Джек Лондон. Мартин Иден



Pdf көрінісі
бет8/48
Дата22.09.2023
өлшемі1,5 Mb.
#109789
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   48
Сегізінші тарау
Арада көп күн өтті. Мартин Иден əмен грамматика оқумен, əдеп сақтау
ережелерін жаттаумен, көңілі ұнатқан кітапты құмарта оқумен болып жүр.
Бұрынғыдай дос-жарандарымен араласуды қойды. «Лотостағы» қыздар
Мартинге не боп қалды деп, Джимді көрсе, жапырласып қалады, ал жас
жігіттердің көпшілігі оның Райлидегі жарысқа мұқым келмеуіне тілектес.
Кітапхананың асыл қазыналары ішінен ол тағы бір керемет тапқан. Тіл
негізіне көзін ашқан грамматика сықылды бұл поэзияның негізгі
қағидаларын баяндайтын құрал еді. Осы құралдан ол өлеңнің өлшемі,
формасы, өлең шығару заңдары жөнінде көп тəлім алды, өзін əрқашан
қайран қалдыратын сұлулықтың қалай түзілетінін түсінді. Ең жаңа деген
трактаттардың бəрінде поэзияны бейнелеу өнері депті жəне осы теорияны
дəлелдеу үшін таңдаулы əдеби шығармалардан толып жатқан мысал
келтірілген. Мартин ешбір романды да мұндай қызыға оқып көрген емес.
Жиырмаға келген жігіттің əлі ақау түспеген, əрі білім аңсаған тұнық ақылы
студенттердің де зердесі жетпейтін зор алғырлықпен оқығанының бəрін
көкейіне тоқи берді.
Мартин өткендегі өміріне — сонау алыстағы елдер мен теңіздер,
кемелер мен матростар жəне жезөкшелер өміріне көз жібергенде, соның
бəрі енді сұмпайы, күйкі сияқты көрінеді; дегенмен оның да бір қыры көз
алдында жаңада ашылған мына үлкен өмірмен қабысып жатқан сияқты.
Оның ақылы өз түйсігінше əмме құбылыстың түп негізгі бірлігін таппақта.
Осы екі дай дүниенің арасында əйтеуір бір байланыс барлығын алғаш
анықтағанда — ол таң болды. Кітаптан алған əсері, онан туған ізгі ой-
сезімі өзінің адамдық қасиетін арттыра түскендей. Руфьтің өзі мен оның
семьясы жататын дегдарлар қауымындағы еркек, əйелдер де осылай
тəрбиеленген екен ғой деп түйді. Бұған дейін нас тұрмыста ғұмыр кешсе,
енді кітап оқу арқылы соның былғанышынан арылып, өзінің де биік
мəртебеге қолы жете бастағандай көреді. Бала кезінде, жас шағында ол
үнемі алағызып, əлденені аңсайтын да жүретін; Руфьке кезіккенге дейін
бұл дүниеде не қуып жүргенін өзі де түсінбеуші еді. Сол арманы
бұрынғыдан бетер еліктіріп, елеуретіп, тағатын кетіріп, жанын жай
тапқызар емес. Өзінің аңсап жүргені сұлулық, парасат, сүйіспеншілік


екенін енді ғана түсінді ол.
Соңғы жиырма шақты күн ішінде ол Руфьпен əлденеше кездескен, жəне
көрген сайын көңілі бір тасып қалады. Қыз оған тіл үйретіп, сөзді дұрыс
айтуға жаттықтырып, арифметикадан сабақ беріп жүрді. Бірақ, екі жас
бірыңғай сабағымен ғана болған жоқ. Мартин өмірден көргені көп, ақылы
толықсып, есейген жігіт қой. Ол бөлшек сандарды, куб түбірін,
грамматикалық талдаулар мен жіктеулерді қанағат ете алмады. Кей-кейде
екеуі мүлде басқа жайларды əңгімелеп кетеді, жаңа оқып шыққан бір өлең
туралы немесе Руфь сабағында оқып жүрген ақындарды сөз етеді. Қыз өзі
ұнатқан өлеңнің кейбір жолдарын дауыстап оқи қалса, жігіт айтып жеткісіз
рахатқа батады. Бұл дүниеде ешбір əйелден əлі күнге мұндай сұлу лебіз
естіп көрген емес. Оның əрбір сөзі түшіркендіріп, əрбір сөзінің əуені
ғашықтық отын лаулатады. Қыздың ерке, назды үні, дауысының сан
құбылған нəзік ырғағы оның мəдениетті, асыл жанды адам екенін
көрсеткендей еді. Сөзіне құлағын салып отырғанда, бір жағынан, тағы
тайпа əйелдерінің көмей кернеген қоңыр дауысы құлағына келеді,
порттарды маңайлайтын көргенсіз бейбақтардың шіңкілдеген дауысы, өз
табына жататын фабрика жұмысшылары мен өңге əйел, қыздардың құлаққа
түрпідей тиетін дөрекі сөздері естілгендей болады. Заматта ұшқыр қиялы
алып ұшып, толып жатқан əйелдер бейнесін көз алдынан тізбектеп ала
жөнеледі. Солармен салыстырып қараса, Руфьтің жарқын нұры
бұрынғыдан да бетер жайнай түседі. Руфьтің кітап оқығанын өте ұнатады.
Оның не оқыса, соның мəн-мəнісін терең ұғынып, ақынның əсем
қиыстырған ойын сым пернедей дөп басқан ырғақты үнін жан-тəнімен
ұнатады. Қыз «Шаһизаданы» жиі оқушы еді жəне сұлулықты сезгіштігі
сонша, оқыған сайын көзінен жас алатын. Осындай минуттарда қызға
қарап, əуезін есітіп отырған шақта Мартин көкірегіне тəңірінің сəуегейлігі
орнаған адамша өмірдің өзін, астарын көріп, оның құпия сырларын
оқығандай болушы еді. Ол сезімнің осындай асқар биігіне көтерілгеп
мезетте ғашықтық дегеннің осы екенін жəне ғашықтық дүииедегі ең ұлы
сезім екенін түсіне бастайды. Оның көкірегіндегі көзі бір кезде басынан
кешкен қуанышының бəрін — мастығын, жақсы көрген əйелінің қылығы
мен қызығын, күш сынасқан күрес желігін елестетер еді де, оған осының
бəрі қазіргі күйіне қарағанда жексұрын, пəс нəрсе сияқты көрініп кетер еді.
Руфь бұл оқиғалардың байыбына барған жоқ. Сүйіспеншілік дегеннен
əлі бейхабар ғой, оның бар білетіні кітаптан оқығандары, ал кітапта
автордың суретшіл қиялы үйреншікті қарапайым нəрселердің өзін-ақ


шындықтан алыстатып, бір дерексіз бұлдыр тамашаға айналдырып
жіберетін əдеті. Сондықтан қыз мынау доғал матрос жүрегіне ұшқын
тастағанын, ол бара-бара бір күні өрт болып, өртеп кететінін білмеді.
Руфьті бұл оттың жалыны əлі шарпып көрген емес. Оның ғашықтық
туралы топшылағаны құрғақ пікір жəне «ғашықтық» деген сөзді естісе,
қиялына жымыңдаған көп жұлдыз, теңіз айдынында діріл қаққан майда
толқындар, тамылжыған жазғы түннің таң алдындағы қоңыр самалы мен
шығы келеді.
Оның ойынша ғашықтық екі кісінің бір-біріне үйір болуы, гүлдердің
жұпар иісі мен тыныштық рахаты адамды маужыратып əкететін кешкі
уақытта сүйгеніңе иіліп ілтифат көрсету. Ол ғашықтықтың жанартаудай
сұрапылын, жанған жүректі тілкім-тілкім қылып, тозаңға айналдырып
жіберетін аптабын білмейді. Оның өмірдегі жəне бойындағы жасырын
күштерден хабары жоқ. Өмір тұңғиығы қиялдың бұлдыр сағымына
айналып, əлі абайсыз жүрген қыздың көзін ілестірмейді. Руфь үшін əкесі
мен шешесінің тату тіршілігі сүйіп қосылудың жемісі; солардай өзі де бір
күні ешбір лаңсыз, у-шусыз, уайым-қайғысыз сүйгенімен ыбыр-сыбыры
жарасып, тату-тəтті өмір сүріп кетешек.
Сонымен ол Мартин Иденді тосын пайда болған жаңалық, елден ерек
адам деп түсінді. Көңілінде əдеттегіден өзге сезім оятқан оның осы
жаңалығы мен ерекшелігі шығар деп ұйғарды Бұл табиғи нəрсе. Бұрын да
айуанханадан тағы хайуан көргенде немесе дауыл екпінімен бұрала
майысқан ағаштарды көргенде, төбеден жасыл түскенде осы тəрізді
түршігу сезімі пайда болатын. Бұл құбылыстардан космос белгілерін
байқағандай болушы еді. Жігіттің бойында да осындай космос нышаны
бары даусыз. Ол өзімен бірге теңіз лебін, жер əлемінің шексіз қиырын
арқалап ала келгендей. Жүзіне тропик күнінің сəулесі ұялаған, құрыштай
берік бұлшық еттеріне өмірдің арда күші дарыған. Тұла бойы тілім-тілім,
айғыз-айғыз, бұл қыздан аулақ, сонау беймəлім дүниедегі қайырымсыз
қатал адамдардың қалдырған дағы. Бұл жігіт əлі қолға қарамаған тағы, сол
тағының жуасуы, өзіне бағынуы ұнайды қызға. Ойына тағыны жетіп
қайырсам деген тілек келеді. Бұл саналы ой емес, ниеті Мартинді өзі зор
үлгі-өнеге санайтын əкесі сияқты бір адам етіп тəрбиелеу. Жігіт оятқан
ғаламат сезім ғашықтық екенін, ол дүниенің о шеті мен бұ шетіндегі еркек
пен əйелді бір-біріне ынтық қылған, көктем думанында бұғыға бұғыны
өлтірткен, барлық жан-жануарды қосылуға құмар еткен жəне қарсыласуға
болмайтын табиғи күш екенін қыз аңдаған жоқ.


Мартиннің ақылы алғырлығына қыз таң-тамаша, бір жағынан, таңсық
та көреді. Мұншама зерек болар деп ойламаған еді. Құнарлы жерге өскен
гүлдей ол күн санап құлпыра түсті. Қыз Браунингтің өлеңдерін дауыстап
оқыған кездерде Мартин кейбір түсініксіз жерлері жайлы ойламаған жерде
пікір айтып, талай таң қалдырған, Оның түсінігі өмірді, адамды жақсы
білуден туған дұрыс пікір екенін қыз ұқпайды. Айтқан сөздерін
аңғырттыққа жори салады. Бірақ, кей уақытта оның ұшқыр қиялы əлем
биігіне, өзі ілесе алмастай сонау жұлдыздардың ар жағындағы түпсіз
шыңырауға өзін алып ұшқандай көреді, сол сəтте белгісіз, жат күшке
кезігем бе деп тұла бойы шіміркеніп кетер еді. Бір мезгіл қыз оған рояль
ойнайды, жігіттің музыкаға тебіренетіні сонша, қызға жан дүниесі түпсіз
тұңғиық сияқты көрінеді. Аспанның рахман нұрына гүл желегінің ашыла
кететіні сықылды ол да музыка десе шешіліп сала берер еді; ол
матростардың есер би музыкасы мен тарсыл-гүрсілін тез ұмытып, Руфь
жақсы көретін классикалық репертуарды бағалап үйренді. Соның ішінен
Мартиннің бұқаралық сезімі мен құмары, əсіресе Вагнерге ауды. Вагнердің
«Тангейзерге» увертюрасын, Руфь түсіндіргеннен кейін, өте ұнатты.
Увертюра өз өмірінің музыкалық бейнесі тəрізді екен. Мартин Шолпан
гротының желісін өткен өмірінің кейпі деп білсе, тақуалар хорын Руфьтің
өміріне ұсатты. Күңіренген Вагнер мелодиялары əділдік пен зұлымдық
мəңгі арпалысып келе жатқан рухтың елес дүниесіне алып ұшырды.
Мартин там-тұм сұрақтар берсе, қыз мүдіріп қалушы еді, музыканы
өзім де дұрыс түсінбейді екенмін ғой деп шүбəланар еді. Бірақ қыз əн салса
жігіт жұмған аузын ашпайды. Үн-түн жоқ, рахатқа батып, қыздың күміс
қоңыраудай сыңғырлаған сопраносын елтіп тыңдайды, үні арқылы жан
лебізін естігендей болады. Тағы да ойына өрескел теңеулер келеді.
Құлағына фабрика қыздарының шуылдасып əн салған болғаны,
порттардың 
шарапханаларынан 
шықпайтын 
маскүнем 
əйелдердің
қарлыққан дауысы естіледі. Тегі, қыздың өзі де жігітке рояль ойнап, əн
салып беруді ұнатады. Себебі, бұл тірі адамның жанымен тұңғыш
зауықтасуы, ол өте нəзік, жұмсақ, көңілшек, көнгіш сияқты көрінді оған,
қалай илесе солай ыңғайына көне беретін тəрізді. Сондықтан, Руфь
Мартиннің жан дүниесін ешбір риясыз, өз білігінше түзеп жүргендей
көреді. Ол жігітке жақын болғанын жаратады. Бұрынғыдай сескенбейді.
Рас, бастапқыда əлдеқандай үрей пайда болған, бірақ ол жігіттің пысы
емес, өзінің жан түкпірінде оянған бір сұмдық еді. Кейін көңілі орнықты
да, əрі-беріден кейін еркінсіп, билігін жүргізе бастады. Бірақ, мұнысын өзі
анық сезген жоқ. Тек жігіт көңілін сергітетінін сезеді. Көп уақытын


университет сабағына жұмсап, кітап тозаңына құмыға бергенше бір мезгіл
осылай бой жазып, жігіттен ескен теңіздің қоңыр самалынан жан-жүрегі
байыз тапқаны пайдалы секілді. Күш! Қыздың емсейтіні күш, жігер.
Жомарт жігіт те көлкіп тасыған мол қайратын аяр емес. Онымен бір
бөлмеде отыру, есік алдынан қарсы алу — кеудесін керіп, құныға дем
алғанға бір есеп. Ал жігіт кетіп қалса, көңілі кітапқа ауады.
Руфь Браунингті жақсы білгенімен, адам жанымен арбасу сонша хауіпті
болар деп ойламаушы еді. Мартинге бейілі ауған сайын, оның өмірін
өзінше түземек ниеті жеңе бастаған.
— Мысалға мына мистер Бэтлерді алыңыз,— деді Руфь бір күні
грамматиканы да, арифметиканы да, поэзияны да тəптештеп болғаннан
кейін,— жасында ол қиыншылықты көп көріпті. Əкесі банкі кассирі екен,
ұзақ жыл сырқаттанып жүріп Аризонада жіңішке аурудан опат болады,
мистер Бэтлер — ол тұста Чарльз Бэтлер — жалғыз қалады. Əкесі
марқұмның арғы тегі австриялық екен, Калифорнияда туған-туысқаннан
ешкімі болмаған, сондықтан, жетім бала баспаханаға жұмысқа орналасады
да, алғашында жұмасына үш доллардан ақы алып жүреді, бұл жайды өз
аузынан естідім. Қазір оның жылдық табысы отыз мың. Бұған қолы қалай
жеткен деңіз. Ол адал, еңбекқор, үнемшіл адам болған. Əлбетте, жас
жігіттер əуес көретін өмір қызығына ермеген. Жоқшылық зарып тартып
жүрсе де қор жинаған. Апта сайын аз да болса ақшасына ақша қосып
жүрген. Жалақысын көп ұзамай көбейтіпті. Табысы өскен сайын қоры да
молая түседі. Күндіз жұмыс істеп, кешке оқиды. Болашағын көп ойлайды.
Кейін кешкі курсқа оқуға түсіпті. Он жеті жасында əріп теруші болып
алған. Жалақысы көбейген. Бірақ барды місе тұтпай, күн көрісіме осы
жетер деп тоқмейілсімей, мансап қуады. Болашағы үшін басын
құрбандыққа байлайды. Адвокат болуды ниет етеді. Сонымен, əуелі менің
əкемнің конторына хат тасушы болып орналасыпты. Сонда аптасына
алатыны төрт-ақ доллар, өзіңіз ойлап қараңыз! Бірақ үнемшіл боп үйренген
адам ғой, сол төрт доллардың өзінен жинап жүрген қорына тиын-тебен
салып жүрген.
Руфь дем алайын, əрі өнегелі əңгіменің Мартинге əсерін байқайын деп
сəл кідірді. Жігіттің жүзінен мистер Бэтлердің өмірін қызық көріп
отырғаны сезіледі, бірақ, қабағы сəл жабыңқы.
— Рас, тарыншылық тақсіретін көп тартқан екен,— деді ол. Жұмасына


төрт-ақ доллар алды дейсіз бе?! Бұған тайраңдай алмайсың. Мен аптасына
пəтер ақысы мен тамағыма ғана бес доллар төлеп тұрамын, құдай ақына,
сонда да жарып жүргенім жоқ. Ол əбден итшілеген екен. Асқа жа...
— Тамағын керосинкаға өзі пісіреді екен,— деді қыз оның сөзін
бітіртпей.
— Балық аулайтын кеменің матростары секілді асқа жарымаған ғой
сорлы, олардан аш адам бар ма дүниеде.
— Ойлап қараңыз, қазір жылы суға қолын малып отыр!— деді қыз
дауыстап.— Жас шағында азап көрсе, енді рахатқа батып отыр.
Мартин қызға сынай қарады.
—Мен сізге былай дер едім,— деді ол.— Мистер Бэтлеріңіздің тұрмысы
тəтті бола қоймас. Ұзақ жылдар бойы ішер асқа жарымаған мистердің
асқазаны да жидіп кеткен шығар-ау.
Қыз тура қарай алмай, жалтарып кетті.
— Катар ауруы бар болуы керек,— бəс тігемін.
— Иə, бар,— деді қыз,— бірақ...
— Оның үстіне,— деді Мартин, – қазір үкі құстың кəрісіндей əрі
ашулы, əрі көңілсіз болар, отыз мыңым бар деп масайрай алмас.
Төңірегіндегі жұрттың ойнап-күлгенін де көтере алмайтын шығар. Солай
емес пе?
Қыз басын изеп, олай болу себебін түсіндіре бастады:
— Ойын-сауықпен ісі жоғы рас. Мінезі тұйық, байсалды кісі ғой.
Бұрыннан солай.
— Солай болмағанда ше!—деді дауыстап Мартин.— Жетісіне үш не
төрт доллар жалақы алып тұрған адам солай болады. Жап-жас жігіт
жанталасып, ақша жинаймын деп, тамағына дейін өзі пісірсе, күндіз жұмыс
істеп, түнде сабақ оқып, салпылдап еңбектенумен жүрсе, селт етіп, көңілін
көтеріп, не сейіл-серуенге шығып көрмесе, тіпті, ойын-сауық дегеннің не


екенін білмей өссе, солай болмағанда қалай болады?! О! Отыз мыңы
уысына тым кеш оралған екен!
Елгезек қиял Мартиннің көз алдына үнемшіл жас жігіттің бүкіл өмірін,
жылдық табысын отыз мыңға жеткізген тар соқпағын елестетті. Чарльз
Бэтлердің ой-өрісі, іс-əрекеті көз алдынан салқар көштей шұбатылып өтті.
— Мен сіздің мистер Бэтлеріңізді аяймын. Жас шағында отыз мыңына
бола өз өмірін өзі ұрлап жүргенін аңғармаған, тірнектеп жинаған қайырсыз
байлығынан ақыры не рақат көрді ол? Бір кезде, тарығып жүрген шағында,
ішпей-жемей жинаған ақшасының он центіне сатып алатын рақатын енді
отыз мың төлесе таба алар ма? Айталық, бала кезінде науат, кəмпит немесе
жаңғақ сатып алып жемесе, не болмаса театрдың ең арзан орнына билет
сатып алып, ойын көрмесе, енді сондай рақат пен қызықты отыз мың төлеп
көре алар ма?
Мартиннің бұл пікірі Руфьті таң қалдырды. Əрі соны, əрі өз ұғымына
қайшы; оның астарында бір шындық жатқанын жəне ол өзінің дүниеге
көзқарасын түп орнымен төңкеріп кетуге немесе мүлдем өзгертіп жіберуге
мүмкін екенін сезеді. Жасы жиырма төртте емес, он төртте болса, мүмкін,
оның ықпалына кетер еді. Ал қазір жасы жиырманың төртеуінде. Оның
үстіне кертартпа пиғылы, туып-өскен ортасының пікірі мен дəстүріне
беріктігі тағы бар. Рас, Мартинмен əңгімелесіп отырғанда кей-кейде оның
тың, тосын пікіріне құлағы елең етеді, бірақ мұны оның өз басы мен
тұрмыс-тағдырының ерекшелігіне жоритын да естігенін іле-шала ұмытуға
тырысатын Зады, пікірін қостағанымен, оның сендірмей қоймайтын
салиқалы үні, көз жанары, байсалды да сабырлы қияпаты əрдайым көңілін
елегізітіп, өзіне баурай түсуші еді. Бірақ жат дүниеден келген осы бір
жігіттің пікірі көбіне тым тереңде жататынын жəне өзінің өмірге
көзқарасынан əрменде жүретінін қыз ешуақытта аңдаған емес. Қыздың ой-
өрісі өзінің тар шеңберінен шыға алмайды. Асылы, ақылы шолақ адамның
өз шамасын байқамай қайта өзге жұрттың ақылы қысқа деп жүретіні
болады. Өзінше, білгені басына сыймайтындай көрінсе, бұл ақыл
шеңберінің тарлығынан емес, білімімнің көптігінен деп ойлайды. Сол
сияқты қыз да ой-өрісім кең деп санайтын да, Мартинмен зəуде пікірі
үйлеспесе, бұл оның ақылының аздығынан деп білетін, осыған орай
Мартинді не нəрсені болса да өзінше топшылатуға тырысып, оның ой-
өрісін өз шамасына шағындамақ болады.


– Тұра тұрыңыз, мен əлі əңгімемді аяқтағаным жоқ,— деді қыз, –
мистер Бэтлер, əкемнің айтуына қарағанда, жұмысты бар ынтасымен
жанын аямай жəне өндіре істейді екен, қызметіне ешуақытта кешікпейді
екен, тіпті, үнемі ерте келетін болған. Уақытын ыждаһатпен үнемдеп, əрбір
бос минутын босқа жібермей, сабақ оқитын болыпты. Ол бухгалтерияны өз
бетінше меңгерген, машинка басып үйренген, стенографиядан сабақ алған,
сабақ берген ақысы үшін оқытушысына түні бойы мақала жазысады екен,
өйткені оқытушысының өзі тəжірибесі аз бір сот хабаршысы болса керек.
Көп ұзамай хат тасушыдан көтеріліп, ол таптырмайтын жақсы клерк болып
алады. Əкем қағылез, талапты жігіттің еңбегін əділ бағалайды. Əкемнің
ақылымен заң мектебіне оқуға түсіп, ақыры адвокат болып шығады да,
біздің конторға кіші компаньон ретінде қайта орналасады Қазір ол аса
көрнекті адамдардың бірі. Құрама Штаттардың сенаты ұсынған үлкен
орынға бармапты. Қаласа Жоғары соттың мүшесі де бола алар еді. Əлбетте,
осының бəрі ғибрат, кейінгіге үлгі-өнеге. Мұнан шығатын қорытынды —
кім де кім табанды, жігерлі болса, əрқашан өз қатарынан озып шығады.
- Иə, оның көрнекті адам екені рас,— деді Мартин шын көңілінен.
Дегенмен əңгіме мазмұны Мартиннің өмір туралы, сұлулық жайлы
ұғымына үйлеспеді. Ол мистер Бэтлердің өз басына үйіп-төккен осыншама
жоқшылық пен таршылықтың дəлелін тапқан жоқ. Егерде осының бəрін
жанындай жақсы көрген ғашығы үшін немесе көркемдікті көксеткен
арманы үшін істесе — бір сəрі. Мартин бұған ден қояр еді. Ғашығына
аңсары ауған жас жігіт не істемейді, ондай жігіттің, əлбетте, жылына отыз
мың олжа табу үшін емес, ғашығын бір ғана құшып сүю үшін өмірін
құрбан етсе арманы жоқ та! Ал мистер Бэтлердің мақсатында ұсақтық,
болымсыздық, бишаралық бар. Отыз мың доллар деген, əрине, аз ақша
емес қой, бірақ катар ауруының кесірінен өмірден қабағы бір жадырамай
өтуі сол соманың құнын жойып жібермей ме?
Мартин осы пікірін шет-пұшпақтап Руфьке айтқан, бірақ ұғындыра
алған жоқ, қайта жігітті тəрбиелеу керек деген қыздың бұрынғы сеніміне
көзін жеткізе түскендей болды. Өйткені, ой шеңбері тар, ақылы саяз көп
адам өз нəсілі, діні, саяси көзқарасы жөн деп біліп, дүниеде бытырап
жүрген өзге адам баласын өзінен анағұрлым төмен санайды. Осы əдет
Руфьте де бар. Көне замандағы жүһіт мені əйел қылып жаратпағаныңа
шүкір деп құдайға алғыс айтады екен, бұл да ақыл тайыздығынан туған
қылық болса керек. Қазіргі заманда жұрттың бəріне өз дінін, өз құдайын


телу үшін миссионерлеріне дүниенің түкпір-түкпірін тіміскілеттіріп қойған
да осы кесел. Руфьке өмірдің мүлде өзге жағдайында туып-өскен жігітті іс-
міс жоқ өз ортасының адамындай етемін дегізіп жүрген де осы
астамшылықтың лаңы.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   48




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет