2.2 Ақынның діни-философиялық көзқарасы
Басы Міржақыптан бастап, қазақтың жәдитшілдері негізгі тақырыптарының біреуі қып ескі дін мен күресуді алды.Ғұмар өзінің әдебиет майданына алғаш кірген кезінде ұлтшылдардың мәдениет пен жер мәселесін бірге ұрандасқанмен дін жайына ол тиген жоқ. Өйткені алғашқыда ол білімін молдадан алып, кейін медреседе мұсылманша сауатын ашқан, өзі де балаларға мұсылманша сабақ берген.
Біз енді ақынның дін туралы айтқан ойларына тоқталайық. Ең алдымен ақын: "Құдайды, құранды, пағамбарды таныған, соларға иман келтірген адам, біреудің айтуымен емес, өз аузымен тану керек. Түсінбей танудан түк пайда жоқ" [23,22] ,-дейді. Бұл сөзден Ғұмардың айтайын деп отырғаны "Түсінбесең тәңіріні таныма. Ол саған міндет емес" деу емес. "Тәңіріні біреудің аузынан емес, өз аузыңнан таны, өз көңіліңмен ұқ" деуі еді. Бұл жерде ақын ниеті тәңірге шын ықыласыңмен жалбарыну керек дегенге саяды.
Сондай-ақ, Ғұмар Қарашев: "Алланың жолы деген сол: құдіретті күшті алла өз үкімімен бұ ғаламды себеп ғаламы ғып жаратқан. Әр нәрсенің бір себебі бар. Мәселен: "Екпей егін шықпайды", "Кәсіп харакет етпей ризық болмайды", мал жиылмайды, өнер-ғылымсыз харакет қолдан келмейді. Енді адамдар әр ісінде алланың көрсеткен жолымен жүрмесе, себебіне кіріспесе, иждахат етпесе, ғылым-өнер үйреніп орнына қолданбаса, ол аллаға иман келтіріп, оның әміріне бой ұсыну болып табылмайды"[3,170]. Бұл сөзден шығып отырған мағына: адамның істейтін бес парызы /ораза, намаз, зекет, қажы, иман/ адамның тән тіршілігіне керекті істер емес. Ол істер жаратқандығы үшін тәңірге адамның құлдық етуі. Оған не сый беретінін тәңірі өзі біледі. Пенде одан сый күтсе әдепсіздік болады деген дұрыс ой түйеді.
Пенденің өз басына пайдалы қып, тәңірінің артқан міндеті кәсіп қылу, өнер-білім қуу деп ақын халқына пайдалы істің ретін көрсетеді. Осы ретте С. Мұқанов өзінің 1932 жылы шыққан "XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті" деген еңбегінде ақынның дін туралы айтқан ойын былай тұжырымдайды: "Ғұмар дінді ұлтшылдықтың құралы қып отыр. Қазақ халқына: "Сен тәңірінің жолын қумадың, өнер білімге талпынбадың, сол себепті орыстың отарына кіріп, елдіктен айырылдың, істе деген бұйрығын істемей, тәңірге кінәлі болдың" дегенді аңғартып отыр. Бұның аты дінді ұлтшылдыққа құрал қылғандық емей немене" [3,171] ,-дейді. Бір ескерте кететін жай Сабит Мұқанов аталмыш кітабында Ғұмар Қарашевты ұлтшыл-байшыл ақын деп дәріптейді. Біз бұған тоқтамай тұрып, алдыңғы ойдың аяғына шығып алайық.
Ғұмар өзі діни білім алған адам, діннің пайдалы жағын халыққа үйретудің еш сөгеттігі жоқ. Бұл жерде біз Сәбит Мұқановтың пікірін жөн дей алмаймыз. Өйткені ақынның бір-екі өлеңі төңірегінде ақын туралы "ұлтшыл-байшыл" ақын деп, ой қалыптастыруға болмайды. Ондай ой тек өзіне ғана емес, одан кейін бұл еңбекті оқыған адамға да келуі мүмкін. Біз ондай нәтижелі ойға ақынның шығармаларын тұтастай қарап, қыры мен сырына үңілгенде ғана келе аламыз. Ал бір-екі өлең төңірегінде ой қалыптастыру сол заман үшін және қазіргі кездегі ғұмартанушылар ойына кері әсер етуі мүмкін.
Ғұмар бұдан кейін "Өрнекте" харакет істеудің жолдарына тоқталады. Ақын надандықтың басты залалы-замандас халықтардан кейін қалғандық деп түсінеді. Ақын ойын былай өрбітеді: "Қазіргі заманда бүтін дүние бір базар әлеміне кірді. Дүниенің бір шетіндегі адам, екінші бір шетіндегі адамға, бір дастархан басында отырғандай сөйлесіп, алыс-беріс жасайды. Алыс жолға аз уақытта барып келе алады. Білімі бар адамдар өз керектерін алады. Кейін қалғандар алғылардан қалса алады. Кейін қалу-жалқаулықтан,өнерсіздіктен, білімсіздіктен, надандықтан болады"[7,211] ,-деп тұжырымдайды. Сол орайда ақын бар күшін өз халқының қараңғылықтан шығып, жарыққа ұмтылдыру жолына арнайды. Ақын өз заманына ауыр халін дәл көрсете білген өлеңі "Саған не болды?". Бұл өлеңінде ел қамын ойлаған шын жанашыр адамның, жүрек жарды сөздерімен сол кездің ауыр тұрмысы бейнеленеді.
Бүгін болса тамағымыз тоқ дейсің,
Ертеңгінің еш керегі жоқ дейсің,
Азаматың аттан ұшса "шоқ" дейсің,
Ұялмастай жұртым саған не болды.
Ел көшкенде жұртта қалған сен бе едің?
Ар- намыстан жұда болған ел ме едің?
Қаны қара, басқалардан кем бе едің [7,126] ,-деп ақын ертеңін ойламайтын есерлердің тіршілігіне қынжылады. Осындай күйге жеткен, халқының ауыр тұрмысын көрген ақын алдағы өмірге үмітпен қарайды, еліне жігер береді.
Қаным таза, сен олардан кем емес
Сен артықсың олар саған тең емес.
Өз бойыңа осы жүріс жол емес
Байқамастай жұртым саған не болды [23,4] ,– деп өздерінің артық екенін, бір кезде көршілері санасқан сайын даланың сері халқының ерлікке толы өткен тарихын еске алып Шыңғыс, Батый хандардың, Қарақыпшақ Қобландының ұрпақтарына тән батырлықты аңсайды.
Ақын өлеңдерінен біз сол заман бейнесін көргендей боламыз. Ғұмар Қарашев өз заманындағы өзгерістерге үн қоспай қалған емес. Қоғам өміріне енген жаңалықтар, ондағы басты проблемалар, халықтың жай-күйіне ақын жайбір рахат қарап отыра алмаған. Осы тұрғыда біз ақынның "Көреміз бе?" өлеңіне тоқталайық. Бұл өлең "Алаш" партиясының өмірлік мақсат-мұраттарын анық танытады. Әрі мұндай сарындағы өлең XX ғасырдың басындағы қазақ поэзиясында өте сирек кездеседі.
Жарық жолға бастаушыға ереміз бе,
Ақ жүректі шын ерлерге сенеміз бе
Таза қанды, кірсіз жанды қазақ жұрты.
Өзалдына ел болғанын көреміз бе? [7,127] ,-деп басталатын осы өлеңінде ақын үлкен шабытты қуатпен халқының өз алдынан ел болғанын көреміз бе деп, осы аңсарлы жолда жас буынға таза білім беруді, таласты қойып, ынтымаққа кірудің жолын айтады:
Жалқаулықты, бос жүрісті тастағанын.
Орынсызға дәулет, мүлкін шашпағанын
Керек жерде бойды балап қашпағанын,
Тіршілікте көзімізбен көреміз бе?
Әулие деп көрінгенге бас ұрмауын
Дін деп қорқып, ақиқатты жасырмауын
Еш нәрсені өлшеуіне асырмауын
Тірлікте көзімізбен көреміз бе? [7,128]
Бұл өлеңде ақын жеке ел болу үшін ең қажетті шарттардың бастыларын айта отырып, тәуелсіз ел болудың өмірлік талаптарын алға тартады.
Осы орайда айта кететін бір нәрсе Ғұмар Қарашевтың саяси мұраттары нда әлеуметтік прогреске көтерілуге кедергі болып тұрған себептердің санаттарына дінді тікелей дұрыс пайдаланбаудың салдарынан болатын құбылысты жатқызады. Оның пікірінше, ислам діні еш уақытта білім мен ғылымды дамытуға кедергі бола алмайды, керісінше, ағарту ісін дамытуға жағдайлар туғызады. Бұл жерде ойшыл Ғұмар Қарашев, Құран Кәрім мен Мұхамvбед пайғамбардың хадистерінде ғылымның адамзатты қандай биік саяси прогреске көтеретіндігін дәлелдей отырып, өз ойларын былайша тұжырымдайды: "Біздің халқымыз ақиқат дінді ұстаса, біз надан, жалқау боп қараңғылықта қалмаған болар едік, ұрлық, қиямет арақ ішу карта ойнау сияқты халықты бұзатын қылықтардан аулақ болар едік".
Демек, шын дінді тұтсақ, әлем алдында масқара болмаймыз. Жоғарыда айтылғандай жаман мінез қылықтардан аулақ болған болар едік. Қайдағы бір ескі ырым- сырымдарға сыйынып дін жасау лайықсыз. Ақиқат дін еш адамның желеп-жебеуіне мұқтаж емес, ал діннің өзі адамдарды дұрыс сақтай алады, дұрыс жолға бағыттайды деп дәлелденгені шындық. Оның айтуынша шариғат заңдарын сіңіру арқылы көшпелі халықты имандылыққа баулуға болады. Жоғарыда көрсетілгендей ол, шариғат заңдарының да өзгеріске ұшырайтын ілім екенін фактілермен дәлелдеп, құран-кәрімнің сүрелерімен аяттарына жаңа мағына түсінік береді. Бұл әрекет, қазан төңкерісіне дейінге мерзімдегі Қазақстанның саяси құқықтық ой пікірлерінде тұңғыш рет болған көрініс. Содан болар Сәбит Мұқановтың еңбегінде: "Ғұмар дінді ұлтшылдықтың құралы қып отыр", - деуі де осы жайды меңзеп айтылған ғой.
Ғұмар Қарашевтың көтерген тағы бір мәселесі – дүмше, шала сауатты молдалардың салдарынан шариғат заңдарын халыққа дұрыс түсіндірмеуінен, жағымсыз, елге қажетсіз әрекеттің белең алғандығын көрсетеді. Мысалы, ақын шариғат заңында құрбан шалу рәсімінің жаңа заманда бәріне міндетті емес екенін айтады. Ақын өз ойын "Қазақ" газетіне жазған бір мақаласында былай деп береді: "Енді келейік құрбандық мәселесіне, аллаға шалынған малдың еті, қаны жетпейді. Бәлкім ақ ниет, адал жүрегі жетеді, яғни малды шалып, қанын ағызу, яки табақтан етін тарату мақсат емес, бәлкім адам малын мүлкін қиын жақсы күндерге алла жолына шалуды мақсұт еткен" [7.76бет] ,– деуі дұрыс айтылған сияқты. Сонымен қата ақын қажылық сапарын да маңызды деп таппайды. Ақын өз ойын өлең жолдармен былайша өрнектейді:
Бәдел хажыға барам деп,
Өліп кеткен адамды
Күнәдан пәктап алам деп,
Кәсіп үшін алынған
Қажылық деген ат құрсын. [7,111]
Ақын бұл өлеңде қажылық сапарға барушылардың, ел мүддесін, ел тілегін ойлаудан бұрын өз қара басының қамы үшін тауаб етулерін сынға алады. Ақын ондай жандарға былай дейді:
Әуелі қолдан келсе еліңді сүй,
Ел үшін еңбек еткен еріңді сүй
Қағбаға тауап ету керек болса,
Кір жуып кіндік кескен жеріңді сүй [7,123]
Ақын ойынша, қоғамдағы жағымсыз көріністер мен құбылыстар негізінде екі нәрседен қалыптасады. Оның біріншісінде ойшыл – шариғат заңын, ислам дінін таратушы, насихаттаушы адамдардың бақсылыққа салынуынан, мұсылмандық қағидаларды жетік түсінбеулерінен болғандығын көрсетеді. Ғұмар Қарашев өлең жолдармен өз ойларын былайша білдіреді:
Бақсылық құрып елді жеп,
Кітап ашып дінді жеп,
Тәртіпті оқу заман деп
Дінге қосып күнді жеп
Қотыр ешкі, ақсақ қой
Педиядан келген деп,
Осы күні бір пара
Білімі жоқ көңілі зор
Дін мен күнге бірдей сор
Молаға қалған күн құрсын [7,110]
Екіншісінде, шариғат заңдары мен дін талаптарынан туындайтын, имандылықтың негізінде қалыптасқан тақуалық, ар-ождан көркінің, келбетінің қазақ қоғамында биік дәрежеде болуын айтады. Оның ойынша, мемлекетте бұл қасиеттер дағдарысқа ұшыраса, халықты мәдени эрозия жайлап, қылмыс, теріс қылықтар мен жағымсыз көріністер еселене түсетінін дәлелдейді. Ақын өз ойларын былайша қорытады:
"Кісіні әрбір осалдығынан ұяты ғана тияды. Кісі өлтірмек, шіркеу бұзбақ, ойнас қылмақ және басқа әртүрлі жаман істерді істеу жеңіл. Ол әркімнің қолынан келеді. Егер бұл істерге ұяты ара тұрмаса ....” [17.78бет]
Қазақ ойшылы фәни дүниеде тіршілік, шариғат заңдары мен талаптарын өз еркімен саналы түрде орындамаған адамның дін жолымен, құдай заңымен жазаланатынын тілге тиек етіп, адами қасиеттердің үстем болуын жан-жақты қолдайды. Адам өмірі дүниедегі байлық, ауқаттылықпен өлшенбейді. Шариғат заңы, дін алдында тазалық, адамгершілік, қарапайымдылық танытқан пенде ғана алла нұрына бөленбек. Осы тұрғыда Ғұмар ақын былай дейді:
Дүниені қандай талқан етсе дағы,
Бір күні кірмей қалмас күшті жерге.
Таразы тәңір алдында құрылған күн,
Бір жауап берер сонды күштілер де.
Қарсы алар алдын тосып қара шұбар
Жыландар һәрбір түрлі түстілер де
Ақдиуан сен залымды бұрылдырмас
Есіме енді бүгін түсті деуге.
Тамұқта залымдарға жер табылар
Түсірсін, тоймас іштілерге.
Мәз болма мақтағанға күшім көп деп,
Алдында тізгіні жоқ нәпсіге ерме.
Мал, күшің, елі-жұртын – бәрі қалып
Кіресің боз көйлекпен қара жерге [7,64]
Ғұмар Қарашаев өз дәуірінің көкей тесті мәселелеріне үн қоспай қалған емес. Қоғамда болып жатқан өзгерістерге жақсылы жаманды пікір айтып өз көзқарасын білдіріп отырған. Ғұмар өз заманының жағдайына сай амал жасау керек екенін әр өлеңінде айтып отырады.
Заманға қарсы қарыспай,
Ағылыменен алыспай,
Ғылым, өнер қаруын
Бойға тақпақ келісер [7,109]
Ғұмар Қарашев құдай орнатқан заңды ешқандай жаңару идеясын қажет етпейтін қатып қалған қағида деп санамайды. Ол-шариғат заңдарынан мүлдем бейхабар шала сауатты молдалардың жаңару, реформациялық көріністерге қарсылық білдіретінін қатаң сынға алып, жаңа оқу, ғылымды меңгеруді құдай заңы еш уақытта жоққа шығармайтынын дәлелдейді. Құран кәрім, Мұхаммед пағамбардың хадистерін өте жетік меңгерген Ғұмар ғылымсыз қандай да болмасын мемлекеттік өркениетке көтерілудің мүмкін емес екенін өз ойымен дәлелдейді.
Ақын "Тұрымтай" жинағына енгізген "Мұғалім" деген өлеңінде:
Ойдағымды етуге,
Жол бермейді күншілдер,
Ақ сәлделі төрдегі,
Ана отырған діншілдер,
Не бар істі дінменен,
Өлшейтұғын міншілдер
Жаңа тәртіп төте оқу
Дін бұзды деп зарлаған
Таспа қара, таңқы мұрт,
Дін жолында үншілдер [7,131] деп өз ойларын білдіреді.
Адамның адамшылық қасеті, адамның мәдениеті, тұрмысы тәңірде емес, адамның өзінде. Адам аң да болуға, адам да болуға жарайды. Жаратылыстың жасырын сырына неғұрлым сұғынып, ізденімпаз болса, адамның соғұрлым тіршілігі көркейеді. Неғұрлым жаратылыстың сырынан қашып, өз басымен әуре болса, соғұрлым адамның тұрмысы кері кетеді. Омардың "Таңқы мұрт, таспа қара, діншіл сопылары" осы жаратылыс күресінен бас тартқандар.
Ғұмар Қарашевтің "Аға тұлпарының" төртінші тарауында үлкен философиялық, болмыстық мәні бар жайттар қозғалады. Тарау "Қиял хақиқат" деп аталады. Ойшылдың дүниеге деген философиялық көзқарасының жалпы базалық негізі осы тарауда анық байқалғандай. Ол қиял фантазия, болжау категориясына бой ұрып, объективтік дүние мен материяның әр түрлі сан алуан құбылыстары мен оқиғаларына өз тарпынан субъективті баға береді.Диалектикалық қозғалыстағы дүниенің шексіз ұшан-теңіз екенін ғылыми тұрғыдан көз жеткізеді. Ғұмар Қарашевтың осындай болмысы төңкеріске дейін қоғамдық-философиялық ой-пікірдің биік шыңынан көрінеді, діни санаға мүлдем қарама-қайшы көзқарас ретінде танылады. Барлап қарасақ, ойшылдың философиялық болмысы дүниенің көрінісін ғылыми түсінік тұрғысынан әбден танып -білуге болатынын көрсетеді. Мұндай көзқарас – сол уақыттағы қазақ халқындағы Абай мен Шәкәрім анықтап берген ой-пікірдегі феоменальдық көрініс деп батыл айтуға болады. "Қиял хақиқатта" ақын аспан әлеміндегі жұлдыздардың мәнін былай түсіндіреді:
Көрген мынау көп жұлдыз,
Көрер көзге кішкене,
Көде болса шөп жұлдыз.
Ғылым айтар бұлардың
Зорлығының шамасы:
Әр біреуі бір дүние,
Деп айтуға дөп жұлдыз [24,226]
Жатқаным мынау үстінде
Доп-домалақ қара-жер
Кең жиһанның ішінде
Ноқаттай орын алмайды.
Шеккісіне ғаламның
Тозаңдай салмақ салмайды.
Пән көрмеген қысқа ақын
Бұл айтқанға нанбайды - [29,227] дейді ақын.
Осылай адам баласының даму процесінде материя системасының әлем кеңестігіндегі байланыстық формасын ашып, дүниетанымының шексіз екенін дәлелдеп көрсете білген. Оның ойынша, білімі эмприкалық категориялармен шектелген "қысқа ақыл" санасындағы жеке адамның еш уақытта кеңістіктің шексіздігін диалектикалық тұрғыдан түсіндіре алмайтынына көзін жеткізеді. Соған байланысты діни идеялистік көзқарасқа қарсы тұра білгенін оны сезінуге болады. Осы өлеңді Сәбит Мұқанов діншілдіктің, тағдыршылдықтың, тәңірге табынушылықтың ең жоғарғы дәрежесі деп бағалайды. Ақынның:
Сырынан бұ ғаламның,
Мақсұтынан жиһанның ,
Үлесің жоқ, бір құртсың [7,117],- деген жолдарын Сәбит Мұқанов былайша түсіндіреді: "Омар адамзатқа: Сен дүниенің құртысың. Әлем сен үшін жаралған жоқ, неге жаралғанын сен білмейсің. Оны тәңірі ғана біледі. Сенің ғаламды білем деуге қақың жоқ. Сенің арыңның ,ақылыңның қазығы- аллада. Сен алланың "істе" дегенін істе де жүр деп отыр. [3.178бет]. Бұдан артық діншілдік бола ма? -деп ақын ойын Сәбит Мұқанов дінге апарып тірейді. Ал бұл жерде жазушы ақын өлеңін талдау барысында өлең мазмұнын дұрыс түсінбей, асығыстық талдау жасаған болу керек. Өйткені ақын өлеңінде өзін ғылыми пәндерден хабары бар ғалым екенін көрсетеді. Және осы өлеңі арқылы өзін үлкен философ ретінде көрсетеді. Осындай келелі мәселелердің байыбына барып, сырын ашу үшін ғылымның мәні зор екенін көзге шұқығандай көрсетеді.
Сондай-ақ, ойшыл танымның рөліне ерекше тоқталып, шексез материяның пайда болуын, қоғамдағы жеке адамның алатын орнын анықтай келе, мәселенің күрделілігіне тоқталады, халықты бірігіп ойлауға тартады:
Біз адамзат жынысы,
Дүниеге келіппіз.
Жаһан деген қонысқа
Кейіп, жетіп еніппіз.
Келуіміз не үшін?
Кетуіміз не үшін
Мұнда не сыр, не мақсұт?
Білдік десек болыппыз.
Кім құрады жаһанды?
Кім жіберді адамға
Терең сырлы бұ жанды [7,118].
Әрине, Ғұмар Қарашевтың философиясының болмысы өз заманының әлеуметтік-саяси және экономикалық қатынастарының тарихи шеңберімен шектелгенін байқамасқа болмайды. Дегенмен де Ғұмардың өз замандастарынан оқ бойы өзық тұрғанын байқамау мүмкін емес. Ақынның "Қиян хакиқатта"берілген "бір тамшыда миллион жан иесі бар" деген жолдарына байқап қарасақ: Ғұмар Қарашев бұл сөздің мағынасына "заттар мен дүниелер молекулалар мен атомдардан құралады",- деген ғылыми түсінікті енгізіп, танымның шексіз екеніне көзін жеткізеді. Ақынның мәселені осылай түсіндіруі- қазақ арасында қоғамдық философиялық ой-пікірде Шәкәрімнен кейінгі ерекше құбылыс деп атауға болады.
"Қиял хакиқат" атты өлеңінде:
Тозаңдай сол адамның
Жер үстінде ғұмыры
Көз кірпігін қаққандай,
Адам жүрер сонда да
Мәңгі суын татқандай.
Тұтқасынан асқар тау
Ілінер болса қолына
Қопарып түптеп атқандай.
Ақыл ойы жетісіп,
Сұмдығымен жиһанды
Екі пұлға сатқандай [7,122],- дейді
Бүкіл дүние, ғалам ішінде адамның үлкендігі бір түйір тозаңдай ғана болса, адам ғұмырының ұзақтығы қасқағымдай ғана. Сондай қылдай қысқа ғұмырдың қадірін білмей жағасы жайлау жайбір рахат күн кешу – күнә жасаумен бірдей. Осы ойын ақын "Өмір пәлсапасы" деген өлеңінде де айтады:
Тіршілік бес күн не бар тиген еншің
Пайдалан мейліңше қанат жайып.
Аз еншің, өкінішті жолға шашпа
Келуі қайта айналып алмағайып,
Қалмайды ізі жолың бұ жиһанда,
Кеткен күн тағдыр суы жуып, шайып.
Нені іздеп кейіп едің қайда кеттің
Бұл жұмбақ шешуі жоқ таңғажайып [7,122].
Алыстағыны көретін ақылман азамат, көреген қайраткер Ғұмар Қарашұлы елдің де, ердің де ертеңін ойлап, міне осындай өлең жазған.
Өз заманының ғұламасы Ғұмар Қарашев дүние дайым өзгерісте, құбылыста, өсуде, тозуда екенін өлең жолдарымен бере білген.
Жиһанда жанған сөнбек, толған сенбек,
Не берсе, сорлы пенде соны көрмек.
Жарық күн, қараңғы түн – екі тума,
Жанаса бір-біріне жуық жүрмек [7,122]. Дүние қарма-қарсылықтың бірлігі мен күресі. Осыны таныту арқылы,яғни тіршілік философиясын таныту арқылы ақылман өз замандастарының өмірін жеңілдетуді мақсат тұтқан. Бүгін қабағыңды бұлт болса- божырама бүгілме, ертең көз алдың көңіл сергітер шұғылаға толар...
"Тағдыр туралы" деп аталатын өлеңінде:
Бақ тасып нұрын шашып тұрған шақта,
Сұңқылдап асық жарлар ойнап-күлмек.
Бұлт жауып, бақыт ауып кетсе бір күн,
Шарасыз айрылуға тағы көнбек [7,122] ,- деген жолдарда бар жарық пен қараңғының, бақыт пен қасіреттің ауысып –жанасуы алма кезек дегенді де автор төрт жол өлеңімен тұжырымдап, дәл бере білген. Осы өлең соңының екі жолында:
Бұл қалай неге бұлай болады екен,
Адамзат ауыр соғар мұны білмек- деген жолдардан ақын тіршілік философиясын ұғу үшін тынбай еңбек ету, табанды ізденіс керек екенін ұғындырады.
Сондай-ақ ақын "Бармысың?" атты өлеңінде де аса бір маңызды мәселені қозғаған.
Таза жолмен табысқан,
Аялы қол алысқан
"Ұмытпан!" –деп қалысқан
Уағдада бармысың? [24,228] деп ақын өз заманында сөзінде тұрмайтын сұйықтар қатарының көбейіп келе жатқанын тілге тиек етеді. Адам жан – дүниесінің алуан қалтарысын көңіл көзімен аралаған ақын әлгі өлеңін кереметтей көргіштікпен, кемел оймен түйіндейді.
Терең қазық көмсе де,
Шын ақиқат жабылмас.
Құлаш ұрмай мұқитқа,
Асыл жауһар табылмас.
Ер басына күн туса
Нені істемес, не қылмас,
Тәуекелді жолдас ет! [7,13]
Шындықты қалай көмсе де бүркемеленбейді, ақиқатты аршып алуға болады. Ер басына сын түссе тәуекел туын көтеріп, оқ астында да ілгері басу керек. Өз ойын ақын "махаббат" деген өлеңінде ары қарай ұластырады:
Тату тұрған елдердің
Жолда жүгі қалмайды
Елін сүйген ерлердің
Жүректері талмайды, [24,228] деп елжандылық трактатын алға тартқандай әсер қалдырады.
Суырып салма ақын -жазушылар шығармашылығы мен олардан бұрынғы үлгілер арасындағы жекелеген сөз, ұғым, түр, ауыс-түйіс, әдебиеті ауызша дамыған халықтар үшін дағдылы жәйт. Ал мұның жазба әдебиет өкілдерінің шығармаларында кездесуі үлкен жаңалық болып табылады. Ғұмардың соңғы өлең-жинағы "Тұрыштайға" дейінгі бүкіл кітаптары осы үлгіде, осы қалыпта түзілген. Және бір ерекшелігі – жыр үлгісінде жазылған шығармаларында жазба әдебиет өрнегі араласып жатады. Әдебиеттанушы – ғалым Мақсат Тәжімұратов Ғұмар Қараштың шығармасындағы ерекшелікті былай көрсетеді: "XX ғасыр басындағы қазақтың жазба әдебиетінде Ғұмар Қараш сияқты өлең өрнегі қарама-қайшы ағыстардан тұратын ақын сирек, бұдан әрі ғалым өз ойын шетел зерттеушісінің пікірімен сабақтастырып, ағылшын ғалымы В.Томс Ғұмар Қарашты "Батыс мектебіне жататын халықтық жазушы” дей отырып, оның поэзиясының өзгермелілігіне таң қалғандығын көрсетеді. "С.энтузиазмам он часто и совершенно удивительно отклоняется от нового реалитического в течение в поэзии и возвращается в метафорное направление эпической поэзии [6.]
Ғ. Қараштың шығармашылық өміріне баға берген кезде зерттеушілерге әр тарап пікір айтқызған жәйттің бірі – күйзелістің сырын бағалау мәселесі. “Омарда ел басына түскен ауртпалыққа шыдамай, тулау, дүниеге сыймау сарыны бар”,- дейді Е. Смайылов. Осы ойды С. Мұқанов та айтқан болатын. Ол ақынның "Мұғалім" журналына жарияланған бір өлеңін келтіреді де оған сол кездің оқиғаларымен өзінше талдау жасайды. Мысалы:
Келте күн көргенің,
Қорлықта жүргенің,
Ұйқыда көрінген
Түске де тұрмайды.
Айтылмақ сөздер бар,
Ашылмақ жаздар бар.
Қоштықпен өткізген
Қысқа да тұрмайды [3,206] ,- деген өлеңнен ағып тұрған қайғы, қорлықта өткен келте күннің көрген түске тұрмауы, бұлт басқан жаздың қысқа тұрмауы, бір күні мыңдаған ділдаларға берілмейтін өмірдің кейде жеген асқа тұрмауы- ақынның торыққанының белгісі де болар.
"Анығында Омар сықылды байшылдық-ұлтшылдық қазанына неше жыл піскен адамдарға Кеңес үкіметінің тұсында: күн келте, жаз бұлтты, өмір ләззатсыз болуында дау жоқ”, - деп ақын өлеңін Сәбит Мұқанов Ғұмардың өмір жолымен байланыстырады.
Ғұмар Қарашевтың шығармаларын оқып отырып біз ақынды "ескіні көксеуші" деп зар-заман ақындарының санатына қосып қойған кезіміз де болды. Әрине, ол пікір ақын шығармаларын оқығанда ойға келетіні рас. Ақын заманына қарай адамы өзгеретінін біле тұра күйзеліске шалдығады.Өткен өмірді, хандық дәуірді және сол заманның биі , батырын барынша мадақтайды. Өлендерінде өткен өмірді аңсау сарыны басым. Осыдан да болар Сәбит Мұқановтың Ғұмар Қарашевті "ұлтшыл-байшыл" ақын деп айыптауы. Бірақ бүгінгі күн дәрежесін жақсылап, жеріне жеткізе жырлау үшін әрине,тарихты жақсы білу керек. Өткенді білмей, бүгінгі күнге баға бере алмаймыз, бүгінгі күннің жақсылы –жаманды жағын айыра алмаймыз.
XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында кең етек жайған бассыздық пен заңсыздық, әділетсіздік пен адам құқығының аяққа тапталуы Ресей империясының бюрократиялық шовинизімінің тікелей жемісі.
Патша үкіметі біртіндеп саяси-әкімшілік, құқықтық реформалар жасау арқылы, қазақ мемлекетінің көшпелі өмір салтына, өзі қойған мақсаттарға жетті: хандық билікті жойып, Ресейдегі басқару жүйесіне жақындатылған билік жүргізу апаратын қалыптастырды. Бұл процесс қазақ халқына бұрын беймәлім болып келген қағаз былықтарын, басқару апаратының бақылаусыздығын күшейтті. Соның нәтижесінде елде зорлық зомбылықтың көбейгенін көкірегі ояу Ғұмар ақын көре білген.Сөйтіп, өз шығармаларына еңгізді. Мұндағы мақсат өз кемшілігін көзімен көре алмайтын халықтың көкейіне жеткізу еді. Мысалы: "Әділ шеккі" деген өлеңінде:
Өлеңнен елдің түрі көрінеді,
Өлшеніп таразыға ілінеді.
Дәрігердің шеккісіндей өте сезгіш,
Кей сөзден нәзік мағына білінеді.
Өз мінін өзі, бірақ, өлшер жерде,
Әркімде біразырақ кідіреді.
Кісінің жайын көргіш болғанымен,
Келгенде өз басына мүдіреді [7,130],- деп жырлайды. Сондай-ақ ақын "Заман адамы", "Заман жайынан" деген өлеңдерінде қоғамда белең алған келеңсіз құбылыстарды өлең өрнегімен халық санасына сіңіруге тырысады.
Ақын патша өкіметі енгізген жағымсыз саяси-құқықтық көріністерді дер кезінде аңғарып, қатаң сынға алады. Осыған байланысты хандық дәуірдегі әділ сот ісін, іс жүзінде асыратын билер институтын дәріптейді, олардың әділеттіліктің нағыз айнасы болғандығын дәріптейді. Атап айтқанда қазақ билері іс жүзінде асырған әділ соттың негізгі қағидаларына даналық сөзге тоқтау идеясын енгізген. Қазақ халқының өзіне тән ерекшелігі – басқа халықтарда кездеспейтін қасиетті феномені дау – жанжалды мағыналы шешендік сөзбен шешуі еді. Ешқандай құқытық нормаға сүйенбей-ақ бір сөзбен дауды бітіруді қалыптастырған қазақ ұлты қандай данышпан десеңші!
Ғұмар Қарашев билер сотының әділ сот ісін жүргізуде осындай жағымды жақтарының 1867-1868 жылдары жасалынған әкімшілік реформалар арқылы жойылғанына қамығады. Қазақ қоғамына империяның талап мақсатында енгізген реформасы дұрыс нәтиже берген жоқ. Ақын халық сотының осындай әділдіктен айырылған парақорлық үстем еткен жағымсыз көріністерін қатаң сынға алды. Соттан халық еш уақытта әділдік таппайтынына көзін жеткізеді, ақша өлшемі әділ таразысын белгілейтінін дәлелдеп, ақын былай дейді:
Ел адасып азған соң
Бағытынан тозған соң,
Ес аударған сиқыршы
Ала қағаз бұл шықты [7,82]. Мұндағы ақынның "ала қағаз"деп отырғаны - ақша. Ақын ақшада елдің есін аударатын магиялық әсер бар екенін көрсетеді. Йә халқымыз: “Алтын көрсе періште жолдан таяр" деп бекер айтпаған. Адамды ақ жолдан айнытатын да осы ақша емес пе? Міне, осының бәрін көкірегі ояу ақын сезеді.
Осы ретте ақын ойы Әбубәкір, Шортанбай, Дулат ақын пікірлерімен үйлеседі
Ханымыз болды қарадан,
Биіміз болды парадан
Болдырды жұртты баймын деп,
Бес қарасы бар адам [7,68] .
Істелген қылмысы үшін қылмыстық жауапқа тартылмаған қоғамда, әділ сот ісінің салтанат құруы мүмкін емес. Бұл көріністі тыймай, тамырына балта шаппай, сот ісінде алға басу, өркениеттілік санаға көтерілу мүмкін емес екенін Ғұмар Қарашев түсіндіргісі келеді. Ол әділдікті жақтаушыларға
Жауыздық, залымдықты қуаттайсыз,
Жылаған мазлұмдарды жұбатпайсыз,
Хақын жеп, жетімдерден мал жинаған
Адамды жақын көріп, құр мақтайсыз.
Білмеймін не себепті ұрыларды
Тарттырып ауыр жаза жылатпайсыз [4, 85] ,- деп қылмыс жасаған адамдардың тиісінше бағалануын айтады. Әділетсіздіктің шектен шыққан көріністері ақынның осындай өлең жазуына алып келеді. Әрине, бұл өлең үшін ақынға елдегі басшылар алғыс айтпағаны белгілі.
Ғұмар Қарашевтың көзқарастарында кездесетін әділ сот, құқық бұзушылық және адам құқықғы мәселелері бүгінде тәуелсіз Қазақстанда өз мағынасын жойған жоқ.
Ғұмар лирик ақын. Аласапыран төңкерістің бір жылында ол махаббат туралы "Досыма", "Тастаған жарға", "Бармысың", "Жазғы кеш", "Жазда тастамаған телпек" деген өлеңдерді жазады. Бұлар сол тұста қазақ лирикасын байытқан айрықша сыршыл жырлар болды. Бұл өлеңдерді оқи отырып біз бұған дейін ел мүддесінің биігінен сөйлеген, барша ақындық қуатын сарқып берген Ғұмар ақыннан бөлек, ет пен сүйектен жаралған Ғұмар пендені танығандай боламыз.
Әйел теңдігі тақырыбы XX ғасырдың басында қазақ әдебиетінде нағыз шырқау биігіне көтерілді. Болашаққа, гуманизмге байланысты ізгі тілектердің көбі осы тақырыпқа орай ресми түрде жарық көріп отырды: қазақ әйелінің басындағы ауыр тағдыр да жан-жақты суретеліп, реалистік шешімін таба бастады. "Қазақ әйелдерінің семьялық өмірдегі халін, адам төзгісіз ауыр жағдайын семья басының әйеліне деген қатыгез, тоң мойын надандық қылықтарын сынап, әшкерлеп суреттеген ақынның бірі - Мұштақ" – деп жазады Әнуар Дербісалин өз еңбегінде [22,68]. Сондай-ақ зерттеуші Ғұмар Қарашевты бір жағынан діннің өкілі, екінші жағынан, идеялық ағартушылықты басынан көп кешірген лирик ақын деп айта келіп, әйел теңдігі мәселесінде адамгершілік идеясына едәуір жақын келіп, қазақ әйелінің тағдырын әркез іштей күйзелу, қиналу сезімімен жазып отырды,- деп бағалайды. Ақынның "Досыма" атты өлеңінде асыл жарын сендірумен болады.
Жиһанда сенен өзге жарды сүйіп,
Жолында болып асық жанарым жоқ.
Өз еркін ақ етсең де, қара етсең де,
Мойныма бір алған соң танарым жоқ [7,126] бұл өлеңнің өн-бойынан біз бәз біреулердей "сүйдім, күйдім" деп жүрегін қолына алып аласұрған жанды көрмейміз. Ақын бұл өлеңін де ақыл тоқтатқан кісінің сабырын танытады. Одан да тереңдесек, айтқан сөзде тұратын, адал, әділ жанның жағымды бейнесін көреміз. Ақын "Тастаған жарға" деген өлеңінде жарына өкпе-наз түрінде арнайды. Жарының көңілінің құпиясын тапқысы келеді. Сол ретке ақын жарын бір ретте серт беріп уағда да тұрған қалпынан айнығанына күдік келтіреді.
Алысқан қол
Айтысқан серт,
Көздеген жол
Көкіректе дерт.
Жасырынды ма, жатты ма?
Аумалы көңілің,
Аспалы зейінін
Кірсіз пейілін
Тұрлаусыз мейілін,
Әлде өзгені тапты ма? [7,133]
Ақын қанша түңілердей болса да, сүйіспеншіліктің отына қанша шарпыла тұрса да, сүйгеніне ғашық жарын емес, қыз көре келген жанның сын көзімен қарағандай болады.
Шеберлік үлгісін Ғұмар табиғат лирикасында да біршама танытты "Тұрымтайда" ақын табиғат лирикасына арнап екі өлең енгізген. "Жазғы кеш" пен "Жазда тастамаған телпек".
Кең даланың ішінде
Желсіз тымық жазғы кеш:
Сыбыр шығып бір жерден
Қиялыңды һеш бөлмес [7,133] ,- деп басталады “Жазғы кеш”өлеңі.
"Бұл нағыз сұлу лирик. Ақын табиғаттан өзіне ақындық күй, сарын алады: табиғатты жанды бейнеде түсініп, құлпыртып суреттейді. Табиғат сыры мен адамның жан сезім дүниесін ұштастырады. Міне, бұл көркем лириканы басты бір қасиеті бұдан Омардың шебер суретші сыршыл ақын екенін көреміз",-деп жазды Е. Смайылов.
Ақын осы өлеңінде табиғат арқылы адамды әрекетке шақырады. Осындай көңілге қуаныш ұялататын жазың күндерінде езіліп жата берудің орынсыз екенін айта келіп, жұртты қимыл-қозғалысқа шақырады.
Мұндай жазғы түндерде
Жата берме езіліп,
Кеудеңде шыбын жан болса
Қанаттан да құстай ұш. [7,134].
Достарыңызбен бөлісу: |