2.7 Қимыл есімі
Ы.Маманов қимыл есімі туралы да пікір білдірген. Тіл білімінде іс-әрекеттің атауы ретінде берілетін сөздер «қимыл есімі», «қимыл атауы», «у тұлғалы қимыл есімі», «тұйық рай», «тұйық етістік» сияқты терминдермен беріліп жүрді. Соңғы кездері осы атаулардың ішінде «қимыл есімі» деген термин тұрақталып келеді. Қимыл есімі дегенде, әдетте, -у тұлғасы негізге алынады. Бұл қазіргі қазақ тілі тұрғысынан тілдік нормағы сай, әрі жиі қолданылатын формасы.
Түркі тілдерін салыстырып қарағанда, бұл тұлғаның бірнеше тұлғалық көрсеткіштері барын байқауға болады. Мәселен, А.М.Щербак монографиясында қимыл есімдердің 30-40 түрі бар деп көрсетеді [202, 13 б.]. Біз қимыл есім формаларының зерттелу тарихына, тілдік табиғатына тереңдемей-ақ, Ы.Мамановтың қимыл есімі туралы айтқан пікірлерін берумен шектелеміз.
Ы.Маманов қимыл есімінің тұлғалық көрсеткіштері ретінде тұйық етістік формасын (-у), -ғы тұлғалы және ортақ етіс (-с) тұлғалы қимыл есімдерін атайды [72, 82 б.]. -У тұлғалы тұйық етістікті ғалым әрбір жеке қимылды білдіретін етістік сөздің атауышы болып саналады деп көрсетеді. Есімдерше түрленуіне (септелу, тәуелдену, тәуелді түрінде көптік жалғауын қабылдау) тоқталып, омонимдік қатарға көшетіндігін айтады. Зат есімге айналған тұйық етістік тұлғалы сөздерді сөздік мағынасы жағынан үй бұйымдары, құрал-сайман аттары, мекен-жай атаулары, дерексіз ұғымды білдіретін зат есімдер, грамматикалық терминдерді білдіретін зат есімдер деп бөліп қарайды. Тұйық етістік тұлғасының омоним болып зат есімге айналғандарын екі түрлі белгісіне қарап ажыратады: 1) сөйлем ішінде контекске байланысты; 2) зат есімге айналған түріне етістіктің болымсыздық формасын тудырушы -ма қосымшасы жалғанбайды. Мысалы, омоним болып кеткен “көсеу” сөзінің қимыл есім формасында тұрғандығы немесе заттық мағынада тұрғандығын, біріншіден, контекс арқылы анықтаймыз: Көсеу ұзын болса, қол күймейді (Мақал). Күні бойы отты көсеумен болды. Осы екі сөйлемдегі көсеу сөзінің бірі зат есім болса, екіншісі қимыл есімі формасында тұр.
Екіншіден, бұл екі сөйлемдегі “көсеу” сөзінің мағыналық айырмасын оларға -ма, -ме болымсыздық қосымшасын жалғау арқылы ажыратамыз. Бірінші сөйлемдегі зат есім “көсеу” сөзіне -ма, -ме формасы жалғанбайды, ал екінші сөйлемдегі қимыл есімі формасындағы көсеу сөзіне -ма, -ме тұлғасы жалғанады.
Ы.Маманов тұйық етістік тұлғасына -лық, -лік, -шы, -ші, -лы, -лі жұрнақтары жалғанып, туынды түбір сөздер жасалатындығын, яғни тұйық етістіктің туынды сөз жасауға негіз болатынын, әсіресе, тұйық етістікке -шы, -ші жұрнағы жалғанып жасалған туынды сөздердің көп екендігін, оның өнімді түрде кездесетінін атап көрсеткен (мысалы, оқушы, жазушы, сатушы, тергеуші т.б.).
Сонымен, Ы.Мамановтың қимыл есім туралы айқан пікірлерін саралай келе, мынадай тұжырымдар жасаймыз:
- зат есімге айналған тұйық етістіктерді сөздік мағыналық топтарға бөлген;
- Ы.Маманов тұйық етістік формалы омоним сөздерді ажыратудың негізгі критерийлерін анықтаған;
- тұйық етістік тұлғасының туынды сөздер жасауға негіз болатынын атап көрсеткен.
Ы.Мамановтың қимыл есімдеріне берген сипаттамасы қазақ тілі грамматикасы үшін елеулі үлес деп санаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |