Джек Лондон. Мартин Иден



Pdf көрінісі
бет4/48
Дата22.09.2023
өлшемі1,5 Mb.
#109789
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   48
Төртінші тарау
Жездесімен шекісіп қалғаннан кейін құйқа тамыры шіміркенген Мартин
Иден қараңғы ауыз үйді қармалап жүріп, бөлмесін əрең тапты; бұл — бір
керует, бір аспалы құман, бір ғана стул сиятын қобдишадай тар үйшік-ті.
Мистер Хиггинботам тым сараң кісі ғой, зайыбы жұмыс істей алатын
болған соң, үй күтуші əйел жалдамаған. Оның үстіне бір бөлмені екеу етсе,
пəтерге екі кісі жіберуге болатыны тағы бар. Мартин Суинберн мен
Браунингтің кітаптарын стул үстіне қойып, пенжагын шешіп, керуетіне
отыра 
кетті. 
Пружина 
дене 
салмағын 
ауырсынғандай, 
ыңырана
күрсінгендей болды, мұны ол елеген жоқ. Башмағын шешпекке еңкейе
бергенде, қарсы алдындағы ақ қабырғада төбеден өткен жаңбыр суының
қарауытқан теңбіл-теңбіл дағын байқады да, соған қадалып қарай қалды.
Теңбілдер бір сəт қыбырлап, қимылдап, елеске айналды. Башмағын шешу
есінен шығып кеткен Мартин қабырғадан көзін алмай аңырып ұзақ
отырды, бір кезде ерні қимылдап «Руфь!» деп сыбыр етті.
«Руфь!» Мартин жай дыбыстың да жан тербейтінін білмеуші еді. Мына
дыбыс жүрегіне өте жылы тиді, елжіреп, қайта-қайта: «Руфь, Руфь» дей
берді. Қыз есімі дуалы тұмар тəрізді; аузына түссе, ақ дидары көз алдына
келіп, қабырғаға алтын нұрын түсіреді. Қабырғаға ғана емес — шексіз
əлемге шашырайды, өзі қыздың жан дүниесін іздеп, шарқ ұрып жүрген
сонау алтын кеңістікке тарайды. Іштегі бар асылы асау ағындай сыртына
тебеді. Қыз ойына түссе, көңілі тасып, ізгілікке қолы жеткендей, нұр үстіне
нұр жауғандай қуанады, көкірегім аршылған үстіне осылай аршыла берсе
екен деген игі үміт туғызады. Бұл бір жаңалық. Мартин бұрын-соңды
мұндай əйел ұшыратқан емес. Қайта басқа əйелдер əдепсіз, дөрекі хайуан
қып жіберетін. Сонда да көпшілігі-ақ, жақсы болсын, жаман болсын,
жаратсын-жаратпасын, əйтеуір, бар жақсысын аяп қалмағанын Мартин
түсінбеуші еді. Өзі туралы ол ешқашан да ойланған адам емес, кісінің
жүрегінде сүйіспеншілік сезімін оятатын қасиеті барын білмейтін де, көп
əйел сыртынан назар салып жүретінін байқамайтын. Əйел жанаспаса,
əйелді өзі іздеген емес, жақсыдан шарапат дегендей бірен-саран бикешке
алда-жылда шарапатым тиді деп ойлаған да емес. Иə, күні бүгінге дейін
əйелге селқос қарағаны рас, сол себепті де оларға мен тиіскен жоқпын,


кірлі қолдарымен жабысып айырылмаған өздері деп ұйғарды. Жоқ, бұл
əйелдер жөнінде де, өзі туралы да əділ айтылған пікір емес. Бірақ солай
екенін ол түсінбеді, бəлкім, өзі жайлы ойланып əдеттенбегендіктен болар,
қайткен күнде де кəзір сорақы көрініп отырған кейбір жайттар есіне
түскенде, ұялғаннан жерге кіріп кете жаздады.
Бір кезде орнынан тұрып, аспалы құманның үстіндегі шыбын қонып,
қожырқайлаған айнаға қарады. Айна бетін сүлгімен сүртіп, өзіне-өзі біраз
қаранды. Бұл өмірінде бірінші қарануы-ды. Жіті де көреген көздері басқа
дүниенің алуан қилы құбылысына ауып кетіп, өзіне əлі түспеген ғой.
Айнадан жасы жиырмаға жаңа келген жас жігіттің жүзін көрді, сұлу ма,
жоқ па — айта алмайды, өйткені сұлулықтың парқын əлі білмейді. Жазық
маңдайының үстінде қауқиған сары бұйра шашына көзі түсті. Бұйрасын
əйелдер өте ұнатушы еді де, сылап-сипап бəйек болушы еді. Бірақ қыз үшін
оның маңызы жоқ екенін біліп, кідірмеді, құдды көзбен бұрандалап, ар
жағында не жатқанын көргісі келгендей өте-мөте маңдайына шұқшиды.
Осы менің миым қандай екен?—деп ойлады.— Бұл мидың не қызығын
көрем? Не мархабат табам онан? Қызға қолымды жеткізе алар ма деген
беймаза сауал көбейді.
Мартиннің көздері күн сəулесі түскен көк теңіздің айдынындай көгілдір
еді. Менің де көзімнен жаным көрініп тұра ма екен, қызға ұнар ма екен
деген ой келді. Ол бөгде біреудің, тіпті қыздың көзімен қарамаққа тырысты,
мұнан ештеме шықпады, бірақ. Əдетте, ол етене таныс адамдарының
ойындағысын тез сезе қоюшы еді. Ал қыз өмірінен мүлде бейхабар. Қыз
керемет құпия сыр, оның ойындағысын біле қою қиын. Иə, көз демекші,
мынау жауыз, зұлым адамның көзі емес, адал адамның көзі тəрізді деп
түйді, бетіне қарады, қоңырқайлау екен, таң қалды, мұндай қарамын деп
бұрын ойламаған еді. Жеңін шынтағынан жоғарырақ түріп, бет ажарын
қарымен салыстырып қарады. Жоқ, ақ екен, қолдарын да күн қағыпты.
Қолын көтеріп, күн тимеген жеріне қараса — аппақ. Мына тотыққан бетім
де, күнге күйгені болмаса, бір кезде осындай ақ болған ғой деп күлді;
денесінің күн тимеген жеріндей тəні аппақ əйел де аз екені есіне келген
жоқ.
Кей-кейде ашу жеңіп, уылжыған сезгіш еріндерін қатты жымқырып,
шамырқанғанда дүниеден тəрк, қатал, ызғарлы сияқты көрінетіні бар
демесеңіз, жалпы ауыз бітімі оймақтай əдемі, жауынгерге де, ғашық жарға
да лайықты еді. Оның ерні дүние рахатынан нəр алуға да, керек болса,


қайысып үнсіз қаһар төгуге де əзір. Иегі мен зілдей жақ сүйектері айбарын
аңғартқандай, қайраты сезімін билеп, ақылға жеңдіріп тұрғандай еді,
сондықтан ол сұлулықтың тазасы мен сезімнің мөлдірін ғана қалайды. Ал
маржандай тізілген аппақ тістеріне дантистің қолы тиген емес. Оны көріп
тістерім аппақ, беп-берік, теп-тегіс екен деді, бірақ кейбір кісілер күн
сайын тісін тазартады деуші еді деген көмескі ой келіп, өз-өзінен ұялды.
Бұл аузы таза ардақтылардың əдеті, қызбен сұбхаттасатын сырбаздардың
салты ғой. Қыздың өзі де тісін күн сайын тазартатын шығар. Мартин
өмірінде тісін тазартып көрмегенін білсе — қыз не дер еді. Күні ертең
үржаңа щетка сатып алып, тіс тазартып əдеттенуі жөн. Қыз көңілін құр
ерлігімен аударып алам деуі дұрыс болмас. Ол мұнан былай күтініп жүруге
ұйғарды; əдетте, қатырғы жаға кигенде мойнына бұғау салғандай көретін
əдетін қойып, енді тіс тазартудан бастап, мойынға жаға салуға дейін зор
өзгеріс жасауға бел байлады.
Мартин қолын көтеріп, алақанының күсін тырнады, терісіне кір-қолаң
əбден сіңіп кеткен, щеткамен ысқыласа да кетер емес. Шіркін, қыздың
алақаны қандай! Еске алудың өзі бір ғанибет. Раушан гүлдің желегіндей
жұп-жұмсақ; қардың қылауындай салқын да жеңіл. Əйелдің қолы мұншама
биязы, нəзік болады деп кім ойлаған. Шіркін-ай, қолын қысып, аяласа,
сипаса қайтер еді деп ойлағанда өз-өзінен ұялып, қызарып кетті. Бұл жаман
ойы қыздың рухани дүниесін қор ететін тым өжет қылық деп білді. Қыз
дүнияуи нəрсенің бəрінен аулақ, асқар биікті мекен еткен рух, денесіз қуат.
Дегенмен, оның мамықтай алақаны есінен кетпеді. Жігіт фабрикада
істейтін немесе үй жұмысынан ығыр болған бейнетқор əйелдердің көнтақа
қолдарына көзі үйренген ғой, əлбетте, мұның себебін де жақсы біледі.
Қыздың қолы... нəзік, жүмсақ болатын, себебі, ол қолдап, ешуақытта еңбек
етіп көрмеген жан. Өмір сүру үшін тірнектеп, еңбек етпейтін адамдар есіне
түскенде қызбен екеуінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей
көрінді. Көз алдында еңбек дегенді білмейтін ақ сүйек алпауыттар елестеді.
Қабырғадағы қара дақтың бетіне олардың бейнесі түсті, бəрі де қолдан
құйған тəкаббар, паң мүсінше іспетті. Мартин ес білгелі тыным көрмей
тырбанумен келеді; бүкіл үй семьясы күн көрісін еңбек етумен табатын.
Тіпті, Гертруданы алайық. Оның үнемі кір жуудан сарсық түсіп, дүрдиіп
кеткен қолдары піскен еттей қып-қызыл. Немесе екінші апасы Мэриенді
алыңыз. Ол консерв заводында істейді. "Мэрйеннің кішкене сұлу қолдары
помидор турайтын пышақтан қызылшақа жара. Ол аздай, өткен қыс
қатырғы фабрикасында істеп жүргенде екі саусағын буынынан машина
жұлып əкетті. Шешесінің табыт бетіне айқастырып салған қожыр-қожыр


қолдары есіне түсті. Əкесі ше, ол да өле-өлгенше жұмыс істеумен кеткен,
алақанының күсі бір елі еді. Ал Руфьтің қолдары болса сүйріктей нəп-нəзік,
шешесі мен ағаларының қолдары да сондай. Бұл таң қаларлық жайт,
өйткені осының өзінен-ақ, каста белгісі, олар мен өзінің арасындағы зор
айырмашылық айқын көрініп тұр.
Мартин қынжылып күлді, қайтадан керуетіне отырып, башмағын
шешті. Иə, ол ақылынан адасыпты — əйелдің көркін, мақтадай жұмсақ,
нəзік қолдарын көріп, мас болыпты. Кенет көз алдына тағы бір елес келді.
Ол түнде Лондонның Ист-эндісіндегі қапастай қараңғы қаңырайған үлкен
үйдің қасында тұр, жанында Марджи деген он бес жасар жұмысшы қыз
бар. Кешкі ойын тарағаннан кейін қызды үйіне шығарып салып тұрған беті.
Қыз бала мынау сиыр қора секілді зəулім лас үйде тұрады. Қоштасарда
Мартин қолын созды. Қыз оған ернін тосты, бірақ Мартиннің сүйіскісі
келген жоқ. Əлденеге жүрегі дауаламады. Сонан кейін қыз қалтырап, қолын
қысты. Алақанының күсін сезіп қалған Мартиннің жүрегі елжіреп қоя
берді. Жас қыздың жалынышты аш көзін, əлі буыны бекімеген балдырған,
əлсіз денесін көрді, кемеліне келмесе де оянған, батылы бармаса да
талпынған əйелдің қомағай ниетін сезді. Аяп кетті де бауырына басып,
ернінен сүйді. Сол сəтте қыздың қуана қымс еткенін, мысықша тырмысып,
жабыса түскенін байқады. Бишара бəлекей əйел! Мартин əлдеқашан өтіп
кеткен өмірінің осы бір суретін тағы көрген кезде қыздың қыбыр етіп
бауырына кіріп, өзінің жүрегі елжіреп, аяған сонау бір минутіндегідей
бүкіл денесі тағы да тітіркеніп кетті. Бұл сұрғылт, сұрқай сурет еді: сол
күні аспан да сұрғылт, көшеге төсеген лас плита-тасқа сіркіреген жаңбыр
да сұрғылт болатын. Кенет көз алдындағы қабырғаға жарқ етіп түскен бір
нұр сəуле бұған дейінгі көріністің бəрін жауып кетті, ай жүзін жібектей
үлбіреген алтын шашы көмкерген екінші қыздың ақ дидары сонау
аспандағы қол жетпес жұлдыздай жылыстап, тағы да жарқырады.
Мартин стулден Суинберн мен Браунингтің томдарын алып сүйді. Мені
үйіне шақырды ғой деп ойлады. Сонан кейін айнаға тағы бір қарап,
қошеметті үнмен:
— Мартин Иден, ертең ең алдымен бітіретін жұмысың — оқу үйіне
барып, əдептілік туралы бірдеме оқуың керек. Түсіндің бе?—деді.
Сөйтті де шам сөндіріп, денесінің бар салмағымен пружинаны шықыр
еткізіп, төсегіне жата кетті.


— Ең əуелі, Мартин сен сөз арасында шайтан алғыр дей беруіңді тый.
Естідің бе, ескі досым! Мұны жадыңа жақсылап тоқып ал!
Осы сөзді айтып, ол ұйықтап кетті. Ұйқыда көрген түстері наша тартқан
адамның қиялындай батыл да, əдеттен өзге сұлу да еді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   48




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет