Жиырма төртінші тарау
Арада бірсыпыра уақыт өтті. Мартиннің ақшасы азайды, баспадан чек
келмеді. Мазмұнды деген əңгімелері əрдайым тез оралады, «күн көріс»
үшін жазғандары да соның аяғын құшты. Бұрынғыдай тар мүйісте түрлі ас
əзірлейтін күндер өтті. Орта дорба күріш пен аз ғана кепкен өрігі қалған.
Бес күннен бергі қорегі сол. Азықты енді несиеге ала бастады. Дүкенші —
португал Мартиннің борышы үш доллар сексен бес центке жеткенде азық
бермей қойды.
— Неге десең,— деді дүкенші,— сіздікі жұмыс жоқ. Маған қалай
төлейсіз?
Бұған Мартин ештеңе айта алмады. Дүкеншінің сөзі орынды. Оның
түсінігінше, жұмысқа мойны жар бермей жүрген, дені-қарны таза, жап-жас
жалқау немені несиеге асырау жөн емес.
— Ақша тапсаң — тамақ береміс,— деді дүкенші.— Мəнет жоқ —
тамақ жоқ. Солай болады...
Жігіттің өз басына мін тақпайтынын білдіргісі келгендей, португал:
— Мынаны тартып жібер. Бір стакан. Мен сыйлаймын. Сенікі менікі
тамыр,— деді.
Мартин тамырының шарабын «тартып жіберіп», үйіне барып, нəр
татпастан, төсегіне құлай кетті.
Овощты Мартин басқа дүкеншіден алатын. Оның иесі американ сауда
антына онша берік адам емес екен, бес долларға дейін шыдады, сонан кейін
ол да тыйды. Наубайшы екі долларға, қасапшы — төрт долларға жетіп
тоқтатты. Сонымен, борышының жамғысы он төрт доллар сексен бес пенс
болыпты. Машинаның жалын төлейтін уақыт та таянған екен, Мартин əлі
екі ай ұстай тұруға болатынын шамалап, борышына тағы сегіз доллар
қосты. Енді осы мерзім өткеннен кейін Мартин несиеге ешнəрсе ала
алмайтын болса керек.
Овощ дүкенінен алған соңғы азығы бір қап картоп. Мартин соны апта
бойы күніне үш рет қорек етеді. Анда-санда Морздардікінен тамақ ішеді,
аздап əл жинайды, бірақ стол толы неше түрлі тамақ пен тағамды
жеңкірейін десе ұялып, жемейін десе қарны ашып, Тантал азабын талай
тартқан. Кейде беттің арын белге байлап дегендей Мартин апасының үйінің
түскі асына жетіп барады. Онда да ары төзгенше аздап жейді.
Морздардікіне қарағанда қолы мұнда батылырақ.
Ол күн-күн сайын тапжылмай отырып, еңбек етті. Почтальон күн сайын
қолжазбаларын өзіне əкеп тастайды. Марка алуға ақша қалмаған. Қайтып
келген қолжазбалары стол астында үйіліп жатыр. Оның екі күн ұдайымен
дəм татпаған күндері болды. Морздардың үйінен ас дəметуге болмайды,
Руфь екі жетіге Сан-Рафаэльге қонаққа кеткен, апасының үйіне бара беруге
жүзі шыдамайды. Бұл аздай бір күні почтальон бірден бес қолжазбасын
əкеліп берді. Сонан кейін Мартин пальтосын алып Оклендке кетті. Ол
сапарынан пальтосыз оралғанымен қалтасында бес доллары бар еді.
Дүкеншінің əрқайсысына бір-бір доллардан үлестіріп шықты. Сонымен,
үйінде жуалап майға қуырған ет шыжылдады, кофе бүлкілдеп қайнады,
үлкен бір күршек қайнатқан қара өрік те пайда болды. Асқа тойып алып,
Мартин столына тағы отырды. Түн ортасы шамасында «Өсімқорлардың өр
зорлығы» деген мақаласын аяқтады. Жазып бітірген соң стол астына тастай
салды, өйткені бес доллардан түк қалмаған — марка алатын ақша жоқ.
Бірнеше күннен кейін сағатын, іле-шала велосипедін залогқа берді.
Азығынан аз-кем ақша үнемдеп, марка сатып алып, барлық қолжазбасын
тағы жан-жаққа жөнелтті. «Табысты» деген шығармалары үмітін ақтамады.
Оны ешкім алған жоқ. Оларын газеттерде, арзан апталықтарда басылып
жүрген шығармалармен салыстырып қарап еді, өзінікі анағұрлым артық
көрінді. Əттең не пайда, ешкім алмайды. Газеттердің көпшілігі «синдикат»
дейтін арнаулы агенттіктерден дайын материал алады екен дегенді естіп,
сондай агенттіктің біреуіне бірнеше ұсақ мақаланы жіберген, олары да тез
арада өзіне қайтып жетті. Тасқа басқан бір жапырақ жолдамада мұндай
материалды синдикаттың штатындағы қызметкерлер жазады депті.
Жасөспірімдер журналының бірінен Мартин «Одан-бұдан» деген
бөлімшесінде басылған құлаш-құлаш анекдот, ұсақ əңгімелер көрді де,
бəрекелді-ай, мынау бір табыстың мол көзі екен, деп ойлады. Бірақ бұл
жолы да істің сəті түскен жоқ, жібергендерін түп-түгел өзіне қайтарыпты.
Кейін, бұл тəрізді кəсіптің керегі болмай қалған бір заманда, Мартин ондай
ұсақ-түйекті қосымша табыс үшін редакция қызметкерлерінің өздері
жазатынын білді. Əзіл сөз апталықтары Мартиннің қалжың-өлеңдерін
қайтарыпты, ірі журналдарға жіберген өлең-фельетондары да өткен жоқ.
Ендігі
бір
үміт
артқаны
газет
фельетоны.
Басылып
жүрген
фельетонсымақтардан өзінің жазғандары əлдеқайда əдемі екенін жақсы
білетін Мартин, екі əдебиет агенттігінің адресін тауып алып, очерк пен
қысқа əңгімелерін соған тоғытты. Бірақ, жиырма шақтысын жазып, бір де
бірін орналастыра алмағасын, жазуын тоқтатты. Күн сайын газеттен
ондаған осындай əңгіме, фельетон оқиды. Соның бірде бірі бұл жанрда
өзінің жазғандарымен салыстыруға да тұрмас еді. Шара бар ма, əбден
амалы құрыған Мартин ақыр соңында: қой, мен өз шығармамды өзім
əжептəуір көріп, кемшілігін байқаудан, əділ пікір айтудан қалған екенмін
деп түйді.
Адамдық қасиеттен тып-типыл баспа машинасы баяғысынан бір
жазбайды. Мартин қолжазбасын маркасымен бірге пакетке, оны апарып
почта жəшігіне салады, үш-төрт жұма өтісімен почтальон үйіне қоңырау
соғып, кері əкеліп тастайд. Əлбетте, ар жақта, жіберген адресте тірі жан
жоқ. Əншейін майлап, күйлеп қойған автомат қана бар. Меселі қайтқан
Мартин редактор бар дегенге де шүбəлана бастады. Өйткені, əлі күнге
олардың бірде-бірі тірлік белгісін білдірген емес. Ал жазғандарының бəрін
ешбір дəлел-себеп айтпастан, ізінше кері қайтаруына қарағанда, редактор
дегені жай бір лақап болу керек, оны таратып жүрген əлгі соғылған əріп
терушілер, метранпаждар мен редакцияның хат тасушылары шығар деп
ойлады.
Мартиннің өміріндегі бір ғана бақытты мезгілі — Руфьпен өткізген
сағаттары, ол да жиі келе бермейді. Бұрын көңілін елегізетін бір түйткіл,
Руфь ғашық екенін айтқалы, азапқа айналғандай. Өйткені Руфь
бұрынғысынша қол жетпес алыста жүр. Мартин оған екі жыл күт деп еді,
уақыт болса зымырап өтіп барады, əлі өндірген түгі жоқ. Істеп жүрген
жұмысын Руфьтің мақұл көрмейтінін де сезеді. Қыздың тура ашып
айтпағаны рас, бірақ жанамалап болса да айқын сездірген. Қыз кейіген жоқ,
тек мақұл көрмеді. Руфьтей ұяң емес, өзге өткір əйел болса, кейір еді. Руфь
тек тəрбиелеймін деген кісісі ырқына көнбегеніне ренжіді. Алғашында
жігіт көңілшек, көнгіш сияқты еді, бара-бара бас көтеріп, мистер Морзға
да, мистер Бэтлерге де ұсамаймын деп кекірелеп кетті.
Қыз Мартиннің ең қадірлі қасиетін елемей қалды немесе түсінбей
қалды. Мартин адам өмірінің қай қалпына болса да үйлесе кететін өте
икемді адам. Руфь оны қыңыр, қиқар деп түсінді, себебі өзіне мəлім бір
ғана үлгісіне оны үйлестіре алмады. Қыз жігіттің аспандаған ой-қиялына
ере алған жоқ, өзі шыға алмайтын биікке жігіт шырқап көтерілген шақта,
қателесіп, лағып кеттіге жоритын болды. Əкесінің, шешесінің, ағаларының,
тіпті, Олнидің сөзі əрқашанда көңілге қонымды, түсінікті-ақ, ал Мартиннің
пікірі түсініксіз болса — кінə өзінен деп ойлады. Дүние əлемге шындықты
өзім ұғындырамын дейтін жеке-дара жалғыздың ежелгі трагедиясы ғой бұл.
— Сізге жұрт айтса болды, бас ие бересіз,— деді Мартин бір күні
Руфьке Прапс пен Вандеруотер туралы пікір алысып отырғанда.— Бұл
кісілердің беделі күшті екені рас, олар Құрама Штаттардың таңдаулы əдеби
сыншыларынан саналады. Əрбір мектеп оқытушысы Вандеруотерді
американ сынының көсемі деп біледі. Оның жазғандарын мен де оқығам,
маған ол кəдімгі көк езудің өзі сияқты көрінді. Айтқандары əншейін
лепірме фраза мен қадірсіз бос сөз, Прапс та соның аяғын құшқан. «Орман
мүгін» ол тамаша жазыпты. Үтіріне де қалам тигізе алмайсыз, ал жалпы
үніне құлақ салыңызшы — не деген салтанатты кербез үн! Құрама
Штаттарында оның қалам ақысы ең жоғары сыншы болуы тегін емес.
Асылында, өрескел сөз айтсам бір тəңірім өзі кешірер, ол — сыншы емес.
Англияда
сын
өнері
біздікінен
жоғары.
Ал
енді
осындай
сыншысымақтардың бір қасиеті қайдағы бір жауыр болған ақиқатты аса бір
өнегелі, ізгі лебізбен қайталап айта береді. Олар көпке мəлім көпірменің
жарапазаншылары. Олардың сын мақаласы жексенбінің уағызындай.
Сыншылар мен ағылшын филологиясының оқытушылары бірінің сөзін бірі
қостайды. Екі жағының да қауашағында өзіндік идея деген болмайды. Бар
білетіні жалпы жұртшылық ден қойған пікір, ал шынын айтсақ, жалпы
жұрттың танығаны осылардың сөзі емес, өздері ғана. Əбден өмірге
орнығып алған идея сыраның шөлмегіне жапсыратын қағаздай бұларға оп-
оңай жабыса кетеді. Бəрінің негізгі міндеті университет жастарының
өзінше ойлап, өздігінше пайымдауына ырық бермеу, ылғи белгілі бір
трафарет бойынша топшылауға жаттықтыру.
— Меніңше,— деді Руфь,— жұрт қостаған пікірге құлақ асып жүрген
мен сізден гөрі шындыққа бір табан жақынмын ғой деймін. Пұтты көрсе
өршеленіп кететін тағылардай беделді кісілерге дүрсе бас салатын əдетіңіз
не?
— Пұттың түбіне жетіп жүрген тағылар емес, миссионерлер,— деді
Мартин күліп,— бірақ, амал бар ма, миссионерлердің бəрі мəжуси дінін
ұстаған елдерді аралап кетіп, өз елімізде мистер Вандеруотер мен мистер
Прапсты тағынан тайдыратын ешкім қалмапты.
— Олармен қоса университет профессорларын да тайдыру керек дейсіз
ғой, тегі,— деді Руфь.
Мартин басын шайқады.
— Жоқ, жаратылыстану ғылымын оқытатындары қалсын. Пайдасы бар.
Ағылшын филологиясының есек миын жеген жарапазаншыларын ғана
аластау керек. Оннан бірі қалса да жетеді.
Филологтар хақында осыншама қатал пікір айтуын Руфь кісіні қорлау
деп білді. Сыпайы киінген, сабырлы, байсалды, əрбір сөзін салмақтап
сөйлейтін мəдениетті университет оқытушылары мен өзінің əлдеқалай
ғашық болған жігітін салыстырды. Бұл кім еді? Жұпыны киінген кешегі
матрос, жуан сіңір жұмысшы, салуалы пікір айту орнына қит етсе
қызараңдап, абырой сақтау орнына айғай салып кететін, əдепсіз тентек
емес пе еді? Оқытушылар болса тым тəуір жалақы алып отыр, əрі нағыз
джентльмен адамдар. Мартин ше: жалғыз пенс табысы жоқ, джентльменге
үш қайнаса сорпасы қосылмайтын біреу.
Руфь Мартиннің дəлелдерін салмақтап жатуды керек деп санамады.
Оның қателігін жағдайдың өзі көрсетіп отыр. Оқытушылардың əдебиет
туралы айтқаны шындық, сондықтан да олар өмірден орнын тауып, рахат
көріп келеді. Мартин ше: оның бір де-бір шығармасы əлі өткен жоқ, демек
ол қателесіп жүр, лағып жүр. Мартинніц өз сөзімен айтсақ,
оқытушылардың ісі «өнген», өз ісі өнбеген. Əдебиет туралы ол дұрыс пікір
айта алмайды. Осы бөлменің ортасында қып-қызыл болып ұялып,
қолапайсызданып, бір нəрсені қағып кетем бе деп өз-өзінен қорынып, көзі
тірі Суинберн туралы: осы «Свайнберн» қашан өліп еді деп, тіпті,
онысымен тек тұрмай «Шырқа, шырқа» деген шығармасы мен «Өмір
аятын» мен де оқығанмын деп мақтанатыны кеше ғана еді ғой. Онан не
күтуге болады.
Сонымен Руфьтің ұстаған жолы — жұрт айтса болды, көп айтса көнді.
Мартин осыны жақсы түсінді, бірақ бұған мəн бергісі келген жоқ. Прапс
пен Вандеруотер туралы, ағылшын филологиясының оқытушылары жайлы
пікірі қандай болмасын, ол қыздың өз басын сүйеді. Сонымен бірге ақыл-
ойы толысып, əлі қыз көрмеген қиянға шырқағанына көзі жетті. Қыздың
көп нəрседен хабары жоқ екен.
Руфь Мартинді музыкадан хабарсыз деп санайды, опера турасындағы
пікірін теріс, жаңалыққа жасаған қарсылығы деп біледі.
— Ұнаттыңыз ба?—деп сұраған бір күні ол Мартиннен екеуі операдан
қайтып келе жатқанда.
Сол күні Мартин тамағынан үнемдеп, бір ай бойы жинаған ақшасына
қызды театрға апарған еді. Өзіне қатты ұнаған спектакль жайлы Мартин
сөз бастайтын шығар деп еді Руфь, ол үндемегесін сұрақты өзі қойды.
— Маған увертюрасы өте ұнады,— деді Мартин,— тамаша екен.
— Операның өзі ше?
— Операның өзі де, яғни оркестр ұнады. Ал анау өңкей қылжақбастар
дəмсіз қылымси бермей, сахнадан кетсе екен деп отырдым.
Руфь қайран қалды.
— Тетралани мен Барильоны айтасыз ба?— деді қыз.
— Иə, бəрі, бəрі туралы айтарым осы.
— Олар ұлы артистер ғой!
— Ұлы болса қайтейін. Орынсыз қылмыңдап, музыканың қадірін
кетіреді.
— Тіптен, Барильоның дауысы да ұнаған жоқ па?— деді Руфь дауысын
көтеріп.— Карузодан кейінгі осы деп жүр ғой жұрт.
— Жоқ, ұнайды, Тетралани де ұнайды. Бұл əйелдің дауысын мен
білсем, өте жақсы.
— Ендеше... олай болса...— Руфь не айтарға білмеді.— Олай болса,
мүлде түсінбеймін. Дауысын мақтайсыз, музыканың қадірін кетірді дейсіз.
Қай сөзіңізге сенеміз.
— Шыны осы. Олардың концертін ғана тыңдаған жақсы. Оркестр
ойнаса, тіпті тыңдамаған артық. Мен түзелуден кеткен реалистпін. Ұлы
əнші əрі ұлы актер бола бермейді. Əлбетте, Барильо ғашықтық ариясын
айтқанда дауысы періштенің үніндей естіледі, Тетраланидің əуені онан да
əсем, ал құйқылжыған оркестр музыкасы қандай десеңізші. Таласым жоқ,
осының бəрі зор ғанибет. Бірақ сахнадан салмағы екі жүз қадақ,
гренадерше сорайған əйелді көргенде, оның қасындағы беті қатпар-қатпар,
шəртиген тəпелтекті көргенде жүрегің айниды. Екеуінің кеудесін көтеріп,
өңешін керіп, жүрегін басып, жынданған адамша қолдарын ербеңдете
беретінін қайтерсің. Мен осының бəрі уыздай жас принц пен ай десе аузы,
күн десе көзі бар принцессаның арасындағы ғашықтық сахнасы дегенге
сенуім керек. Жоқ, сене алмаймын. Бұл ерсі қылық, есалаңдық. Табиғи
көрініс емес — мүлəйімсу, монтанысу. Ғашықтық сезімін кісі осылай
білдіре ме екен? Мен өзіңізге осылай етсем қайтер едіңіз – шапалақпен
тартып жіберер едіңіз.
— Сіз түсінбейсіз,— деді долырып Руфь,— əрбір өнердің өзіндік шегі
бар, шеңбері бар (осы арада университетте жуырда тыңдаған бір лекциядан
естіген өнердің шартты салдары жайлы кеп есіне түсе кетті). Мысалы,
сурет екі өлшемді өнер, бірақ сіздің қиялыңызға ол үш өлшемді дүние
болып көрінеді. Бұлай етіп көрсететін суретшінің таланты. Əдебиетте автор
бəрін білетін, бəрін бір өзі кесіп-пішетін құдірет тəрізді. Сіз оның əйел
кейіпкерінің құпия сырын баяндауына хақы барын білесіз. Сонда əйелдің
ойындағысын кім естіп, кім біліпті? Театрда да солай, сəулет өнерінде,
операда, барша өнер атаулыда осылай. Рас, кейбір қайшылыққа көнуге тура
келеді.
— Иə, өнер атаулының шартты екенін түсінемін,— деді Мартин. (Оның
дұрыс айтқанына Руфь таң қалды: тегі, кітапханадан қолына түскен кітапты
оқып, өздігінен білім алмай, университеттен тағлым алған болар ма).—
Бірақ шарттылықта да шындық болуға тиісті. Қатырғыға ағаштың суретін
бояп, сахнаның екі шетіне қоямыз да, оны орман дейміз. Шарттылық
дегеніміз осы, ал осының өзінде де шындық бар. Теңіздің суретін біз арман
демейміз ғой. Дей алмаймыз да. Бұлай етсек сезімімізді зорлаған болар
едік. Сондықтан сахнада бір-екі есалаң-жынды қылымсып, бетін тыржитса,
соның бəрін ғашықтықтың белгісі, сүйіспеншілік сезімі екен дей алмасақ
керек.
— Музыканы да беделді кісілерден артық түсінемін деп ойлайсыз ба?—
деді Руфь ашуланып.
— О, жоқ, жоқ. Мен музыка туралы өз пікірімді ғана айттым. Ондағы
мақсатым: Тетралани ханымның ерсі қылығы оркестрден алған əсерімді
бұзғанын дəлелдеу. Мүмкін, музыка білімпаздарының айтқаны рас-ақ
шығар. Менің өз пікірім бар, оны бүкіл дүниедегі музыка саласындағы
беделділердің төрелігіне сала алмаймын. Өзіме ұнамайды екен —
ұнамайды деймін, ұнады деп өтірік айта алмаймын! Көпшілікке ұнайды
немесе ұнайды-мыс деген дақпыртқа еріп, менің де ұнайды дей салуым
керек пе? Жоқ, мен жұрт сəн көрді екен деп көңілім қаламаған нəрсені
жақсы екен, жарасымды екен дей алмаймын.
— Сонда да музыканы түсіну үшін дайындық керек қой, операға
ерекше дайындық керек. Бəлки...
— ...менің опера тыңдауға дайындығым жоқ шығар?— деді Мартин қыз
сөзін жалғастырып.
Руфь басын изеді.
— Мүмкін, бірақ бұған қуанбасам, ренжімеймін. Егер жастайымнан
опера тыңдап əдеттенсем, мен де бүгін сонау екі шырағыма қарап, елжіреп,
көзімнен жас алар едім, маған да олардың қылмыңдағаны, əн мен
музыкадай əсем көрінер еді. Бірақ, сөзіңізді жандандырайын, мəселенің
түйіні тəрбиеде, мені қайта тəрбиелеу қиын, уақыты əлдеқашан өтіп кеткен.
Маған шындық ұнайды, өзге ешнəрсе керек емес. Шындығы жоқ бос қиял
əсер етпейді маған, опера да басынан аяғына дейін жасанды нəрсе сияқты
көрінеді, əсіресе, мыртық Барильо буаз биедей Тетраланиді құшағына
қысып: О, сізді сүйемін деп безек-безек еткенде, бетім шыдамайды.
Руфь бұрынғы əдеті бойынша, Мартиннің көзқарасына тек көпшілік
мойын ұсынған нəрсеге бас ию тұрғысынан ғана баға берді. Ойпырау,
менікі ғана жөн, өзге мəдениетті жұрт түсінбей жүр дейтұғын бұл кім еді
соншама? Қысқасы, Мартиннің пікірі ешқандай əсер еткен жоқ. Руфь көп
айтса көндінің адамы ғой, сотанақтың сөзіне құлақ аспады; оның үстіне
қаршадайынан музыкамен таныс, операны бала жасынан ұнатады. Күні
кешеге дейін көше өлеңдері мен рэгтаймнан өзге дəнеме естімеген Мартин
Иденнің енді бүгін келіп, дүние жүзінің асыл қазынасын əлен де-пəлен деп
тілдеуге қандай хақы бар? Бұл жағдай намысына тиген Руфь Мартинге
іштей өкпелі екенін сезді. Жігіттің пікірін керілік немесе орынсыз əзіл деп
бағалауға болар еді. Бірақ Мартин үйінің алдына ертіп əкеліп, қоштасарда
аймалап, сыпайы сүйгенде жүрегіндегі ғашық оты лау ете түскен Руфь
бəрін де ұмытты. Кейін, ұйқысы келмей төсегінде дөңбекшіп жатып, Руфь:
осы жігітке бола бүкіл үй-семьяның сөзін қалай аттадым екен, қалайша
оған ғашық болып қалдым екен деп көп ойланды.
Келесі күні Мартин Иден «табыс үшін» жазуды қоя тұрып, бір
отырғанда «Қиял философиясы» деген мақала жазып тастады. Марка
жапсырған ала конверт қолжазбаны саяхатқа ала жөнелді. «Философия»
талай маркасын ауыстырып, талай жерді аралады.
|