Байланысты: Жанторинов С. Д. - 13-14 жас аралығындағы гір көтеруші спортшылардың дене дайындығы деңгейін арттырудың әдістемелік ерекшеліктері - Дене шынықтыру және спорт
Шапшаңдық. Гір көтеруші үшін ең маңызды қасиет – шапшаңдық. Бұл дене қасиеті адамның қозғалыс әрекеттерін ең қысқа уақыт аралығында орындау қабілеті. Жылдамдық жүйке процестерінің қозғалғыштығына байланысты. Көптеген зерттеулер жасөспірімдердің негізгі физикалық қасиеттерінің жастық аспектісінде даму динамикасының маңызды заңдылықтарын анықтады. Мысалы, бір реттік қозғалыс жылдамдығының көрсеткіштері 7-9 жастан 13-15 жасқа дейін тез өседі (бір реттік қозғалыс жылдамдығы, бір орыннан секірудің ұзақтығы). 13-15 жаста шапшаңдық өз дамуының ең жоғарғы шегіне жетеді. Бұл бойдың өсуі мен жетілуі секілді табиғи процестерге байланысты. Осы жас кезеңінде шапшаңдықты дамытуға ерекше назар аудару керек. Шапшаңдықты дамыту үшін қолданылатын әрбір дене жаттығуы ең тез қарқынмен немесе соған жақын орындалуы керек.
13-14 жаста жеке қозғалыстарды орындау жылдамдығы көрсеткіштерінің мәндері ересектердің деректеріне жақындайды. Жеке қозғалыстардың жылдамдығын арттырудың ең жоғары тиімділігі 9-14 жаста тіркеледі [52,53,54].
Дене қасиетінің маңызды құрамдас бөлігі - шапшаңдық, бұл дене жаттығуларының жиілігі немесе қарқыны. Отандық мамандардың зерттеулері бойынша 13-14 жастағы жасөспірімдер қозғалыстың белгіленген қарқынын жақсы ұстап қозғала алады.
Шапшаңдықтың дамуы бұлшықетке берілетін жүйке импульсінің жүзеге асу жылдамдығы мен тиімділігіне, жүйке процестерінің қозғалғыштығына тікелей байланысты. Сондай-ақ, бұл дене қасиетінің көрінісі бұлшықет талшықтарының жиырылуының энергия көзі - аденозин үшфосфор қышқылының ресинтезін қамтамасыз ететін биохимиялық деңгейде өтетін реакциялардың жылдамдығымен тығыз байланысты.
Дене жаттығуларын жоғары жылдамдықпен тез қарқынмен орындау адамның бойы, дене салмағы сияқты морфологиялық ерекшеліктеріне ғана емес, сонымен қатар функционалдық ерекшеліктеріне де байланысты мүмкін болады. Сонымен, 13-14 жастағы балаларда бойының өсуі мен жүгіру жылдамдығының арасында тығыз байланыс бар. Мысалы, бойы ұзын жасөспірімдер дене жаттығуларын орындау кезінде осы қасиеті жағынан бойы қысқа құрдастарынан айқын артықшылықтарын көрсетеді. Жасөспірім жаста жыныстық жетілу деңгейі мен соған байланысты физикалық даму дәрежесі жылдамдық қабілеттерінің көрінуінде жетекші рөл атқарады [55,56,57].
Зерттеу мәліметтерін жинақтай келе, келесіні айтуға болады. Әр түрлі спорт түрлеріне маманданған мектеп жасындағы балалар үшін онтогенездегі қозғалыс шапшаңдығының артуы заңдылық. Бұл дене қасиетінің жекелеген көрсеткіштері балалық шақта ересектердікіне жақын мәнге жетеді. Жасөспірімдердегі шапшаңдықтың қарқынды дамуы олардың ағзасының жоғары пластикалығына, жүйке процестерінің қозғалғыштығына, шартты рефлекторлық байланыстардың салыстырмалы түрде оңай қалыптасуына тәуелді [58].
Қозғыштық пен жүйке импульстарының бұлшықетке берілу жылдамдығы тіпті бастауыш мектеп жасындағы балалардың жылдамдық қасиеттерін көрсетуге толық жеткілікті. Шапшаңдықты одан әрі жетілдіруге күш салынбаса, бұл қасиеттің дамуы 13–15 жаста аяқталады. 14-15 жаста шапшаңдықтың артуына негіз болатын жасқа байланысты функционалдық және морфологиялық қайта құрылымдау қарқыны төмендейді. Осыған байланысты жоғары жылдамдықтағы жаттығулардың тиімділігі де төмендейді.