Жиырма үшінші тарау
Жазушылық дарынына Руфь күмəн келтірсе де Мартин оны
бұрынғысындай қастерлейді. Каникул кезінде ол өзі туралы көп ойланып,
сезім дүниесін саралаған. Сонда өзінің атақтан гөрі сұлулықты артық
көретініне көзі жетті. Даңқты адам болуға ұмтылса, бір ғана Руфь үшін,
соның көңілі үшін. Əлемге атағым шыққан адам болсам, сүйіктім мақтан
етер, мені өзіне тең санар деп біледі.
Мартиннің сұлулықты сүйетіні сондай, соған еңбек сіңірудің өзі ол
үшін зор ғанибет. Ал Руфьті сұлулықтан да жоғары санайды. Ғашықтық —
дүние əлемнің көркі деп біледі. Иə, өзінің жан дүниесіне ұлы өзгеріс
енгізген, кешегі ысылмаған тоңмойын матросты суреткер еткен сол.
Сондықтан оның сүйіспеншілікті ғылымнан, өнерден жоғары санауына таң
қалуға болмайды. Мартин өзінің парасаты жағынан Руфьтен, оның ағалары
мен əкесінен жоғары екенін сезеді. Университет білімінің артықшылығы
мен көркемөнер бакалавры деген атағы демесеңіз, Руфь дүние, өмір, өнер
тануы жағынан жігіттің, күні кеше ғана түк білмейтін, өздігінен оқып, білім
алған Мартиннің шаңына да ере алар емес.
Осы жағдайдың бəрін жақсы түсінуі оның қызға, қыздың бұған ғашық
болуына əсер еткен жоқ. Сүйіспеншілігін сонша əсем, сондайлық асыл
көретін Мартин бұл араға ешқандай сын жүрмейді деп санайды. Расында
да, Руфьтің көркемөнер, француз революциясы немесе жаппай сайлау
правосы туралы пікіріне ғашықтықтың қандай қатысы бар? Осы
айтылғандардың бəрі ақылға жатады, ал ғашықтық ақылдан жоғары. Жоқ,
Мартин ғашықтықтың қасиетін айрықша ардақтамаса, кеміте алмайды.
Ғашықтық ақыл аңғарынан жоғары, қол жетпес шырқау биікте тұр. Ол
өмірдің өзегі, мазмұны, өмір тіршілігінің ең жоғарғы сатысы. Ол екінің
бірінің басына қона бермейтін бақыт құсы. Өзі ұнатқан авторларының
ғылими философиясы оған ғашықтық дегеннің тағы бір қырын —
биологиялық мəнін ұғындырған. Солардың негізгі қағидаларын өз
тəжірибесіне салыстыра келгенде анық болғаны: адам адам баласының тəні
сүйіспеншілік сипатында ғана өзінің əзелдегі мақсатын орындай алашақ,
сондықтан сүйіспеншілікті өмірдің ең ізгі игілігі деп білу керек те, ізетпен
қабыл ету керек. Мартин ғашық адамды тəңірінің нұры жауған жан деп
біледі. Сондықтан «ғашық зары өткен жастың» образы оған өте ұнайды. Ол
үшін ғашық болған адам бұл дүниенің игілігін — байлықты, білімді, бақ-
дəрежені арман етпесе керек. Өйткені, ол «бір ғана сүйіп, соның ар
жағында үзіліп кетсек те арманым болмас еді» дейді.
Бұл тəрізді пікір Мартиннің ойына бұрын да келген, бірақ соның
байыбына енді ғана бара бастағандай. Бүгін таңда ол үздіксіз жұмыс
үстінде отыр. Спартандарша тіршілік етіп, тек оқта-текте Руфьті көргені
болмаса, өзге жаққа əсте мойын бұрмайды ол. Португал əйел Мария
Сильваның бір бөлмесіне айына екі жарым доллар төлеп тұруға келіскен.
Сильва қазымырлау кісі екен, толып жатқан шиеттей балаларын
асыраймын деп бейнеттен арылмай келе жатқан жесір көрінеді. Ара-тұра
қара түнек, қайғы басып кеткенде көрші баздан он бес центке ашытқан
қымыран шарап сатып əкеліп, көңіл ашады екен. Алғашында Мартин бұл
əйелді жек көріп кетіп еді, əсіресе, сөйлеген сөзі құлағына түрпідей тиетін.
Бірақ бара-бара бишараның тіршілік үшін тырбанып, өмірмен беріспей
белдесіп келе жатқанына қайран қалды. Үйінде кішкене-кішкене төрт
бөлмесі бар екен. Мартиннің жалдағаны соның бірі. Екіншісі қонақ үй,
оның еденіне төсеген алаша кілем, бұл бөлмеге аз да болса ажар
бергенімен, табытта жатқан бір нəрестенің фотографиясы қасірет сарынын
үнемі еске салып тұрар еді. Қонақ үй қонақ үшін ғана, терезе қақпақтары
үнемі жабулы тұрады. Ерекше салтанатты жағдайда болмаса, мұнда жалаң
аяқ, жалаң бас жауынгерлерге жол жоқ. Мария ас үйде тамақ əзірлейді,
семьясымен сонда ас ішеді, сол бөлмеде кір жуады, киім үтіктейді, əйтеуір,
жексенбіден өзге күндері тар бөлмесінде тыным таппайды. Ол
көршілерінің кірін жуып береді екен, негізгі табысы осы. Марияның
бөлмесі Мартиннің бөлмесіндей тап-тар үйшік. Ол жеті баласымен сонда
жатады. Бəрінің қалай сыйып жүргенін біле алмай-ақ қойды Мартин. Кеш
болса жұқа қабырғаның ар жағынан балалардың шиқыл-шыңқыл, тарс-тұрс
дыбысы естіліп жатады. Марияның табысының тағы бір көзі — екі сиыры,
соны күніне екі рет сауады, бос жерге апарып жайдырады, немесе
жасырынып жетелеп жүріп, жол жиегіндегі көк шөпке оттатады. Үсті-басы
өрім-өрім екі бала сиырлардың соңында, міндеті — бағу емес, полисменнің
көзінен сиырларын тасалау.
Аядай бөлмесінде Мартин ұйықтайды, жазады, ойланады, шаруасын
істейді. Баспалдырыққа қараған жалғыз терезенің алдында ас əзірлейтін
столы тұр. Ол əрі жазу столы, əрі кітапханасы, əрі жазу машинкасын
қоятын орны. Төргі қабырғаның бойына қойылған кереует бөлменің
жартысынан көбін бір өзі алып тұр. Столға тақау ішкиім салатын кішкене
шкаф, оны, сірə бір сабаз тұтыну үшін емес, пайдасы үшін жасаған болу
керек; сыртын қаптаған жұқа ұшқат бұдыр-бұдыр болып кетіпті. Шкаф бір
бұрышта да ас пісіретін орын екінші бұрышта, сол араға сабыннан босаған
жəшік қойылыпты; үстінде керосинка, ішінде ыдыс-аяқ, жоғарырақта азық
қоятын текше; онда бір шелек су тұр; бөлмеде су құбыры жоқ, суды ас
үйден барып əкелу керек. Көбірек ас пісірген күндері бөлмеге ыссы бу
толып кетеді де, шкафтың «əжімі» молая түседі. Мартин велосипедін
керуетінің тұсына жоғары іліп қойды. Əуелі жерге сүйеп қойған, бірақ
Сильваның балапандары педалін бұрап алып, шинін тесіп, төздірер
болмады. Сонан кейін ол велосипедін баспалдырыққа шығарып қойып та
көрді. Орын тар, жаңбыр тиетін болды, ақыры, əрі ойлап-бері ойлап,
бөлменің төбесіне асып қойды.
Қабырғадағы қуыс-шкафта киім-кешегі, столының үстіне, астына
сыймаған кітаптары да сонда. Мартиннің кітап оқығанда керекті жерін
дəптерге түртіп отыратын əдеті еді. Бұл жазулары тым көбейіп
кеткендіктен, бөлменің о шеті мен бұ шетіне жіп тартып, соған дəптерлерін
арқанға жайған кір сияқты қаз-қатар қылып іліп қоюына тура келді.
Осының салдарынан бөлмеде олай-бұлай жүру деген барынша қиындаған.
Есік ашу үшін əуелі қабырғадағы шкафтың қақпағын жабу керек, ал оны
ашу үшін есікті жаппай болмайды. Бөлме ішінде тура жүру деген жоқ.
Есіктен керуетке жеткенше шырқ айналып жүру керек, Мартин талай
нəрсеге соқтығып, орнына əрең жетеді. Кірер есік пен шкафтың қақпағын
рет-ретімен ашып-жауып, өтіп алғасын, ас қоятын жəшікті аударып кетпеу
үшін оңға қарай кілт бұрылмақ керек; сонан кейін керуетті айналып, солға
қарай бұрылу керек, əйтпесе столға соқтығасыз. Осылай айнала
жалтарумен жүріп, ақыры бір каналдың аңғарына енесіз, оның бір жағы
стол, екінші жағасы керует. Егер жалғыз орындық өзінің орнында тұрса,
каналмен ешқандай кеме өте алмайды. Сондықтан орындық керуеттің
үстіне шығып кеткен. Мартин пісіретін тамағын отырып əзірлейді. Өйткені
су қайнағанша немесе ет қуырылғанша кітаптың екі-үш бетін оқып
тастайтын əдеті. Ac пісіретін бұрыштың тарлығы сонша, Мартин керегінің
бəрін орнынан тұрмай-ақ қолын созып ала береді. Отырып істегені өзіне
қолайлы, түрегеліп тұрса, жарықты көлеңкелер еді.
Мартин əрі тоқ, əрі арзан бірнеше тамақ пісіре білетұғын. Оның қырық
пышағы жалақтаған асқазанына не жесе сол тастай батып, судай сіңеді.
Негізгі қорегі бұршақ көже, картоп жəне мексикандарша бөрттірген
бармақтай-бармақтай қоңыр бадана. Ол күріш пісіруге өте бап. Тегі, ешбір
американ əйел күріштен ондай дəмді ас пісіре алмайтын шығар. Күніне бір
рет осындай тəтті күріш татпай отырған емес. Май орнына Мартин
кептірген жемісті суға қайнатып, қоюын нанға жағып соғып алады. Кепкен
жеміс жай жемістен екі есе арзан. Ара-тұра аз ғана ет асып немесе сүйек-
саяқ қайнатып, сорпа қылып, тамағын түрлендіріп тұратын да əдеті бар.
Күніне екі рет қаймақсыз, сүтсіз кофе қайнатады, кешке ылғи шай ішіп
жатады. Кофе мен шай қайнатуға онан шебер адам жоқ.
Мартиннің осыншама есепқой болуы амалсыздың шарасы. Кірханада
жүріп тапқан ақшасының бəрі каникулына жұмсалып кеткен. «Күн көріс»
үшін жазғандары жуық арада жауап келе қоймайтын тым алыста жүр.
Мартин əбден саяқ сопы болып алды, үйден шықпайды. Күніне үш кісінің
жұмысын бір өзі атқарады. Бұрынғысынша күніне бес сағат қана көз
шырымын алып, күн сайын он тоғыз сағат ауыр еңбек етеді. Бұған төтеп
беріп жүрген тек құрыштай берік денсаулығы. Мартин уақытының бір
минутін босқа жібермейді. Мысалы, бір жапырақ қағазға кейбір түсініксіз
сөздердің мағынасын немесе қалай айтылатынын белгілеп алады да,
айнаның жақтауына қыстырып қояды. Қырынғанда не шашын тарағанда
сол сөздерді жаттай береді. Керосинка үстінде де ілулі тұрған сондай
қағаздар: ас əзірлегенде, ыдыс жуғанда жиған-терген сөздерін жадына тоқи
береді. Жапырақ-жапырақ қағаздар, əлбетте, ауысып, жаңғырып тұрады.
Кітап оқығанда түсініксіз сөз кездессе, сөздікке қарап, қағазға тіркей
береді, кейін оны айнаға не қабырғаға іліп қояды. Сөз тіркеген қағаздар
қалтасында да жүреді, дүкенде кезек күтіп тұрғанда, көшеде кетіп бара
жатқанда ала салып, оны да жаттап жүргені.
Бұл тəсілін Мартин сөз жаттауға ғана қолданып қойған жоқ. Атағы
шыққан авторлардың шығармасын оқығанда да əр қайсысының өзіне тəн
стилін, баяндау, сюжет құру ерекшелігін, оқшау сөздері мен теңеулерін,
өткір сөздерін — қысқасы ұстаруына керекті дегеннің əммəсін ескерусіз
қалдырмайды. Бəрін көшіріп алып, тексеріп, зерттеп отырады. Бірақ
ешқайсысына еліктемейді. Оның іздейтіні жалпыға ортақ принцип. Ол əр
алуан жазушының əдеби əдісін тізімдеп отырады. Сондағы мақсаты —
əдебиеттік əдіс дегеннің табиғаты туралы жалпы қорытынды жасау, соған
сүйеніп, өзінің өзгеше жаңа, соны əдісін табу һəм оны ретті жеріне ғана
орнымен əдемі қолдана білу. Осы сияқты ол ел аузынан да өте бір орынды
айтылған, көркем сөздер жинап жүрді — құлаққа жағымды, жүрекке жылы
тиетін, тоғышарлардың сүреңсіз езбесінен жарқырап бөлек тұрған сөз
маржандарын тере берді. Мартин əр уақытта, əртүрлі жағдайда белгілі бір
құбылыстың негізінде, өзегінде жатқан принциптерді ғана іздейді. Сондай
құбылыстарды өз қолынан жасай алатын болуы үшін, оның жалпы қалай
туып, қалай жасалатынын білмекке тырысады Ол сұлулықтың сыртқы əсем
бейнесін тамашалауды ғана қанағат тұтқан емес. Балалардың у-шуы,
пісірген астың иісі ешуақытта арылмайтын тар лашығында отырып, ол
лабораториядағы химиктер сияқты сұлулықтың құранды бөлшектерінің
жік-жігін ашып, ішкі құрылысын түсінуге тырысты. Өз қолымен сұлулық
жасауға мұның көмегі тиер деп үміт етті.
Мартин саналы еңбектің адамы. Еңбек ету бойына біткен қасиет, əдет.
Ол сəтке, талантының жұлдызына сеніп, қаламының ұшынан не шығып
жатқанын өзі білмейтін соқыр тəуекелдің мес, əлдеқалай келе қалатын
көңіл күйін көбіне місе тұтпайды. Оның білгісі келетіні: «қалай болды»,
«неге бұлай болды»; творчествосы — ақыл елегінен өткен өнер; əңгіме не
өлең жазбастан бұрын Мартиннің санасында оның нобайы, ұзын ырғасы
əзір тұрады, алдына қойған мақсаты жəне сол мақсатқа жетудің көркемдік
құралдары да күні бұрын көкірегінде сайрап тұрады. Бұлай болмаған күнде
жазғаны жақсы шығады деп сенбейді. Екінші жағынан, ол əлдеқалай
ауызға түсе кететін кейбір əдемі сөз бен сөз тіркестерін де қадірлейді.
Өйткені, ол да өзі көксеген сұлулыққа, шығарманың тұлғасына жарасып
тұратынын біледі. Шабыттан туатын осындай тапқырлықты Мартин, тіпті,
қадір тұтады, саналы творчестволық іздену жемісінен жоғары қояды.
Сұлулықты тексере жүре, көркемдіктің заңдарын зерттей келе оның
мынаған көзі жетті — сұлулықтың астарында бір тұңғиық сыр бар, оның
құпиясын өзі ешуақытта аша алмайды. Тіпті ешбір адам баласы оның
түбіне жетіп, түйінін шеше алмаса керек. Спенсердің шығармаларынан
есінде қалғаны: заттың түпкі мəнін адам баласы ешуақытта түсіне алмақ
емес. Өмір сыры сияқты сұлулық сыры да ақыл шеше алмайтын жұмбақ,
қатте сұлулықтың күрмеуін табу бəрінен де қиын. Сұлулық пен өмірдің
түйіні бір, адам баласы аспан жұлдыздарының тозаңынан, күн нұры мен
тағы басқа əлдене ғаламаттан тұратын осы шырмауыт түйіншектің бір тіні
ғана.
Осы ойдың əсерімен Мартин «Жұлдыз тозаңы» деген мақала жазады.
Мақалада сынның өзін емес, сыншыларды мінеді. Мақаласы шебер де
шешен жазылған мағыналы шығарма болып шықты. Бірақ жіберген
журналдардың бəрі жарамайды деп өзіне қайтарып жіберіпті. Тыншуын
алған ойдан осылай арылған Мартин бұрынғысынша өмір шеруін тарта
берді. Ол көп уақыттан бері ақылына қонған əрбір ойды аудара қарап,
ақтара тексеріп, көп толғанып, толғағы жеткенде ғана қағазға түсіріп
əдеттенген, жазғандарының бірде бір жолы жарық көрмесе де, ол
қынжылмады. Жазу Мартин үшін күрделі ойлану процесінің қорытынды
кезеңі, жеке-жеке, үзік-үзік ой сарасының түйіні, көкірегіне толып кеткен
фактылар мен қағидалардың жиынтығы, сығымы. Мақала жазса миынан
жаңа идеялар мен проблемаларға орын босайды. Бұл көп адамға тəн ара-
тұра «сөйлесіп, шер тарқату» əдеті сияқты бірдеңе. Тірі жанның кей-кейде
шер-шеменнен ішін босату үшін, шын немесе жалған қасіретті ұмыту үшін
осылай ететін əдеті.
|