3) -дық, -дік; -дай, -дей; -ша, -ше, -шы, -ші аффикстерінің қос қызметтілігін танып, дәлелдеген;
4) есімше формалары арқылы қос сөздер жасалатындығын дәлелдеген;
5) осы шақ тұлғасын бүтіндей зат есім категориясына ауысқан деп есептемеген;
6) ғалым есімшенің салыстыру, мөлшер мағынасындағы семантикалық реңктерді танып, функционалды-семантикалық өрістер арқылы берілуінің кейбір түрлерін көрсеткен. Мысалы, Дастарханда нанның бір жейтіндейі ғана қалды. Шелектің түбінде қол шаятындай су қалды деген сөйлемдердегі келтірілген тіркестер «Субъективті реңді салыстыру, мөлшерлеу» мағынасын синтагматикалық өріс арқылы беріп тұрса, Сендер тойғандарыңша жеп-алыңдар, Оқиға біздің ойлағанымыздай болмады, Жолда әртүрлі кедергілер кездескендіктен, барлаушылар белгіленген межеге уақытында жете алмады деген сөйлемдерде есімше жұрнағынан кейін келген -дық, -дік, -дай, -дей, -ша, -ше аффикстерінің грамматикалық уақытша салыстыру, себеп мағыналарын беретінін айтқан.
2. 10 Етістіктің көсемше түрінің зерттелуіне Ы.Е.Мамановтың қосқан үлесі.
Көсемше туралы пікірлер түркі тілдерін зерттеген ғалымдар еңбектерінде-ақ айтыла бастаған. Қазақ тіл білімінде етістіктің көсемше, есімше түрлерін анықтап, қолданысқа енгізген А.Байтұрсынұлы «екі етістік қосарынан сөйлегенде, алдынан айтылатын етістіктің қысқа түрін көсемше дейміз» деп, көсемшенің үнемді, үнемсіз, ниетті түрі бар деп көрсетеді. Үнемді көсемше – созымды істі көрсету үшін айтылады (айта бердім, айта бердің, айта берді) делінсе, үнемсіз көсемше – созымсыз, бірден бітетін істі көрсету үшін айтылады (айтып бердім, айтып бердің, айтып берді) делінеді [19, 245 б.]. Қазір де көсемше осылай бөлініп жүр, тек ниетті көсемше атауы ғана мақсатты көсемше атауымен алмасты.
Көсемшенің лексикалық, грамматикалық қызметін ғылыми тұрғыдан танып, талдаған қазақ тілінің көрнекті зерттеушілерінің бірі Н.Сауранбаев мақалалары мен монографиялық еңбегінде көсемшенің тиянақты көсемше
(-ып, -іп, -п), ауыспалы көсемше (-а, -е, -й), мақсатты көсемше (-ғалы, -гелі) түрлерін бөліп қарап, олардың анықтамаларын берген [219, 107 б.], [220, 20 б.], [164, 60 б.]. Ғалым көсемшені зерттеудің маңыздылығын атап көрсетеді, оның пікірінше, көсемше формалары етістік категорияларымен (әсіресе, оның “вид” категориясымен), күрделі етістіктердің жасалу жүйесімен және етістіктің тұлғалық ерекшеліктерімен тығыз байланысты. Үстеу сөздердің қалыптасу тарихында да көсемше маңызды рөл атқарады. Мысалы, екеулеп, үшеулеп, жақсылап, бүйтіп, сүйтіп сияқты формалар – көсемшелер көмегімен жасалған сөздер. Сонымен, қазіргі қазақ тіліндегі көсемшелер өз алдына қатып қалған, оқшау тұрып, оңаша қолданылатын категория емес. Н.Сауранбаев көсемшелердің жай және күрделі құрмалас сөйлем жасайтын қызметіне де көңіл бөлген, күрделі етістіктер көсемше арқылы байланысатынын айтқан, ғалым аналитикалық етістіктерді де күрделі етістік деп таныған. Н.Сауранбаевтың бұл еңбегі қазақ тіліндегі көсемшенің табиғатын ашатын құнды еңбек болып табылады.
А.Ысқақов етістік негіздерінен арнаулы қосымшалар арқылы жасалып, тиісті дәрежеде шақтық, модальділік және басқа да мәндерді білдіретін ерекше формаларды көсемшелер категориясы деп атайды. Бұл категорияның арнаулы формаларына мына қосымшаларды жатқызады: -ып, -іп, -п; -а, -е, -й; -ғалы, -гелі, -қалы, -келі; -ғанша, -генше, -қанша, -кенше. Көсемшені төмендегіше жіктеген:
1. Өткен шақ көсемше
|
-ып, -іп, -п; -ғалы, -гелі, -қалы, -келі; -ғанша, -генше, -қанша, -кенше
|
2. Осы шақ көсемше
|
-а, -е, -й
|
3. Келер шақ көсемше (ауыспалы келер шақ)
|
-а, -е, -й; -ғалы, -гелі, -ғанша, -генше
|
Ғалым келер шақ көсемше формалары (-а, -е, -й; -ғалы, -гелі; -ғанша, -генше қосымшалары) өткен шақ пен осы шақ түрлерін жасауға қатысатындықтан, оларды ауыспалы келер шақ деп атауға әбден болады дейді [11, 305-310 б.].
А.Төлеуов есімшені де, көсемшені де шақ түрлерімен байланысты қарастырып, үнемді, үнемсіз, мақсатты деп бөледі [209, 84-94 б.]. Кесте түрінде көрсетсек:
1. Үнемді көсемше
|
-п, -ып, -іп
|
2. Үнемсіз көсемше
|
-а, -е, -й
|
3. Мақсатты көсемше
|
-ғалы, -гелі
|
«Қазақ тіліндегі етістіктің грамматикалық категориялары» (1975) атты еңбегінде көсемшеге мынадай сипаттама береді: «Көсемше басқа етістікті сипаттайтын болғандықтан, оның мағынасы тиянақты болмай, жанама болып негізгі етістіктегі істі толықтыратын форма» [159, 36 б.].
М.Томанов «Қазақ тілінің тарихи грамматикасында» (1988) көне түркі тілінде көсемшелік тұлғалар қазіргіден сан жағынан көп болғандығын айтады. Көсемшені төмендегіше үш түрге жіктеп көрсеткен [221, 225 б.]:
1. Осы шақ көсемше
|
-а; -е; -ы; -й; -ү; -ты
|
2. Өткен шақ көсемше
|
-п; -пан
|
3. Мақсат көсемше
|
-ғалы, -гелі
|
Б.Қасым «Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі етістіктер» еңбегінде көсемше формалары етістік пен етістікті байланыстырушы дәнекер ретінде, әрі екі етістіктің бір-бірінің синтаксистік қатынасын білдіретін категория ретінде қызмет атқарады деп көрсетеді [152, 72-74 б.]. Ғалымның бұл ойына біз де қосыламыз. Күрделі етістіктің құрамындағы көсемше өзінің негізгі мағынасынан мүлде басқа қызметте қолданылады. Яғни көсемше күрделі етістік сыңарларын өзара байланыстырады.
С.Исаев есімше мен көсемшені өзара жеке грамматикалық категория бола алмайтын, бірақ басқа таза грамматикалық категория жасауға негіз болатын ерекше формалар деп есептейді.
Ы.Маманов көсемшеге мынадай анықтама береді: «Іс-әрекеттің, қимылдың себебін, амалын көрсететін қосымша қимылды білдіретін етістіктің формасы көсемше деп аталады» [72]. Көсемшені мағынасына және сыртқы тұлғасына қарай үш түрге бөледі:
1. Өткен шақ көсемше
|
-п, -ып, -іп
|
2. Келер шақ көсемше
|
-а, -е, -й
|
3. Мақсатты көсемше
|
-ғалы, -гелі, -қалы, -келі
|
Ы.Мамановтың көсемше туралы айтқан ой-пікірлері қазіргі қазақ тілін зерттеуші ғалымдар көзқарастарымен орайлас келеді. Атап айтар болсақ, -а, -п тұлғалы етістіктердің күрделі етістік жасауы; пысықтауыш және бірыңғай баяндауыш жасау қызметі; құрмалас сөйлем жасауға қатысы және шақ жасаушылық қызметі.
-Ғалы формалы мақсатты көсемшені қазақ тілі және басқа түркі тілі грамматикаларында келер шақ етістіктің бір түрі деп көрсетіледі. Әрине, бұл форманың келер шақ мағына білдіретіні рас, бірақ ол грамматикалық шақ емес. Оқығалы отырмын. Оқығалы отырдым. Оқығалы отырармын дегенде, бұл үш сөйлемнің біріншісі – осы шақ, екіншісі – өткен шақ, үшіншісі – болжалды келер шақ формасында… Яғни ол етістіктің шақ категориясына жатпайды, қимылдың басталар кезеңін немесе бір заттың өзгеру күйін, қалпын білдіретін күрделі етістік формасы болып саналады [72, 96-97 б.].
Кейінгі тілші ғалымдар Т.Қордабаев, А.Ысқақов, Н.Оралбаева -ғалы тұлғалы көсемшені келер шақ немесе осы шақ көрсеткіші деп таниды. Алайда 2002 жылы шыққан «Қазақ грамматикасында» Ы.Маманов пікірінің негізінде -ғалы тұлғалы көсемшенің шақ категориясын жасауға қатысы жоқ екендігі дәлелденеді [52, 139 б.].
Ғалымдар арасында талас пікір туғызып жүрген тағы бір мәселе – көсемше формаларының қайталанып және қосарланып айтылуы. Ы.Мамановтың айтуынша, кей авторлар көсемше формаларының қайталанып айтылатын түрін, басқа қос сөздердің қатарында, үстеуге жатқызады. Осы жайлы ғалым мынадай пікір айтады: «Көсемшенің қосарланып айтылуы әрі сөз тудырушылық, әрі форма тудырушылық қызметте жұмсалатындығын аңғартады. Екі етістік көсемше формасында қосарланып айтылса, үстеуге айналған қос түбір болып есептеледі: жүре-келе, бара-тұра, жата-жастана, өліп-талып, қатып-семіп т.б. Ал бір етістік көсемше түрінде қайталанып айтылса, ол етістіктің дүркіндік мағына білдіретін грамматикалық категориясы болып саналады: оқи-оқи, жаза-жаза, айтып-айтып, ұрсып-ұрсып т.б. [72, 94 б.].
Біз де ғалымның осы пікіріне қосыла отырып, сөз тудырушы және форма тудырушы қосымшаларға қойылатын өлшемдерді басшылыққа алып, мынадай тұжырымға тоқтадық:
Ы.Е.Маманов айтқандай, қосарлану тәсілімен жасалған көсемшелер ғана үстеуге жатады. Өйткені олар бірен-саран сөздерге ғана жалғана алады, ал қайталану арқылы жасалған көсемшелер үстеу тудыра алмайды. Себебі, -а; -п тұлғалары арқылы барлық етістіктерден қайталама қос сөз сөз жасауға болады. Яғни барлық етістік тұлғаларына жалғанып, грамматикалық абстракция жасайды. Мұндай етістіктердің мағыналарында да өзіндік ерекшеліктері болады. Қосарлану тәсілі арқылы жасалған қос сөздер бір ғана сөздің ұғымын берсе, қайталану тәсілі арқылы жасалған қос сөздер дүркіндік мағына білдіреді. Осы тәріздес пікірді тілші ғалым К.Аханов та айтқан [17, 305 б.].
Бірақ тілші ғалымдардың барлығы осы пікірді қолдайды деп айта алмаймыз. Өйткені «бір түбірдің қайталануы арқылы үстеу жасалады» деген көзқарасты Н.К.Дмитриев, Н.Т.Сауранбаев, А.Ысқақов, Қ.Есенов т.б. қолдайды. Ал Ы.Маманов, А.Юлдашев, И.Ахмедов, Н.Оралбаева, З.Бақытжан, О Бекжанүбірі сынды зерттеушілер «бір түбірдің қайталуы арқылы тек қана созылыңқылық, дүркінділік мағына беріледі» дейді. Бұл пікірді жас зерттеуші Ө.Жұмағұлова «Қазақ тіліндегі көсемшенің мағынасы мен қызметінің дамуы» атты диссертацисында толық қуаттап, мынадай дәлелдер келтіреді:
«Жаны шыға қоймай тыпырлап жатқан жыртқыштың басын қылышпен олай-бұлай шауып-шауып жіберді (Ж.Тұрлыбаев). Әлдене жетпей тұрғандай жұтқыншағын, томпайған кеңірдегін одан әрі созып-созып қалды (Ж.Тұрлыбаев). Бұл қайталама қос сөздердің барлығы да қимылдың қайталану мағынасын беріп тұр. Ешқандай жаңа сөз туып тұрған жоқ, жаңа мағына пайда болған жоқ. Алғашқы екі сөйлемде, яғни шауып-шауып жіберді, созып-созып қалды қайталанып тұрған көсемше тұлғалы сөздер аналитикалық формалы етістіктер, олар -п жібер, -п қал сияқты аналитикалық форманттар арқылы жасалып тұр. Осындағы шауып-шауып, созып-созып деген қайталама қос сөздер үстеу болса, оларға аналитикалық формант қосылмас еді.
Сонымен, -п тұлғалы көсемшенің қайталануы арқылы бұл сөйлемдерде үстеу сөз табы жасалып тұрған жоқ, керісінше, қимылдың қайта-қайта жасалу, яғни қайталану мағынасы ғана беріледі [222, 146 б.].
Үстеу жасаған көсемше етістіктер өздерінің лексикалық мағынасынан алшақтап, басқа қызметте қолданылады. «Үстеудің құрамындағы көсемше негізгі етістікті сипаттай алмайды, күрделі етістік жасай алмайды, аналитикалық формант құрамында кездеспейді, оралым жасай алмайды, жіктік жалғауды қабылдап, ашық райдың шақ көрсеткішінің қызметін атқармайды, сөйлем мен сөйлемді байланыстырмайды. Үстеу құрамындағы көсемше тек қана жаңа сөз тудырады [222, 150 б.]. Ө.Жұмағұлова тек қана көсемше тұлғалы екі түрлі етістіктің қосарлануы арқылы кейбір үстеулер жасалатынын айтып, -а, -е, -й тұлғасындағы үстеулерді көрсетеді (ақпай-тоқпай, ала-мала, бөле-жара, ебей-жебей, жатпай-тұрмай, қақала-шашала; айлап-жылдап, ақсап-шөлдеп, артынып-тартынып, асығып-үсігіп т.б.).
Ы.Е.Маманов Ө.Жұмағұлова дәлелдеген үстеу құрамындағы көсемшелерге берілген сипаттама, өлшемдерді толық көрсетпегенмен, ғалымның пікірлерінің көмегі болғандығы сөзсіз деп есептейміз.
Е.Саурықов «Адвербиалдану процесінің құрылымдық-семантикалық сипаты» атты кандидаттық диссертациясында үстеуге мынадай сипаттама береді: «Үстеулер – ешбір грамматикалық өзгерістерге енбейтін, өзге сөз таптарынан белгілі бір грамматикалық формалар, алуан түрлі тәсілдер арқылы ауысып келген, лексика-семантикалық тұрғыдан заттың қимылы мен сынның түрлі белгілерін білдіретін, мағыналары соншалық дерексізденіп, жалпылану негізінде өздерінің бастапқы нақтылығынан ажырағандай болып қолданылатын және түрленбейтін сөз табы. Ал етістіктің көсемше формалары көне түркі дәуірінде жекелеген жалаң үстеулерді жасауда өнімді болған. Тіл дамуында үстеу қалыптастыру қабілетін жоғалтқан көсемше формалары қазіргі тіл жүйесінде күрделі үстеулердің туындауында өнімді процеске ие. Негізінен, көсемше формаларымен лексикаланған үстеулер сөйлем ішінде амал, мезгіл пысықтауыш функциясында кеңінен қолданылады. Сондықтан қазіргі түркі тілдерінде қимыл-сын, мезгіл мәнді үстеулер сақталған. Бір ерекшелігі, көсемше формаларын қабылдаған сөздердің барлығы үстеулер қатарына ауыса бермеген. Олардың көбі етістікке тән қасиетін сақтап қалған» [223, 124 б.].
Б.Қапалбеков «Көсемше бағыныңқылардың қалыптасуы мен мағыналық түрлері» атты кандидаттық диссертациясында көсемше жұрнақтарының мағыналық қызметтеріне тоқталады [224].
Б.Қасымованың «Қазақ тіліндегі күрделі етістіктер» атты кандидаттық диссертациясында көсемшенің байланыстырушы элемент екендігі дәлелденіп сипатталған [152, 72-74 б.].
О.Бекжанүбірі «Қазіргі қазақ тіліндегі көсемшенің ішкі ерекшеліктері» (1993) деп аталатын мақаласында көсемшелерді морфологиялық құрамы жағынан дара (-ып, -іп, -п; -а, -е, -й) және күрделі (-қалы, -келі, -ғалы, -гелі; -қанша, -кенше, -ғанша, -генше, -пастан, -пестен, -бастан, -бестен, -мастан, -местен) болып бөлінеді де, негізгі іс-әрекеттің өту амалын жанама түрде сипаттайтын қызметін айтады. Автор атқаратын қызметіне қарай көсемшелерді «негізгі» және «кейіпті» деп екіге бөліп қарайды да, жай сөйлемдегі негізгі етістіктің амалдарын сипаттайтын төл қызметтегі көсемшені “негізгі”, ал ашық райдағы шақ, күрделі етістік, аналитикалық форма тудыратын қызметтегі көсемшені «кейіпті» деп атайды [225, 46 б.].
Негізгі көсемше
|
Жай сөйлемдердегі негізгі етістіктің амалдарын сипаттайтын төл қызметі
|
Кейіпті көсемше
|
Ашық райдағы шақ, күрделі етістік, аналитикалық форма тудырудағы қызметі
|
Бұл еңбекте алғаш рет көсемше синтаксистік және морфологиялық қызметіне сәйкес негізгі және кейіпті деп ажыратылады. Осы аталған пікірге «Қазақ тіліндегі көсемшенің мағынасы мен қазметінің дамуы» атты кандидаттық диссертацияның авторы Ө.Жұмағұлова да қосылады [222, 20 б.]. Осы еңбегінде көсемшенің зерттелуіне, ескерткіштер тіліндегі көсемшеге, кейін қосылған көсемшелерге, негізгі және жанама қызметтеріне барынша сипаттама беруге тырысады. Оның ішінде көсемше формаларының күрделі етістік, үстеу жасаудағы қызметі, аналитикалық формант құрамындағы қызметтері талданады.
Қазіргі функционалды грамматика тұрғысынан қарасақ, көсемшенің «кейіпті» деп аталатын қосалқы қызметін аспектуалдылық, модальдылық, темпоралдылық (раймен байланысты) категорияларынан кездестіруге болады. Мысалы, аспектуалдылық категориясында көсемшенің аналитикалық етістік құрамында амалдың өту сипатын әртүрлі қарқынмен, әртүрлі фазада (басталу, жүріп жату, аяқталу) беретіні айтылады. Сондай-ақ модальдық мағынадағы етістіктердің де жасалуына көсемшенің қатысы сөз болады. Таксистік қатынас (келе салысымен) жасау қызметі де айқындалған.
Ы.Мамановта бұл терминдер қолданылмағанмен, көсемшенің қосалқы қызметі, амалдың өту сипаты, фаза, модальдық мағынадағы етістіктер қызметі сөз болғандықтан, функционалды грамматиканың кейбір элементтері кездеседі деп айта аламыз.
2. 11 Қазақ тіліндегі шақ категориясы және оны зерттеудегі Ы.Е.Мамановтың үлесі
Шақ (ағылшын тілінде tense, француз тілінде temps, неміс тілінде tempus, испан тілінде tiempo) – іс-әрекеттің сөйлеу сәтіне қатысты анықталатын етістіктің грамматикалық категориясы. Орыс тілінің құрылымдық грамматикасында шақ категориясы «категория времени», ал функционалдық грамматикада «темпоральность» терминімен аталады.
Ы.Маманов еңбектерінде шақ темпоралдылық деп аталып, функционалды грамматика тұрғысынан арнайы зерттелмегенімен, шақ формаларының функционалдық аспектісі назардан тыс қалмады. Қазақ тіл білімінде дәстүрлі грамматика мәселелерінің функционалды аясын аңғара білген бірден-бір ғалым Ы.Маманов болды. Бұған қазақ және түркі тілдеріндегі шақ категориясын арнайы зерттеген ғалымдар еңбектеріне сипаттама беру арқылы көз жеткізуге болады.
ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ тіл білімінің дамуында ілгерілеулер басталды. Қазақ төңкерісіне дейінгі алғашқы ғылыми зерттеулер П.М.Мелиоранский, Н.И.Ильминский, В.В.Катаринский, М.Терентьев, И.Лаптев, Г.Архангельский, А.Байтұрсынов т.б. еңбегімен танылады.
Тіл білімінің қазіргі тұрғысынан қарағанда, оқу-ағарту мұқтаждықтарын өтеуге арналған шығыс зерттеушілерінің еңбектері ғылымның даму тарихында әлі де өзіндік мәнін жоймағанын байқаймыз. Бұл еңбектер – қазақ тілі грамматикасының орыс тіліндегі алғашқы түпнұсқасы болып саналады.
Алғашқы орыс тілді шағын еңбектерде көрсетілген мәселелердің бірі – қазақ тіліндегі етістіктің шақ категориясы. Оларда етістіктің үш шағы көрсетілгенмен, түрлі үстірт пікірлер де кездеседі. Солай бола тұрғанмен, кейінгі зерттеулерде ғылыми дұрыс шешімдерге жол ашылғандығын айтуымыз керек.
Бұл ретте бүгінге дейін қазақ тіл білімі үшін маңызын жоймағын еңбектердің бірі “Тіл – құрал” оқулығы ерекше құнды. Онда шақ көрсеткіштері ашық раймен байланысты қарастырылады. Оқулықта автор осы шақтың екі түрін көрсетеді де, айтулы қалып етістіктерінің жіктеулі түрін нағыз осы шақ деп бөліп айтады. Ал өткен шаққа етістіктің -ды -ді, -ты, -ті жұрнағы арқылы жіктелген түрін және есімшенің -ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы түрін келтірсе, келер шаққа -ар тұлғалы етістіктің жіктелген дара, күрделі түрін жатқызады.
Етістіктің көсемше, есімше түрлерінде етістікке тән рай, шақ, жақ категорияларын, жекеше, көпше түрлерін көрсетеді. Үнемді, үнемсіз көсемшелердің рай түрінде жіктелу үлгісін ұсынған. Ғалым көсемшенің күрделі және аналитикалық формалы етістік құрамында кездесетіндігін топшылаған. Есімшені үш топқа бөліп, олардың: осы шақтық есімше, өткен шақты есімше, ұйғарынды есімше деген түрлерін айқындаған [19].
А.Байтұрсынов еңбектерінің шығыс зерттеушілері мен түркітанушылардан ерекше бағаланатындығы – тілдің типологиялық ерекшелігін біліп, тілдік тұлғаларды дұрыс ажыратуы және қазақ тілі ғылымына қатысты терминдерді ана тілімізде беруі.
Қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық негізін қалаушылардың бірі, көрнекті ғалым Құдайберген Қуанұлы Жұбанов грамматикалық категорияға бай сөз табы ретінде танылатын етістіктің үш шағын және әрқайсысының мағыналық топтарын атап айтады. Өткен шақты тоғыз түрге бөлгенімен, негізінен -п жұрнақты көсемше және -ған жұрнақты есімше арқылы жасалатынын айтқан. Ал келер шақтың а) кесімді келер шақ, ә) болжалды келер шақ, в) мақсатты келер шақ, г) тілекті келер шақ деген төрт түрін береді. Қазіргі грамматикаларда Қ.Жұбанов көрсеткен өткен шақ пен келер шақ бірдей жүретін “сенімсіз төл шақ: жазса игі еді” рай категориясында қаралады. Осы шақты дағдылы осы шақ (қазір ауыспалы осы шақ), дәл осы шақ (қазір нақ осы шақ) деп бөледі. Отыр, тұр, жатыр, жүр етістіктерінің морфологиялық түрленуіндегі айырмашылықтары және семантикалық белгілерінің әртүрлі болуына ғалым назар аударып, дәл осы шақты (нақ осы шақ) білдірудегі мағына реңктеріне айрықша тоқталған. Атап айтар болсақ, отыр, тұр, жатыр, жүр етістіктернің осы шақ көрсеткіштері екені; көмекші етістік қызметінде болуы; шақ, жақ қосымшаларын қабылдауы; екі райдың (ашық рай, бұйрық рай) көрсеткіші болуы; қимылдың өту сипаты мағынасын білдіруге қабілеттілігі айтылады. Ғалымның, әсіресе, нақ осы шақ көрсеткіштерінің семантикалық ерекшелігін сипаттауын қазақ тіл білімінде семасиология саласы бойынша алғашқы жаңалық деп санау орынды [20].
Қ.Жұбановтың ой-пікірін Н.Оралбаева дамытып, ғылыми тұрғыда аналитикалық форма деп дәлелдеді [168]. Н.Сауранбаев көсемшелер жайлы мақалалары мен кітабында көсемшелермен тіркесіп, күрделі етістік жасайтын төрт етістіктің осы шақтық мәнінде қолданылуын, өзге шақтардың да мәнін беретінін нақты мысалдармен түсіндіреді [219]. Бұдан кейін Ш.Х.Сарыбаев өз мақаласында қалып етістіктерінің жіктелу ерекшеліктері мен шақтық мәнін арнайы сөз ете келе, бұл етістіктерді осы шақ көрсеткіші деп таныды [166].
Шақ категориясы жайлы жазылған бірден-бір монографиялық еңбектің бірі – Т.Қордабаевтың “Қазіргі қазақ тіліндегі шақ категориясы” (1953) еңбегі. Ғалым түркі тілдеріндегі шақ категориясының зерттелу тарихынан бастап, қазіргі қазақ тіліндегі шақ категориясы жайын жүйелі түрде, ғылыми тұрғыда баяндайды. Автор етістік шақтарын, оның мағыналық түрлерін былайша топтастырады.
1. Өткен шақ (айғақты, айғақсыз);
2. Осы шақ (нақ осы шақ, жалпы осы шақ, ауыспалы осы шақ);
Келер шақ (сенімді келер шақ, сенімсіз келер шақ).
Т.Қордабаев қалып етістіктерін мағыналық ерекшеліктеріне қарап, “жатыр”, “жүр” етістіктерін - жалпы осы шақ деп, “тұр”, “отыр” етістіктерін нақ осы шақ деп атаса дұрыс болар еді дейді. Бұларды бөлудегі критерий етіп, “жатыр”, “жүр” етістіктерінің ұзаққа созылатын іс-әрекеттерді білдіруі ғана емес, іс-әрекеттердің арасында үзілістердің болуында, дәл сөйлеу үстінде ол әрекеттердің болып жатпауын негізге алады [226]. Дегенмен ғалымның шақ түрлерін мағыналық жағынан топтастыруы қазіргі грамматикаларға ұқсас келеді.
Тағы бір шаққа байланысты мақаласында автор әдеби тіліміздегі етістіктер ішінде ешқандай қосымшаның көмегінсіз-ақ өздерінің лексикалық мағыналары арқылы сөйлеу үстінде болып жатқан іс-әрекет, жай-күйлерді білдіретін осы шақтың бірден-бір көрсеткіші деп отыр, тұр, жатыр, жүр етістіктерін атайды [167].
Д.Жүнісов өз мақаласында етістік шақтарын ұйғыр тіліндегі етістік шақтарымен салыстыра қарастырса [227], М.Томанов етістіктің шақ тұлғаларының қалыптасуын М.Қашқари еңбегімен байланыстырады [228].
А.Хасенованың “Қазақ тіліндегі етістіктің лексика-грамматикалық ерекшеліктері” атты монографиясында шақ категориясын зерттеген өзге ғалымдар еңбегімен салыстыра баяндайды [123].
Ә.Төлеуов етістік шақтарын былайша жіктейді:
1. Осы шақ (нақ осы шақ, ауыспалы осы шақ);
2. Өткен шақ (жедел өткен шақ, бұрынғы өткен шақ, ежелгі өткен шақ, тиянақсыз өткен шақ, ауыспалы өткен шақ);
3. Келер шақ (болжалды келер шақ, мақсатты келер шақ, ауыспалы келер шақ). Тұйық етістікке -да, -де қосымшасы, одан кейін жіктік жалғауы жалғану арқылы ауыспалы осы шақ жасауға болады дейді [159]. Ал А.Ысқақов оқулығында бұндай формаларда ешқандай да вербалдық мағына болмайтындықтан және оған етістікке тән қосымшалар қосылмайтындықтан, етістіктің шақ формасы ретінде қарастырылмауға тиістілігін ескертеді [11]. Сондай-ақ ол етістіктің шақ категориясының әр саласын мағыналық жақтан үш топқа ғана бөледі (өткен шақ: анық өткен шақ, танық өткен шақ, неғайбыл өткен шақ; осы шақ: жалпы осы шақ, нақ осы шақ, неғайбыл осы шақ; келер шақ: жалпы келер шақ, болжалды келер шақ, мақсатты келер шақ). Біздің ойымызша, автордың бұлай топтастыруы, ғылыми тұрғыдан алғанда тиімді сияқты.
С.Исаев шақтың үш түрін дәстүрлі грамматикада, соның ішінде А.Ысқақовтың, Ы.Мамановтың жіктемелеріне, «Қазақ тілінің грамматикасында» (1967) көрсетілген шақтың түрлеріне сипаттама берумен шектеледі. А.Ысқақовтың неғайбыл осы шақ деп көрсеткен формаларды (айтқалы жүр, барғалы тұр, келейін деп жатыр) осы шақ деп тануға болмайды деген пікір айтады (28, 200).
Ж.Түймебаев өткен шақ формасы, оның жіктелуі, транспозициясы (шақ формаларының ауысып қолданылуы) және классификациялау принциптері туралы бірнеше мақала жариялады. Әсіресе, өткен шақ формаларын классификациялау принциптеріне байланысты мақаласында автор оқулықтар мен зерттеу еңбектеріндегі өткен шақ түрлеріне берілген анықтамалардың тіл ғылымының қазіргі деңгейіне сай еместігін, өткен шақтың грамматикалық табиғаты жеткілікті ашылмағандығын т.б. шешімін таппаған мәселелерді сөз етеді [229].
Жоғарыда аталғандардан басқа да ғалымдар еңбектерінде шақ категориясының шағын топтары әртүрлі көрсетілген.
Ғылыми ізденісіміздің негізгі арқауы болып отырған Ы.Маманов еңбектерінде шақ категориясына мынадай сипаттама беріледі: “Грамматикалық шақ категориясының қарастыратын мәселесі, объектісі – істің, қимылдың болған нақты мезгілі де емес, нақты мезгілін білдіретін жеке сөздер де емес, шақтық мағына білдіретін етістіктің қалыптасқан грамматикалық формалары. Шақ формалары істің, қимылдың нақтылы өту кезін дәл көрсетпейді. Олардың шақтық мағынасы абстракт түрде сөйлеу кезімен өлшенеді. Былайша айтқанда, етістіктің шақ формалары сөйлеу кезінен бұрын, сөйлеу кезінен кейін және сөйлеу кезінде болатын қимылдың, уақиғаның уақытын жалпы түрде көрсетеді [72]. Ғалымның тұжырымдауынша, қимылдың, уақиғаның дәл өту мезгілін сөйлемде нақты түрде мезгіл үстеулерімен және жыл санын көрсететін сан есімдермен тіркеу арқылы ғана білдіре алады. Бұл тұжырымның функционалды грамматиканың зерттеу нысанына сай айтылғандығын атап айту керек. Шақ формалары сөйлеу деңгейіндегі тұтас берілетін шақтық мағына білдірудің бір ғана элементі. Сөйлеуде шақтық мағына, Ы.Маманов көрсеткендей, лексикалық бірліктер арқылы ғана анық көрінеді. Ғалым тіл мен сөйлеу деңгейлерінің арасындағы мағыналық айырмашылықтарды тани білген.
Ы.Маманов шақ формаларының мағыналық ерекшелігіне баса назар аударған. Шақ түрлерінің атаулары шартты түрде алынған терминдер деп көрсетеді. Атап айтар болсақ, өткен шақты – жедел өткен шақ, бұрынғы өткен шақ, ежелгі өткен шақ, дағдылы өткен шақ, қатысты өткен шақ деп бес түрге бөлгенімен, олардың арасындағы айырмашылық – әртүрлі мезгілдік мағына білдіруінде емес, әрқайсысына тән өзіндік семантикасында екендігін дәлелдейді. Ендеше ғалымның өткен шақтың әр түріне байланысты көрсеткен мағыналық реңктің сөйлемде берілуіне тоқталайық:
1. Жедел өткен шақ формасы сөйлеушінің сөйлеу кезінен бұрын болып өткен қимылды жай хабарлау түрінде баяндауын білдіреді (Мен кітапханаға кеттім).
2. Бұрынғы өткен шақ формасын сөйлеуші сөйлеу кезінен бұрын болған істі жай хабарлау түрінде емес, тыңдаушыға сол өткендегі істің, қимылдың болу, болмау нәтижесін баса түсіндіріп, соған көңіл аудару керек болған жағдайда қолданады (Мен ол жігітті жақсы танимын, институтта бірге оқығанбыз).
3. Сөйлеуші сөйлеу кезінен бұрын болып өткен істі, қимылды өз көзімен көрмей, екінші бір адамның айтуымен немесе басқа бір жағдай арқылы білдірсе, оны ежелгі өткен шақ формасында баяндайды (Қайырбек кеше Москвадан қайтыпты).
4. Дағдылы өткен шақ сөйлеу кезінен кем дегенде жарты не бір жыл бұрын болып өткен істі, қимылды білдіреді және істің, қимылдың ертеректе бірнеше рет қайталанып, әдетке, дағдыға айналғандығын көрсетеді (Әбдірахман әкесі үшін қатты қиналып, оңашада ұзақ ойланып жүруші еді (М.Әуезов).
Қатысты өткен шақ формалары сөйлеу кезінен бұрын болып өткен іс, қимылдың екінші бір өткен қимылмен ұштасып, соған байланысты өткендігін немесе белгілі бір мезгіл ішінде өткендігін көрсетеді (Мен кеше киноға барып едім).
Ал келер шақ жөнінде ғалым “сөйлеу кезінен кейін болатын істі, қимылды білдіретін етістік формасы” деген анықтама береді де, оның үш түрін көрсетеді: а) ауыспалы келер шақ (жаз+а+мын); ә) болжалды келер шақ (жаз+ар+мын); б) ниет келер шақ (жаз+бақ+пын).
Ауыспалы келер шақ формасы дәл сөйлеу кезіндегі болып жатқан істі, қимылды білдіре алмайтындықтан, оның негізгі мағынасы – осы шақтық емес, келер шақтық. Ал осы шақ мағынасында жұмсалуы оның ауыспалы мағынасы екендігін айтады. Яғни бұл форма контекске байланысты анықталады.
Ал әрбір шақ формаларының шақтық мағынасы сөйлемде мезгіл үстеулерімен тіркескенде айқындала түсетіні белгілі. Бұл тұрғыдан ғалым мезгіл үстеулерін горизантальды және көлемдік деп екіге бөледі. Мезгіл үстеулерін етістік формаларымен тіркестіре отырып, мынадай тұжырым жасайды: горизанталь мезгіл үстеулері (жаңа, әлгінде, кеше, алдыңғы күні, былтыр, баяғыда, ертеде, соңыра, біраздан, ертең, бүрсігүні, келесі айда, ендігі жылы т.б.) өткен шақ және келер шақ етістік формаларымен тіркесіп, осы шақ формасымен тіркеспейді. Ал көлемдік мезгіл үстеулері (қазір, бүгін, осы кезде, осы айда, биыл т.б.) етістіктің өткен шақ, келер шақ, және осы шақ формаларымен түгел тіркесе береді (Биыл келдім. Биыл келемін. Биыл келіп жүрмін). Сөйтіп, ауыспалы келер шақ көп жағдайда жалпы осы шақ мағынасын беріп, кейде алдыңғы сөйлемнің әуеніне қарай, өткен өткен шақтық ұғымда да жұмсалатындығына тоқталады.
Ы.Маманов болжалды келер шақ формасын сөйлеушінің сөйлеу кезінен кейін бір қимылдың, істің болу-болмауы туралы сенімді түрде айтпай, болжай айтуын білдіреді деп түсіндіреді. Сонымен бірге, субъективтік мәнде сөйлеушінің бір іске көзқарасын білдіретіндіктен, болжалды келер шақты ашық райға жатқызбайды (ертең барармын). Ал мақал-мәтелдерде ашық рай мәнінде айтылатындығына төмендегідей мысалдар келтіреді:
Достарыңызбен бөлісу: |