Оқу үшін бағалау Оқу үшін бағалау кезінде қолданылатын қадағалау, интерпретация және критерийлер оқуды бағалау кезінде қолданылатын өлшемдерге ұқсас болуы мүмкін, бірақ олардан туатын қорытынды мен шешім басқа сипатта болады. Негізінен, ОүБ балалар оқу үдерісінің қандай кезеңінде екені, әсіресе олардың мықты және әлсіз жақтарының сипаты мен себептері қандай екендігі туралы алынған мәліметтерге басты назар аудартады. Осылайша, ОүБ қорытындысы бұдан әрі дамыту үшін олардың не істеуі мүмкін екендігіне негізделген.
Бағалауды Реформалау Тобы (2002) оқу үшін бағалауға мынадай анықтама береді:
Оқу үшін бағалау – бұл білім алушылар өздерінің оқудың қандай сатысында тұрғанын, қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін оқушылар мен олардың мұғалімдері қолданатын мәліметтерді іздеу және түсіндіру үдерісі.
Берілген анықтаманың маңызды элементтерінің бірі оқушылардың деректерді қолдануына екпін жасауы болып табылады. Бұл жерде мұғалімдер жалғыз бағалаушы тұлға болмайтындығына назар аударылады. Оқушылар өздерінің сыныптастарын және өздерін бағалауға тартылуы қажет, әрі мұғалімдер бағалауды белсенді жүргізген кезде, бұл үдеріске оқушылар да белсенді қатысуы керек.
Талпынғандар ғана білім ала алады. Білім алушылар өз білімін арттыру үшін бағалауды үйренуі қажет, сондықтан оқушыларға өзінің оқуын жақсарту үшін кері байланыс арқылы алынған ақпаратқа сәйкес жұмыс істеу қажет. Бұл олардан түсінушілікті, қызығушылықты және ықыласпен әрекет етуді қажет етеді. Аталған тұжырым оқыту мен оқу тәжірибесі үшін аса маңызды әрі өзекті болып табылады.
Жиынтық мәліметтерді білім беру құралы ретінде пайдалану Оқушылар тобынан жүйелі түрде жиналатын балдары мен деңгейлері туралы мәліметтер әдетте «деректер» деп аталады. Жинақталған жиынтық деректер мұғалімдердің жұмыс үлгісін сәйкестендіруіне және күтілетін деңгейден жоғары немесе төмен дәрежеде жұмыс істейтін топтарға ерекше назар аударуына ықпал етеді. Сонымен қатар, алдағы нәтижелерге қалай қол жеткізілгенін біліп, одан кейінгі іс- әрекеттерін жоспарлау үшін де мектептер «деректерді» жинайды. Осылайша, жеке оқушы деңгейінде жиынтық бағалау жетістіктер деңгейін және оқушының әрі қарай дамуы үшін мақсат ретінде берілетін кейінгі деңгейлерді анықтау үшін қолданылады. Бірақ, бұдан кейінгі кезеңдерде оқушыларды қолдауды қамтамасыз ету басты міндет болатын болса, онда баллмен деңгейлерді анықтау үшін ұсынылатын негіздемелер мен өлшемдер міндетті түрде аса мұқият зерделенуге тиіс. Орындалған тапсырманың негізгі аспектілеріне қатысты сапалы ақпарат оқушылармен кері байланыс үшін қолданылу мүмкін екендігін ұмытпау керек. Мысалы, егер балаға оның белгілі деңгейге жеткендігін айтса, бұл оған үздік нәтижеге жету үшін не істеу керектігін түсінуге көмектеспейді; ал баламен бірлесіп ненің нәтижесінде мұндай баға алғандығын және бағалау критерийлерін түсіндіріп, талдау жасаса, бұл балаға өзінің нәтижесін жақсарту үшін кейін не істеу керектігін түсінуге мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, (сандық түрдегі) жиынтық бағалау басты мәселе емес, сондықтан мұғалім оларға негіз болған деректерге (қадағалау және интерпретация) қайтып оралады.
Бағалау сипатын өзгерту арқылы оқуды бағалау оқу үшін бағалауға ауыстырылуы мүмкін. Алайда бұл тікелей оқуға үлес қосатын мәліметтерді алу үшін жоспарланбағандықтан, оқу үшін бағалауды ескере отырып жоспарланған бағалаумен салыстырғанда, бұл бағалау қолданылған мақсат үшін онша сәйкес келмеуі мүмкін. Мұғалім жүргізетін жиынтық бағалауға қарағанда сыртқы тестілеу одан да күрделі болып табылады, себебі мұғалімдердің бұл бал- дар мен деңгейлерге негіз болған деректерді алуға үнемі мүмкіндігі бола бермейді, дегенмен, мұғалім жиі кездесетін қателерге талдау жасай алады.