Джек Лондон. Мартин Иден



Pdf көрінісі
бет15/48
Дата22.09.2023
өлшемі1,5 Mb.
#109789
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   48
Он бесінші тарау
— Міне, бірінші белдесуіміз,— деді Мартин он шақты күн өткеннен
кейін айнадағы өзінің бейнесіне қарап тұрып,— əлі екінші рет, үшінші рет,
сан рет айқасамыз, қашан...
Сөзін аяқтамастан, ол көріксіз бөлмесіне көз салды. Бұрышта ыбырсып
өңшең ұзынша конверттер жатыр. Бəрі де қайтып оралған қолжазбалары.
Оны басқа адреске жөнелту үшін марка алатын ақшасы жоқ. Бір аптаның
ішінде төмпешіктей болып үйіліп қалыпты. Əлі ертең де, бүрсікүні де келе
береді, иесін таппай тоқтамайды. Ал Мартиннің оларды басқа жаққа
жіберуге мүмкіншілігі жоқ. Жазу машинасының ақысын төлемегеніне де
бір ай болған, себебі, пəтер ақысы мен тамағына, жұмыс тауып бере ме деп
үміт еткен делдал контордың жарнасына ғана ақшасы əзер жеткен. Мартин
столына қарап, ойға қалып отырды. Столының əр жеріне пышырап сия
тамған, соны көргенге ме,— көңіліне əлдебір аяныш сезім оралды.
— Көне серігім, столым,— деді ол,— сенімен бірге ғұмырымның талай-
талай бақытты сағаттарын өткізіп едім. Əрқашанда адал досым болдың.
Өңменімнен итермедің, бетімді қайтармадың. Жұмысың ауыр деп жай
айтып та көргенің жоқ.
Ол екі шынтағын столға тіреп, бетін басып отырды. Алқымына
булығып, жас тығылады, жылағысы келді. Алты жасар бала шағында
бірінші рет өзінен екі жас үлкен баламен төбелескені есіне түсті. Ол бала
басы-көзін, демей, бар күшімен түйгіштеп жатқанда, өзінің томпаң-томпаң
етіп, əрең-əрең қорғанғанын біледі. Көзінен парлаған жасы мен мұрнынан
аққан қанын жұтып құлағанда, екеуін ентелей қоршаған балалардың шу ете
қалғаны əлі есінде.
— Сорлы бала, сені тағы біреу сілейтіп ұрып кетті, ұрғанда да
орныңнан тұрғысыз қылды,— деді ол күбірлеп.
Өмірінде бірінші рет ұрысқаны көпке дейін көкейінен кетпеді. Онан
кейін де сан рет соғысқан. Соның бəрі бірінен соң бірі қалықтап, қиялына
келе бастады. Жарты жылдан кейін Май Сүдін (жаңағы баланың жалған


есімі) тағы бір соқтыққан. Бұл жолы Мартин оның көзінің астын көгертіп
жіберді. Бұған да шүкір. Екеуінің сонан кейін талай-талай айқасқаны көз
алдында сайрап, бірінен соң бірі өтіп жатыр. Май Сүдін ылғи жеңіп кетуші
еді. Сонда да Мартин ыққан емес, ұрыстан жалтарған емес. Ойына осы
түскенде, Мартиннің көңілі бір көтеріліп қалды. Иə, қаншама қиын
болғанымен, ақырына дейін тыртысып, табан тіреп бұл да беріскен жоқ.
Май Сүдін қаныпезер, жексұрын жау еді ғой, ешкімді аямайтын, патшағар.
Мартин оған төтеп берді, шыдады. Ақырына дейін тайсалмай табан тіреді.
Мұнан кейін Мартиннің көзіне мыжырайған бірөңкей каркас үйлердің
арасындағы тар орам елестеді. Орамның арғы шетінде бір қабатты кірпіш
үй, онан зіркілдеп жүріп тұрған машинаның дыбысы келеді. Бұл күндізгі
«Хабар» газетін басатын орын. Ол кезде Мартин он бірде, Май Сүдін он үш
жаста. Екеуі де қолдап газет сатады. Бір күні бұлар баспахананың алдында
газет күтіп тұрған. Май Сүдін, əрине, қарап тұрмай қақтығыса кетті де, сол
арада екеуі шартта-шұрт болды да қалды: бірақ ұрыс аяқталған жоқ.
Баспахананың қақпасы ашылып, бір топ бала газетке жапа-тармағай тұра
ұмтылды.
– Ертең сазайыңды беремін,— деді Май Сүдін, Мартин жыламсырап,
даусы қалтырап,— уə-уəделі жерден табылармын, деген.
Келесі күні мектептегі сабағын тастап, Мартин ұрысатын жерге Май
Сүдіннен екі минут бұрын барды. Өзге бала Мартинді көре сала
көтермелеп, жеңем десең сөйт те бүйт деп, ақыл айтқан болысты. Сол
ақылын олар жапырласып, Май Сүдінге де айтып жатыр. Бұл көрермен
шіркіндер ақысыз-бұлсыз көп қызыққа батқан еді. Олардың талай
сүйсінгені көз алдында елестегенде, Мартин ішінен күндегендей болды.
Ұрыс лезде басталып, баспахананың қақпасы ашылғанша, жарым сағатқа
созылған. Осылай Мартиннің бала шағы көз алдынан кетпей қойды. Күн
сайын мектебінен шығып, баспахананың қақпасына жеткенше асығатын.
Жүгіруге шама жоқ. Күнде ұрыс, күнде таяқ еңсесін көтертпей, ақсаңдап
əрең жүгіреді. Бүкіл денесі көкала торғайдай, қолдары жара-жара.
Жарасының қайсыбірі іріңдей бастаған. Екі бүйірі шаншып, ту сырты
тұтасып, иықтары салдырайды. Басы құдды бір қорғасын құйып қойғандай
зіл қара тас, мең-зең. Мектепте ойынға араласудан, сабақ оқудан қалды.
Ұзақты күн партаға үңілу тірінің азабы. Күнде төбелес, күнде ұрыспен
талай ғасыр өткендей көрінуші еді. Соны күн сайын күтудің өзі ғана
бастығырлып, жаман түс көргендей қинайтын. «Май Сүдінді неге ұрып


жықпасқа?» — Міне, Мартиннің ойынша күллі азаптан құтылудың бір ғана
емі осы. Ал Май Сүдіннің күші басым, ол жеңер деп ойлаған емес.
Осылайша жаны да, тəні де қалжыраған Мартин күн сайын сүйретіліп
баспахананың қақпасына барып тұратын болды, осы арада өзінің мəңгі
жауы — Май Сүдінді қарсы алды, сөйтіп, шыдам мен төзімнің ұлы
ғылымына жаттыға берді. Тəрізі Май Сүдін де əлсіреген, қансыраған.
Газетші балалардың айтағына еріп, намысына ғана тырысып жүрген түрі
бар. Сұрапыл соғысты тоқтатуға ол да қарсы емес сияқты. Бір күні екеуі
күрестің күллі ережесін сақтап (аяқтан шалмай, тебіспей, жығылғанды
ұрмай), жиырма минут арпалысқаннан кейін Май Сүдін тəлтіректеп,
алқынып, екі иінінен дем алып, жарайды, тең ұрыс болсын, деген. Осы
тəтті қиял Мартинді бір тебірентіп тастады: ентігіп, ернінен судай аққан
қанына қақалып, ызақор Мартин Май Сүдінге тап берген, оны сөйлетпей,
көмейінде қылқылдаған қанды қақыра түкіріп, жоқ, тең ұрысқа ырза
емеспін, əлің бітсе аяғыма жығыл, деді. Май Сүдін аяғына жығылған жоқ,
ұрыс тоқтаған жоқ.
Бұлар келесі күні тағы төбелескен. Осылай күнде ұрыс, күнде төбелес.
Күн сайын төбелес басталарда Мартин тұла бойы қирап тұрғанын сезуші
еді. Бітегенеден кейін денесінің сырқырағаны басылып, ашу-ыза кернеген
Мартин есі кіресілі-шығасылы, ұйқылы-ояу жүрген адамдай тек арпалыса
беретін. Май Сүдіннің табақтай беті мен от шашқан тағы көздерінен өзге
түк көрмеуші еді. Оның бар ынтасы жауының осы бет сүдінінде, басқа
ешнəрсе көзіне көрінбейді. Дүниеде осы неменің жексұрын сыйқынан өзге
ештеме жоқтай. Мартин не өзі оның бет-аузын мылжа-мылжа
қылмайынша, 
не 
ол 
өзінің 
бет-аузын 
мылжаламайынша, 
көңілі
тыншымайтынын жақсы біледі. Екінің бірі, екінің бірі, оған дейін егес
тоқтамақ емес. Бірақ, Мартин тең ұрысқа ешқашан көнбейді!
Күндердің күнінде күндегі уақытында Мартин баспахананың қақпасына
келсе, Май Сүдін жоқ екен. Сонан қайтып ол келмей қойды. Май Сүдін
жеңілді десіп, күллі бала Мартинді құттықтаған да. Бірақ, Мартин риза
болмады. Ол Май Сүдінді ұрыста жеңбеді, Май Сүдін мұны жеңе алмады.
Егес əлі біткен жоқ, кім жеңеді, белгісіз. Кейін анықталды: сол күні Май
Сүдіннің əкесі қапыда қайтыс болған екен.
Мартин қиялында сонан кейінгі бірнеше жылды аттап өтіп, өзінің театр
галеркасында отырған бір кезеңін есіне түсірді. Бұл теңіз сапарынан жаңа


оралған беті еді. Жасы он жетіге келген шағы. Бір кезде көрермендер
əлденеге дүрлігіп қалысты. Отырғандар арасында біреуді біреу итеріп
жіберіпті. Жанжалға жалма-жан араласа кеткен Мартин көп ішінен өзінің
ескі жауы — Май Сүдіннің жарқ-жұрқ еткен көздерін тани кетті.
— Спектакльден кейін сазайыңды берермін,— деді жыланша
ысқырынып аяр жауы.
Мартин басын изеді. Жанжал шыққан жерге тəртіп сақтаушы да келіп
жеткен еді.
— Ойын аяқталысымен шығар ауызда күтемін,— деді сыбырлап
Мартин, өзі ойынға өте қызығып отырған адамша сахнадан көзін алмай.
— Тəртіп сақтаушы оларға одырайып бір қарады да, кетіп қалды.
— Серігің бар ма?—деді Мартин Май Сүдінге шымылдық жабылғасын.
— Əрине!
— Олай болса, мен де шақырайын.
Үзіліс кезінде Мартин де өзіне үйір тапты: шеге заводында істейтін үш
досы, бір өрт сөндіруші, бес-алты матрос, Маркет-стриттің атышулы
шайкасынан бес-алты жігіт еретін болды.
Ойын біткесін, екі топ көшенің екі жағымен жүріп отырып, көп ұзамай
бір елеусіз кішкене орамда жолығысты да, қай жерде соғысу жайлы кеңес
құрды.
— Ең қолайлы жер — Сегізінші көшенің көпірі,— деді, Май Сүдін
тобының бір шикіл сарысы,— сендер көпірдің ортасында, электр
панарының астында ұрысатын боласыңдар, біздер перғауынның жолын
тосамыз. Егер перғауындар көпірдің бір жағына келсе, біз екінші жағына
тайып тұрармыз.
— Жарайды. Солай болсын,— деді Мартин өз адамдарымен ақылдасып.
Сан-Антонионың сағасындағы бір тарамы арқылы салынған Сегізінші
көшенің көпірі қаланың үш кварталындай ұзын екен. Оның ортасы мен екі


жақ шетінде электр панары жанып тұр. Бір де бір полисмен бұл араға
елеусіз келе алатын емес. Мартиннің жұмулы көздерінің алдында соғысуға
лайықты осы бір жер айқын елестеді. Қабағын қарс түйген өшпенді екі
тобыр, əрқайсысы өзінің ұрыскерінің артында қарама-қарсы тұр. Мартин
мен Май Сүдін белуарына дейін шешінді. Қарауылшылар көпірдің екі
шетінен орын алған. Полисмен келе қалса, ала қашу үшін матростың біреуі
Мартиннің кеудешесін, көйлегі мен бас киімін түйіп алды. Мартин өзін-өзі
айқын көрді: ол ортаға шықты, Май Сүдіннің көзіне шаншыла қарап,
жұдырығын көтеріп:
— Ешқандай бəлдемсу деген болмасын! Түсіндің бе? Ақырына дейін
ұрысамыз! Жалтаруға жол жоқ. Екеуміздің арамызда ескіден келе жатқан
өш бар, бүгін соның кегін қайтаралық! Түсіндің бе?—деді.
Жау сəл қымсынып қалғандай болды, Мартин онысын байқады да, бірақ
Май Сүдін өзімшіл өркірек неме ғой, осыншама көрерменнің алдында
абыройын төккісі келмей:
— Жə, шық бері,— деді айбаттанып,— не мыжып тұрсың өзің!
Ақырына дейін десең, ақырына дейін!
Сонан кейін екеуі жұдырығын түйіп алып, бір-біріне тай өгізше тұра
жүгірді. Ұрайын, оқсатайын, мертіктірейін деп тұрған албырт жастық
жеңбей қоймады. Адам баласының мыңдаған жылдар бойы азапты ауыр
асулардан өтіп, əрең жеткен кəмелеті, адамгершілігі көзді ашып-жұмғанша
қауыздай қаудырап түсті. Тек электр панары ғана прогрестің ұмыт қалған
қарақшысындай сорайып тұр. Мартин мен Май Сүдін тас үңгірді мекен
еткен, ағаш бұтағына асылған тас дəуірінің тағыларына айналып кетті.
Олар тағылықтың батпағына барған сайын бата берді, бата берді, аспан
денелерінің жарықшасы сияқты немесе мəңгі бірін-бірі не теуіп, не тартып
тұратын атом сияқты екеуі де еркінен тыс, ықтиярсыз, ырықсыз, кездейсоқ
түйісіп, тоғысып, соғылысып жатыр.
— Тəңірі жасаған-ай! Неткен мақұлық едік! Неткен тағы айуан едік!—
деді Мартин сол соғысты ұсақ-түйегіне дейін есіне түсіріп. Қиялының
айрықша ұшқыр болуынан, ол кинематографта отырған адамдай оқиғаны
түгел, айқын көрді. Бір мезгілдің ішінде бір өзі əрі қатысушы, əрі көруші
болды. Соңғы айларда алған тəлім-тəрбиесінен бе қалай,— осы суретті
көргенде тұла бойы қалтырады, бірақ көп ұзамай қазіргісін өткен өмірі


жеңді, баяғы бала жігіт кезіндегі Мартин Иден болып кетті. Қазір ол жүзу
сапарынан жаңа оралып, Сегізінші көшенің көпірі үстінде Май Сүдінмен
қиян-кескі болып жатыр. Бар күшін салып, зорланып, қара терге түсіп, қан
жоса болып, жұдырығы дəл тисе арқаланып, арпалысып жүр.
Екеуі де адам емес, құтырынған құйындай кеп түйіседі. Біраз уақыт
өтті. Екі сүрек жуасып, жусап, демін ішіне тартып тұр. Мұндай ызақор,
долы жандарды бұрын, тегі, ешбірі көрмеген болуы керек, ақыры, өздері де
шошынайын деді. Өйткені, бұл екеуі өздерінен озған нағыз жыртқыш айуан
екен.
Ет қызуы басылғаннан кейін ұрысушылар аңдысып, əдіс қолдана
бастады, бірақ жеңісе алған жоқ. Мартиннің құлағына:
— Тең ұрыс болады,— деген біреудің сөзі саңқ ете түсті.
Бір сəтте Мартин абайламай, алдамшы қимыл жасаған еді, заматта Май
Сүдін бар пəрменімен солқ еткізіп құлақ шекеден қойып жіберді,
жұдырығы тиген жерін сүйегіне дейін ырситып тіліп түсті. Құр жұдырық
бұлай жараламауға тиісті. Мартин көрермендердің де күңк ете түскенін
естіді, шекесінен қан сорғалап кеткенін сезді. Бірақ сыр берген жоқ. Себебі,
кіммен ұрысып жүргенін, онан қандай опасыздық болса да күтуге тиіс
екенін жақсы біледі. Жауынан көзін алмай арбасып жүрген ол, бір мезгілде
қолынан жарқ еткен металл көріп, білегінен шап беріп ұстай алды.
— Жаз жұдырығыңды, жауыз!—деді ол ақырып.— Сен мені кастетпен
ұрып жүрсің!
Екі үйір екі жақтан бір-біріне өкіре ұмтылды: жұрт қас қаққанша қиян-
кескі, ұмар-жұмар болып, Мартин іште қайнаған кегін қайтара алмай қалуы
ықтимал еді. Өзінің не болғанын білмей:
— Шегін!—деді ол шымырқанып ширығып.— Кері шегін бəрің де!
Түсінесіңдер ме!
Жұрт екі жарылды. Олар да жыртқыш қой, бірақ Мартин айуанның
арланы, бəрінің де құтын алып, пысын басып тастады.
— Бұл менің ғана шаруам, өңгеңнің ісің болмасын. Əй, оңбаған! Əкел
бері кастетіңді!


Жүрексініп қалған Май Сүдін бағынды, қаруын қолына ұстата берді.
Мартин кастетті суға лақтырып жіберіп:
— Қолына темір ұстатқан сенсің ғой, жирен шошқа,— деді.—
Көргемін, қотыр ешкіше сүйкеніп жүргеніңді, бірақ неғып жүргеніңді
білмеп ем. Енді тек тұрмасаң ұрып өлтіремін! Білдің бе?
Сүркіл тағы басталды. Екеуі де əлсірегенімен, бірін-бірі сарт-сұрт
ұруын қояр емес, ақыры бұларды қоршаған қанқұмар екі үйір айуан, айызы
əбден қанып болған соң, енді суынған жүрегіне үрей кіріп төбелесті
тоқтатыңдар дей бастады. Өлердей соққы жеп, адам бейнесінен айырылып,
жан түршігерлік халге жетіп, аяғын əлтек-тəлтек басып жүрген Май Сүдін
қобалжыды, сəл тоқырады, бірақ Мартин өре ұмтылып, үсті-үстіне дəлдеп
соға берді, соға берді.
Екеуі ұрысқалы не заман. Май Сүдін ақыры əлсіреді. Сол бip уақытта
сатыр еткеп дыбыс естілді. Мартиннің қолы салақтап салбырады да қалды.
Сүйегі сынған екен. Жұрттың бəрі естіді, не болғанын түсінді. Май Сүдін
де түсінді, сол-ақ екен жаралы болған жауына жолбарыстай тарпа бас
салды, бар əлін бойына жинап, түйгіштеп ұра берді, ұра берді. Мартиннің
жақтастары арашаламаққа тұра ұмтылып еді. Таяқ жеп, басы даң болып
жүрген Мартин жауына лағнат айтып, сарнап, ашу мен ауырған қолы
шыдатпай жүрсе де, аулақ, араласпаңдар деп айғай салды да, не істеп
жүргенін өзі де түсінбестен, ес-түс жоқ, бір ғана сол қолымен төпей берді.
Біреулердің алыстан естілген үрейлі сыбыры естілді құлағына, біраздан
кейіп: «Жігіттер, мынау төбелес емес, кісі өлтіру ғой! Айырайық!—деген
қалтыраған дауысты да құлағы шалды.
Бірақ қаумалаған жұрттың ешқайсысы екеуінің маңайына батып бара
алған жоқ. Мартин сол қолымен соғып жүр, соғып жүр, соққан сайын
жұдырығы адам бетіне ұсамайтын қан-қан, жиіркенішті, жұмсақ бірдемеге
былш-былш тиеді. Бірақ, сол былжыраған беттің ар жағында қарыспа, қату
бірдеме елбең-елбең етіп, бұлдырап көз алдынан кетпей қойды. Сондықтан,
үсті-үстіне, төпей берді, төпей берді. Ұрған сайын əлі кеміп, бойындағы
тіршілік қуаты бірте-бірте сарқыла бастағандай, осылай мыжғылағанына
мың жыл, мəңгі өткендей көрінеді. Ақыры бір аумалы-төкпелі кезеңде
мылжа-мылжасы шыққан қанды сүлде көпір тақтайына гүрс құлады. Сонда
үстіне үңіле төніп, мас адамша аяғын əлтірек-тəлтірек басып, теңселіп,
қолымен ауа қармап, белкүллі өзгеріп кеткен дауысымен Мартин:


— Тағы керек пе? Айтшы кəне... Тағы керек пе... өзіңе?— деді.
Ол 
қайта-қайта 
сұрап, 
қадалып, 
жауабын 
күтті. 
Бір 
кезде
жолдастарының жалма-жан өзіне жармаса кеткенін, сүйрелегенін,
кеудешесін кигізгенін сезді. Сол сəтте кенет есінен де танып кетіпті.
Стол үстіндегі қоңыраулы сағат шылдыр ете түсті. Мартин естіген жоқ
оны. Екі қолымен бетін басқан қалпында отыр. Ол ештеме естімеді.
Ешнəрсе ойлаған да жоқ. Өткен осы бір оқиғаның бəрін басынан қайта
кешіріп, сонау түнгі Сегізінші көшенің көпірі үстіндегідей тағы да есі
ауып, талықсып кеткен екен. Бірнеше минуттай ол қараңғы, түпсіз
шыңырауға құлдырады. Кенет қайта тірілген өліктей орнынан атып тұрды,
көздері оттай жарқырады, тұла бойы бусанып, қара терге түсті.
— Мен сенің сазайыңды бергенмін, Май Сүдін!—деді ол айғайлап.—
Он бір жыл күттім, бірақ сазайыңды тартқыздым!
Екі аяғы қалтырады, басы зеңді, тəлтіректеп барып төсегіне отыра кетті.
Əлі өткен өмірінің құшағында екен ол. Өзінің қайда отырғанын түсінбеген
адамша состиып, үңірейіп, айналасына қарайды, ақыры бұрышта үйіліп
жатқан қолжазбаларына көзі түсті. Сонда ғана ақылының шығыршығы
кенет зыр айналып, соңғы төрт жыл өмірі арқылы сырғанап өтті де, ақыры
оқыған кітаптарын, кітап ашқан кең дүниені есіне салды. Өзінің асқақ
арманы, сезімтал, нəзік, сүйкімді, аққұба аруға ғашық болғаны есіне түсті.
Егер жаңа ғана басынан кешірген сұрапыл оқиғаға, өмірдің өзі өткен
лайсаң өткеліне қыздың болар-болмас көзі түсіп кетсе, жүрегі ұшып өлер
еді!
Ол орнынан тұрып, айнаға қарады.
— Сен енді сол лай-батпақтан өрмелеп, жарқабаққа жаңа шықтың,
Мартин,— деді ол масаттанып өзіне-өзі,— көзің ашылды, иығыңмен қазір
аспан жұлдызын тіреп тұрсың, тұрмысың толықсыды, баға жетпес
ғасырлар мұрасын бұрынғы иесінен жаулап алдың.
Өзіне-өзі шұқшия қарап, кеңкілдеп күлді.
— Немене, аз уақыт қояншығың ұстап кетті ме əлде, мелодрама ғой
мынауың? Мейлі! Қорқатын түк те жоқ. Бір кезде Май Сүдінді де
жеңгенсің,—енді баспашыларды да жеңерсің, бұған он бір жыл емес, онан


да көп өміріңді сарп етсең де! Тек тұралаймын деп ойлама, ілгері ұмтыл.
Белдессең беріспе! Күрессең ақырына дейін!




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   48




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет