Майлардағы триглицеридтерге ілескен заттар
Өңделмеген формадағы, яғни өсімдік немесе мал тектес шикізатының клеткаларындағы майлар негізгі глицеридтерден басқа, біршама мөлшерде ілескен заттарды құрайды. Көп дәрежеде ілескен заттар өндірістік жағдайда өндірілген майларға тән.
Триглицеридтерге ілескен заттар қатарына: еркiн майлы қышқылдар, стеролдар және стеридтер, балауыздар, бояғыш заттар (пигменттер), көмiрсутектер, витаминдер, ферменттер және басқа да заттар жатады.
Ілескен заттардың бірі (витаминдер) майлардың тағамдық құндылығын арттырады, басқалары (еркін май қышқылдары, балауыздар) нашарлатады, ал кейбіреулері (госсипол, алкалоидтар және гликозидтер қатары) улы [4].
Еркін майлы қышқылдар. Глицеринмен глицеридке бiрлеспеген майлы қышқылдарды еркін майлы қышқылдар деп атайды.
Піскен дән мен жануарлардың май ұлпаларында еркін майлы қышқылдар болмауы керек деп есептеледі. Солай бола тұра өндірістік жағдайда алынған өсімдік майлар мен жануар майларында әрқашан бұл қышқылдардың біршама мөлшері кездеседі. Олардың болуын былайша түсіндіруге болады: майлы қышқылдар глицеринмен реакцияға түсіп үлгермегендіктен, яғни, глицерин биосинтезі аяқталмаған (шикі дәндер), не болмаса қолайсыз жағдайда сақталуына байланысты (зақымданған дән) глицеридтердің бастапқы құрылымдық элементтерiне гидролитикалық ыдырауынан. Сонымен қатар, еркін майлы қышқылдар шығарылған май мен қайта өңделген және сақталған майлар триглицеридтерінің гидролитикалық ыдырауы кезінде жиналуы мүмкін.
Фосфатидтер. Фосфатидтер фосфор құрайтын заттардың үлкен тобын құрайды және күрделi липидтер тобына жатады. Құрамы бойынша олар күрделі глицерин эфирлері, майлы қышқылдар және көп жағдайда азотты негізбен немесе амин қышқылымен байланысқан фосфор қышқылы болып табылады.
Фосфатидтердің өсімдік және жануарлар организмдері үшін үлкен физиологиялық мәні бар. Олар тірі ткандердің клеткаларында болып жататын құбылыстарға белсенді араласады. Фосфатидтер май алмасу процесіне араласады, өттегі тасымалдауыш рөлін орындайды, тотығуға қарсы қасиеттері бар, осылардың арқасында майлар ащыланудан сақталады. Фосфатидтердің майларда болуы – өсімдік майларының биологиялық құндылығын қамтамасыз ететін факторлардың бірі.
Балауыздар. Балауыздар қарапайым липидтерге жатады және жоғары молекулалық бір атомды (кейде екіатомды) спирттер мен жоғары молекулалық майлы қышқылдардың күрделі эфирлері болып табылады.
Балауыздар негізінде бөлме температурасында қатты, серпінді, иілімді, кейде жұқа заттар. Олардың аз бөлігі бөлме температурасында сұйық консистенцияда болады. Балауыздар суда ерімейді және онымен суланбайды; органикалық еріткіштерде зорға ериді.
Майлы дәндерден май шығару кезінде балауыздар қабықтардан жартылай майға өте ұсақ, тұнбаға түспейтін кристалдар түрінде өтеді. Балаузыдар бөлшектерінен "тор" құрылады, май күңгірттелінеді және тауарлық түрін жоғалтады. Балауыздар майлардан сілті рафинациясы кезінде де бөлінбейді [5].
Мөлдір майлар алудың бір тәсілі – майларды сүзіп бөлу үшін балауыз кристалдарын ірілендіру мақсатында әлсіз араластыру кезінде майларды баяу суыту болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |