Дәрістің тақырыбы:Су гигенасы малды сумен қамтамасыз ету Дәрістің мақсаты: Ауыл шаруашылық малдарын суару жүйелерімен танысу
Қарастырылатын сұрақтар: 6.1. Суға қойылатын санитариялық – гигиеналық талаптар және оның құрамы мен қасиеттері (физикалық, химиялық, биологиялық).
6.2. Табиғи су көздері, оларды салыстырмалы сипаттау және гиигеналық бағалау.
6.3. Судың ластану көздері және оны қорғау (паспорттау, санитариялық күзет аймағы – СКА және т.б.)
6.4. Суды тазалау, жақсарту, сапасын арттыру және зарарсыздандыру.
6.5. Ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету жүйелері.
6.6. Малды суару тәртібі және суару жабдықтарына қойылатын талаптар.
6.1 Суға қойылатын санитариялық-гигиеналық талаптар және оның құрамы мен қасиеттері (физикалық, химиялық, биологиялық). Малдың денсаулығына судың физикалық жағдайы, оның химиялық құрамы, микробпен ластануы және т.б. көрсеткіштер әсер етеді.
Сапасы төмен (мөлдір емес, бөгде иісі мен дәмі бар) жылымшы сумен малды суарғанда асқазан – ішек жолдары бездерінің сөл бөлу қасиеті төмендейді.
Мал организміне нитраттар мен нитриттер кері әсер тигізеді, олар аминдермен қосылыс түзе отырып организмге өте қауіпті нитрозаминдер ( белсенді канцерогендер) түзеді.
Салқын сумен суарғанда организм салқындайды, ас қорыту қызметі нашарлайды, буаз малдарда іш тастау болуы мүмкін.
20ºС температурадағы жылы сумен суарғанда суыққа төзімділігі төмендейді, мал аурушаң келеді. Ересек малдар үшін судың температурасы 10 – 12 ºС, буаз малдар үшін 12 – 15 ºС, ал төлдер үшін 15 - 30ºС болу керек.
Судың құрамына оның пайда болу жағдайлары, техногендік және антропогендік факторлар әсер етеді.
Су қалдығының негізгі бөлігін сульфаттар және хлоридтер алады (хлоридтер – 350 мг/л, сульфаттар – 500 мг/л).
Құрамында минералды заттар тым көп болса, организмде су-тұз тепе-теңдігі бұзылады, ұлпалардың гидрофильдік қасиеті артады, диурез төмендейді, іш өтеді, зәр жолдарында тас пайда болады.
Суда минералды зат алмасуға қатыса отырып, организмде зат алмасудың катализаторы болып табылатын 65-ке жуық микроэлементтер табылған. Олар аз немесе көп болғанда патология дамиды (флюроз, зоб және т.б.).
Суға малды уландыратын улы заттар (дезинфектанттар, пестицидтер) түсуі мүмкін.
Су арқылы кейбір вирустық, инфекциялық және инвазиялық аурулар жұғуы мүмкін ( сібір жарасы, эмкар, бруцеллез, туляремия, пастереллез, сальмонеллез, маңқа, аусыл, оба, лептоспироз, көптеген паразитарлы аурулар).
Судағы микроорганизмдердің тіршілік ету ұзақтығы оның температурасына, құрамындағы органикалық заттардың және еріген компоненттердің химиялық құрамына байланысты (ішек таяқшасы 21-183 тәулік, паратиф А қоздырушысы 3-88 тәулік өмір сүреді).
Судағы патогенді микроорганизмдерді анықтау үшін судың ластануының жанама бактериологиялық көрсеткіштерін қолданады – коли-титр, коли-индекс, микроб саны.
Су сонымен қатар инвазиялық бастаудың тасымалдаушысы немесе инвазиялық ауруларды тудыратын қоздырушыларының аралық иесінің тіршілік ету ортасы болуы мүмкін(фасциолез, кокцидиа, малярия, диктиокаулез және т.б.).
Малды суаратын су құрамы және сапасы бойынша Сан ПиН 2.1.4.1071-01(кесте) қарастырылған барлық санитариялық ережелер мен нормалар талаптарына сай болуы керек. Қазақстанда стандарт жоқ, алайда, ауыз суға қойылатын Сан ПиНбар “Санитарно – эпидемиологические требования к качеству воды централизованного водопровода”.
Эпидемиологиялық тұрғыдан судың қауіпсіздігі дегеніміз – оның микробиологиялық және паразитологиялық нормативтерге сай болуы (кесте).
Химиялық құрамына байланысты судың қауіпсіздігін мына нормативтерге байланысты анықтайды:
1) жалпы көрсеткіштер, табиғи суларда жиі кездесетін химиялық заттардың болуы, сонымен қатар әлемге тараған антропогенді заттардың болуы (кесте).
2) суды өңдегенде пайда болатын немесе оған түсетін зиянды химиялық заттар (кесте).
3) адамның тіршілік ету салдарынан су көздеріне түсетін зиянды химиялық заттар.