Боранды күні бала құтырар, Желді күні ит құтырар (мақал)
Өріске қарай сал өсер, Өзеніне қарай тал өсер (мақал).
Бала күлкіге тоймас, Жаман ұйқыға тоймас (мақал).
Бұл сөйлемдерде, ғалымның пікірінше, болжалды келер шақ формасындағы етістіктер жалпы осы шақ мағынасында жұмаслып тұр. Мұны болжалды келер шақ тұлғасындағы етістікті жалпы осы шақ тұлғасында қолданғанда анық байқаймыз:
Өріске қарай мал өседі, Өзеніне қарай тал өседі (мақал).
Ғалым -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек немесе -мақшы, -мекші, -бақшы, -бекші, -пақшы, -пекші жұрнақты есімшенің жіктелген түрін ниет келер шақтың грамматикалық көрсеткіші қызметін атқарады деп таниды. Болжалды келер шақ сияқты ниет келер шақ формасы да сөйлеу кезінен кейін болатын қимылды, істі объективтік шындық түрінде білдірмейді. Мұнда сөйлеушінің немесе қимыл иесінің болашақта бір істі, қимылды орындау туралы ниетін, ойын білдіреді, яғни қимылға субъективтік қатысты білдіреді.
Ниет есімшеге “еді” және “бол” көмекші етістіктері тіркесіп ниет өткен шақ формасын жасайтындығын айтады. Сонда қимылдың өзі келер шақпен де, өткен шақпен де ұштасып жатады екен. Яғни “Қапан келесі айда қайтпақшы еді” десек – келер шақты, “Қапан былтыр қайтпақшы еді” десек – өткен шақ мезгіл үстеуімен тіркесіп, өткендегі қимыл, істі де білдіреді. Сөйтіп, ғалымның пікірінше, болжалды келер шақтағыдай, ниет есімшенің “еді”, “бол” көмекші етістіктерімен тіркесуі арқылы жасалған күрделі формасы ашық рай мәнінде белгілі грамматикалық шақ мағынасын білдірмейді.
Ы.Маманов етістіктің осы шағына мынадай анықтама береді: “Осы шақ – сөйлеу кезінде болып жатқан қимылды білдіретін етістік формасы”. Қазақ тілінде осы шақты білдіретін арнайы грамматикалық морфема жоқ. Осы шақ қалып етістіктеріне және созылыңқы сыйпатқа жіктік жалғауы тікелей жалғану арқылы жасалады деп қорытынды шығарады. Бұл – нақ осы шақ формасы.
Етістіктің ауыспалы келер шақ формасы қимылдың әртүрлі ағымын білдіріп, осы шақ мағынасында жұмсалады деп көрсетеді. Ал осы шақ мағынасы оның ауыспалы мағынасы екендігін айтып, төмендегідей ерекшеліктерін анықтайды:
1. Бір затқа тән қимылдық қасиетті білдіреді (Адам сөйлейді, жылқы кісінейді).
2. Біреудің кәсібін, немесе немен шұғылданатынын білдіреді (Балықшы балық аулайды).
3. Жалпы осы шақта болып жататын қимылды, әрекетті білдіреді (Қаланың шетінен кішкентай өзен ағып жатады).
4. Диалогты сөйлемдерде сөйлеу кезінде болып жатқан қимылды, істі білдіреді (–Қайдан келесіз? – Кітапханадан келемін) [72].
Шақ категориясына байланысты Ы.Мамановтың ойлары мен пікірлерін сараптай келе, оның төмендегі мәселелерге назар аударғандығын дұрыс деп есептедік:
1. Етістіктің шақ формалары қимылдың, уақиғаның уақытын жалпы түрде көрсетеді. Ал дәл өту мезгілін жыл санын көрсететін сан есімдермен тіркесу арқылы және мезгіл үстеулері арқылы білдіре алады.
2. Шақ формаларының арасындағы айырмашылық – әртүрлі мезгілдік мағына білдіруінде емес, олардың әрқайсысына тән өзіндік семантикасында.
3. Болжалды келер шақ субъективтік мәнде сөйлеушінің бір іске көзқарасын білдіретіндіктен, ашық райға жатпайды. Тек мақал-мәтелдерде ғана ашық рай мәнінде айтылады.
4. Ниет есімшенің “еді”, “бол” көмекші етістіктерімен тіркесуі арқылы жасалған күрделі формасы ашық рай мәнінде белгілі грамматикалық шақ мағынасын білдірмейді (бармақшы болды – кеше бармақшы болды – ертең бармақшы болды).
5. Етістіктің ауыспалы келер шақ формасы қимылдың әртүрлі ағымын білдіріп, осы шақ мағынасында жұмсалады. Ал осы шақ мағынасы – оның ауыспалы мағынасы. Ал ғалымның етістік шақтарын мағыналық жақтан топтағанда оған қойылған атаулар шартты түрде алынды деген пікірі өте орынды айтылған. Өйткені бұл атаулар кейінгі ғалымдар еңбектерінде әлденеше өзгеріске түсті әлі де өзгереді деп есептейміз.
Ы.Маманов қазақ тіліндегі көмекші етістіктер мәселесін зерттеуде қалып етістіктеріне арнайы тоқталып, оларды созылыңқы шақ көрсеткіштері деп таниды [160].
Сонымен, қазіргі қазақ тіл білімінде етістіктің шақ категориясы біршама зерттелгенімен, әлі де шешуін таппаған мәселелер баршылық. Оларды оқулықтарда, лингвист ғалымдардың монографияларында шақ категориясының әртүрлі топтарға бөлініп, түрліше аталып жүргенін байқаймыз. Бұл аталған грамматикалық категорияның әлі де зерттеуді қажет ететіндігін көрсетеді.