Дипломдық ЖҰмыс сәкен сейфуллин поэзиясындағы туған жер табиғатының тілдік бейнесі иса Дана Сансызбайқызы



бет4/15
Дата28.11.2023
өлшемі159,4 Kb.
#130584
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15
Байланысты:
stud.kz-103094

...Өлімге жан екенсің қия алмайтын,
Өлеңнің құшағына сия алмайтын.
Қазақты көргің келсе, міне, осы деп,
Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын [15.112] – деген жолдарда, аяулы ақынның ақындық қуаты да, қазақтың мақтанышына айналған кербез мүсіні де ұлт мерейін асқақтатуға қызмет етіп тұр.
Қазақ поэзиясындағы Сәкен тақырыбын орта көлемді эпикалық жанрға зерттеушілердің көшбасында – Әбділдә Тәжібаев тұр. Ақын әрі ғалым Ә.Тәжібаев Сәкен шығармашылығының 20 жылдық мерейтойында арнайы баяндама жасап, «Қолыңды қысамын» деген мақаласын «Қазақ әдебиеті» газетінің 1936 жылғы 21 шілдедегі санында жариялады. Кейін әдебиет сыншысы, ғалым ретінде «Өмір және поэзия» монографиясында Сәкеннің лирикасына жан-жақты ғылыми талдау жасап, қазақ әдебиеті тарихындағы орнына лайықты баға берген. «Монологтар» атты сахналық поэмасында да Сәкеннің көркем образы арқылы азаттық үшін күрескен ақын бейнесімен дәуір шындығын танытады.
Тартқаным жоқ тізгінінен тұлпардың,
Әнін айттым аққу менен сұңқардың.
Сарыарқада ақ боранмен бірге өстім,
Көкпенен де, Көкшемен де тілдестім.
Мұңын шерттім, зарын айттым қазақтың,
Өшірістім жанған отын тозақтың [16.67], – деп, Сәкен үлгісін, Сәкен дәстүрін, оның жас ұрпақты тәрбиелеудегі үлгілі жолын «Мен кешеден келдім бүгінге» поэмасында да жалғастыра жырлайды, осылайша, ұстаз ұлағатын кейінгі ұрпаққа тәлім етіп ұсынады.
Сәкен есімін ұмыттырмауда көп үлес қосқан ақындардың бірі – Қ.Бекхожин. Ол Сәкеннің алдын көрген, тәлім алған шәкірті ретінде үнемі ыстық ықыласпен еске алып келді. Ол жөнінде 1965 жылы «Сұңқар туралы аңыз» атты поэма жазып, «Ардагерлер туралы 154 аңыз» жинағында жариялаған. Қ.Бекхожиннің бұл поэмасы Сәкенге арналған алғашқы поэзиялық эпикалық туындылар қатарынан орын алатын поэтикалық қуатты шығарма. Сәкен алдында өзінің шәкірт болып енген сәтін:
Қазіргідей көктем емес,
Онда күз де.
Албырт шақ.
Дүние де кең де бізге.
Ақылын ағалардың
Тағлым тұттық,
Ар-ұят ұялаған кеудемізге...
Тап осы кең есіктен кірдім әрең,
Шәкірттей сынақ күткен, дірілдеген.
Ендім де,
Сәлем беріп қалдым қатып,
Даңқынан, сымбатынан сыр тараған.
Сөйлесе Сәкен аға –
Ынтық болып,
Мұртының қимылына жұрт қараған.
Көргенде сөз гулеген жиын жерде,
Сұсты еді
Әлдекімге шүйілгенде.
Ал қазір
Жомарт жүзі жылы тартты,
Алғашқы көргенім ғой үйін мен де.
Дастархан жаюлы тұр киелі кең,
Нұсқады орындықты иегімен.
Отырдым үнсіз ғана тұлғасына
Телміріп, пейілімді ие мүлдем... [17.156].
Ақын Т.Молдағалиев те Сәкен Сейфуллинға арнап «Ұрпақ сөзі», «Сәкен туған жерде» өлеңдерін жазды. Бұл өлеңдерде Сәкеннің болашақ ұрпаққа аманаты, ақын туған жердің сұлу табиғаты ой өзегіне айналған.
Сәкеннің ғажап келбетін, көрікті бейнесін, қадір-қасиетін Кәкімбек Салықов ағамыз былай сипаттайды:
«Аңсағандай аңыз-арман асылын,
Қандай ару демес сені ғашығым.
Жігіттіктің патшасы едің сал-сері,
Ақындықтың бастадың бір ғасырын».
Орыс жазушысы Галина Серебрякова: «Сәкен Сейфуллиннің өр тұлғалы сұлу келбетіне мен қайран қалдым. Ұзын бойлы, сымбатты. Аққұба жүзі құбыла құлпырады. Ұшқын атқан ақылды қара көздері әлі есімде. Ол жанарын тура қадап, адалдықпен тік қарады, сол сәтте ежелгі парсы жұртының хас батырларына ұқсап кетті. Оның табиғи сымбаты қандай болса, жан дүниесі онан да сұлу еді», – деп тамсанған.
Н.Айтұлы: «…Сәкен – қасиетті де қасіретті, саналы ғұмыры сан алуан күреспен өткен күрделі әрі трагедиялық тұлға. Сәкенді түсіну үшін алдымен өзіңе, туған халқыңның басынан өткен тауқыметті тағдырға терең үңілуің керек. Сонда ғана ақынның шынайы азаматтық бейнесін айқын танып, ұлт үшін торғайдай шырылдаған жан дүниесін еркін сезіне аласың», - деген.
Сәкен Сейфуллиннің 1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. Жинаққа енген өлеңдердің көркемдік-эстетикалық ерекшелігі, әлеуметтік-қоғамдық мазмұны, поэтикалық-ақындық қуаты ақынның табиғи талантын анық көрсетіп береді. Аталмыш жинақтағы өлеңдердің негізгі тақырыптары: қазақ елінің қараңғылықтан көз ашқандығы, қазақ қоғамындағы әділетсіздікке, байлыққа мастанушылықты сынау және тағы басқа саяси-әлеуметтік мәселелерді қамтыған. Осыған орай жас ұрпақты өнер-білімге шақыру идеясы – «Мұра», «Түс», «Кім басшы – аға халыққа», «Қазақ сабағы», «Інішегіме», «Надан бай», «Оқымаған қазақ» сияқты өлеңдерінде айқын көрінеді [14, 38-39].
Сәкен Сейфуллиннің «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда» атты туындыларында көптеген көркемдік игіліктер, адам бейнелері, өмірдің нақты картиналары бейнеленген. «Сол жылдарда» хикаятында қазақ ауылындағы сан алуан салт-дәстүрлерді, тұрмыс-салт ерекшеліктерін тамаша суреттеген. Ат шабыс, айтыс, көкпар, бәйге, дәм беру, күрес, той, аужар айту – осының барлығын жазушы көркем бейнелеп, табиғат суреттерін де әсем сурттеген: «Жалғыз-ақ ауылдың күншығыс жағында, өзен жақтағы сортаңда, ойда сағыммен бұлдырап бес-алты түйе жүр. Сағыммен бұлдыраған түйелер алыстан көтеріліп, қалқыған теңізде жүзіп жүрген кемелер сияқты немесе аспанда, көкте жүзіп, бұлдыраған көлеңкелер сияқты» [18.177].
Ақынның 1922 жылы «Асау тұлпар» жинағы «Бақыт жолы» мен «Қызыл сұңқарлар» атты революцияшыл драмалары, кейін «Домбыра» (1924), «Экспресс» (1926) атты өлең, поэмалар жинағы жарық көрді.
1927 жылы «Тар жол, тайғақ кешу» атты мемуарлық романы, «Еңбек шарт – жалшылар қорғаны» деген өлең-очеркі, 1928 жылы «Жер қазғандар» повесі мен «Тұрмыс толқынында» атты өлең, поэмалар жинағы, 1929 жылы халықтық дастан – «Көкшетау», 1932 жылы «Қазақ әдебиеті» (әдебиет тарихы туралы еңбек), 1933 жылы «Альбатрос» (поэма), 1934 жылы «Қызыл ат» (поэма), 1935 жылы «Айша» т.б. кітаптары жарияланады.
Сыршыл да, сұңқар Сәкен туған халқының қажырлы таптық күресін, ой-арманын лирикалық кейіпкердің ізгі жаңа толғаныстары арқылы жеткізді. Ақынның «Кел, жігіттер», «Асығып тез аттандық», «Далада» сияқты өлеңдері тек ақындық өнерінің жаңа белесі ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясының жаңа замандағы тынысы, үні, биік асуы еді [19.76].
Сәкен Сейфуллин – сауатсыз халықтың көзін ашып, сахнасын оятқысы келген қарлығаш ұстаздардың бірі. Ұстаз бола жүріп, бірнеше оқу-құралдарын жазды. Журналист бола жүріп, көптеген газет-журналдардың жарыққа шығуына мұрындық болды. Сонымен бірге әдебиет пен өнердің барлық саласында да өнімді еңбек етіп, өз шығармашылығын келер ұрпақтың рухани асыл мұрасына айналдырды.
Ақынның «Ғайни», «Қызыл бидай», «Аққұм», «Сарыарқа», «Гауһар тас» сияқты сұлу жырлары халық әндері ретінде орындалып жатты. Сондай-ақ, «Біздің жақта», «Тау ішінде» деген әндері кең байтақ Сарыарқа аспанында үнемі қалықтап, жаңғырып тұрды. Ал «Аққудың айырылуы», «Ақсақ киік», «Лашынның әңгімесі», «Көкшетау» поэмаларының үзінділері ел ішінде жатқа айтылып, ауыздан ауызға тарап отырды. Қазақ бар жерде Сәкен тірі деген осы емес пе?


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет