12-практикалық сабақ Тақырыбы : 1.Тұқымның түзілуі немесе пайда болуы. Бұл кезең ұрықтанғаннан өсу нүктесінің (ұрықтың) пайда болу аралығын қамтиды. Аналық өсімдіктен ажыратқанда ұрық әлсіз өскін бере алады және бұл кезеңнің ұзақтығы дақылдарға қарай әртүрлі: күздік бидайда – 7-9 тәулік, жаздық жұмсақ бидайда – 7 тәулік, жаздық қатты бидайда – 10, ал жүгеріде – 10-15 тәулік ж.б.
2.Тұқымның (дәннің) қалыптасуы – ұрықтың пайда болуынан сортқа, буданға тән дәннің түпкілікті ұзындығына жеткенге дейінгі кезең. Бұл кезеңнің ұзақтығы ауа райына, дақылдарға, сорттарға т.б. байланысты шамамен 10-14 тәулікке созылады. Бұл уақытта тұқым (дән) негізінен ұзындығына өседі, дәннің барлық құрам бөліктері қалыптасады да ұрықтың оқшаулануымен аяқталады. Дәннің ішіндегісі сулы жағдайдан сүтті күйге айналады, өйткені эндоспермде крахмал дәндері болады және хлорофилдің молаюынан дән қабығы жасылданады. Қарастырылып отырған кезеңде тұқымда ажырамайтын су мөлшері көп те құрғақ заттар аз, кезеңнің соңына қарай толық пісудің 15-35% құрғақ заттары жинақталады. Тұқым ылғалдылығы қалыптасуының бас кезінде 80 % шамасында, ал соңына қарай 65 %-ға дейін төмендейді. Эндосперм күйіне сәйкес бұл кезеңді екі сатыға бөлуге болады: қоймалжың-сұйық және сүттену алдындағы күйлері: қоймалжың-сұйық күйінде дәннің ылғалдылығы 80 %, ал сүттену алдында – 65 %-ды құрайды.
3.Тұқымның (дәннің) толысуы. Қорлық заттардың қарқынды түрде жинақталуымен сипатталады. Азотты заттар амин қышқылдары мен төмен молекулалы ақуыз (белок) түрінде жинақталады, көмірсулары (углеводтар) сахароза мен глюкоза – фруктоза түрінде және крахмал синтезделеді, ал май синтезі өте аз мөлшерде болады.
Тұқым бұл кезеңде негізінен қалыңдығы мен көлденеңіне барынша ұлғайып өседі, эндосперм ткандары толығымен құралады. Құрғақ заттардың молаюына байланысты (толық пісудегі мөлшердің 85-90 %) тұқым ылғалдылығы 40 %-ға дейін төмендейді. Бұл кезеңнің ұзақтығы 20 тәуліктей, бірақ ауа-райы құрғақ, әрі ыстық болғанда 12-15 тәулікке дейін қысқарады да, күн салқын әрі ылғалды болғанда 25-30 тәулікке дейін созылады. Бұл кезеңді екі сатыға ажыратуға болады: сүттене пісу-дәннің консистенциясы сүт тәрізді ақ масса, қабығы жасыл түсті; қамырлана пісу – эндоспермі қамыр түстес күйге ие болады, дән қабығы сарғыштана бастайды, өйткені хлорофилл жоғалады (ол тек қана дән тілігінде сақталады). Өсімдік сарғая бастайды, жасыл түс жоғарғы жапырақтар мен масақша қауызында ғана сақталады.
4. Пісу – дәннің толысуы аяқталғанша басталады. Бұл кезеңде пластикалық (қорлық) заттардың қозғалуы әлі тоқтамайды (10 – 15%), бірақ оның пәрменділігі төмендейді және балауызданып пісудің ортасына қарай толық тоқтайды. Тұқымдарда (дәндерде) полимеризация жүреді де, пластикалық заттар қорға айналады. Мәселен, алейрон дәндері мен клейковиналы (дән уызы) ақуыздар (белоктар) түзіледі, қорлық крахмал синтезделеді, тұқым аналық өсімдіктен ажырай бастайды, бұл кезде оның ылғалдылығы қоршаған ортаға байланысты өзгереді: күндіз, әсіресе тал түсте тұқым құрғақтау болады, ал кешке қарай және түнде олар ылғалданады. Сондықтан тұқымдық алқаптарда (егістікте) дестелерді күндізгі сағаттарда бастыру керек. Бұл кезеңде эндосперм балауызданып, созылмалы болады, тұқым ылғалдылығы 40 – 20% - ға дейін төмендейді. Пісу кезеңінің ұзақтығы метеорологиялық жағдайларға байланысты 6 – 12 тәулікке созылады.
Пісу кезеңі екі қосымша кезеңге (сатыға) бөлінеді: балауыздануыжәне толық пісуі. Блауызданып пісудің өзі үш деңгейге бөлінеді: басы, ортасы және соңы. Балауызданып пісудің бас кезінде дән жасыл түсін мүлде жоғалтады, іріленіп жылтырланады, тырнақпен жеңіл кесіледі. Бұл сатыда негізінен қоректік заттардың қозғалуы аяқталады (толық пісуден 95 – 98%). Балауызданып пісудің ортасында дән әлі тырнақпен кесіледі, эндосперм ақ, ұнды немесе жылтыр. Бұл кезеңде тұқымда пісу үрдісі аяқталады, тұқымдық егістіктерді дестеге шабуға болады. Балауызданып пісудің соңында дән тырнақпен кесілмейді, бірақ оның ізі қалады, ылғалдылығы 20 – 25%-ға дейін төмендейді де көлемі мен түсі толық пісу кезеңіндегі сияқты болады. Тұқымдық алқаптарды осы кезеңде шапқан дұрыс. Қазақстан Республикасының «А. И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми - өндірістік орталығы» РММ – нің деректеріне қарағанда бидай тұқымының өнімі осы кезеңде орғанда, дән ірілігінің есебінен жоғары болады: балауызданып пісудің басында бидайдың 1000 дәнінің массасы – 32 г, соңында – 35,2г болады; сонымен қатар балауызданып пісудің соңында орғанда өсімдіктер дестеде аз уақыт жатады (3 – 4 тәулік), мұның өзі тұқым сапасына жақсы әсер етеді, өйткені қосалқы ылғалдану мүмкіндігі азаяды.