетілдіруге арнайы тапсырмалар беріп және осы тапсырмаларға оқушылардың толық жауап беруін қадағалаған. Ұстаз сабағын басқа пәндермен ұштастыра отырып, түрлі жұмбақтар, жаңылтпаштар, суреттер берген. Мысалы, осы сабақта
Оң қолымда – бес саусақ,
Сол қолымда – бес саусақ.
Алақанды ашамыз,
Бесті беске қосамыз.
Кел, санайық ал мұны,
Нешеу болды барлығы? ,- деген сияқты,
сондай-ақ,
Аппақ қардай тоны,
Күжірейген жоны.
Көзі қызыл моншақ,
Білесің бе оны,- секілді жұмбақтар жасырып, оқушылардың ауызша сөйлеу тілін жетілдіруге:
Ораз барлы орманға
Он шақты оған бала ерді.
Омарташы оларға
Ожау- ожау бал берді.
жаңылтпаштары айтылған.Берілген мысалдар арқылы Ф. Әбішева оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруды мақсат тұтады.
Бастауыш мектеп оқушыларының ауызша сөйлеу дағдыларын озат тәжірибелі мұғалімдер сауат ашу кезеңінде жүргізудің тиімділігін көрсетеді. Сабақта ұлттық ауыз әдебиеті үлгілерін (жұмбақтар, жаңылтпаштар, санамақтар және т.б.), дидактикалық ойындар мен оқушылардың өздігінен мәтін құрастыруға арналған тапсырмаларды тиімді пайдаланған. Бұл мәселенің қажетті, маңызды әдістемелік тұрғыда пайдалы екендігі көрсетеді.Алайда күні бүгінге дейін бастауыш мектеп оқушыларының ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыру мәселесi нақты зерттеу нысанасы болмай, оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға арналған тапсырмалар жүйеленіп, бір ізге түспеген.
Қорыта айтқанда, бастауыш мектеп оқушыларының ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастырудың қажетті, маңызды мәселе екендігін зерттеуші ғалымдар өз еңбектерінде баса көрсеткендерімен оны қайда, қашан, қалай іске асыруға болатыны жөнінде сөз қозғамағаны байқалады. Сондықтан осы кезге дейін өз шешеуін таппай жатқан бұл мәселені зерттеу жұмысымыздың нысанасы етіп қарастырғанды жөн көрдік.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет