1.2 Мектепке дейінгі балалардың таным үрдісі туралы ұғым, оған әсер ететін факторлар
Дүниетанудағы негізгі мақсат – зерттеліп жатқан заттар мен құбылыстардың ішкі сырын ашу, яғни, оларды білу. Білім әрқашанда шындықтың идеалдық бейнесі, өйткені, бірдемені білу дегеніміз – сол жөнінде идеалдық түсініктің болуы. Олай болса, танымды - күрделі үрдіс, ал білімді – белгілі бір нәтиже ретінде қарауымыз керек.
Тарихи ғылыми білім дүниеге келместен бұрын күнбе-күнгі өмір тәжірибесінен пайда болған қарапайым күнбе-күнгі білім дүниеге келеді. Ол адамның кәсіби танымдық іс-әрекетінен емес, күнбе-күнгі өмірдің қажеттіктерінен (аң аулау, балық ұстау, еңбек құралдарын жасау, үй салу, бала тәрбиелеу, жеміс-жидек жинау т.с.с.) пайда болады. Оған күнбе-күнгі өмір тәжірибесінен қорытылған халық даналығын көрсететін мақал-мәтелдерді, адамгершілік нормаларды, әдет-ғұрыптарды т.с.с. жатқызуға болар еді. Осындай өмірлік білімнің негізінде адамдар жағалай ортаны бағдарлай алатын дәрежеге жетеді. Ал, ғылыми білімге келер болсақ, ол арнаулы білімді игеру мен оны шығармашылық жолмен дамытудың негізінде пайда болады. Оның қайнар көзі бертінде, ой еңбегінің дене еңбегінен бөлінуінен басталады.
Жүре келе, ғылыми зерттеудің пәніне байланысты білімнің әр-түрлі салалары пайда болады. Табиғатты зерттеудің барысында астрономия, механика, физика, химия, геология, биология т.с.с. ғылымдардың негіздері қаланады. Олардың басын біріктіріп жаратылыстану ғылымдары дейміз. Адам мен қоғамды зерттейтін білім салалары гуманитарлық, қоғамдық пәндерді тудырды. Оларға философия, психология, саясаттану, мәдениеттану т.с.с. пәндер жатады. Гуманитарлық білімдердің ерекшеліктері – олардың мазмұнында нақтылы-тарихи өмір сүріп жатқан әлеуметтік топтардың мұдделері мен мақсат-мұраттарының бейнеленуі. Сондықтан, белгілі бір қоғам өміріндегі құбылысқа әрбір әлеуметтік топ өзіндік баға беруі мүмкін. Сонымен қатар, бұл пәндердің бәрінің басын біріктіретін құндылықтарға келер болсақ, олар – адамды сүю, ізгілік, жақсылық, жетілгендік, әсемдік, әділеттілік, еріктік, теңдік т.с.с.
Гуманитарлық білім саласында көркемдіктануды ерекше алып қарауға болады. Оған әдебиет, поэзия, қылқалам, әуен т.с.с. өнер саласындағы туындыларды зерттеуді жатқызамыз.
Сонымен қатар, бүгінгі адамзаттың рухани-адамгершілік дағдарысқа түсуіне байланысты дінтану мәселелері ерекше өзекті болып отыр.
Дүниетану – өте күрделі құбылыс, ол үшін адам барлық жан-тәнінің мүмкіндіктерін пайдаланады. Нақтылы-тарихи өмір сүріп жатқан қоғамдағы құндылықтар, солардың негізінде қалытасатын қоғамдық қатынастар, өндіргіш күштердің деңгейі т.с.с. таным үрдісінде өз орнын алады.
Олай болса, дүниетану негізінде жатқан іргетасты құбылысты анықтамай болмайды, сонда ғана оның терең мәнін ашуға болады. Сана, рух болмысының өзегі білімде болғаннан кейін, мыңдаған жылдардың шеңберінде ойшылдар танымның негізін адамның санасынан көрді : «таным үрдісін дамытатын ақыл-ой жаттығуы, жетілуі», «шығармашылық ізденіс», «білімге деген құмарлық», «туа біткен табиғи дарын» т.с.с. Әрине, аталған факторлардың танымдағы орнын терістеуге болмайды. Бірақ, олардың негізінде толыққанды таным теориясын жасау мүмкін емес. Ол үшін біз адамның басқа тіршіліктерден бөлек, тек өзіне ғана тән өмір сүру тәсілін анықтауымыз керек. Ал, оның өзі бізді адамның «таза табиғатқа» қанағаттанбай, оны қайта құру, өзгерту іс-әрекетіне әкеліп тірейді. Оны философия тілінде «практика» дейді [17].
Танымның практикалық табиғаты. Практика (practіkos - грек сөзі - белсенділік, іс-әрекет) ұғымы жағалай қоршаған ортаны өзгертудегі адамның саналы, мақсатқа лайықты іс-әрекетін бейнелейді. Әрине, адам да қайсыбір тіршілік секілді жағалай ортасыз өмір сүре алмайды. Қайсыбір жануар өзінің дене құрылысы, табиғатына байланысты жағалай қоршаған ортаның шеңберінде өзінің орнын тауып өмір сүреді. Ол тек қана өз тіршілігіне тікелей, я болмаса, жанама қатысы бар заттар мен құбылыстарды ғана сезініп қабылдай алады. Яғни, оның мүмкіндіктері әрқашанда шектелген. Ал адамға келер болсақ, ол қоршаған ортамен универсалды, жан-жақты қатынасқа түседі. Жағалай қоршаған орта нақтылы-тарихи өмір сүріп жатқан адамның игеру мүмкіндігінен әрқашанда басым болғаннан кейін, адамның шексіз дүниетану мүмкіндігін тудырып, оның жаңа күш-қабілеттерін оятады.
Білімнің шынайы мән-мағнасы оның өмірге еніп қоғамның материалдық және рухани жақтарын жетілдіруде емес пе? Танымның негізгі мақсат-мұраты тек қана білімді жетілдіру ғана емес, сонымен қатар, қоғам мен адамның үне бойы өзгерістегі материалдық және рухани қажеттіктерін өтеуде болса керек.
Осы тұрғыдан алып қарағанда, ғылымның қайнар көзінің өзі осы адамзат практикасының қажеттіктерінен шыққанын байқауға болады. Мысалы, көне заманда көшпенділер аспандағы жұлдыздар мен планеталарға қарап, көш жолдарын анықтай бастады. Көне Мысыр мен Қытайда суармалы егін егу қажеттігі үлкен каналдарды қазып тартуға мәжбүр етті, ал ол үшін жер бетіндегі кеңістікті зерттеу қажет болды. Соның нәтижесінде геометрия мен математиканың негіздері жасала басталды.
Қазіргі адамзат практикасына келер болсақ, оның қажеттіктері де ғылымның дамуының негізінде жатқаны сөзсіз. Мысалы, АҚШ Невада штатында жақында орасан-зор синхрофазатронды іске қосты. Ол осы мемлекетке 6 млрд. долларға түсті. Осыншама қаражат бірнеше аса дарынды физиктердің «білімқұмарлығы үшін» жұмсалды деп ойлау тым тұрпайы болар еді [17]. Ресей, басқа да ірі мемлекеттер де ядролық физика саласын зерттеуге біршама қомақты қаражат жұмсауда. Ал оның негізгі себебі адамзат практикасынан шығатын энергияның жаңа көздерін ашу қажеттігінде жатқаны сөзсіз. Өйткені, органикалық шектелген энергия ресурстары (мұнай, газ, тас көмір) жылдан-жылға азайып қазірдің өзінде алаңдатушылықты тудырып отырғаны ешкімге де құпия емес. Сонымен, жаңа энергия көздерін ашу, оны игерудің арзан да қауіпсіз технологияларын жасау – бүгінгі таңдағы ғылымның негізгі мақсат-мұраттарының біреуіне айналып отыр. ХХ ғ. соңғы ширегінде дүниеге келген эволюциалық химияның да алдындағы зор мақсат – күн сәулесін электр тоғына айналдырудың арзан технологиясын жасау, судың фотолизін жасап, су тегін практикалық түрде шексіз де таза энергия көзіне айналдыру т.с.с.
Бүгінгі таңдағы ең алдыңғы қатарлы ғылым саласы – биологияға келер болсақ, мұндағы ғалымдардың алдына қойған мақсат-мұраттары да бүгінгі адамзат практикасымен тығыз байланысты екенін байқаймыз. Генетикамен байланысты микробиологиялық зерттеулер тіршілікті клональды, яғни, бейжыныстық жолмен тудыру, өмірдің ең терең сырларын ашу – қазіргі адамзатқа ауадай қажет нәрселер. Өйткені, тек осы зерттеулердің негізінде болашақта тұқым қуу механизміндегі жиі кездесетін ауытқуларды емдеуге, сонымен қатар, мол өнім беретін жаңа өсімдіктер мен жануарлар түрлерін тудыруға, олай болса, жер бетіндегі аштыққа ұшыраған халықтарға тиімді көмек беруге жол ашылады.
Енді ғарышты зерттеу мәселелеріне келер болсақ, олардың да адамзат практикасымен байланысты екенін байқауға болады. Мысалы, ғарыштағы орналасқан байланыс жүйелері арқылы теңізде апат болған кемені тез арада тауып алып көмек көрсетуге болады. Бүгінгі жер бетін толығынан шырмаған ақпарат жүйелері – интернетті - өмірге еңгізу, әр-түрлі құрлықтармен телефондық байланыс жүйесін орнату т.с.с. ғарыштағы жасанды серіктерсіз мүмкін болмас еді [18].
Жоғарыда келтірілген деректерді тағы да жалғастыра беруге болар еді. Бұлардың бәрі де таным үрдісінің әрқашанда адамзат практикасымен байланысты екенін көрсетеді. Дүниетаным адамзаттың ерекше рухани іс-әрекеті болғанымен, оның терең табиғаты практикада, оның әлеуметтік-тарихи мән-мағнасында жатқаны сөзсіз.
Таным құрылымы. Таным – өте күрделі үрдіс, оған адамның бүкіл жан-дүниесі – түйсіктері, ақыл-ойы, ырқы, сезім тебіреністері, ішкі көкей көзі (интуиция) – бәрі де өзара бір-бірімен байланысты түрде қатысады. Шынайы таным үрдісінде оларды бір-бірінен ажырату мүмкін емес. Дегенмен де, танымды жете түсіну үшін біз теоретикалық деңгейде оларды бір-бірінен ажыратып қарастыруымызға болады. Осы тұрғыдан келгенде біз сезімдік танымнан бастауымыз қажет сияқты [19].
Сезімдік танымның негізгі формалары – түйсіктер, қабылдау және елестету – болып табылады. Жағалай қоршаған дүниемен адам өз түйсіктері арқылы байланысты. Адам белгілі бір затты көріп, оның жылы-суықтығын, жұмсақ-қаттылығын, ащы-тәттілігін т.с.с. анықтай алады. Әрине, түйсіктерді толығынан жағалай ортадағы физикалық құбылыстармен теңеуге, сонымен қатар, ажыратуға болмайды. Кең түрде алғанда, түйсіктер – бізді дүниемен байланыстыратын, сол жөнінде деректер беретін бейнелеудің ерекше түріне жатады. Олар, әрине, қоғамдық-тарихи дамудың нәтижесі, адамзат практикасымен тығыз байланысты.
Адамның түйсіктері бір-бірімен байланысты, олар өзара бір-бірін толықтырып, сәйкестендіріп отырады. Соның нәтижесінде адам дүниені қабылдауға мүмкінді алады. Затты қабылдау дегеніміз – оның ащы-тұщылығын, түрлі-түсін т.с.с. қасиеттерін бөлек-бөлек ажырату емес, оның біртұтас бейнесін тудыру болып табылады. Сонымен қатар, ерекше ескеретін нәрсе – адам қабылдаған заттың барлық қасиеттерін бірдей бейнелей алмайды. Ол заттың тек оған қажетті жақтарын ерекше белгілейді. Мысалы, егер көктемде біз алқызыл апорт алмасын көрсек, оның біртұтас бейнесінің ішінде оның хош иісіне ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені, біз оны жегіміз келеді. Егер де осы ақуал күзде болып, жаңа ғана он алма жеп, сол апортты көрсек, оны қабылдағанда оның түсіне, әсем жақтары мен формасына ерекше көңіл бөлеміз, яғни, оны жейтін тамақ емес, эстетикалық зат ретінде қабылдап, ләззәт аламыз.
Әр адам дүниедегі заттарды өз жасына, өмірден алған тәжірибесіне, білімі мен кәсіби іс-әрекетіне, тіпті мінез-құлқына байланысты сана-сезіміндегі қалыптасқан категорияларды (ұғымдарды) пайдаланып қабылдайды. Мысалы, жеңіл машинамен әуестенетін адамның санасында неше-түрлі солар жөнінде ақпараттар бар. Егер ол бұрын көрмеген машинаның жаңа моделін көшеде байқаса, оның жанына келіп, бұрынғы білімдерін пайдаланып, бір минуттан кейін сол көлік жөнінде белгілі бір пікірге келеді, яғни, ол оны игереді. Ал басқа адам ол машинаға көңілін де бөлмеуі мүмкін. Музейге қойылған мәрмәрден жасалған жас әйелдің дене бітімінен бір адам асқан сұлулықты, жетілгендікті көрсе, екінші надан адам оны нәпсілік тұрғыдан қабылдауы мүмкін.
Енді елестетуге келер болсақ, оның санаға тіпті жақындығы байқалады. Өйткені, көзге елестетін зат, я құбылыс көз алдыңда жоқ, бірақ сіз оны елестете аласыз. Мысалы, жақсы көретін досыңызды, я болмаса, ауылдағы туысыңызды дәл қазір жаныңызда болмағанмен көзге елестетуге болады.
Адамның сана-сезімінің тағы да бір керемет ерекшелігі - өткендегіні есте сақтау. Физиологиялық тұрғыдан келгенде, ол адам жүйкесінің өткендегі болғанды ақпарат ретінде сақтау қасиеті болып табылады. Оның негізгі екі түрін көрсетуге болады. Біріншісі – сезімдік бейне болса, екіншісі – сөздік-ұғымдық түрі.
Сонымен, сезімдік таным бізге заттардың айнадағыдай бейнесін бермейді, оның қалыптасуына адамның қажеттігі мен мүддесі, мақсат-мұраты мен идеалдары, неше түрлі сезім толқындары, қысқасы, бүкіл жан-дүниесі қатысады.
Енді абстрактылық ойлау формаларына келер болсақ, онда ең бірінші ұғымдарды атап өтуіміз қажет. Ұғымдарда заттар мен құбылыстардың адамға деген жалпы, мәнді, қажетті жақтары бейнеленеді. Уақытында көркем түрде Г.Гегель ұғымды «табиғаттың жаны, - деген болатын. Өйткені, қайсыбір ұғым мазмұнына заттың біршама мәнді қасиеттері кіріп, оның көлемін сондай қасиеттері бар көп заттар құрайды [20]. Ұғымдар, бір жағынан, дүниедегі заттар мен құбылыстардың бізге керек сан-алуан қасиеттерінің бар екенін және олардың бір-бірімен байланыстарының байлығын бейнелесе, екінші жағынан, адамның танымдағы белсенділігі мен нәтижелігін, ой мен білімнің құнарлы күшін көрсетсе керек.
Жалпы алғанда, ойлау дегеніміз ұғымдарды ретімен байланыстырып белгілі бір пікірге келу, пайымдау болып табылады. Мысалы, адам – ойлай алатын пенде, - десек, оның негізгі қасиеттерінің бірін көрсетеміз.
Бірнеше бір-бірімен байланысты пікірлерді салыстырып белгілі бір қорытындыға келуге болады. Алғашқы екі пікірді қорытудан үшінші пікір пайда болды.
Сонымен, адам ойланған кезде белгілі бір зат жөніндегі сезімдік деректерді ұғыммен қамтыуға тырысады. Соның нәтижесінде сезімдік әртүрліктің бірлігі анықталады, яғни зат жөнінде жаңа білім пайда болады. Егер сезімдік деректер әр алуандықты көрсетсе, ұғым олардың бірлігін алға тартады. Мұны біз ғылыми тілде категориалдық (ұғымдық) синтез (біріктіру) дейміз. Кейбір әдебиет беттерінде оны дискурсивтік ойлау әдістері дейді.
Сонымен қатар, адам таным қабілеттерінің бірі ретінде интеллект деген ұғымды келтіруге болады. Ол адамның ең жоғарғы, бүкіл дүниені біртұтас ретінде қамтуға бағытталған, яғни, философиялық дәрежеге көтерілген ойлау қабілеті болып есептеледі.
Енді интуиция (көкей көз) мәселесіне келер болсақ, ол тікелей шындыққа жету, оның ақиқаттығын анық та айқын көру, ешқандай дәлелдеуді талап етпеу. Мәселенің қиындығы – сол саған ашылған шындықты басқаға жеткізу болса керек. Ол үшін оны тағы да ой елегінен өткізу қажет. Ал мұның өзі интуиция адамның бүкіл сана-сезімімен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Қайсыбір көкей көз арқылы берілген шындық сол мәселемен талай күндер, я жылдар бойы айналысқан, оның бүкіл жан-тәнін бойрап алған адамға келеді. Ал оның өзі - сол мәселенің шешілуі тіпті адамның саналы түрде ғана емес, сонымен қатар, бисаналық жолмен жүріп шешілгеннің көрінісі емес пе?
Таным үрдісі адамның ырқымен (воля) де тығыз байланысты екенін байқаймыз. Ол адамды таным жолында белгілі бір мақсаттарға, нәтижеге жеткізуге көмектеседі. Адам өз ырқы арқылы бүкіл күш-жігерін жинақтап, оны зерттеуге ұмтылдырады. Алайда, ырық әрқашанда сананың, ең алдымен, моральдық құндылықтардың бақылауында болуы қажет. Ол, әсіресе, бүгінгі таңдағы жаратылыстану ғылымдарында қажетті. Өйткені, адам дүниеге тереңдеген сайын табиғаттың орасан-зор күштерімен кез болып, ар-ұжданы дамымаған ғалымды сол күштерді өз мүддесіне жаратуға бағытталған пейілі мен іс-әрекетін тудыруы ғажап емес. Мұндай жағдайда, ол адамзатты үлкен қайғы-қасіретке, тіпті бұрынғы-соңғы болмаған апатқа әкелуі мүмкін. Көне Грек елінде өз атын тарихта қалдыруды армандаған, бірақ, қолынан ұлы іс келмейтін Герострат деген кісі Артемида құдайына арналған ғажап кесенені жағып жіберген екен [21]. Сол сияқты бүгінгі уақытта ғылым саласында қызмет етіп жатқан геростраттар жоқ деп кім айталар екен?
Таным үрдісінде аса бағаланатын нәрсе – ол адамның таланттығы. Біріншіден, ол адамға берілген табиғи дарынмен тығыз байланысты екенін байқауға болады. Егер біреу – көркемөнерге жақын болса, екінші – математика, физикаға, үшінші – тілдерді игеруге ынтық болуы мүмкін. Адамдардың бұл қабілеттері белгілі бір әлеуметтік жағдайларды жасау, сонымен қатар, тұлғаның қажымас еңбегінің арқасында, талантқа, яғни, шығармашылық қабілетіне айналуы мүмкін. Кері жағдайда, адам табиғи дарынын таланттық деңгейге көтере алмай, оны сөндіріп алуы да ғажап емес.
Танымның негізгі мақсаты – ақиқатқа жету, соның нәтижесінде ғана оны практикалық өмірде пайдалануға жол ашылады.
Балалардың танымдық қабілеттерін дамыту. ХХІ ғасырдағы білімнің адам өміріндегі маңызы қандай, қандай жаңалықтар енгізуге болады деген сұрақ әр тәрбиеші мен педагогтың көкейкесті мәселесі болуы керек. Осыған орай біз де өз үлесімізді қай дәрежеде қостық, қандай жаңалығымыз болды деген сұрақты қоюымыз мүмкін. Қазіргі ғылым,техникалық прогрестің дамуы өз алдына ,біз мектеп жасына дейінгі балаларға білім нәрін себуде қандай технологияларды қолданудамыз деген ойлар үнемі бізді мазаламай қоймайды [22]. Жаңа технологияларды қолдану әр тәрбиеші мен педагогтың өз еркінде. Сонымен бірге бала жанының бағбаны болу – әр адамның қолынан келе бермейтін іс. Бала отбасында басқа жағынан көрінсе, балабақша қабырғасында мүлде басқа қырынан көрінуі мүмкін. Әрбір жанұяның ғана емес, тәрбиеші мен достарының ара-қатынасынан да бала өмірлік іс тәжірибе жинақтауы мүмкін. Осыған орай мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде олардың таным қабілеттерін дамыту ерекше орын алары сөзсіз.
Балалардың білім алуға, еңбекке, қоршаған ортаға бейімі, адамдармен қарым-қатынасы, сөз қорының, ойлау қабілетінің дамуы мектепке дейінгі кезеңде қалыптасады. Олай болса, болашақта мемлекеттік тілді жетік білетін, елдік пен еркіндіктің туын берік ұстайтын өскелең ұрпақ тәрбиелеуде мен қаншалықты өз үлесімді қостым?
Мен өз іс-тәжірибемде балалардың танымдық қабілеттерін дамытуда танымның алар орны туралы айтпақпын. Танымы кең, саналы азамат, өз елінің ұранды ұрпағы болу жас жеткіншектердің үлесінде. Тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде елімізде ерекше орын алар оқиғалар көп болды. Ел ағасы М.О. Әуезов «Ел болам десең – бесігіңді түзе » деді емес пе? Ендеше білімнің киелі бесігін балабақша есігін ашқан бүлдіршіндерге сепсек, кейінгі елдігімізге олар да өз үлесін қосары даусыз ақиқат емес пе? Осындай қиын да сындарлы еңбек жолындағы өз ізденісімді ұсынып отырмын.
«Таным» білім беру саласының мазмұны мен мақсаты: мектеп жасына дейінгі балалардың қоршаған орта жайлы қарапайым түсініктері мен танымдық іс-әрекетінің қарапайым дағдыларын меңгерту және игерген дағдыларын күнделікті өмірде қолдануға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру. Жеке тұлғаның дамуы үшін танымның мазмұны [23].
Іс-әрекеттерді ұйымдастыру формалары. Балалардың өмірлік іс-әрекеттері мен тәрбиесін ұйымдастырудың балабақшада қолданатын түрі және іс-әрекеттерді жүзеге асыру жолдары:
Танымдық іс-әрекеттер барлық ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттері мен тәрбиелеуде;
Серуендер кезінде балалардың қоршаған орта мен тығыз байланысы;
Бақылау - қоршаған орта мен күнделікті іс-әрекеттерді бақылау;
Бірлескен – дербес және ересектермен бірлескен іздестіру іс-әрекеттері арқылы.
Ең көп қолданылатын көрнекіліктер:
ІІ кіші тобындағы ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің технологиялық картасы
Білім беру салалары: «Таным».
Бөлімдері: Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру
Тақырыбы: Геометриялық пішіндер
Мақсаты: Балалардың геометриялық пішіндер туралы білімдерін қалыптастыра отырып, қарапайым математикалық ұғымдарын бекіту. Ойлау қабілеттерін дамыту. Балаларды ізеттілікке, ұжымдыққа тәрбиелеу.
Құрал-жабдығы: флишбурт, теледидар, үнтаспа, геометриялық пішіндер.
Әрекет кезеңі
Тәрбиешінің іс-әрекеті
Баланың іс-әрекеті
Мотивациялық қозғаушы
Балалардың көңілдерін өзіне аударады.
- Балалар, барлығымыз ән салайықшы.
Біз көңілді қуыршақпыз, алақай, алақай,
Өлең айтып, би билейміз, балақай, балақай.
Тартып алып орамалды алақай, алақай,
Дөңгелене би билейміз балақай, балақай.
- Бәріміз бері қарайықшы. Бүгін бізге сиқырлы хат келіпті. Сиқырлы хатты ашсақ ішінен не шығар екен?
- Сиқырлы хаттың ішінде неше түрлі пішіндер бар екен. Қане, кім маған пішіндерді атап береді?
- Дұрыс айтасыңдар, үшбұрыш, төртбұрыш, дөңгелек екен.
- Балалар, барлығымыз ауада осы пішіндерді ауада жасап көрейікші.
- Үшбұрыш, ал мынау – төртбұрыш, ал мынау –дөңгелек.
- Ал, енді теледидарға қарайық. Теледидардан біз қандай пішіндерді көріп тұрмыз? Түстері қандай? Пішіндері қандай?
Тәрбиешіге қарап, айтқандарын қайталайды.
Сиқырлы хатты тамашалайды.
Пішіндерді атайды.
Көңілді әуеннің ойнауы арқылы ауада пішіндерді жасайды.
Теледидардан пішіндерді көреді, түстерін атайды. Салыстырады.
Іздену-ұйымдастырушылық
-Ал, балалар, енді барлығымыз орнымыздан тұрайық, сәл демалып алайық.
- Бойыңды сергек тік ұста,
Емін-еркін тыныста.
Деміңді ішке тез ал да,
Сол қолыңды соз алға.
Қол ұшына қара да,
Үшбұрыш сыз ауада.
Оң қол да бос тұрмасын,
Шеңбер сызып зырласын.
-Балалар, енді осы геометриялық пішіндерден суреттер құрастырайық.
Дидактикалық ойын «Көңілді пішіндер». Балалар геометриялық пішіндерден әр түрлі пішіндер құрастырады.
Мысалы: «Гүлдер», «Ою-өрнек»
- Балалар, ендеше флишбрутқа қарайықшы. Бүгін біз танысқан геометриялық пішіндерді бейнелеп көрейік.
Орындарынан тұрып жаттығуды жасайды.
Геометриялық пішіндерді пайдалана отырып, суреттер құрастырады.
Көңілді пішіндерден гүл, ою-өрнек құрастыру.
Флишбрутта геометриялық пішіндерді бейнелеу.
Рефлексивті -түзетуші -Балалар, бүгін біз немен таныстық?
- Дұрыс айтасыңдар, пішіндер туралы білгендерімізді кеңейте түстік.
- Пішіндер неше түрлі болады?
- Геометриялық пішіндердің қандай пайдасы бар?
- Ең әдемі, ең көңілді пішіндерді кім жасады?
Тәрбиешінің қойған сұрақтарына толық жауап бере отырып, ұйымдасқан оқу-іс әрекетті қорытындылайды.
Күтілетін нәтиже:
Білуі немесе хабардар болуы: Пішіндер туралы жалпы түсінік.
Қалыптасқан әдет: Пішіндердің түсін, көлемін ажырату.
Істей білуі: Геометриялық пішіндерді біледі, әр түрлі пішіндер құрай алады.
Мектепке дейінгі ұйымдарда білім сапасын арттыру аса маңызды мәселе, ол үшін жалпы және негізгі жағдайларды жақсарту басты міндет болып табылады. Біріншіден, білім мен тәрбие беруге арналған дамытушы ортаны жабдықтау қажет десек, ол мектепке дейінгі кезеңнің өзіндік ерекшелігі мен құндылықтарын сақтайтын, баланың балалығына бағытталуы шарт. Екіншіден, тәрбие мекемесінің басшысы мен тәрбиеші педагогтар қауымы кәсіби шеберліктерін үнемі шыңдап, білімін жетілдіруге жүйелі көңіл бөліп, ұжымның шығармашылық бағыт-бағдарын айқындап, оны жүзеге асыруға белсенділікпен ат салысуға және жағымды психологиялық ахуалдың тұрақтануына ықпал ету қажет. Сондай-ақ, отбасының сұранысы мен талап-тілектерін қанағаттандыру және білім мен тәрбиенің балаға берілген үрдісі жайында ата-анамен үнемі бірлескен ынтымақты негізде жұмыс істеу де өте маңызды. Үшіншіден, балабақшада еңбек етуге толық жағдай жасалып, тәрбиелеу мен білім берудің технологияларын сауатты меңгеріп, жаңа педагогикалық әдіс-тәсілдер жүйесін кәсіби шеберлікпен игеріп, оны тәжірибеде пайдалануға шығармашылықпен үлес қосып отырса. Баланы тәрбиелеу, дамыту және білім беру мәселелерінде отбасы мен балабақша ұжымының бірлескен өзара тығыз байланыста болуы.
Білім беру жүйесінің негізгі мақсаты – тұлғаны оқыту, тәрбиелеу, дамыту. Бұл мақсаттар өзара тығыз байланыста болғанда ғана нәтижелі болады. Баланы өмірге дайындау үшін дамытудың маңызы ерекше. Даму барысы:
1. Зердесін дамыту
2. Эмоциясы мен сезімдерін дамыту
3. Күрт қиыншылықтарға төтеп бере алуын дамыту
4. Өзіне-өзінің сенімділігін, өзін-өзі қабылдау, жақсы көруді дамыту
5. Танымдық үрдісін дамыту
6. Өзін-өзі алып жүре алуын, дербестігін дамыту
7. Өзін-өзі көрсете алуына, өзін-өзі жетілдіруге ынтасын дамыту.
Даму үрдісінде баланың таным белсенділігі арта түседі. 6 жастағы балалар заттарды түсіне, түріне, көлеміне қарап ажырата бастап, олардың құрылысын, пайдалану тәсілдерін білгісі келеді. Күнделікті өмір барысында бала шындық дүниенің құбылыстары мен заттарын анықтай білуге, адам баласының жинақтаған бай тәжірибесін үйренуге талаптанады. Балалардың бір нәрсені құмартып білуге талаптануын таным ынтасы дейді. Балалар өте байқағыш, еліктегіш, әр нәрсеге үңіле қарайды, көп нәрселер оларды ойлантады. Балалар әдетте өзіне түсініксіз оқиғалардың, құбылыстардың сырын білуге құмартады. Күн сайын олардың алдында жаңа сұрақтар туады. Сол сұрақтың жауабын олар ересектерден күтеді, өйткені, олардың түсінігінше, ересектердің білмейтіні болмайды. Мұндай ерекше сұрақтар балалардың ақыл-ой еңбегімен шұғылданудағы ниетін, ықыласын сипаттайды. Сондықтан ересек адамдар бала сұрағын жауапсыз қалдырмауға тырысқан жөн. Себебі сұрағына жауап ала алмаған бала келешекте сұрақ қоюдан жасқаншақтайды және бұл баланы дүниені тануына кері әсер етуі әбден мүмкін .
В.С. Мухина бойынша мектеп жасына дейiнгi және бастауыш мектеп жасындағы балаларда мiнез-құлық мотивациясы: мiнез-құлықтың саналы регуляциясы күшейедi, мотивтер мен қажеттiлiктер көлемi ұлғаяды, рухани және материалды қажеттiлiктер сферасы кеңейедi, қарым-қатынасқа деген қажеттiлiк, жетiстiкке жету [25], басқарушылыққа қажеттiлiк сияқты әлеуметтiк қажеттiлiктер нығая түседi. Көп бiлу, басқалардан жоғары болу, өзi жасай алу сияқты қарапайым қажеттiлiктер пайда болады.
Т. Рибоның айтуынша, баланың шығармашылық қабілеті тәжірибелілігіне байланысты дамиды деп тұжырымдайды [26].
Мектеп жасына дейінгі кезең – қиялдың тез дамитын уақыты. Сондықтан қиялдың дамуын төрт ерекше кезеңдерге бөлуге болады (2 жастан 6-7 жасқа дейінгі аралықта):
1. Бірінші кезең баланың қабылдауының ерекшелігіне байланысты (бір заттан басқа бір затты көре бастауы);
2. Екінші кезең – қиялдың ойыншықтарды жандандыру құдіретінің байқалуы;
3. Үшінші кезең – ойындағы рөлдерге байланысты өзгеруі;
4.Төртінші кезең – бала қиялында өзіндік көркемдік шығармашылықтың басталуы (бейнелерді қайта құруы, жасауы).
О.М. Дьяченко мен А.И. Кирилованың тәжірибелік зерттеулерінде бала дамуында қиялдың екі түрі (сезімдік және танымдық) жүзеге асады [27, 28]. Танымдық қиялдың басты міндеті – ақиқат өмірдің белгілі бір түрде бейнеленуі. Сезімдік қиял, белгілі бір жағдайға байланысты қайшылық болғанда, баланың өзіндік «Мені» қалыптасқанда және оның құрастырудағы бір механизм болады.
Е.Е. Кравцованың зерттеуінде қиялдың даму қызметінде үш түрлі компонентті бөліп көрсетті:
1. Көрнекілікке сүйену;
2. Өткен тәжірибесін қолдану;
3. Ерекше ішкі позицияны қолдану.
Осы үш компоненттің қолдануында халық ертегісінің айрықша орнын анықтап, зерттеуге мән берілді [29].
Мектеп жасына дейінгі кезеңде қиял – қоғамдық тәжірибені меңгерудегі алғышарттары болып келеді, өйткені балалар қоршаған ортаны, адамгершілікті, эстетикалық идеяларды өзіндік көзқараспен қабылдайды. Баланың қиялы ересектерге қарағанда әлсіз. Л.С. Выготскийдің тұжырымына сүйенсек, «Бала қиялының дамуы біртіндеп, шамасына қарай қабылдауынан басталады. Қиялда болатын барлық образдар, қаншама таңғажайып болып көрінгенмен де, баланың өмірден көрген-білгенінен негізделеді. Кейде бала өмірде кездескен кейбір жағдайларды өзіндік қабылдаумен түсіндіргенде, бізге үлкендерге күтпеген таңқаларлықтай болып естіледі».
С.Л. Рубинштейннің айтуынша «Қиял – бұл образдық форманы іске асыру, өзгеріске енгізу» деп түсіндіреді. Л.С. Выготский мен А.Н. Леонтьев қиялдың ерекшелігіне қарай оған арнайы психикалық процесс деп қарауға мән береді [25, 30].
Атақты психолог Л.С. Выготский баланың қиялы біртіндеп өмір тәжірибесінің молаюына байланысты қалыптасады деген қорытындыға келеді. Қазіргі кездегі психологтар мен педагогтар баланың жеке басының дамуындағы қиялдың маңыздылығының ең тиімді жолы шығармашылық жұмыста көрсету, үйрету, көркемдік әдебиетте нақтылау, өз бетінше жұмыс жасауына жағдай жасау, яғни, еркіндік беру керектігін айтады. Сонымен қиялдың дамуы төмендегідей үш компоненттен тұрады: Бірінші дәрежеде қиял қоршаған болмыспен байланысты, дайын нәтижені ойластыруға мүмкіндік береді. Екінші дәрежеде баланың өткен тәжірибесімен байланысты, бірақ сонда да заттық байланыстың рөлі бар. Үшінші дәрежеде қиялдың дамуы балаға ақиқаттан қиялдың қозғалысының жоғарғы формасы – ой-пікірден оның іске асуына байланысты. Сонымен, қорыта айтқанда, біздің тәжірибемізге негіз болған 5-6 жастағы балалардың құрастырған ертегілері мен қызықты әңгімелері ұйымдасқан түрде мағыналы, жүйелі, өз бетінше еркін жүргізілген жұмыс, қиялдың дұрыс дамуына апаратын көп жолдың бірі болды деп есептейміз. 6 жасар бала өз қиялында алуан түрлі жағдайлар құра алады және баланың өзі сонда әртүрлі жағынан көрінеді. Ойын барысында қалыптаса отырып, қиял басқа да іс-әрекет түрінде өте алады. Тілі және қиялы жақсы дамыған бала қызықты сюжетті тез арада жанынан ойлап шығара алады. Қиялдың үздіксіз жұмысы – баланың айналадағы әлемді танып-білуінің және игеруінің маңыздылығы, бұл жеке тәжірибе аумағынан шығудың.
В.С. Мухина теориясы бойынша өзінің бастамалары жағынан баланың қиялы сәбилік шақтың соңында пайда бола бастайтын сананың белгілер функциясымен байланысты [25]. Белгілер функциясын дамытудың бір желісі заттарды басқа баламалармен және олардың бейнелеулерімен алмастырудан тілдік, математикалық және басқа белгілерді пайдалануға, ойлаудың логикалық формаларын меңгеруге әкеледі. Екінші желі нақтылы бұйымдарды, оқиғаларды қиял арқылы толықтыру мен алмастыру мүмкіндігінің пайда болуы мен кеңеюіне, жинақталған түсініктердің материалынан жаңа бейнелер құруға жетелейді. Баланың қиялдауы ойын үстінде қалыптасады. Алғашқы кезде қиял заттарды қабылдаудан және ойын іс-әрекеттерін орындауынан ажыратылмайтындай. Ойын үстінде қалыптасқан қиял мектепке дейінгі бала іс-әрекеттерінің түрлеріне де ауысады. Бала сурет салғанда, ертегілер мен тақпақтарды ойлап шығарғанда қиял неғұрлым айқын байқалады. Сондай-ақ мектепке дейінгі шақта зейіннің, естің, қиялдың дамуында ұқсастықтар бар. Егер сәбилік шақта өзінде қабылдау мен ойлау іс-әрекеттері ретінде анықтауға болатын бағдарлау іс-әрекеттерінің ерекше формалары ретінде бөлінсе, мектепке дейінгі кезеңде мұндай іс-әрекеттер үздіксіз күрделілене және жетіле түседі, ал зейін, ес, қиял ұзақ уақыт жеке сипат ала алмайды. Бала бірдеңеге назар аударарлықтай, көргені мен естігенін жадында сақтарлықтай, бұрын қабылдағанының аумағынан шығарлықтай арнайы іс-әрекеттерді игере білмейді. Мұндай іс-әрекеттер тек мектепке дейінгі кезеңде қалыптаса бастайды. В.С. Мухина бойынша мектепке дейінгі бала әрекетінің жаңа түрлерін, үлкендердің оған қойған жаңа талаптарын игерудің ықпалымен баланың алдында бір нәрсеге зейінін шоғырландыру және оған зейін қою, материалды есте ұстау және оны жаңғырту, ойынның, суреттің т.б ой желісін құру сияқты жаңа ерекше міндеттер пайда болғанда ғана бетбұрыс жасалады. Осы міндеттерді шеше білу үшін бала үлкендерден үйренген тәсілдердің қандай да біреуін пайдаланады. Міне, сонда ғана зейіннің, естің, қиялдың арнайы іс-әрекеттері қалыптаса бастайды .
Мектепке дейінгі кезеңде баланың зейіні төңіректегі заттарға және осылар арқылы орындалатын іс-әрекеттерге қатысты ынтамен сипатталынады. Бала бір нәрсеге ынтасы өшпей тұрған кезде ғана зейінін шоғырлайды. Жаңа бір нәрсе пайда болысымен-ақ баланың зейіні лезде соған ауады. Сондықтан балалардың ұзақ уақыт бір іспен шұғылдануы сирек болады.
Д.Б. Эльконин пікірінше, мектепке дейінгі кезеңде балалар іс-әрекетінің күрделенуіне жалпы ақыл-ой дамуының ілгеруіне байланысты зейін күшті шоғырланып, тұрақтылыққа ие болады [31]. Мысалы, мектепке дейінгі кезеңдегі кішкентайлар бір ойынды 30-50 минут ойнайтын болса, 5-6 жасқа жеткенде ойынның ұзақтығы 1,5 сағатқа дейін созылады. Мұны ойында адамдардың күрделірек іс-әрекеттері мен қарым-қатынастарының бейнеленуімен және ойынға үнемі енгізілетін жаңа ахуалдардың қолдау табуымен түсіндіруге болады. Балалар суреттерді көргенде, әңгіме, ертегі тыңдағанда зейін тұрақтылығы арта түседі. Мысалы, мектепке дейінгі шақтың соңында суретті көру ұзақтығы екі есе артады, мектепке дейінгі кішкентайға қарағанда алты жасар бала суретті жақсырақ түсінеді, оның өзіне қызықты жақтары мен егжей-тегжейлерін бөліп алады .
Бірақ мектепке дейінгі кезеңде зейіннің негізгі өзгеруі баланың алғаш рет өз зейінін меңгере білуінде, оны саналы түрде белгілі заттарға құбылыстарға бағыттай білуінде және кейбір тәсілдерді пайдалана отырып, соларға зейін қоя білуінде. Мектепке дейінгі шақ ішінде өз зейінін ұйымдастыру үшін сөзді пайдалану күрт өседі. Мұны, атап айтқанда, мектепке дейінгі ересектер үлкеннің нұсқауы бойынша тапсырманы орындағанда мектепке дейінгі кішкентайларға қарағанда нұсқауды 10-12 рет жиі қайталады. Сонымен, баланың мінез-құлқын реттеуде сөздің маңызының жалпы өсуіне байланысты мектепке дейінгі шақта ықтиярлық зейін қалыптасады. В.С. Мухина мектепке дейінгі шақта балалар ықтиярлы зейінді меңгере бастаса да, бүкіл мектепке дейінгі балалық шақта ықтиярсыз зейін басым болып қала береді. Балаларға өздері үшін бір текті әрі тартымы шамалы іс-әрекетке зейін қою қиынға түседі,сонымен бірге ойын процесінде немесе әсерлі сезімге бөлерліктей тапсырмаларды шешерде олар едәуір ұзақ уақыт бойы ықыласты болып жүреді. Мектеп жасына дейінгі бала зейінінің ерекшелігі мектепке дейін оқыту ықтиярлы зейінге үнемі күш салуды талап ететін тапсырмалар бойынша құрылуы мүмкін емес себептердің бірі болып саналады. Сабақтарда пайдаланылатын ойын элементтері, іс-әрекеттің нәтижелі түрлері, іс-әрекет формаларын жиі өзгерту балалардың зейінін айтарлықтай жоғары деңгейде ұстауға мүмкіндік береді.
Сенсорлық даму, бала заттардың түсін, пішінін, мөлшерін және олардың кеңістіктегі орналасуын айырып қана қоймай, оларды мөлшеріне қарай сәйкестендіріп (үлкен, кіші, аз, көп) анықтай алады. Зейін тікелей қызығушылықпен байланысты (ырықсыз зейін), өйткені қызықты іске бала көңілі тез ауады. Егер 6 жасар бала ойынмен айналысқан болса, ол алаңдамай 2, тіпті 3 сағат ойнай береді. Алайда, бұлай зейінді шоғырландыру – баланың айналысқан нәрсесіне қызығушылығынан туындайды. Балаға зейінін тәрбиелеуде көмектесу қажет. Үлкендер сөз нұсқаулары арқылы баланың зейінін ұйымдастыра алады. Оларға біркелкі жалықтыратын және тартымдылығы аз іс-әрекетпен айналысу өте қиын. Зейіннің бұл ерекшелігі сабақтарда ойын элементтерін енгізуге және іс-әрекет түрлерін жеткілікті ауыстырып отыруға негізгі себеп болып табылады .
К.Д. Ушинский «Балаға оқуды қызықты ете білу керек және сонымен қатар, оларды қызықтыра қоймайтын тапсырмаларды да бұлжытпай орындауды талап ету керек, бұл жұмысты орындағанда бір жағын басым етіп жібермей, екі жағын теңестіру арқылы еріксіз зейінді тудырып отырумен қатар, балада белсенді зейін шамалы болғанына қарамастан оны жаттықтырып отыру керек», - деп көрсетеді [32].
В.С. Мухина бойынша мектепке дейінгі шақ есте сақтау мен еске түсіру қабілеттілігінің пәрменді дамуымен сипатталады. Адамдар, оқиғалар есте сақталатын кезең мектепке дейінгі шақта анықталмаған мерзімге ығысады. Шындығында, бізге сәбилік шақтағы оқиғалардан бірдеңені еске түсіру қиын немесе мүлде дерлік мүмкін болмаса, мектепке дейінгі балалық шақ көптеген әсерлі сәттерді есте қалдырады [25]. Бұл әсіресе мектепке дейінгі ересектерге тән. Мектеп жасына дейінгі баланың есі негізінен ықтиярсыз сипатта болады. Бұл бала көбіне өзінің алдына бір нәрсені есінде қалдыру үшін саналы мақсаттарды қоймайтындығын көрсетеді. Есте сақтау мен еске түсіру баланың еркі мен санасына байланысты өтеді. Бұл екеуі де іс-әрекет арқылы жүзеге асады әрі іс-әрекеттің сипатына байланысты болады. Бала іс-әрекетте неге зейін қойса, оған не әсер етсе, не қызық болса, соны ғана есінде сақтайды. Заттарды, картиналарды, сөздерді ықтиярсыз есте сақтаудың сапасы, баланың осыларға қаншалықты әсерлі іс-әрекет істеуіне іс-әрекет процесінде оларды егжей-тегжейлі қабылдау, ойластыру, топтастыру қандай дәрежеде өтетіндігіне байланысты. Мысалы, суреттерді жай ғана қарап шыққанда оларды баланың есінде сақтау анағұрлым нашар балады, ал осы суреттерді, өз орындарына, мысалы, бақшаға, ас үйге, балалар бөлмесіне, қораға дәл келетін жеке заттарды қою ұсынылғанда бала оларды есінде жақсы сақтайды. Ықтиярсыз есте сақтау баланың орындайтын қабылдау және іс-әрекеттерінің жанама қосымша нәтижесі болып табылады.
Мектепке дейінгі жастағылардың ықтиярсыз есте сақтауы мен ықтиярсыз еске түсіруі – ес жұмысының бірден-бір түрі. Бала бірдеңені есте сақтау немесе еске түсіру жөнінде алдына әлі мақсат қояды, ал бұл үшін арнаулы тәсілдерді қолдануды білмейді. Мысалы, үш жастағы балаларға суреттер тобының біреуін сұрағанда балалардың басым көпшілігі өзін мүлде бірдей ұстады. Суретке көз жүгіртіп өткеннен кейін бала оны шетке ығыстырып қойып, үлкен адамнан басқа суретті көрсетуді сұрады. Кейбір балалар бейнеленген заттар жөнінде әңгімелеп беруге тырысты, суретке байланысты өткен тәжірибенің жағдайларын еске түсірді («Көзілдірікті көзге киеді. Мынау- көбелек, құрт деп аталады». «Қарбыз. Мен, анам және әкем- үшеуіміз үлкен қарбыз сатып алғанбыз, алқоры одан әлдеқайда кіші», тағы осындайлар) [33]. Әйтсе де есте сақтауға бағытталған балалардың ешбір іс-әрекеттері байқалмады.
В.С. Мухинаның пікірінше есте сақтау мен еске түсірудің ықтиярлы формалары мектепке дейінгі естияр шақта қалыптаса бастайды және мектепке дейінгі ересектерде жетіледі. Ықтиярлы есте сақтау мен еске түсіруді меңгерудің неғұрлым қолайлы шарттары ойын үстінде жасалады, бала өзіне алған рольді жақсы орындап шығу есте сақтау шарты болған кезде жасалады. Мысалы, сатып алушының ролін алған бала дүкеннен белгілі заттарды сатып алу жөніндегі тапсырманы орындаушы ретіндегі баланың есте сақтайтын сөздерінің саны үлкен адамның тікелей талабы бойынша есінде сақтауға тиісті сөздерден көп болып шығады. Естің ықтиярлы формаларын меңгеру бірнеше кезеңнен тұрады. Олардың біріншісінде әлі қажетті тәсілдерді меңгере алмай тұрып бала есте сақтау мен еске түсіру міндетінің өзін бөле бастайды. Мұнда еске түсіру міндеті бұрын бөлінеді, өйткені бала алдымен дәл еске түсіруді, елестетуді қажет ететін ахуалдарға кездеседі. Бұған дейін ол нені қабылдап, жасағанын көрсететін іс-әрекетті білуі керек. Есте сақтау міндеті еске түсіру тәжірибесінің нәтижесінде пайда болады
В.С. Мухинаның айтуынша, есте сақтау мен еске түсірудің жолдарын бала өз ойынан шығара алмайды. Ондай жолдарды белгілі түрде баланың есіне үлкендер салады. Мысалы, үлкен адам балаға тапсырма бергенде оған осы арада дәл оны қайталап беруді талап етеді. Үлкен адам баладан бір нәрсе сұрағанда, оның еске түсіруіне бағыт береді: «Сосын не болады?», «Жылқыға ұқсас сен тағы қандай жануарларды көрдің?» Тағы сол сияқты. Бала біртіндеп қайталай білуге, түсіне білуге, материалды есте сақтау мақсатында байланыстыра білуге, еске түсіргенде байланыстарды пайдалана білуге үйренеді. Мектеп жасына дейінгі балалардың кейбіреулерінде эйдетикалық ес деп аталатын көру есінің ерекше түрі байқалады. Өзінің айқындығы мен дәлдігі жағынан эйдетикалық естің бейнелеріне жуықтайды: бұрын қабылданған бір нәрсені есіне түсірген бала соны көз алдына қайтадан көріп тұрғандай болады. Эйдетикалық ес – жас шағының құбылысы [25]. Мектепке дейінгі жаста осындай есі бар бала, кейінірек, мектепке оқыту кезеңінде, әдетте өзінің бұл қабілеттілігін жоғалтады
Мектепке дейінгі жас – естің қарқынды даму жасы. Ес – бала үшін маңызды оқиғалар мен мәліметтерді жаданда қалдырады және сақтайды. Сондай-ақ мектепке дейінгі балалардың ойлау үрдісіне тоқталсақ, ойлау – тіл дамуы және ғылыми ұғымдарды меңгеру бірлігінде дамиды. Баланың сау психикасының ерекшелігі – танымдық белсенділігі. Ойлау – сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының байланыс қатынастарының адам миында жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленуі. Ақыл-ой жағынан бала қаншалықты пәрменді болса, ол сонша көп сұрақтар қояды және оның сұрақтары соншалықты алуан түрлі болады. Бала заттың бейнесін ғана емес, оның қимыл-қозғалыстары туралы да ойлайды. Бейнелі ойлау – 6 жасар бала ойлауының негізгі түрі. Әрине, ол жекелеген жағдайларға логикалық ойлауды да орындай алады, бірақ та бұл жаста көрнекілікке сүйенген оқыту басымырақ болады. Мұның өзі осы жастағы балалардың естері еріксіз жақсы дамиды. Ерікті естері жаңа ғана қалыптасады. Сондықтан жақсы қабылдап алған заттардың түсін есінде жақсы сақтайды. Көру және есту елестері көрген нәрселердің мазмұнымен байланысты болады.
Мектепке түсу балалардың логикалық есін дамытуда үлкен роль атқарады. Оқушылардың есін тәрбиелеуде де мұғалім олардың жас және дара ерекшеліктерін ескере отырып, жұмыс жүргізеді. Кіші мектеп жасындағы балаларды оқу тәсілін өз бетімен таңдап ала алмайтындықтан мұғалім үйге тапсырма бергенде, материалды қалай оқу керектігін балаларға ұдайы ескертуі керек. Бұл жөнінде оқулықтардың бәрінде мәтінді қалай оқу, тапсырманы қалай орындау керектігі айтылған. Бірақ баланың назары кейде бұған жөнді түсе қоймайды. Мұғалім мұны қатты ескерген жөн. Мектепке дейінгі балалық шақта заттардың, құбылыстардың, іс-әрекеттердің арасындағы байланыстар мен қатынастарды бөлу мен пайдалануды талап ететін күрделі де сан алуан міндеттерді баланың шешуіне тура келеді. Ойында, сурет салуда, құрастыруда , жапсыруда, оқу және еңбек тапсырмаларын орындауда бала үйреніп алған іс-әрекеттерді жай ғана пайдаланып қана қоймайды, жаңа нәтижелер ала отырып олардың тұрақты түрін өзгертеді. Мектеп жасына дейінгі балалар өздерін қызықтырған мәселелерді түсіну үшін өзіндік эксперименттер жасауға кіріседі, құбылыстарды бақылайды, оларды талқыға салып, қорытындылар жасайды. Мектепке дейінгі балалық шақтың соңында кейбір механикалық физикалық және басқа байланыстар мен қатынастарды түсінуді, осы байланыстар мен қатынастар туралы білімді жаңа жағдайларда қолдана білуді талап етеді. Осы жастағы балалардың жылдың соңына дейін абстрактылы логикалық ойлауы жақсы дами түседі. Бірақ тәжірибе түрінде, бала затты көрмей тұрса, берген сұраққа толық жауап бере алмайды. Бала ойлаудың барлық операцияларын жақсы қабылдауға тиіс .
Балалардың ойлауын дамытуда мектептегі оқу-тәрбие процесі шешуші роль атқарады. Бала ойлауын дамыту үшін мұғалім тиісті жұмыстар жүргізіп отыруы тиіс. Ой тәрбиесі адамның психологиясын жан-жақты етіп тәрбиелеумен ұштасып жатады. Таным әрекетінің бірі - қабылдау. Тілдік мәліметтерді және жазылымдағы қатысымдық тұлғаларды ұғыну қабылдаудан басталады. Тілді меңгеру барысында тіл үйренуші есту, көру, сезу арқылы дыбыстарды, сөздерді, сөйлемді қабылдауға үйренеді. Бала қоршаған ортаны жақсы қабылдауға тиіс. Д.Б. Эльконин бойынша кіші мектеп жасындағы балаладың танымдық үрдістердің дамуына келсек, олардың оқу ісіндегі қабылдауы – формамен түстерді тану және атауға келіп тіреледі [30]. Мысалы, түрлі түсті құмыра салу үшін, олар форма, көлем жағынан әртүрлі болып келеді. Төменгі сыныптарда оқитын балалардаң қабылдауында төмендегідей ерекшеліктер болады. Олар әлде де болса құбылыстарды тұтас зат күйінде жөндеп қабылдай алмайды. Мәселен, ол заттың өзіне ұнағанын, олардың көзге бірден көрінетін сыртқы белгілерін қабылдауға ұмтылады. Мұндай қабылдауда белсенділік жағы аз болады. Үшінші сыныптан бастап балалардың қабылдау саласындағы қателер азая бастайды. Оқушы заттың негізгі белгілерін байқай алатын болады. Қабылдауда анализ бен синтез қатар жүреді. Бала әр заттың өзіндік белгісін ұққысы келеді, оның мәніне ішкі,сыртқы құрылысына, жасалу принципіне зе сала бастайды. Қабылдау процесінің күрделене түсуі балаларда байқай алу қабілетінің көрінуімен ұштасады. Алайда, байқаудың қарапайым элементі бірінші сынып оқушыларында да бар. Байқау – белсенді ой-әрекетінің балада дамып келе жатқандығының көрінісі.
Мектепке дейінгі бала тәрбиесімен айналысатын педагогтар мен тәрбиешілер, ата-аналар балалармен жылдың қай мезгілінде болмасын далаға шығып, серуендегенде, әртүрлі ойын ойнағанда осы ойланту әдісіне баса көңіл бөлуі қажет. Бала бойына ерекше әсер етіп түрткі болатын айналадағы өлі және тірі табиғаттардың сан түрлі құбылыстары.
К.Д. Ушинский – баланы табиғатпен жастай таныстыра дамыту, оның өзіндік логикалық ойын, сөз қорының, санасының жетілуіне әсері мол екенін көрсеткен. Логикалық ойдың, пікірдің дамуы баланың келешекте рухының жоғары болуына, батыл пікір, нақты шешім айтуына және оны дәлелдеп беруге жетелейді [26]. Сондай-ақ, кімде-кім баланың тіл қабілетін дамытқысы келсе, ең алдымен оның ой қабілетін дамытуы тиіс, - деп көрсетеді.
Онтегенездің бастапқы кезеңдерінде қарым-қатынас бала өмірінде аса маңызды функция атқарады. Бала мен ересектің қарым-қатынасы білім, іскерлік, дағдыны біреудің жай қасында емес, өзара әсерлесу нәтижесінде, өзара баю мен өзгерудің күрделі процесі. Бала өзіне берілетін басқаның тәжірибесін белсенді түрде ой елегінен өткізіп, өңдеп пайдаланады. Психолог ғалым Б. Спок ересек адамның жанұяда және бейтаныс адамдармен қарым-қатынас тиімді құра алуы, мектепке дейінгі кезеңде басқа балалармен жасаған қарым-қатынастың тиімділігімен анықталатынын тұжырымдаған [34]. Ол бала басқа балалармен қарым-қатынас барысында өз құқығын қорғауға т.б. жатқызады. Қарым-қатынас жасаудың адам өміріндегі қоғамдық-әлеуметтік және психологиялық негізі ең алдымен адамның күнделікті тіршілік қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатымен байланысты екендігі айқын. Мектепке дейінгі балалар әдетте ойынды, сурет салғанды жақсы көреді, ересектермен және өзі қатарлы балалармен лезде тіл табысып кетеді. Мектепке дейінгі шақтың әсіресе, алғашқы үш жылы психологияда «қауіпті» кезең аталып, өзіне зерттеушілердің үлкен зейінін аударуда. П. Бадалян: «...осы уақытта сәби арнайы үйрету мен тәрбие көрмесе, кейін ол өте қиынға түсіп, тіпті кеш болуы да мүмкін» - деген. Дер кезінде тәрбие мен үйрету көрген бала бес жасында еш қиындықсыз таза сөйлей білуі тиіс. Сонымен мектепке дейінгі жас - ерте онтогенез кезеңіндегі ең ұзақ және күрделі психикалық даму көрінісі болып табылады.
Мұның өзі психологиялық зерттеулердің объекті ретінде қосылды және ол ғылыми әдебиеттерде оқиғалардың әр алуандығылығы ретінде көрсетіледі. Жас баланың өмірді тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады. Л.С. Выготский пікірінше, ойын мектеп жасына дейінгі баланың жеке басының дамуына ықпал ететін жетекші, басты құбылыстың бірі деуге болады. Бала ойын арқылы өзінің күш-жігерін жаттықтырып, қоршаған орта мен құбылыстардың ақиқат сырын ұғынып үйрене бастайды. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойнайды, эмоциялық әсері ұшқындайды, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері мен таным үрдістері дамиды, мұның бәрі баланың шығарымпаздық қабілеті мен дарынын ұштайды. Атақты психолог ғалымдары зерттеушілердің еңбектерінде мектеп жасына дейінгі балалардың жеке басының қалыптасуына әсер ететін әртүрлі іс-әрекеттердің ішіндегі ең маңыздысы шығармашылық белсенділіктің сапалығына назар аударады. Алайда мектепке бару қарсаңында баланың психологиялық даму деңгейінде жекелей өзгешеліктер өсе түседі. Бұл өзгешеліктер мынадан көрінеді: балалар бір-бірінен ақыл-ой, адамгершілік және жекелей дамымен ажыратылады. Олай болатын болса, балаларға психологиялық қолдау жасау бiлiм беру мекемелерiнiң (балабақша, мектеп) ең негiзгi мiндетi болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |