1 Қолдану саласы
1.1 Осы Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты (бұдан әрі - Стандарт) орта білім берудің базалық мазмұнына, оқу жүктемесінің ең жоғарғы көлеміне, білім алушының даярлық деңгейі мен сапасына қойылатын талаптарды белгілейді; білім беру салалары бойынша білім, іскерлік және дағдыларды, түйінді құзыреттіліктер түріндегі күтілетін нәтижелерді нақтылайды; білім алушының табысты әлеуметтенуіне ықпал етеді.
1.2 Осы Стандарт:
- білім беру ұйымдарының меншік нысанына, типіне және түріне қарамастан бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарына;
- педагог кадрларды даярлауға арналған оқу бағдарламаларын әзірлеген кезде орта білімнен кейінгі білім берудің кәсіптік бағдарламаларын іске асыратын жоғары оқу орындарына, білім беру ұйымдарына;
- білім беру бағдарламаларын, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін әзірлеген кезінде ғылыми және оқу орындарына, білім беру саласындағы мамандарға;
- педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағдарламаларын әзірлеген кезінде білім беру жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институттарына;
- білім алушыларды қабылдаған кезде білімін бақылау үшін техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына;
- жоғары оқу орындарына қабылдауға арналған бақылау-өлшеуіш материалдарын әзірлеген кезінде мемлекеттік басқару органдарына;
- білім алушының оқу сапасына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырған кезінде білім беру саласындағы уәкілетті және жергілікті атқарушы органдарға қолдану үшін арналған.
Стандарт Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару органдары мен ұйымдары білім беру қызметін лицензиялаған, білім беру ұйымдарын аттестаттаған, жұмыс оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларын дайындаған, осы құжаттардың орындалуын бақылаған кезде пайдаланылады.
2. Нормативтік сілтемелер
Осы стандартта келесі нормативтік құжаттарға сілтемелер пайдаланылды:
Қазақстан Республикасының Конституциясы;
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы. 27.07.2007 ж, № 319-III ҚРЗ, Астана. Ақорда;
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 11.07.1999 ж, №151-1;
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, 11.10.2004 ж, № 1459;
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың 2006 жылғы 1 наурыздағы «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына ену стратегиясы» атты Қазақстан халқына жолдауы;
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың 2007 жылғы 28 ақпандағы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына жолдауы;
«Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын әзірлеудің, бекітудің және қолданылу мерзімдерінің тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 2 қыркүйектегі № 1290 қаулысы;
ҚР МЖБС 2.003-2002 Қазақстан Республикасының орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты. Негізгі ережелер;
ҚР СТ 1.5-2004 Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитетінің Стандарттардың құрылуына, баяндалуына, ресімделуіне және мазмұнына қойатын жалпы талаптары.
|