Диссертация с. М. Исаев Ғылыми жетекші: филол. ғ. д филол ф.ғ. к. К. Н. Уәли Алматы, 2007 жыл мазмұНЫ



бет46/47
Дата29.05.2022
өлшемі1,15 Mb.
#35856
түріДиссертация
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   47
ҚОРЫТЫНДЫ

Соңғы кездері қазақ тіл білімінде Қ.Жұбанов, А.Байтұрсынұлы, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, Ғ.Мұсабаев сынды көрнекті ғалымдардың еңбектері арнайы зерттелді. Біздің жұмысымыз да сондай зерттеулердің бірі болып, доцент Ы.Е.Мамановтың қазақ тілі морфологиясының ғылыми-теориялық та, практикалық та жағынан дамуына үлес қосқандығын анықтауға септігін тигізеді. Ғалымның ғылыми мұрасындағы грамматикалық форма, грамматикалық мағына, грамматикалық категория, етістік теориясына қатысты тұжырымдамалары мен көзқарастары, тіл мәдениетіне байланысты ой-пікірлері тіл білімінің дамуына қосылған үлкен үлес деп санаймыз.


Ы.Мамановтың ғылыми мұрасын өзге көзқарас, пікірлермен салыстыра отырып тексеру, зерттеу, өз тарапынан қандай тұжырымдар қосқанын, ол тұжырымдардың кейінгі ғалымдар еңбектерінде қаншалықты дәрежеде сабақтастық тапқанын байыптау арқылы тіл білімінң даму деңгейі анықталады. Осыған байланысты Ы.Е.Мамановтың ой-тұжырымдарын былайша сипаттауға болады.
Ы.Е.Маманов грамматикалық форма тудырушы қосымшаларға қойылатын шарттарды атап көрсетті: жалғанған сөзінің лексикалық мағынасын өзгертпейді, грамматикалық формасын тудырады; әр грамматикалық форма белгілі грамматикалық мағына білдіреді; грамматикалық форма тудырушы қосымша бірнеше сөз табына не тұтас бір сөз табына, не бір сөз табының белгілі бір тобына талғаусыз түрде жалғанып, грамматикалық абстракция жасайды; грамматикалық форма тудырушы қосымша жалғану арқылы жасалған грамматикалық форма тілдің сөздік құрамына және екі тілдік сөздікке енбейді, олар тек сөйлемде ғана қолданылады; грамматикалық формалар белгілі бір сөз табына тән болады.
Сөйлемде грамматикалық формалармен түрленетін толық мағыналы атауыш сөздер (зат есім, сын есім, сан есім, етістік) тек қана екі түрде: не түбір сөз түрінде, не грамматикалық формада қолданылады. Былайша айтқанда, қазақ тіліндегі қосымша жалғанған сөздер не тілдің сөздік құрамына енетін туынды түбір сөз (лексикалық бүтін), не белгілі бір сөз табына тән грамматикалық форма болып қалыптасатынын атап көрсетті;
Ы.Маманов қазақ тіліндегі сөз тудырушы бірліктерге жатқызылып жүрген -дай, -дей, -ша, -ше, -сыз, -сіз, -лы, -лі, -лық, -лік, -шы, -ші, -ғы, -гі, -сы, -сі қосымшаларының грамматикалық қызметін (форма тудырушылық) анықтап, олардың негізгі қызметі форма тудырушы екендігін дәлелдеп берді.
Ы.Маманов шырай категориясына байланысты екі мәселенің басын ашып берді: бірі – шырай категориясындағы жай шырай деп аталатын түрінің шырай формасы бола алмайтындығы, оның басқа шырай формаларына негіз болатын түбір сөз екендігі, екіншісі – -ғыш, -шыл, -қай, -ғылтым т.б. жұрнақтарының шырай жұрнақтарына жатпайтындығы, оларды грамматикалық абстракция жасамайтындықтан сөзжасам қосымшаларына жатқызу қажеттігі. Ы.Маманов сын есімнің шырай категориясына қатысты айтылып жүрген әралуан пікірлерді саралай келе, оларды сөзжасам қосымшаларына қойылатын критерийлер тұрғысынан, яғни тілдік заңдылық, қағида бойынша ажыратып көрсетті.
Қазақ тілі және басқа түркі тілдері грамматикаларында бір грамматикалық форманың әртүрлі мағыналық қырларын әр жеке грамматикалық құбылыс деп қарауға (болжалдық сан есім, топтау сан есім) қосылмайды. Кезінде «есептік» және «реттік» сан есімдерді тең праволы семантикалық топтар деген пікірді теріске шығарып, сан есімнің реттік формасын етістіктің есімше, көсемше формалары, сын есімнің шырай формалары тәрізді грамматикалық форма ретінде таныған.
Ы.Маманов көлемдік-мекендік септіктер мен көптік форманың контекске және түбір сөздің семантикасына сәйкес әртүрлі мағыналарын әр жеке грамматикалық құбылыс емес, сол форманың мағыналық қырлары деген тұжырым жасайды. Ғалымның дәлелдеуінше, көптік форма негізгі сөздің семантикасына, контекске байланысты, негізгі мағынасынан басқа, бірнеше жанама қосалқы мағына (мағыналық қырлар) білдіреді; бір грамматикалық форманың білдіретін әр түрлі мағыналық қырларын әр жеке мағыналық топтарға бөліп қарау морфологиялық құбылыстарды шешудің дұрыс жолы емес; көптік жалғау жалғаудың басқа түрлерінен сөйлемде атқаратын функциясына қарай ерекшеленеді. Тәуелдік, септік, жіктік жалғаулары сөйлемде сөз бен сөзді байланыстырса, көптік жалғау үнемі сөз байланыстырушылық қызмет атқара бермейді. Көптік жалғаудың сөз байланыстырушылық қызметі бірінші және екінші жақта предикаттық қатынасқа түскен сөздерде ғана байқалады. Әрқашан сөз байланыстырмайтын сипаты жағынан ол жалғаудан гөрі жұрнаққа жақын.
Ы.Маманов нөлдік формаға ілік, табыс, барыс септік тұлғасын және бұйрық райдың екінші жақ жекеше түрін жатқызады. Түбір сөзді грамматикалық форма емес, грамматикалық формаларға негіз ретінде қарастырады. Оған жоғарыдағы “зат есімнің жекеше түрін”, “атау септік”, “жай шырай”, “негізгі етісті” жатқызып, бұлардың ешқайсысының өзіне тән грамматикалық көрсеткіші жоқ болғандықтан, бұлар нөлдік форма да емес деген пікір айтады. Ы.Е.Маманов қазақ тілінде белгілілік-белгісіздік категориясы бар деп көрсетеді. Олардың арнаулы грамматикалық көрсеткіштерін де анықтайды. Ғалым табыс, ілік септіктерінің ашық, жасырын келу ерекшеліктерін қазақ грамматикасындағы белгілілік-белгісіздік ұғымымен байланысты қарау керек деген концепция ұсынады. Ы.Маманов – қазақ тіл білімінде нөлдік форма туралы алғаш ғылыми пайымдау жасаған ғалым. Оның нөлдік форма туралы айтқан ғылыми концепциялары осы тақырыпқа қалам тартып жүрген Н.Оралбаева, С.Исаев сияқты ғалымдар тұжырымдарымен үндесіп жатады. Кешенді зерттеу жұмыстарының нәтижесінде нөлдік форманың анықтамасы (ереже), оның белгілері, тілдегі қызметі т.б. ерекшеліктері анықталып, әлі де зерттелу үстінде.
Ы.Мамановтың көрсетуінше, түбір етістіктерді сөздік мағынасына қарай топтастырып бөлудің мәні шамалы. Өйткені бір сөз бірнеше мағынада қолданылуы мүмкін; грамматика үшін түбір етістіктерді сыртқы тұлғалық бірлігіне қарай топтастырып бөлген дұрыс. Себебі олар сыртқы тұлғалық бірлігі бойынша әртүрлі типтес сөздер тобын жасайды; негізгі түбір етістіктерді семантикалық жақтан мағыналық топтарға жіктеуге келмейді; морфологиялық және синтаксистік тәсілдердің белсенді қатысуының арқасында ғана түбір етістіктерді мағынасына қарай бөлуге болады. Ы.Маманов қазақ тіліндегі етістік формаларын лексика-грамматикалық қызметтеріне қарай, ең алдымен, негізгі етістік және функциялық етістік деп екіге бөліп, одан кейін негізгі етістіктің өзін түбір етістіктер және модификациялы етістіктерге ажыратып, түбір етістіктерге етістіктің лексикалық мағынасына ие болатын сөздерді, модификациялы етістіктерге белгілі қосымшалар немесе көмекші етістіктер арқылы үстеме грамматикалық мағына білдіретін етістік формаларын жатқызады; ғалым етістіктің сатылық ерекшеліктерін дұрыс көрсеткен, яғни алдымен лексикалық мағына білдіретін түбір етістіктерді, одан кейін грамматикалық мағыналы етістіктерді, соңында өзге сөз таптарының функциясын атқаратын етістіктерді атайды;
Қазақ тілінің тілдік жүйесіне әбден орнығып, тұрақталып қалған “етістіктің түбірі бұйрық райдың екінші жағы” деген етістік түбіріне байланысты беріліп жүрген дәстүрлі анықтаманың қате екендігін дәлелдеді; сөйлеу кезіндегі етістік түбірімен форма жағынан бірдей болып келетін бұйрық райдың екінші жағы етістіктің түбір тұлғасы емес, жіктелу үлгісінің бір көрінісі екендігін алғаш рет атап көрсетті;
Ғалымның пікірінше, етістік сөйлемде тек түрленіп яғни қандай да бір грамматикалық формада тұрып қана қолданысқа түседі. Яғни ол жіктеліп қана жұмсалады. Етістіктің түбір тұлғасы қимылды, іс-әрекетті, процесті білдіреді және ол етістіктің жеке сөз табы ретіндегі жеке тұрғандағы семантикалық белгісі, ал бұйрық райдың 2-жағы сол етістіктің сөйлеу процесінде басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсудің нәтижесінде пайда болатын, грамматикалық нөлдік форма арқылы көрінетін түрлену мағынасы; етістік қазіргі кезде түбір тұлғада жіктеліп барып қолданылады, тікелей жіктелмейді (қалып етістіктерін қоспағанда).
Ы.Маманов -ыңқыра, -іңкіре қосымшасын грамматикалық тұлға ретінде өзі жасалған бастапқы тұлғамен қатар өмір сүреді дейді. Етістік түбіріне жалғанатын -ғыла, -гіле, -қыла, -кіле, -мала, -меле, -мсыра, -мсіре, -стыр, -стір жұрнақтарын сөз тударушы жұрнақтарға жатқызады.
Ғалымның сипаттауынша, күрделі етістік етістіктің барлық формаларымен түрленеді және оның құрамындағы көмекші етістіктер әртүрлі грамматикалық мағына білдіреді. Күрделі етістік көсемше формаларымен көмекші етістіктердің тіркесуі арқылы жасалады. Күрделі етістіктердің құрамындағы алдыңғы көсемше формасындағы сыңары лексикалық мағынаға ие болады да, соңғы сыңары – көмекші етістік оған грамматикалық мағына үстейді және етістіктің басқа формаларымен түрленетін конструктивтік қызмет атқарады; Ы.Маманов күрделі етістік құрамындағы көмекші етістіктердің кейбіреулерінің лексикалық мағынасын сақтаған, сақтамағанына қарамастан, көсемшелі тіркестерді “күрделі етістіктер” деп атайды. Бұдан ғалымның қазіргі күнде танылып жүрген жай күрделі етістіктер мен аналитикалық етістіктердің айырмашылығын біле отырып, бір терминге сыйғызғандығы байқалады; құрылысына қарай күрделі болғанымен, алдыңғы сыңары есім және еліктеуіш сөздер болып келіп, соңғы сыңары көмекші етістіктен тұратын сөздерді тіркесті түбір етістік (құранды етістік) деп атайды.
Ы.Маманов қазақ тіліндегі көмекші етістіктерді лексикалық мағынасына қарай (мәнсіз көмекші етістіктер және мәнді көмекші етістіктер) дұрыс топтаған; көмекші етістіктердің күрделі және аналитикалық етістік құрамында келгендегі мағыналарын аша білген;
Қалып етістіктерінің созылыңқы сыпат көрсеткіштері есебінде басты қасиеттерін анықтайды; қимылдың даму сатысының алты фазасын көрсетеді: қимылдың жасауға дайындығы; қимылдың жасалуға бейімділігі; қимылдың басталуы; жасалу үстіндегі қимыл; аяқталу алдындағы қимыл; қимылдың аяқталуы. Ы.Маманов амалдың өту сипатының алты фазасын (кезең, этап, саты) көрсеткенімен де, жоғарыда атап өткеніміздей, «іс-әрекеттің басталуы, ортасы, аяқталуы болады» деуі кейінгі зерттеушілер пікірлерімен астасып жатыр. Ал қимылдың алты фазасын Н.Оралбаева көрсеткен қимылдың өту сипатының ішкі мағыналық ерекшеліктері бойынша екіге бөліп көрсетуі (1.Қимыл тәсілі; 2. Қимылдың даму сатысы) Ы.Мамановта бірге қарастырылады. Ғалым көмекші етістіктердің қимылдың тәсілін жасауға да, қимылдың даму сатысын көрсетуге де қатысы барын жекелеген мысалдар арқылы көрсеткен. Сондықтан ғалымның ойлары, тұжырымдары осы тақырып туралы кейінгі ғылыми еңбектердің жазылуына мұрындық болды.
Қазақ тіл білімінде етісті Ы.Маманов грамматикалық категория ретінде қарап, етіс формаларын форма тудырушы қосымшалар қатарына қосады; тілдік фактілерге сүйене отырып, қазақ тіліндегі өздік, ырықсыз, өзгелік етіс жұрнақтарының басты қызметі сабақты етістікті салт етістікке, салт етістікті сабақты етістікке айналдыру деп көрсетеді. Сабақты етістіктен жасалған өздік және ырықсыз етіс тұлғасындағы салт етістіктің бойынан морфологияға да, синтаксиске де қатысты болып келетін екі жақты сипатын байқайды; ғалым ортақ етіс формасымен жасалған сөздерді қимыл есімі деп атайды; етіс қосымшаларының табиғатын танып, алғаш модификациялық қосымшалар қатарына жатқызады.
Ы.Маманов етістіктерді есім сөздерден айырудың басты бір тұлғалық ерекшелігі – оның болымсыздық формасы дей келе, -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе морфемасы етістіктің негіздері мен жіктелетін формаларының шегін айыратын қосымша деп көрсетеді; етістіктің болымсыз түрінің үш вариантының (-ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе; емес; жоқ) арасында әрқайсысының өзіне тән семантикалық ерекшелігі барын аңғара білген.
Ы.Маманов қимыл есімінің тұлғалық көрсеткіштері ретінде тұйық етістік формасын (-у), -ғы тұлғалы және ортақ етіс (-с) тұлғалы қимыл есімдерін атайды; тұйық етістік тұлғасына -лық, -лік, -шы, -ші, -лы, -лі жұрнақтары жалғанып, туынды түбір сөздер жасалатындығын, яғни тұйық етістіктің туынды сөз жасауға негіз болатынын, әсіресе, тұйық етістікке -шы, -ші жұрнағы жалғанып жасалған туынды сөздердің көп екендігін, оның өнімді түрде кездесетінін атап көрсеткен (мысалы, оқушы, жазушы, сатушы, тергеуші т.б.); тұйық етістік формалы омоним сөздерді ажыратудың негізгі критерийлерін анықтаған; тұйық етістік тұлғасының туынды сөздер жасауға негіз болатынын атап көрсеткен.
Қазіргі қазақ тілінде райдың төрт түрі көрсетілсе, Ы.Маманов өкініш рай, шарттылық рай деген түрлерін көрсетіп, алтыға бөледі; ғалымның бұл райлар туралы дәлелдемесі болмағамен, оны тереңдей зерттеу осы категорияның зерттеушілердің үлесінде деп есептейміз. Өйткені ғалым еңбектерінде тіл бірліктерінің функционалдылық жағы ескеріліп отырған.
Ы.Мамановтың етістіктің есімше формасын шақтық мағыналық жағынан ажыратуы қазіргі қазақ грамматикасындағы пікірлермен сәйкес келеді; ғалым -ушы, -уші қосымшасын осы шаққа жатқызған; есімше формалары арқылы қос сөздер жасалатындығын дәлелдеген; ғалым есімшенің салыстыру, мөлшер мағынасындағы семантикалық реңктерді танып, функционалды-семантикалық өрістер арқылы берілуінің кейбір түрлерін көрсеткен.
Ы.Мамановтың көсемше туралы айтқан ой-пікірлері қазіргі қазақ тілін зерттеуші ғалымдар көзқарастарымен орайлас келеді. Ғалымдар арасында талас пікір туғызып жүрген тағы бір мәселе – көсемше формаларының қайталанып және қосарланып айтылуы. Ы.Маманов көемшенің қосарланып айтылуы әрі сөз тудырушылық, әрі форма тудырушылық қызметте жұмсалатындығын көрсеткен: екі етістік көсемше формасында қосарланып айтылса, үстеуге айналған қос түбір болып есептеледі: жүре-келе, бара-тұра, жата-жастана, өліп-талып, қатып-семіп т.б. Ал бір етістік көсемше түрінде қайталанып айтылса, ол етістіктің дүркіндік мағына білдіретін грамматикалық категориясы болып саналады: оқи-оқи, жаза-жаза, айтып-айтып, ұрсып-ұрсып т.б.
Ы.Маманов шақ формаларының мағыналық ерекшелігіне баса назар аударған. Шақ түрлерінің атаулары шартты түрде алынған терминдер деп көрсетеді. Атап айтар болсақ, өткен шақты – жедел өткен шақ, бұрынғы өткен шақ, ежелгі өткен шақ, дағдылы өткен шақ, қатысты өткен шақ деп бес түрге бөлгенімен, олардың арасындағы айырмашылық – әртүрлі мезгілдік мағына білдіруінде емес, әрқайсысына тән өзіндік семантикасында екендігін дәлелдейді; әрбір шақ формаларының шақтық мағынасы сөйлемде мезгіл үстеулерімен тіркескенде айқындала түседі деген пікірі функционалды грамматиканың зерттеу бағытына сәйкес келеді.
Ы.Е.Маманов тіл білімінің әр саласына қалам тартқан ғалым. Соның ішінде тіл мәдениетіне қатысты айтқан пікірлері мен қорытындылары да автордың өзіндік көзқарасы бар зерттеуші екендігін дәлелдейді.
Ы.Е.Мамановтың жалпы тіл білімі бойынша айтқан құнды пікірлері мен ғылыми мұрасын қазақ тілін дамытуға қосылған зор үлес деп есептейміз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   47




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет