Джек Лондон. Мартин Иден



Pdf көрінісі
бет6/48
Дата22.09.2023
өлшемі1,5 Mb.
#109789
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   48
Алтыншы тарау
Мартин аштық азабын шеккен адамдай сарылды, сарғайды. Бүкіл
өмірін тұтқыр, нəзік қолдарымен икемдеп əкеткен сонау бикешті тағы бір
көруге ынта-зар. Баруға бата алмайды. Тым ерте барып қалып, əдеп деген
кекшіл кербездің кəріне ұшыраймын ба деп жүрексінеді. Ол көп уақытын
Окленд пен Беркли кітапханаларында өткізді. Өз есіміне, Гертруда мен
Мэриеннің, тіпті сыраға жақсылап бір тойдырғаннан кейін Джимнің атына
да кітап алып тұратын болған. Төрт абонементке түгел кітап ала
бастағаннан бері оның аядай бөлмесінде газ түні бойы маздайды, бұл үшін
мистер Хиггинботам жетісіне елу цент артық ақша төлететін болды.
Кітап көңіл желігін басу орнына, қоздыра түскендей. Оның əрбір жолы
білім бағып сығалайтын саңлау сияқты, бетіне үңілген сайын құмары арта
берді. Бірақ қайсысынан бастарын біле алмайды, əрине, əзірлігінің
жоқтығы да бір бөгеуіл. Ол қолына кітап алған əрбір адам білуге тиісті
қарапайым нəрселерден хабарсыз. Ерекше сүйсініп оқитын поэзияға да
жетік емес. Суинберннің Руфь берген томын аяқтағаннан кейін
«Долоресті» де оқып шыққан, жақсы түсінген. Бəлки, Руфь бұл шығарманы
түсіне қоймас, деп ойлады ол. Биязы, бұйғын өскен адам оның байыбына
бара алар ма? Қолына Киплингтің өлеңдері тигенде сазды үні, нəзік
ырғағы, сөз мəнері еліктіріп əкеткен. Киплингтің барлық өлеңдерінен
байқаған таң қаларлық тамашасы — өмірге құштарлығы, психологияның
нəзіктігі. «Психология» Мартин Иденнің сөз қорындағы жаңалық. Ол бір
сөздік тауып алған, соған шығынданамын деп, құрлықта аз күн сайран
құруға сақтаған ақшасынан айырылды, пəтер ақы төлеудің бір мерзімін
өткізіп алып, мистер Хиггинботамның қарғысына да қалды.
Күндіз ол Руфь үйін маңайламайды, түнде ұрыларша төңірегін


торуылдап, жарқыраған терезелеріне, үйдің қабырғасына қызыға қарар еді.
Ағаларымен көшеде талай кездесіп қала жаздаған, бірде мистер Морздың
соңына еріп жүріп, көше-көшенің бұрылысындағы панар жарығымен
қандай адам екен деп, бет əлпетін зерттеді, құрметті джентльмен ойда
жоқта өлім хаупіне ұшырап, ажалдан арашалауға сылтау болса игі деп
тілеген де. Бір күні екінші этаждың терезесінен Руфьтің өзін, тек басын,
иығы мен білектерін ғана көрді, қимылына қарап, таранып тұрсың-ау деп
ұйғарды. Қыз бір көрініп, жылт еткен де жоқ болған, сонда жас жүрегі
тайдай тулап, шарап жұтқан адамдай қызынып қалған еді. Қыз, рас,
терезенің пердесін лып еткізіп түсіре қойды; бөлмесін бір көрген Мартин
кеткен жоқ, қарсы тротуардағы ағаштарды паналап, үсті-үстіне папирос
тартып, сарылып тұра берді. Тағы бірде ол банкіден шығып келе жатқан
қыздың шешесін көрді. Апырай, арамыз тым алыс-ау деп ойлады ол.
Өйткені, Руфьтер ақшасын банкіде ұстайтын байлар ғой! Өзі болса туды-
бітті банкі дегеннің табалдырығынан аттап көрген жан емес, бұл сияқты
биік мекемеге тек шіренген бай немесе əмірі күшті адамдар ғана бас сұғады
деп білетін.
Оның тұрмысы да астан-кестен өзгерді. Жұмыртқадан ақ, сауысқаннан
сақ Руфьтің тазалығына еркінен тыс еліктеп, бой-басын күте бастады.
Əлбетте, қызбен бір ауамен дем аламын десе, əуелі өзі таза болмақ керек.
Енді тіс тазарту, ас үйдегі қыл щеткамен алақан ысқылау əдетіне айналды;
бір күні магазиннің терезесінен тырнақ тазартатын щетка көріп, оның не
зат екенін біле қойған. Сатушы да Мартиннің аюдай тырнағына бір қарап,
щетканы қолына ұстата қойды. Сонымен туалет құралына тағы бір дүние
қосылған. Кітапханадан тəн тазалығы туралы кітап та табылды. Онда күн
сайын таңертең суық су құйынған пайдалы депті. Бұл кеңесті мүлтіксіз
орындай бастағанына Джим мəз-мəйрам болса, мистер Хиггинботам: пəлі,
тағы бір өнер табылды дегендей, жаратпады, ниетінде ысырап болған
суына айрықша ақы алу да жоқ емес еді. Осынау өзгеріс жолына түскен
жігіттің келесі қадамы шалбар күту. Байқаса, мұнда да айырмашылық бар
сияқты. Жұмысшылардың шалбары олбырап-солбырап, бұралып жүрсе,
дегдарлардың шалбарының тізелігі арқылы төмен қарай тік түскен қыры
сынбай қатып тұрады екен. Мұның мəнісін байқаған Мартин жалма-жан
үйінен барып үтік алып келді. Талабы сəтті болған жоқ, қырын түзеймін
деп жүріп, тəп-тəуір шалбарын күйдіріп алды; сонымен сары майдай
сақтаған ақшасының біразы жаңа шалбардың шығынына кетіп, сапарға
шығар мезгілі тағы бір табан жақындай түсті.


Өзгеріс бой күтумен тынған жоқ. Темекіні тастамағанымен, арақ ішуін
қойды. Бұрын ол арақ ішу еркекке жарастық деп білетұғын. Өз басы
ешуақытта араққа жеңдіріп те көрген емес, серігінің көбісі-ақ стол астында
қылжиып құлап жатқанда, Мартин сілтей беретұғын жəне мұны мақтан
көруші еді. Сан-Францискода оның теңіз аралаған достары көп. Солардың
қайсыбірі ұшыраса кетсе, қазір де баяғы əдеті бойынша қонақ етеді, өзіне
бір күрешке жеңіл сыра немесе имбирь лимонадын алдырып, келемеж
қылғандардың қалжыңын үнсіз көтеріп отыра береді. Ішкілік үстінде
достарының бірте-бірте есіріп, хайуанға ұсап кететінін көргенде, бұл
сорақылықтан өзім аулақпын деп іштей қуанатын да. Əркімнің бір қайғысы
бар – олар шараптың буымен тіршілік тауқыметін ұмытып, үміт пен қиялға
берілсе, Мартинге алкогольдің керегі жоқ. Ол мастық буының тереңіне
сүңгіген адам — ол Руфьке мас, Руфь ғашықтық сезімін, жақсы тұрмысқа
деген ізгі тілегін оятты; ол кітапқа мас, кітап көкейіндегі өшпес таңсығын
оятты; ол тағы өзінің тазалығына мас, тазалық денсаулық рахатын
сезіндірді, тіршілік қуанышы бүкіл тəнін тəтті тітірентті.
Бір күні ол Руфьпен кездесіп қалар ма екенмін деп театрға барған.
Екінші ярустің балконынан қызды көрді де. Ол партерді бойлап кетіп
барады екен. Қасында Артур, тағы бір шашын бобрик қылып қидырған,
көзілдірікті жас жігіт бар, жігітті көргенде танабы тарылып, қызғаныш
сезімі пайда болды. Олар бірінші қатардан барып орын алды. Ұзақты кеш
Мартиннің екі көзі Руфьтің тіп-тік иінінде, алыстан мұнардай бұлдыраған
алтын-сары шашында болды. Əлден уақытта жан-жағына қараған еді,
өзінен бірер орын əрі отырған екі қыз көрді, қыздар көздерін ойнақтатып,
қылымсып күлді. Жаратылысынан кісіге жұғымды жігіт көңіл білдірген
адамның бейілін қайтармаушы еді. Егер бұл қыздармен мұнан бұрынырақ
кездессе, күлім қағып, шүйіркелесе кетуі де мүмкін-ді. Бірақ қазір жағдай
өзгерген. Ол қыздарға жымың етті де жалт беріп, қайта қарамай қойды.
Қаперінен шығып кетті. Дегенмен қыздардың қайта-қайта қарағыштап,
мені көрші көзденіп, көлбең қағып отырғанын сезіп отыр. Бір күнде өзгере
салу оңай ма, иі жұмсақ жігіт əрі-беріден кейін қыздар күлсе, қоса күлетін
болды. Əлбетте, бұл достық ишарат қана. Ол үшін бұл жаңалық та емес.
Қыздардың қылымсуы əйелдердің, əншейін əзіл-арбауы екенін түсінеді. Ал
бүгін таңда дүние өзгерген. Сонау алыста, бірінші қатарда бұлыңдап тағы
бір перизат отыр, ондай əйел баласы бұл дүниеде біреу-ақ, өз табынан
шыққан мына екі қызға ол ұсамайды, ешбір ұсамайтыны сонша, бұл
сорлыларға жігіттің жүрегінен аяныштан өзгеге орын жоқ. Мына екеуіне
сонау алдыңғы қатарда отырғaн хас сұлудың көркіндей, оның


адамгершілігіндей титтей де қасиет дарымаған. Бірақ, ол қыздарды əдепсіз
жыртаңдағаны үшін кінəламайды. Тек ерсі қылықтары өзінің бишаралығын
есіне түсіріп, мысын құртатындай көреді. Егер ол Руфьтердің дəрежесіндегі
адам болса, мынау жарыместер басына қоймас еді. Екеуі бірдей жаутаңдап
қараған сайын жігіт өзі өскен opтаның қыл шылбыры қылғындырып, кері
тартып бара жатқандай.
Мартин сауық аяқталардан біраз бұрын орнынан тұрып, кетіп қалды.
Руфьті шыға берісте көріп қалайын деп ойлады. Театр алдында əдетте
серуендеп жүрген бейсауат адам көп болады, егер кепкесін көзіне түсіре
киіп, солардың тасасында тұрса, елеусіз қалары анық. Ол тротуардың
жиегінен жаңа ғана қолайлы орын тауып тұрғанда, бағанағы екі қыз шыға
келді. Кімді іздеп жүргенін сезген Мартин əйел затын еліктіріп əкететін
өзінің жұлдызына бұл жолы риза болған жоқ. Алғашында қыздар
байқамағансыды, мұның айла екенін жігіт те сезіп тұр. Жақындай келе олар
əдейі ақырын жүріп, қасынан өте бергенде, қыздың біреуі иығымен қағып
қалды да, жаңа ғана көрген адамдай бетіне жалт қарап, шұрқыраса кетті.
Бұл — бойы сыптай түзу, сұңғақты, қара көзі жайнаңдаған қара торы қыз
екен. Екеуі де кірпігі қыбырлап, жымиып күлді. Жігіт те күлді.
— Мархабат, мархабат,— деді ол. Əдетте қыздармен атүсті танысқанда
айта беретін осы бір ойнақы сөздің аузынан қалай шығып кеткенін
аңғармай қалды. Бірақ Мартин тонның ішкі бауындай, ақкөңіл, аңқылдақ
адам ғой. Ол қыздарға, бəлки, өзге ишарат білдірген де болар еді. Қаракөз
дəмелі көзімен күлімдей қарап, қасындағы қыздың қолтығынан тежеп,
тоқтатқысы келгенін аңғартты. Екінші қыз түсіндім дегендей мырс етті.
Мартин осылармен əмпейлескенімді Руфь көріп қала ма деп сасып қалды,
ойы бір амалын таппақ. Ол сыр бермей қаракөзге қарсы жүріп, қасына ере
кетті. Бұл тəрізді қыздармен бірге жүргенде ол олақпын деп те, долаңмын
деп те тартынбайды. Өз ортасы, аузына түскен əзіл сөзді қайырмай айта
салады. Кездейсоқ, жүре танысқан жағдайға жараса беретін күлдіргісымақ
арзан сөздерді соға береді. Көшенің бұрышына жеткенде, ол қыздарды
тастай беріп, кішкене орамға қарай жалт бұрылған еді, қаракөз
шынтағынан шап беріп ұстай алды, əрі серік қызының қолтығынан
айырылмай:
— Тұра тұршы, Билл, қайда барасың асығып, шынымен-ақ бізді тастап
кеткенің бе?— деді.


Мартин кілт тоқтап, күліп жіберді, кері бұрылды. Бұлардың артынан
жарық көшенің бойымен көп адам ағылып келеді екен. Тұрған жері
қараңғылау бой таса жер еді. Егер қыз өте қалса, сездірмей сыртынан көріп
қалуы мүмкін-ді. Қыз сөзсіз өтуге тиіс, өйткені үйіне баратын көше осы.
— Аты кім?—деп сұрады ол қаракөзді нұсқап, қасындағы күлегеш
қыздан.
— Өзінен сұраңыз,— деп ол тағы да мырс етті.
— Иə, есіміңізді білуге бола ма?—деді жігіт бұрылып қаракөзге қарап.
— Өзіңіз кім боласыз, əуелі сіз айтыңыз.
— Менің аты-жөнімді сұраған да жоқсыз ғой əлі,— деді жігіт
күлімсіреп,— бірақ үстінен дəл түстіңіз, өзіңіз айтқандай, менің есімімнің
Билл екені рас.
— Қойыңызшы!—Қыз мөлиіп, сұқтанып, ұзақ қарады.— Рас па?
Шыныңызды айтыңызшы!
Тағы қарады. Əзелде жаратылмыш нəзік əйел нəсілі жаудыр көзінен
көрініп-ақ тұр. Мартин мұнан əрі не боларын біледі: қыз енді бəлдемсиді,
сынықсып шегіне бастайды, ал қуғыншының құмары қайта бастағанын
сезсе, қайтадан бұлаңдайды. Дегенмен еркек емес пе, Мартин қыз қылығын
ұнатты, оның сұқтана қарағанына сүйсінді. О, мұндай қыздарды ол жақсы
біледі, ар жақ-бер жағын түгел түсінеді! Жап-жақсы, əп-əсем ғана қыздар,
өз табында мұнан артық не болсын. Тырбанып, ауыр еңбегімен күнелтіп,
еркекке деген мейірін саудаға салуға ары бармай, өмір сахарасынан аз да
болса бақыт табам ба деп жүрген жандар ғой. Бұл халінде олар болашағын
ойламауға тырысады, өйткені алдарында екі тарау жол жатыр: бірі, өле-
өлгенше үмітсіз мехнат кешу, екіншісі, алар құны аз болмағанымен, жан
азабы өлшеусіз ауыр, арсыз, ұятсыз өмір кешу. Олар осы екінің бірін
таңдатпай қоймайтын тар кезең тез келіп жетпесе екен деп қана тілейді.
— Билл,— деді жігіт тағы да.— Құдай ақына! Менің атым Билл екені
рас.
— Қылжақтап тұрған жоқсыз ба?


— Аты Билл емес, əншейін алдап тұр бізді,— деді екінші қыз.
— Алдағанымды қайдан білдіңіз көрмей жатып?
— Көрмесем ше! Өтірік екенін онсыз да біліп тұрмын!
— Жə, Билл екеніңіз рас қой, сонымен?— деді бірінші қыз.
— Жарайды енді, Билл дей берсеңізші,— деді жігіт қуланып. Қыз оның
иығынан ұстап, сілкіп-сілкіп қойды.
— Бəсе, өтірік екенін сезіп ем-ау. Сонда да сізді жек көрмеймін.
Уысына осылай орала кеткен қыздың Мартин қолын қысып еді, қолы
тастай, алақаны айғыз-айғыз екен.
— Консерв заводынан босағаныңызға көп болды ма?
— Оны қайдан біле қойдыңыз? Сыбыршыңыз бар ма, əлде?— деп екі
қыз қосарлана кетті.
Қыздармен тұрпайы əзіл-оспақ айтысып келе жатқанда, Мартиннің
есіне ғасырлар даналығының қазынасы іспетті кітапхананың астылы-үстілі
сөрелері, қатар-қатар кітаптары түсті. Бейуақта елес берген осы бір
көрініске ол өкінгендей езу тартып күлді, көңіліне бағанағы түйткілі тағы
оралды. Əлденені əңгіме қылып, əр саққа ой жүгіртіп келе жатқанымен,
көшеде ағылған халықтан да көзін алған жоқ. Міне, бір кезде көше
панарларының жарығымен қызды да көзі шалып қалды: ағасы мен
көзілдірікті жігіттің ортасында кетіп барады. Көптен күткен кезеңі еді бұл.
Жүрегі дір етіп, тына қалды. Қыздың патша баласына лайықты тəкəббар
басын, торқадай үлбіреген шашын, сұңғақты сұлу бойын, кербез жүрісін,
көшеден өтерде юбкасын көтерген сүйріктей саусағын көрді. Қыз көшеден
өтіп те кетті. Мартин қасындағы көн етік жұмысшы қыздармен қала берді,
олардың жоқты-бардан құрап-сұрап, өздерінше əшекейлеген болған
жұпыны киіміне, арзан бəтеңкелеріне, арзан ленталарына, сағал саусағына
салған арзан сақиналарына көзі түсті. Біреудің түртіп қалып:
— Ояныңыз, Билл, ашыңыз ұйқыңызды. Сізге не болған?— деген
дауысын есітті.


— А, не, не дедіңіз?
— Жоқ, жай əншейін,— деді қаракөз басын кекшең еткізіп,— бір нəрсе
келіп тұр ойыма...
— О не?
— Мына қызға жігіт тапсаңыз, бəріміз барып, бір жерден кофе ішіп,
балмұздақ жалар едік.
Жігіттің əлдебір рухани жиіркеніш сезімінен жүрегі айнығандай болды.
Руфьті көргеннен кейін өзгеге көңілі толар емес. Қасындағы келсең кел
көзденген қыздарға қарағанда, Руфь көзінен нұр төгілген періште емес пе,
тазалық дүниесінің аспанынан əлемге мейірін шашқан əулиенің өзі емес пе.
Кенет ол бойындағы күш-жігерін сезді, ширығып, арқаланып кетті. Күйкі
өмірден көп жоғарымын деп ойлады. Бұл қыздардың аңдығаны жігіт,
арманы балмұздақ. Ал дүние деген кең, өрісі ұлан-ғайыр. Бұрын Мартин
қиял əлемінде ерекше сырлы өмір сүруші еді. Оны айтқанда сөзін ұққан əлі
күнге не бір əйел, ешбір еркек ұшыратқан емес. Айта бастаса бəрі де түсіне
алмай аң-таң қалысады. Мұбада, түсінуге олардың өресі жетпейді екен,
олай болса өзінің артық болғаны-дағы. Бүгін ол күшін сезді, насаттанды,
қуанды. Егер өзі үшін өмір өрісі кең деп білсе, өмірге қояр талабы да зор
болмақ. Сұмпайылардың қатарында жүрсең биік мақсатқа орын да жоқ.
Мына қаракөздердің берері шамалы. Оның не дəметіп тұрғаны белгілі —
балмұздақ немесе тағы сондай ұсақ нəрселер. Ал ана қыздың көзінен
ойындағы арманының бəрі табылады, өзге де қызық дүние аз емес. Оның
берері кітап пен сурет, сұлулық пен жарастық, сəн-салтанаты мол, жақсы
тұрмыс. Мына қадалған қара көздерде қалтырап тұрған ой сəулесінің
төркіні түсінікті. Сағаттың механизмі тəрізді оның əрбір шығыршығының
қалай қозғалып тұрғанына дейін біледі. Бұл көздер күйсіз, ибасыз көңіл
алдауға шақырады, оның алды тояттау, түбі тойдыру, ақыры үңірейген көр.
Ал ана қыздың көз нұры мəңгі өшпес өмірдің түпсіз тұңғиығы мен
ғаламаттарының сырын түсінуге шақырады. Руфьтің көзі жан сəулесі, жан
айнасы, оның мөлдірінен өзінің жанын да көргендей болады.
— Программада бір қателік бар,— деді ол дауыстап,— бүгін қолым бос
емес.
Қыз өкінішін жасырған жоқ.


— Немене, ауырып жатқан досыңыздың көңілін сұрауға барайын деп пе
едіңіз?—деді кекетіп.
— Жоқ, неге... Жолығатын кісім бар...— деп ол сəл мүдіріп қалды,— бір
қызбенен кездесуім керек еді...
— Өтірік айтып тұрған жоқсыз ба?
Мартин қыздың көзіне тура қарап:
— Жоқ, рас айтам. Тағы бірде кездесерміз. Есіміңіз кім? Қайда тұрасыз?
—деді.
— Менің атым Лиззи,— деп ол жігіттің қолтығынан ұстап, асыла кетті.
— Лиззи Конолли. Мен Маркет-стрит пен бесінші көшенің бұрышында
тұрамын.
Қоштасар алдында олар тағы біраз əлденені шатып тұрды. Мартин сол
күні үйіне тура қайтқан жоқ. Үйреншікті ағашының саясында қыз үйінің
терезесіне көзін сатып, ұзақ тұрды.
— Мен сізге келіп тұрмын, Руфь. Өзге ешкімнің керегі жоқ маған,—
деді сыбырлап.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   48




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет