Әдебиеттік оқу пәні бастауыш білім берудің маңызды компоненті ретінде
«Тіл мен әдебиет» білім беру саласына енгізілген. Әдебиеттік оқу пәнінің негізгі нысаны – балалар әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармалары. Көркемдік циклға жататын бұл пәннің оқушының жеке тұлға ретінде дамуында, саналы оқу мен сауатты жазу дағдыларының қалыптасуында, мәтінмен алғашқы жұмыс жасауда алатын орны ерекше. Әдебиеттік оқу адамның ішкі рухани жан дүниесі байлығын дамытуға, адамгершілік-имандылыққа тәрбиелеуге, сөз өнерін түсінуге, тілін, қиялын арттыруға мүмкіндік береді. Жоғарғы сыныптардағы «Әдебиетті» оқудың жүйелі курсына дайындайтын әдебиеттік оқу сабақтарында бірінші кезекте көркем мәтіннің негізі сөздің көркем бейне екендігіне назар аударуға, оқушыны сөз өнері әлеміне баулуға көңіл бөлінеді.[26] Әдебиетті сөз өнері ретінде қабылдау – әдебиеттік оқу курсының әдіснамалық негізі.
«Әдебиеттік оқу» пәні бастауыш сынып оқушыларының ауызша және жазбаша тілін дамытуды, яғни сөздік қорын байытуды, байланыстыра және грамматикалық тұрғыдан жүйелі сөйлеуге үйретуді, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Ұлттық тәрбие, рухани-мәдени құндылықтар, ана тілі және қазақ халқының салт-дәстүрі негізінде сусындаған жеке тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеді. Адамның ішкі рухани жан дүниесі байлығын ашуға, адамгершілікке тәрбиелеуге, тілі мен қиялын дамытуға мүмкіндік береді.[8]
Бастауыш сынып оқушыларына әдебиет саласынан білім беріп, жан-жақты тәрбиелеу мақсатын іске асыратын – бастауыш сынып мұғалімі. Сондықтан бастауыш сыныпта «Әдебиеттік оқу» пәнін оқыту үшін болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің жоғары оқу орнында кәсіби және пәндік құзыреттіліктерін дамытып, олардың әдістемелік шеберліктерін жетілдіретін бірден бір пән, ол – «Әдебиеттік оқу әдістемесі» пәні.
Әдебиеттік оқу пәні–бастауыш сынып оқушыларының оқырмандық және қатысымдық, яғни тілдік дағдыларын қалыптастыруға, олардың адамгершілік және әдеби-эстетикалық құндылықтар жөнінде түсініктерін кеңейтуге, сөйлеу мәдениетін қалыптастырып, сөз өнерін сезінуге, көркем шығарманы оқуға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік беретін негізгі пәндердің бірі. Пән арқылы берілетін білім мазмұнының тақырыптары оқушының дүниетанымын арттыратын және айнала қоршаған дүние туралы дұрыс көзқарасын қалыптастыратын, оның тұлға ретінде өсіп дамуын қамтамасыз ететін мәселелерді қозғайды.
Білім мазмұны идеялық - тақырыптық, көркемдік - эстетикалық ұстанымдар негізінде жүзеге асырылады. Оқырмандық білікті мәтін бойынша жүргізілетін жұмыстар жүйесі (оқу, мәтінді талдау, мәтінге жоспар құру, кейіпкерлерді сипаттау т.б.) құрайды. Оқырмандық білік негізінде сөйлеу білігі (сөйлеуде жазушы тілін қолдануға әрекеттену, шығармадан алған әсерін ауызша, жазбаша жеткізе алу, мәтіндегі оқиғаға өз көзқарасын білдіру, халық ауыз әдебиеті үлгілерін шығармашылықпен пайдалана отырып, өзіндік әрекеттерін дәлелдей білуге баулу т.б.) қалыптасады.
Әдебиеттік оқу пәнінің мақсаты: бастауыш сынып оқушыларының көркем шығарманы сезіммен қабылдауы, түсінуі, санасында қайта жаңғырта алуы және шығармадан қабылдағанын өзінің шығармашылық әрекетінде жүзеге асыруға ұмтылуы арқылы функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқушылардың әдеби сауатын ашу негізінде рухани байыту, оқу дағдыларын және оқырмандық біліктілігін қалыптастыру, әдеби - эстетикалық талғамын жетілдіре отырып, ізгілікті - елжанды дара тұлға тәрбиелеу. Әдебиеттік оқу пәнінде дамытушы оқытудың жүйесі міндеттері:
әдеби көркем шығармаларды оқыту арқылы қазақтың рухани қазынасын меңгерту;
ауыз әдебиетінің, отандық және әлемдік балалар әдебиетінің озық үлгілерімен таныстыру арқылы оқушыларға адамдардың өзара түсінісуі, сыйластық, құрмет сезімдері, адамгершілік қасиеттері, өзінің және өзгенің іс - әрекетіне жауапкершілікпен қарай білуі сияқты ізгілікті қасиеттерді қалыптастыру;
оқу сапасын (дұрыс, түсініп, шапшаң, мәнерлеп оқу) жетілдіру;
оқушылардың оқырмандық мәдениетін қалыптастыра отырып, сөз әдебі нормаларын орынды қолдану дағдыларын меңгерту;
сыни ойлауын жетілдіру;
көркемдік - танымдық сипаттағы мәтіндерді өз мақсатына сай іріктеп, саралап, талдап, ой қорытындысын жасауға үйрету;
алған білімін өмір жағдаяттарына байланысты қолданып, дұрыс шешім жасай білуге үйрету;
оқылған шығарма сюжетінің ізімен немесе еркін тақырыпта ауызша, жазбаша шығармашылық жұмыс түрлерін (өлең, әңгіме құрастыру, мәтінді сахналау, мәтін бойынша сурет салу, мақала жазу, шағын үзіндіге кино сценарий жазу, өзіндік ой қорытындысын жазу,т.б.) орындауға дағдыландыру.[27]
Әдебиеттік оқу пәнін меңгеру оқушының:
қазақ балалар әдебиеті мен әлем әдебиеті үлгілерін талдай отырып, ұлттық және жалпы адамзаттық рухани құндылықтарды бойына сіңіруіне;
көркем шығармадағы тілдік қолданыс ерекшеліктеріне бақылау және талдау жасай отырып, тілдік құралдарды саналы түрде дұрыс таңдауына және өмірлік тәжірибесінде қолдануына;
алған білімі мен дағдыларын өмірлік жағдаяттарда және басқа адамдармен қарым - қатынас барысында пайдалануына көмектеседі.
Әдебиетті зерттеу әдістері екіге бөлінеді:
мектепте оқытылатын көркем шығарманы оқушыға жеткізу әдістер жүйесі;
сол көркем шығарманың жазылу стилі, мазмұны, идеясы, тәрбиелік мәні, тілдік, ырғақтық әдістері.
Әдеби әдістер, яғни, оқушыға жеткізу жолымен жүйесі–күнделікті сабақта батыл енгізіліп, оқушының өзіндік шығармашылық еңбегіне құрылады.
Әдебиет әдістемесінің міндеттері:
білім беру приоритетіндегі ұстанымдарды жетілдіру;
әдістемелік нұсқауларды толықтырып отыру;
әдеби-теориялық ұғымдар сөздігін жасау;
сабаққа қажетті дидактикалық материалдарды көбейту;
техникалық оқу құралдары: диафильмдер, оқу кинофильмдер, слайдтар, магнит таспаларына жазылған: радио, телехабар беттері, фонохрестоматиялар жасау. Бір сөзбен айтқанда көркем шығарма мен жаңа әдістердің байланысын ашып, оқушының жас ерекшелігіне сай жаңартып отыру. Үнемі ізденіс зерттеуді жетілдіру.[28]
Жүйелілік және бірізділік принципі оқушының әдебиеттік оқу пәні бойынша біртіндеп, белгілі жүйеде білім алуын талап етеді. Жүйелілік белгілі пән бойынша өтілетін тақырыптар мен бөлімдердің өзара байланыстылығын, яғни пәннің ішкі сабақтастығын сақтау үшін де, пәнаралық сабақтастықты сақтау үшін де қажет. Оқушы әдебиеттік оқу пәнінің құрылымдық сипатының сабақтастық жүйесін және пәнаралық байланыстың жүйесін жақсы түсінсе, әдеби көркем шығармалардың идеялық мазмұны, ерекшеліктері туралы толық дерек алады. Және ондағы оқиғалар, ой-пікірлер, адам психологиясы мен тарихи жағдайлардың өзара сабақтас, тәуелді екенін терең түсінеді.
Жүйелілік мұғалімнің оқу жұмысын ұйымдастыруына да қажет. Оқушыға талап қою, олардың білімін тексеру немесе сабақты өткізу т.б. осы сияқты мұғалімнің әрекетінде де жүйелілік сақталу керек. Жүйелілік оқушының танымдық, ақыл-ой, еңбек әрекетінде де қажет. Қабылданған ұғым-түсініктер белгілі бір жүйеде реттестіріліп, олардың өзекті сабақтастығын терең түсінгенде ғана санада олар бойынша ассоциациялар жүйесі пайда болады. Осы жаңа мен ескінің арасындағы байланыс, яғни ассоциациялар жүйесі әбден орныққанда ғана тиісті білім меңгерілді деп есептеледі. Бұл үшін оқушының жүйелі ақыл-ой әрекетін аз мөлшерімен күрделендіріп, қайталап отыру қажет. Оқушылардың өзінің ұғым-түсінігін баяндау, өздерінің ой тұжырымын қорытып, дәлелдеуі, әр түрлі жазба жұмыстарын /мазмұндама, шығарма, мінездеме т.б./ орындауында да жүйелілік болу керек. Сонда ғана оқушыларда ақыл-ой логикасы, еңбек ету мәдениеті дұрыс қалыптасады.
Оқу пәнінің логикалық құрылымын жасауда оқытудың мазмұны мен оны меңгеру процесінің бір-біріне тәуелділігі мен біртұтас сабақтастығын сақтау өте маңызды. Мұнда оқу пәнінің логикасы және оқыту заңдылықтарының тұтастығы ескеріледі. Бұл мұғалім мен оқушы іс-әрекеттерін реттестіру және оқытудың құрал-жабдықтарын, әдістерін оқушыларға берілетін тапсырмалардың түрлерін, танымдық білім көлемінің өзара байланыстылығы мен бірізділігін оқу пәні логикасына сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Сөйтіп оқу пәнінің логикасы сабақ процесінің негізгі бөліктерін жалпы елестетуге және белгілі сабақта жоспарланған оқу мазмұнын бұдан бұрынғы және бұдан кейінгі мазмұндық материалдармен сабақтастырудың тиімді жолын іздеуге мүмкіндік береді.
Бұдан мұғалім оқулық пен бағдарламадан ауытқымауға тиіс деген пікір тумауға тиіс. Оқушылардың білімін мазмұндық, танымдық жағынан толықтырып, жетілдіруге себепкер болатын оқулықта жоқ қосымша деректермен байытып отыру қажет. Бірақ ол материалдар сол пәннің өзекті логикасына нұқсан келтірмеуге тиіс.
Оқу пәні, оның мазмұны үздіксіз толықтырылып, жаңарып, даму үстінде болады, ал оқу пәнінің логикасы әрдайым сақталып отырады. Оқу процесінің логикасы дегенде оқу пәні мазмұнын оқушының меңгеруіндегі танымдық әрекеттерін және оған мұғалімнің басшылық ету жүйесін де қамтиды.
Сонымен, әдебиеттік оқу пәнін оқытуда жүйелілік және бірізділік принципін жүзеге асыруға қойылатын талаптар:
1. әдебиеттік оқу пәнінен берілетін білімнің жүйесі мен логикасын және олардың ішкі сабақтастығын анықтау, оны оқу процесінде жүзеге асыру;
2. әдебиеттік оқу пәні бойынша берілетін білімнің тарих, дүниетану, философиялық ой толғау пәндерімен сабақтастығының жүйесін анықтау және оны жүзеге асыру;
3. әдебиеттік оқу пәнінен білімді меңгеру процесіндегі оқушылардың танымдық ақыл-ой әрекеттерінің жүйесін анықтау;
4. әдебиеттік оқу пәнін оқытуда мұғалімнің оқыту жұмысын ұйымдастырудағы іс-әрекет жүйесін анықтау.
Саналылық пен белсенділік принципі
Әдебиеттік оқу пәнін оқытудағы саналылық принципі дегеніміз – оқу процесінде оқушының саналы ақыл-ой әрекетін ұйымдастыра отырып, әдеби шығармалардың мазмұнын, ондағы негізгі ой түйіндерін терең түсініп, талдай білуі, көркемдік сөз өрнегін көре білуі, оларды өздерінің ауызша, жазбаша сөйлеу тілінде қолдана білуі және әдебиеттен алған білім-дағдылардың оқушы наным-сеніміне айналуын айтамыз. Саналылық оқушының белсенділігі мен өзіндік әрекет етуінен көрінеді.
Саналылық болмаған жерде белсенділіктің де болуы мүмкін емес, сол сияқты белсенді ақыл-ой, еңбек әрекетінсіз саналы ұғыну да мүмкін емес. Саналылық пен белсенділік принциптері өзара тығыз байланысты.
Саналылық пен белсенділік принципі оқу процесін ғана қамтып қоймайды, жалпы тәрбие процесін де қамтиды. Әдебиеттік оқу пәнін оқыту барысында тәрбиелік міндеттердің де шешілетіні белгілі. Әдеби шығармаларды меңгерудегі саналылық пен белсенділік оқушының дүниетанымдық көзқарасының, мінез-құлқының қалыптасуында маңызды орын алды. Табиғат құбылыстарының, қоғамдық-әлеуметтік өмірдің мәнін, заңдылықтарын терең түсіну, өздігінен өзінің білімі, дағдылары мен іскерлігін жетілдіре түсуде әдебиеттік оқу пәнінің тәлім-тәрбиелік мәні зор.
Оқушының саналылығы мен шығармашылық белсенділігін оқу процесінің барлық кезеңінде /оқу материалын алғашқы қабылдау, практикалық дағдыларын қалыптастыру, қайталау-қорыту, оқушының білімін тексеру т.б./ ұйымдастырып отыруға болады. Мұның тиімді жолдары: шағын әңгіме, проблемалық тапсырмалар орындату арқылы тиісті материалдың мазмұн-мағынасына оқушыны үңілдіру.
Әдебиеттік оқу пәнін оқытуда оқушының саналылығы мен шығармашылық белсенділігін арттыруға қойылатын талаптар:
1. Оқушының әдебиеттік оқу пәніне деген қызығушылығын, ынталылығын, жағымды ынта-жігерлерін қалыптастыру. Ол үшін өтілгелі отырған тақырыппен сабақтас келетін қызықты оқиғалар, ақын-жазушылардың өмірінен қосымша мағлұматтар, естеліктер, тарихи-деректі әңгімелерді қызықты етіп әңгімелеу немесе оқушылардың өздерінің олармен танысуына кеңес беріп отыру қажет. Мұндай жұмыс оқушының пәнге деген қызығуын арттырады, біртіндеп әдеби шығармаларды оқу баланың өмір талабына айналуына себеп болады, сөйтіп оның азаматтық қалыптасуына әсер етеді.
2. Әдеби шығармаларды өту барысында оқушыны шығармашылық іскерлікке баулу, әр түрлі құбылыстарды, оқиғаларды, адамдардың пиғыл-әрекеттеріндегі ерекшеліктерді байқай білуге және олар жөнінде қорытынды жасай білуге үйрету. Ол үшін оқушыны өздігінен ізденуге,өздігінен шешімін табуға жетелейтін проблемалық жағдаяттар тудырып, проблемалық тапсырмалар беру, олардың орындалуын қадағалап отыру.
3. Оқушы ұғым-түсініктері мен білімдерін тексеріп, бағалап, балалардың жетістіктерін сәл де болса мадақтап отыру, сөйтіп олардың оқу ісіне деген жауапкершілігін тәрбиелеп отыру.[8]