Джек Лондон. Мартин Иден



Pdf көрінісі
бет17/48
Дата22.09.2023
өлшемі1,5 Mb.
#109789
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   48
Он жетінші тарау
Мұнда жүріп, Мартин көп нəрсеге үйренді. Алғашқы аптаның бір
күнінде Джо екеуі екі жүз ақ көйлек жуып, əзір еткен еді. Джо машина
басқарды, машинаның үстіндегі көпір ағашқа болат пружинамен жалғаған
үтік көлбей сырғанап, киімді бір тегіс басып тұрады екен. Джо киімнің
крахмалдаған жерін осылай үтіктеп, дайын болғанын Мартинге тастай
береді. Мартин оны тақтайға салып, өзге жерін қолмен үтіктеп шығарады.
Бұл сағат сайын тоқтаусыз жүріп жатқан ауыр мехнат. Қонақ үйдің
ашық верандасында кілең аппақ киім киінген еркектер мен дамалар моцион
үшін серуендеп жүреді немесе стол басында жайласып, салқын сусын ішіп
отырады. Ал кірхананың іші адам тұншыққандай қапырық. Шоқтай қып-
қызыл плита жалын атады, ыстық үтіктің табаны дымқос шүберекке тиген
сайын шыж етіп, бу бұрқылдайды. Бұлардың үтігі əдетте үйде қыздыратын
үтіктен анағұрлым ыссы. Əлгі саусаққа түкіріп, қызуын байқайтын үтік
Мартин мен Джоға суық көрінер еді. Бұлар үтіктің қызуын бетіне тосып
байқайды жəне оның температурасын ерекше бір сезіммен қатесіз біледі.
Осының сыйқырын Мартин адамға айтып түсіндіре алмас еді. Егер үтік
тым қызып кетсе, салқын суға малады. Мұның да айла-амалы аз емес.
Шамадан бір секунд артық ұстасаң, суытып аласың; Мартин осының бəріне
өзінің автоматтан бетер мүлтіксіз машықтанып кеткеніне таң-тамаша.
Тіпті таңданып тұруға да мұршасы жоқ. Мартиннің бүкіл зейін-зердесі
жұмыста. Тірі машина тəрізді басымен де, қолымен де тоқтаусыз бір
қалыпта істейді де тұрады. Бойындағы бар адамдық қасиетін жұмыс жеңіп
кеткендей. Басында дүние туралы, оның ғаламаты жайлы ойлануға орын да
қалмаған. Миындағы кең сарай бекітілген, пешеттелген. Мартиннің ой-
санасы бір тар лашыққа, штурман рубкасына келіп тығылған тəрізді. Осы
арадан ол қолдары мен саусақтарына əмір етеді — буы бұрқыраған
матаның бетімен үтікті қалай сырғанату керек, бір қалыпты, бір елі
ауытқымастан, бірінен соң бір қимыл жасап, қисапсыз көп жең мен етекті,
қолтықтарды, бой-бойды қалай үтіктеген жөн, үтіктелген киімді бүкпей,
қатып тұрған қалпында қалайша тастап тұру оңтайлы — осының барша
тəртібін айтады. Осыған орай Мартин бірін тастап, бірін алып тұрады.


Ұзақты күн осылайша дамылсыз жұмыс үстінде өтеді. Тыста,
Калифорнияның 
аптабында, 
тіршілік 
дүниесі 
маужырап, 
мүлгіп
тұрғанымен, мұнда тұншықтырған кірханада арпалыс зəредей бəсеңсіп
көрген емес. Қонақ үйдің верандасында самалда салқындап отырған
мырзаларға таза киім керек.
Тер Мартиннің денесінен бұршақтай домалайды. Ішкен суда қисап жоқ.
Бірақ күннің ыстығы сонша, су бұрқырап термен шыға береді. Теңізде
жүзіп жүрген шағында да ең ауыр бейнет ойлануына бөгет болмаған еді.
Кеме иесі уақытының ғана қожасы екен ғой; ал мына қонақжай иесі ол
аздай, ой-санасының да əміршісі болыпты. Ақылын да, жігерін де жегідей
жеген ауыр еңбектен өзгені ойлауға уақыт жоқ. Бөтен ой да жок. Тіпті,
Руфьқа өзінің ғашық екенін де, емес екенін де білмейді. Ол үшін Руфь
өмірден ғайып боп кеткен. Жұмыстан қалжырап жүрген Мартиннің өткенді
есіне түсіруге халі жоқ. Тек кешке, төсегіне жатқанда немесе таңертең, ас
үстінде, Руфь көз алдында сағымдай бұлдырайды.
— Тозақтан да сор емес пе бұл?—деді бір күні Джо.
Мартин басын изеді. Бірақ өз-өзінен əлденеге тыжырына қалды. Бұл хал
айтпаса да анық еді ғой. Екеуі жұмыс үстінде көпаса сөйлеспейтұғын-ды.
Бейуаз сөз істің шырқын бұзады. Міне, қазір де Джоның сөзіне зейіні ауып
кетіп, екі қимыл артық жасады.
Жұма күні Мартин мен Джо кір жуатын машинаны таңертең ерте
жүргізді. Жетісіне екі рет қонақ үй кірі: дастарқан, майлық-сулық, жастық
тысы, ақ жаймалар жуылатын. Осының бəрін үлгеріп болғаннан кейін олар
жібек бұйымға кірісті. Бұл аса сақтық жасауды керек ететін қиқым-сиқымы
мол қиын жұмыс. Мартин сəл саябырлап қалды; себебі, тездетемін деп
титтей қате бассаң, тəңіріге жазғаның.
— Көрдің бе мынаны?—деді Джо бір уысқа сиғандай үлбіреген
көкірекшені көрсетіп.— Күйдіріп алсаң, жалақыңнан жиырма доллар ұстап
қалады.
Бірақ Мартин ешнəрсе күйдірген жоқ; бұлшық етін сəл босатқанымен,
жүйке тамырын шыңдай түскен ол еппен, жаза баспай, тоқтаусыз істеп тұр.
Тек Джоның: кірін өздері жумайтын болған соң жібек киетін қайқаңдаған
қатындарды жерден алып, жерден салып тілдегеніне айызы қанғандай.


Жаңа киім Мартинге, Джоға да қарадай жабысқан қарғыс сияқты. Аса
қымбат, санаулы минуттарын құртып кетеді. Екеуі күн ұзын тірі əлекке
түсті. Сағат жетіде кір жууды тоқтатып, ақ жаймаларды, дастархан мен
орамалдарды катоктан өткізді. Сағат онда қонақ үйдегілер тегіс ұйқыға
батқан шақта бұлар жұқа киімді тағы қолға алып, түн ортасына, түнгі сағат
бірге, екіге дейін ырсылдады! Жұмыс сағат екі жарым кезінде тоқтады?
Сенбі күні таң сəріден жұқа киім мен көр-жерді тағы қолға алды бұлар.
Ақыры, сағат үште, алты күн арпалысқан ауыр жұмыс тоқтады.
— Бұл жолы тегі Оклендқа бара алмассың деймін,— деді Джо екеуі есік
алдындағы баспалдаққа шығып, рахаттанып, темекі тартып отырғанда.
— Жоқ, барып келем,— деді Мартин.
— Самтырап не бар сонда? Əлде көңілдес қызыңа барып жүрсің бе?
— Жоқ, кітапханаға барып, кітап ауыстыруым керек. Ал екі жарым
доллар ақша үнемдеу үшін велосипедпен жүргенім жөн.
— Почтаға салып жібермейсің бе. Ширек доллар ғана алады.
Мартин ойланды.
— Онан да, шырағым-ау, дем алсайшы, бір күн тынығу керек қой. Мен
де өзіңдей адаммын. Мінеки, əбден қалжырап отырмын.
Мұнысы рас еді. Əрбір секунд, минут үнемдеу үшін жан таласқан,
сылбырлықты сүймейтін, қиыншылықтың қандайын болса да жеңбей
тынбайтын, қайрат пен жігер тасқыны бəсеңдемейтін адам баласының ең
күшті моторы, жұмыстың нағыз жын-перісі — мұның да жеті бойы
азаптанып, енді милау адамша мең-зең болып отырған сиқы мынау. Қабағы
аузына түсіп кеткен, ажарының шырайы қайтқан. Мойыған. Папиросын
құлықсыз сорып отыр. Əсерсіз, ынжық дауысы біркелкі баяу қалпынан
өзгермейді. Оты сөнген, жігері қайтқан, тіпті, қазіргі тыншуы да сергіте
алмаған сияқты.
— Дүйсенбі күні бəрі қайта басталады,— деді ол көңілсіз. — Осының
керегі не! Ə? Шынымды айтсам, кейде кезбелерге қызығамын. Жұмыс
істемейді ғой олар, сонда да күнін көріп жүр. Оһ, оһ! Бір стакан салқын


сыра жұтар едім. Соған бола сүйретіліп, сонау деревняға баруға ерініп
отырмын. Сен ақымақ болма. Кітабыңды почтамен жөнелт те, өзің осында
бол.
— Мұнда күні бойы не бітіремін?—деді Мартин.
— Тынығасың. Қатты шаршағаныңды сезбей отырсың ғой. Мысалға
мені алшы, жүйкем құрып, кейде газет оқи алмаймын. Бұрын бір рет сүзек
болып ауырған едім. Ауруханада табаны күректей екі ай жаттым — түк
істегенім жоқ. Шіркін-ай, десейші!
— Ой, қайран дүние-ай!—деп қойды ол аздан кейін қиялданып.
Мартин ваннаға түсіп, қайта оралса, Джо зым-зия жоқ. Мартин оны «бір
стакан салқын сыра жұтуға» кеткен шығар деп ойлады. Артынан іздеп,
деревняға барғысы келген жоқ. Башмағын шешпестен, керуетіне жата кетті.
Аз ғана есін жимақ болды. Кітапты қолына да алған жоқ. Діңкесі құрыған
екен. Кешкі ас əзір болғанша, ұйқылы-ояу езіліп жата берді. Джо асқа дейін
оралмады. Мартин бағбаннан сұрастырып еді, ол: «Джо-екең, сірə,
сырахананың сөресіне тамыр жайған болар», деді. Кешкі астан кейін
Мартин жатып ұйықтады. Таңертең түрекелсе, əжептəуір тынығып қалған
сияқты көрінді. Джо əлі келмепті. Мартин ағаштың көлеңкесіне барып,
жантая кетті де, жексенбі күнгі газетті алды қолына. Сөйтіп жатып күннің
сəске болғанын аңғармапты. Тыныштығын ешкім бұзбаса да, көзі ілінбей
ояу жатса да бүкіл денесі дел-сал болып газет оқи алмады. Түскіліктен
кейін тағы газет оқымақ болған, бірақ газетін басына бүркеніп, қалғып
кетіпті.
Жексенбі күні оның осымен өтті, дүйсенбі күні таңертең тағы да кір
сұрыптады. Басына сүлгі ораған Джо не көрінгенді балағаттай жүре суға
сабын езді, машина жүргізді.
— Жаман үйреніп кетіппін əбден,— деді ол,— сенбінің кеші десе бір
бəле ішкілікке бастайды да тұрады.
Тынымсыз ауыр еңбек үстінде тағы бір жұма өтті. Жарқыраған электр
жарығымен түн ортасына дейін əуреленіп, сенбі күні жұмысты сағат үште
аяқтағанына қуанышы басылмай жатып, Джо тағы да «бəрін ұмыту үшін»
деревняға кетіп қалды. Мартиннің бұл жексенбісі де өткен жексенбідегідей
болды. Ағаштың көлеңкесіне жатып, біраз ұйықтады, оянғасын енжар


отырып, газет қарады. Онан кейін түк істемей, миғұла болып кеткен
адамдай мəңгіріп, бірнеше сағат құр жатты. Өлесі болған екен, ойлауға да
зауқы жоқ, өз намысын өзі аяққа басып, өзін-өзі қор еткен адамдай өзінен
өзі жиіркенді. Бойындағы адамгершілік қасиеттің бəрі сөнген, талабы
тойтарылған, өмір қуаты томырылған, ешнəрсеге көңілі соқпайды. Ол
өлген. Жаны өшкен. Хайуан болып, жұмыс малына айналған. Қазір ол
жасыл желектің селдірінен төгілген күн нұрының сұлулығын сезбейді, көк
аспанның түпсіз тереңі əсер етпейді, ол сиқырлы сырын ашуға
талпындырған ғаламаты мол космос жайлы ой түсірмейді. Өмір деген жан
төзгісіз, көңілсіз, мағынасыз, тек кісіні зеріктіретін беймаза безек сияқты
көрінді оған. Елес экранына əлдекім қара жамылғы жауып кеткендей, ал
қиялы жарықтың жалғыз сəулесі түспейтін тастай қараңғы, тар қапасқа
қамалғандай еді. Сенбі сайын деревняға барып, мас болып, алдағы ауыр
азапты ұмыттыратын есірікке ерген Джоны күндейтін де күн туды.
Төртінші аптаның бітпестей ұзын сонары басталған кез, Мартин өзіне-
өзі, бүкіл өмірге лəнет айтумен болды. Жабыңқы көңілі өмірден жеңілгенін
сезеді. Əңгімелерін керек қылмай, қайтарып жіберген редакторлардікі-ақ
жөн екен. Қазір осының дұрыстығына көзі жетіп отыр. Ол өз басын мазақ,
арманын мансұқ етіп күлді. Руфь «Теңіз толғауларын» почта арқылы
қайтарып жіберген екен. Қыздың хатын селқос оқыды. Өлеңін асыра
мақтап, айтып жете алмағансыпты. Бірақ Руфь бала ғой, шындықты түгел
жасыра алмаған. Асылы, өлең оған ұнамапты. Хатының əрбір жолынан
өзін-өзі қамшылап, қиналып мақтағаны көрініп тұр. Əлбетте, Руфьтікі де
жөн. Бұған -өлеңін қайта оқып шыққанда көзі жетті. Оның ешбір
сұлулығын көре алған жоқ. Қайта осындай өлеңсымақ жазуға не себеп
болғанын түсіне алмады. Бұрын тым батыл сияқты көрінетін сөздері мен
сөйлемдері қазір кісі күлерліктей, теңеулері қисынсыз, жан түршіккендей,
жалпы алғанда, басынан аяғына дейін мағынасыз жалған бірдеме болып
шыққан. «Теңіз толғауларын» табанда өртеп жібергісі келді. Бірақ ашудан
қағаз тұтанар ма, астағы машинаның лаулап тұрған пешіне баруға шамасы
жоқ; бар күшін жат кісілердің іш киімін жууға сарқып, өз шаруасына
зəредей мұршасы қалмаған ғой.
Мартин жексенбі күні Руфьке қалай да хат жазбақ болған. Бірақ
сенбінің кешіне жұмысын аяқтап, ваннаға түсіп шыққаннан кейін, мұның
да дүние пəленің бəрін ұмытқысы келді. «Джо думан қып жүр ме екен,
барып көрейінші» деп ойлады да, іштей өзінің өтірік айтып тұрғанын сезді;
бірақ бұл жайлы ойлана беруге дегбірі төзбеді, бəрібір ойын он екі саққа


жүгіртіп, өзінің өтірігін шығарып жатпас еді, себебі, аңсағаны ол емес,
бəрін ұмыту ғой. Серуенге шыққан адамдай ол жайбарақат, асықпай
деревняға қарай келе жатыр. Шарапханаға нақ таянған кезде əлденеге
абыржып, өкшесі жерге тимей кетті.
— Мен сені судан өзге сусын татпайтын шығар деуші едім!—деді Джо.
Мартин ештеңе деген жоқ, виски алып, стаканға шүпілдете құйды да,
қалғанын Джоға ұсынды.
— Қимылда, тез,— деді дөрекі үнмен.
Джо сəл кідірген еді, шыдай алмай, стакандағы арақты өңешіне қотара
салды да тағы құйды.
— Енді біраз күтуге төзімім жетер, сірə, əйткенменен арбаңдай
бермесейші,— деді түксиіп Джоға.
Джо да көп күттірген жоқ, қағып салды.
— Сенің де титығыңа жеткен екен, ə?—деді Джо.
Мартиннің бұл жайды сөз қылғысы келмеді.
— Мен саған айтып едім ғой: бұл кəсіп емес, тірінің тозағы деп, деді
Джо. — Шынымды айтайын, сенің шыдай алмағаныңа ренжимін, Март.
Жарайды, мейлі! Кəне тағы да бір алып жіберейік!
Мартин үн-түн жоқ, үсті-үстіне қылқылдатып жатыр, тек қайта-қайта
күңкілдеп, заказ бере береді, буфетші шашын жылмита тараған, көк көзді,
қыз мінезді деревня жігіті екен, сасайын деді.
— Адамның өмір жасын осыншама өксіту, қорлау барып тұрған
доңыздық,— деді Джо.— Осылай ара-тұра арақ ішіп, шерімді тарқатпасам,
жау алғыр кірхананы əлдеқашан өртеп кетер едім. Құдай ақына,
қожайынның бақыты бар екен — менің арақ ішкенім оған олжа.
Мартин жауап қайтарған жоқ. Тағы екі-үш стакан қағып алғаннан кейін
көзі бұлдырап, мастық жеңейін деді. Соңғы екі-үш жеті ішінде байқалмай
кеткен өмір тынысын сезе бастады. Арманы оралды, қиялы тар шырмаудан


құтылып, шарықтап: жарқын биікке тағы да көтеріл дегендей болды. Қиял
экраны күмістей жарқырады, ап-айқын елес тізбегі бірін-бірі қуалап,
құбылып, сеңдей тоғысты. Əдеттен өзге бір керемет қатарласып, қол
ұстасып жетелей жөнелді, тағы да білмейтіні, қолынан келмейтіні жоқ
сияқты көрінді. Осы халін Джоға айтқысы келіп еді, оның да өз арманы бар
екен: шіркін, тірі азаптың бəрінен құтылып, пармен жүретін үлкен
кірхананың қожайыны болсам-ау, деп қояды ол.
— Иə, Март, мен буыны қатпаған балаға жұмыс істетпеймін, осы сөзіме
илан. Ешуақытта істетпеймін. Сағат алтыдан кейін жұмыскердің бəрін
босатамын, кірханада жан қалмайды. Естідің бе? Машина да, адам да көп
болады менде. Сондықтан жұмысты үнемі уақытында тоқтатып тұрам. Ал,
сені өзіме көмекші етіп алар едім, Март. Жоспарым осы. Арақ ішуді қоям,
қаражат жинаймын, екі жылдан кейін...
Мартин сөзіне онша құлақ аспағасын, Джо сырын буфетшіге айта
бастап еді, оны жергілікті екі фермер шақырып əкетті. Лəйліп көңілі тасып,
дүниені бір шайқап қалғысы келген Мартин трактирдегілердің бəрін —
бірнеше батракты, бағбанның көмекшісін, қонақжайдың атшысын,
буфетшінің өзін жəне бір шарапханаға кіріп келіп, сөренің сонау шетінде
сайтандай селтең қағып тұрған бір кезбені де — əйтеуір, кім көрінгенді
қонақ етіп, сыйлай берді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   48




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет