Джек Лондон. Мартин Иден



Pdf көрінісі
бет38/48
Дата22.09.2023
өлшемі1,5 Mb.
#109789
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   48
Отыз жетінші тарау
Бриссенденнің айтқан ақылын алмай Мартин келесі күні таңертең «Күн
масқара болдыны» «Акропольге» жіберді. Журналдардың бірі болмаса бірі
басатын шығар, егер сəті түсіп, жарияланып кетсе, кітап баспаларына да
жол ашылады ғой деп ойлады. «Фани дүниені» де машинаға көшіріп басып,
бірге жіберді. Бриссенденнің редактор, журнал атаулыны жек көруіне
қарамастан, поэма қалайда жарық көруге тиіс деп ұйғарды. Əрине, оны
автордың рұқсатынсыз бастырам деп ойлаған жоқ. Ниеті ірі журналдың
бірі қабылдаса, сонан кейін Бриссенденнің келісімін алу еді.
Мартин повесть жазуға кірісті. Ол үш апта бойы қиялында толғағы
жетіп, енді қағазға түсіруді ғана күтіп жүрген. Əңгіме теңіз өмірінен.
Шынайы характерлер мен болған жағдайды баяндайтын, оқиға желісі
қызық, жиырмасыншы ғасырдың романтикасына лайық дүние-ді. Бірақ
қызықты оқиғаның астарында белгілі мазмұн жаташақ. Үстірт оқыған адам
оны елемесе де əңгімені сүйсініп оқуға тиіс. Повестің Мартин үшін құнды
жері оқиғаны қызықтауында емес, осы астарлы «мəнінде». Мартин
əрқашанда шығарманың идеясына айрықша назар аударады, оқиға желісі
үнемі осыған бағынышты. Өзі үшін əуелі идеяны анықтап алғаннан кейін,
ол осы идеяны өте-мөте айқын бейнелейтін образдар мен жағдайларды
ойластырады. Повестің аты «Кешіккен», көлемі алпыс мың сөз болуға тиіс.
Мартиннің еждағаты мен творчестволық жігеріне бұл ауыр жүк емес.
Алғашқы жаза бастаған күннен-ақ Мартин шығармасына қанағат еткендей
болды. Ол енді əдеби түрдің кейбір олпы-солпы жері пікір топшылауына
нұқсан келтіреді деп қорықпайды. Ұзақ айлар бойы, табан серіппей,
сарғайып отырып сіңірген еңбегі жемісін бере бастағандай, көздеген
мақсатына енді төте жол табылғандай. Мұнан былай шын ықыласымен
жасаған еңбегі зая кетпеуге тиіс. Қазір тұрмысты дұрыс түсініп, дұрыс
суреттей алатын дəрежеге жетіп қалған тəрізді. Мартин «Кешіккен»
повесінде өмірде болған оқиғаны суреттемек, ақиқат бар адамдар мен
солардың ой-сезімін бұлжытпай көрсетпек. Сонымен қабат повестің ішкі
астарында барлық елге, бүкіл заманаға, барша халықтарға ортақ əділ идея,
ұлы сыр жатуы тиіс. «Осының бəрі Герберт Спенсердің арқасы,— деп
ойлады Мартин стуліне арқасын сүйеп, шалқая отырып.— Иə, Герберт


Спенсердің арқасы, қолыма ұстатқан, эволюция деп аталатын ұлы əлем
кілтінің ашып берген сыры».
Мартин қаламынан шыққан бұл шығармасының құнды нəрсе екенін
сезеді. «Ісім өрге басу керек! Басады!»—деді ол ішінен. Шынында да, шеру
тартып бара жатқан жоқ па. Журналдар көрген жерден жабыса кететін
дүние жазатын күн де туған секілді. Бүкіл повесі оның көз алдында отты
əріппен жазылғандай жарқырайды. Мартин жазудан басын көтеріп, қойын
дəптеріне повестің қорытынды тарауының нобайын түртіп қойды.
Əңгіменің ұзын-ұрғасы өзіне сондай анық, соңын күні бұрын жазып
қоюына да болар еді. Əлі аяқталмаған повесін басқа жазушылардың
осындай теңізге арналған əңгімелерімен салыстырғанда өз шығармасының
анағұрлым артық екеніне көзі жетті.
— Бұған ұқсас əңгіме жаза алатын бір-ақ адам бар,— деді ол күбірлеп
өзіне-өзі,— ол — Конрад. Сол кісінің өзі де мынау повесім үшін қолымды
қысып: «Бəрекелде, жақсы шығыпты, жарайсың, достым Мартин!» дер еді.
Күні бойы жазумен отырып қалған Мартиннің есіне бүгін Морздардың
үйіне шақырылып қойғаны түсе кетті. Бриссенденнің көмегімен қара
костюмін ол қайтып алған, енді ел көзіне көріне алады. Жолда кітапханаға
кіріп Салибидің «Өмір кезеңі» деген кітабын алды. Трамвайға отырып,
оның Нортон айтқан мақаласын оқып шыққысы келді. Бірақ оқи
бастағаннан-ақ зығыры қайнап кетті. Бір қызарды, бір бозарды, көздері
шытынап, кіжініп, əлдекімге жұдырығын түйді. Трамвайдан шығысымен
ашулы Мартин аяғын құшырлана басып, қаттырақ жүріп кетті де, сол
бетімен Морздікіне жете бере қоңыраудың кнопкасын нығарлай басты.
Сонда барып, есін жиып, қарқылдап өз-өзінен күліп жіберді. Бірақ үйге
кірген кезде көңілі су сепкендей басылып қалды. Биікке алып-ұшқан
шабыттың желқанаты топшысынан қайырылып, жерге құлап түскендей
болды.
«Буржуа! Пайдакүнем саудагерлер!»—дей беретін Бриссенденнің сөзі
түсті есіне. «Мейлі,— деді ол өзіне-өзі,— Мен бұлардың семьясына емес,
қызына үйленем ғой!»
Руфь бүгін ерекше қунақы, уылжыған ажарлы да нұрлы екен. Алмадай
қызарған екі бетінен, мəңгілік сəулесі төгілген көгілдір көздерінен көзін ала
алмады. Рас, ол соңғы кезде ғылими кітапты көп оқып, мəңгілік дегендерді


ұмыта бастаған еді. Бірақ бүгін Руфьтің көзінен соның дəлелін, сөзден
өтімді, оттан ыстық тілсіз айғағын көрді. Оның көргені ғашықтық еді. Сол
ғашықтық оты аз көзінен де жайнап тұрған. Сүйіспеншілікке сөз жүре ме.
Мартиннің кəміл ден қойған сенімі осы.
Түскі асқа дейін Руфьпен өткізген жарты сағат мезгілі Мартинді
бақытқа бөлеп, өмірге деген құмарын арттыра түсті. Бірақ ас үстінде қатты
қалжырағанын сезді. Тегі, бұл ұзақты күн атқарған ауыр жұмыстың
зардабы болу керек. Көзі түйіліп, сіркесі су көтермей отырды. Мартиннің
есіне осы стол басында мəдениетті деген адамдармен алғаш кездескені
түсті. Қазір қылықтарына күлкісі келіп отырған сол қауым бір кезде оған
биік те сəнді мəдениет орталығы сияқты көрінетін. Бəлкім, ол тұста
бұларға өзі де, мінезі де оғаш, ебдейсіз көрінсе ғажап емес. Шынында да,
ол кезде өзі жартылай тағы еді ғой, əрі қорынып, əрі ұялып, тер онан да,
мұнан да шұбырып, сыйлы орында əдеппен ас алудың да ретін біле алмай,
бір жағынан сорайған сұсты лакейден сескеніп, кездейсоқ себеппен келіп
қалған жағдайға үйлесе алмай, қай жерімнен мін табады деп қымтырылып,
қысылып отырғанда, қой, өзімде жоқ білімпаздықпен, сыпайыгершілікпен
көзге түсем деп əуреленбей-ақ қояйын, онан да өзіммен өзім болып,
жайыммен отыра берейін деп тəуекелге бел байлағаны рас-ты.
Мартин Руфьке көз қырын тастады, кеме пассажирі қысталаңда үрген
дөңгелекке осылай қарайды. Иə, өмір сынынан екі нəрсе өтіпті, ол
ғашықтық пен Руфь! Қалғанның бəрі кiтапқа қарай бастаған күннен
елестей ғайып боп кеткен. Руфь пен ғашықтық елес емес. Бұл екеуіне
Мартин биологиядан дұрыс түсінік тапты. Ғашықтық өмірдің ең асыл
көрінісі. Табиғат Мартиннің өзін де ғашықтыққа бола жаратқан, əрбір дені
таза адам сияқты оны да осыған əзірлеген. Табиғат он мыңдаған, жүз
мыңдаған жылдар бойы, жоқ, миллиондаған ғасыр бойы осы мақсатқа бола
күллі адам баласының тұқымын асылдандырған. Мартин соның жемісі.
Табиғат оған ғашықтық лебін берген, сол лепке сансыз мол қуат пен қиял
дарытқан, сөйтіп оны бар өмірге, жасампаз шебер бенденің арманын кеш,
азабын тарт, көре алсаң қуанышын көр деп қоя берген. Мартин стол
астынан Руфьтің қолын қысты. Руфь те қысты. Екеуінің көздері ұшыраса
кетті. Руфьтің көз жанарында жаудыраған ғашықтық нұры, жылы мейір
бар. Мартиннің көздері де жайнап тұр. Бірақ ол Руфьтің жанарындағы
жарық өз көзінде лаулап жанған оттың сəулесі ғана екенін байқамады.
Мистер Морздың оң жағында, Мартинге қияс, штаттық жоғарғы сот


мүшесі судья Блоунт отыр. Онымен Мартин талай кездескен. Шынын
айтқанда, оншама ұната қойған жоқ-ты. Судья Руфьтің əкесімен
кəсіподақтары туралы, саяси ахуал, социализм хақында əңгімелесіп отыр.
Мистер Морз Мартиннен сөз тартқысы келгендей, бір сəтте оны
социалистік ілімнің жақтаушысы деп қойды. Судья Блоунт аяған адамша
оған қарай көз қиығын тастады. Мартин де ішінен бір күліп қойды.
— Оқа емес, жігітім, жүре бара айығып кетесіз,— деді ол мейірлі
қамқор үнмен.— Жас баланың ауруын уақыт жазады! (Осы сөзді айтты да
судья мистер Морзға қарай бұрылды). Мұндай ретте сөз таластыруды хош
көрмеуші едім, себебі, талас егес туғызады, ауру өршіп кетеді.
— Əбден дұрыс айтасыз,— деді маңғазданып мистер Морз.— Бірақ
кей-кейде дімкəс адамға сырқатының ақыры немен тынатынын ескертіп
қойған да жөн.
Мартин зорланып, күлген болды. Күн ұзақ, жұмысы тым ауыр еді,
шаршаған болар.
— Сөз жоқ, білгір докторсыздар ғой,— деді ол.— Бірақ ауру адамның
атынан мен айтайын: диагноз дұрыс емес. Сіздер айтып отырған сырқат
менен емес, екеуіңіздің бойыңыздан табылады. Маған ондай дерт
жұқпайды. Сіздерді абыржытып отырған социалистік философия маған
ешуақытта дарып көрген емес.
— 
Əккісін 
қара, 
əккісін,— 
деді 
судья 
күбірлеп,— 
айыпты
айыптаушының өзіне таңу даукестіктің бір əдісі.
— Мен мұны сіздің сөзіңізге сүйеніп айтып отырмын,— деді Мартин.
Көздері шатынай бастағанмен ашуға жеңдірмей.— Сайлау науқаны кезінде
сөйлеген сөздеріңізді талай естігенмін. Менің пікір қайталау əдісі деген
өзіме ұнайтын, өзге жұрт түсіне бермейтін бір тұжырымым бар. Сіз
осындай əдіс қолдану арқылы белгілі пікір туғызып жүретін адам екенсіз.
Мысалы, сөз жүзінде сіз бəсекені қостайсыз, бəсекеде əлсізді күшті жеңеді
деген принципті жақтайсыз. Сөйте тұра, күштінің алдынан үнемі ор қазып
жүресіз.
— Жігітім!..
— Есіңізде болсын — сөзіңізді талай естідім дедім ғой! — деді Мартин


оған.— Штаттар арасындағы сауда мəселесін тəртіптеу, «Стандарт ойл»
компаниесі мен теміржол тресінің қызметін реттеу, орман-тоғайды
жоспарлы түрде пайдалану тағы сондайлар жөніндегі ұстаған бағытыңыз
тежеу салу, былайша айтқанда, социалистердің пікіріне саю деген сөз емес
пе?
— Сіздіңше қалай, шамадан тыс елге өкімін жүргізушілерді
ауыздықтамауымыз керек пе?
— Сөз бұл мəселе туралы емес. Мен тек диагнозыңыз қате, маған
социализмнің бактериясы жұққан жоқ демекпін. Ниетім сол бактерияның
өзіңізге жұққандығын дəлелдеу! Ал мен социализмнің ежелгі жауымын,
сіздердің қортық демократияңыздың да қас дұшпанымын. Өйткені, ол
демократия емес, көпірме қызыл сөзбен бет бүркеген жалған социализм.
Мен өзім кертартпамын. Осыған ден қойып кетуім сонша, мына өздеріңіз
сықылды қоғамдық жалған қарым-қатынас жағдайында өскен, өрісі тар,
болжалсыз кісілерге мені түсіну қиын. Сіздер кім күшті — сол жеңеді
дегенге сенеміз деп ойлайсыздар. Мен өзім бұған кəміл сенемін.
Айырмашылық осында. Сəл жастау кезімде — мұнан бірнеше ай бұрын —
мен де сіздердей едім. Ол кезде сіздердің идеяларыңыз маған белгілі əсер
етті. Бірақ саудагерлер мен дүкеншілер ел басқаруға əрі қорқақ, əрі шорқақ.
Олар пайдакүнемдіктен əріге бара алмайды. Сондықтан, билік жүргізуге
ақсүйектер артық па деп ойлаймын. Осы бөлмеде дарашыл адам мен ғана.
Мемлекеттен ешқандай үмітім жоқ. Тек күшті адам, ат ойнатқан ер жүрек
азамат қана мемлекетті азғындықтан арашалап қалады деп білемін. Ницше
дұрыс айтқан. Оның кім екенін түсіндіріп, уақытыңызды алмай-ақ қояйын.
Ницшенің айтқандары ақиқат! Дүние күштінікі. Кім күшті – сол құрметті,
сол — асыл. Олар сауда-саттықтың былғанышына бармайды. Дүние
қожасы нағыз ақсүйектер, ақ нəсілді сұғанақ жылпостар. Олар келісу
дегеніңізді білмейді. Тек біз тірі болайық, жасасын өмір дейді. Сіздер
сияқты социализмнен ат-тонын ала қашатын, дарашылмыз деп дардай
болып жүрген социалиссымақтарды олар екі шайнап, бір жұтады. Сіздердің
түбіңізге жететін екі жағына да жағынамыз, жағамыз дейтін құлшылдық
пітіне мораль! Əлбетте, осының бəрі сіз үшін қытай жазуы сияқты жұмбақ.
Сондықтан мазаңызды алмай-ақ қояйын. Бір нəрсе есіңізде болсын!
Оклендте нағыз дарашыл бес-алты-ақ адам бар, соның бірі — мына тəңірі
құлы Мартин Иденіңіз.
Мартин осымен сөзді доғарайық дегендей Руфьке қарай бұрылды да:


— Шаршадым, маған əңгіме емес, сүйіспеншілік керек,— деді.
Мистер Морздың:
— Сіз меңің көзімді жеткізе алған жоқсыз, шырақ. Социалистердің бəрі
бірдей екі жүзді сұрқия келеді. Оларда өзге қасиет жоқ,— деген сөзіне
Мартин жауап қайырмады.
— Кəп емес! Біз бұл жігітті жақсы республикашыл етіп шығарамыз,—
деді судья Блоунт.
— Ат ойнатқан азамат сізден бұрын үлгіріп жүрмесе,— деді де Мартин
Руфьке қарады.
Мистер Морз наразы еді. Болашақ күйеуінің жалқаулығын, елге ресім
пайдалы кəсіптен жиіркенуін жаратпайды. Ой-пікірі жат, құлқы түсініксіз
— бұл қандай адам, деп ойлады да сөзді Герберт Спенсерге бұрғысы келді.
Ол бастаған əңгімені мистер Блоунт қостай кетті. Философтың есімін
естігенде құлағы елең ете түскен Мартин судьяның маңғазсынып,
Спенсердің идеяларын өзінше сынап отырғанын естіді. Мистер Морз
«естіп отырсың ба, бала?»—дегендей Мартинге ара-тұра көз қиығын тастап
қояды.
— Шықылықтаған сауысқан-ай,— деп күңк етті де Мартин Руфьпен,
Артурмен əңгімелесіп отыра берді.
Бірақ күндізгі азабы, кешегі «нағыз адамдармен» танысқаны титығына
тисе керек, оның үстіне трамвайда оқыған мақаладан кейін де құрысы
тарқамай отырған.
— Сізге не болды?—деді абыржып Руфь Мартиннің əлденеге
тықыршып отырғанын сезіп.
— «Танылмағаннан өзге тəңірі жоқ, Герберт Спенсер соның
пайғамбары»,— деді судья.
Мартин жалт бұрылды.
— Арзан əзіл,— деді ол сабырлы кескінмен,— бұл сөзді алғаш рет
Сити-Холл паркте бір жұмысшының аузынан естігем. Ол ақылды адам емес


еді. Сонан бері əркімнен-ақ естіп келе жатырмын. Осы сөз құлағыма тиген
сайын түршігіп қаламын. Ұят емес пе! Сіздің сылдыр сөзіңізден ұлы кісінің
қасиетті есімін естігенде кілкірген қаққа шық тамғандай көремін. Сондай
жиіркенішті!
Мартин сөзі жұртқа төбеден түскен найзағайдай естілді. Судья Блоунт
қып-қызыл болып кетті. Отырғандар түнеріңкі, тым-тырыс. Іштей қуанып
қалған тек мистер Морз. Бұл қылық қызының намысына тиген шығар деп
ойлады. Дегеніне жеткендей: жексұрын көретін адамы табиғатына біткен
дөрекілігін көрсетіп алды.
Руфь жалынышты кескін көрсетіп, стол астынан Мартиннің қолын
қысты. Бірақ ашу қысып, қаны қайнап отырған Мартин дəрежесі биік-ақ
деген адамдардың топастығына, өздерін тым жоғары санауына қатты
ызалы-ды. Жоғарғы сот мүшесі болғаныңа болайын! Мұнан екі-үш жыл
бұрын осы ұсқынды сорлыларды əлдеқандай адам санап, алдында тізе
бүгуге де əзір еді-ау.
Судья Блоунт өзін-өзі тез билеп, бет-дидарын түзеп, əңгімесіне тағы
кірісті. Тіпті, Мартинге де бірер ауыз сыпайы сөз тастап қойды. Мартин
мұны судьяның сыйлағандығынан емес, əдейі əйелдерге мінез көрсету үшін
жасап отырғанын түсінді де онан сайын ызаланды. Япыр-ай, бұл дүниеде
адалдық дегеннің шынымен-ақ болмағаны ма?
— Спенсер хақында менімен сөз таластырып қайтесіз?— деді ол
дауыстап.— Оның өзге отандастары тəрізді сіздің де Спенсер жайында
айтарыңыз шамалы ғой. Рас, бұған сіз кінəлі емессіз! Қазіргі жаппай
надандық кінəлі. Соның бір мысалын бүгін де көрдім! Осында келе жатып,
Герберт Спенсер туралы Салибидің мақаласын оқығам. Сіз де оқып көріңіз.
Жеңіл жазылған, түсінікті. Кез келген магазин мен кітапханадан тауып
алуға болады. Салибидің Спенсер сынды ұлы адам жайлы жазғандарын
оқығанда өзіңіз де ұяларсыз. Ол тоғышар неменің қасында сіз қайта
сыпайы көрінесіз. Спенсердің қапталына да келмейтін сол академиялық
философ оны «жетілмеген философ» депті. Өзіңіз ғой Спенсер
шығармасының он бетін де оқыған жоқсыз. Сізден ақылды сыншылар да
оқып жарытқан емес. Сонда да олар Спенсердің жолын ұстаған адамдарға
оның идеясы жалған деп даурығуын қоймайды! Түсінесіз бе? Ғылыми
танымның күллі саласын қамтыған данышпан адамды олар осылайша қор
етеді. Спенсер психологияның атасы еді; педагогика саласында да зор


төңкеріс жасаған еді. Қазір Францияның деревнясындағы жастары да
Спенсердің əдісімен оқу оқып, жазу жазып, есеп шығарып жүр. Оның
есімін қорлаушы бишара сорлы адамдардың өзі де осы күні Спенсердің
идеясын тəжірибеде қолданып, нан жеп жүр. Басында түйірі болса, сол
үшін Спенсерге борышты екенін біле ме екен олар? Егер Спенсер шықпаса,
тоты құстай жаттап алатын да түгі болмас еді ғой. Ал Оксфордтың ректоры
Фэрбэнкс мырза,— судья Блоунт, есіңізде болсын, оның қызмет орны сіздің
орныңыздан жоғары,— Спенсерді кейінгі ұрпақ ойшыл адам деуден гөрі
қиялшыл ақын деп атайды депті. Шəуілдеген иттер кілең! Енді біреуі
«Негізгі бастамалар» əдеби көркемдіктен де құр алақан емес деген болады,
оған қосыла тағы бірі ол ақыл еңбеккері, соны пікір айтқан ірі ойшыл адам
емес деп зар қақсайды. Иттей үрген шəуілдектер! Шəуілдеген өңшең ит!
Мартин долырып, үндемей қалды. Үй іші жым-жырт. Руфьтің семьясы
судья Блоунтты сыйлайтын. Енді Мартиннің мына сөзі бəрінің де жер-
жебіріне жетіп кеткендей. Түскіліктің ақыры кісісі өлген үйдің қонақ
асындай болды. Судья мен мистер Морз ғана ақырын əңгімелесіп отыр,
өзгелері тым-тырыс.
Мартин мен Руфь астан кейін оңашада біраз сөзге келісіп қалды.
— Сіз өрескел, ағат кеттіңіз,— деді Руфь көз жасын бұлап.
Бірақ Мартиннің ашуы əлі басылмаған.
— Хайуандар! Неткен мақұлық, ə!..
Руфь судьяға тіл тигіздіңіз дегенде, Мартин:
— Қалайша? Шындықты айту тіл тигізгендік бола ма?— деді.
— Шын ба, өтірік пе, маған бəрібір, бірақ əр нəрсенің шегі болмақ
керек. Кісіні қорлауға, тілдеуге қандай правоңыз бар?
— Олай болса сіздің Блоунттың шындықты қор етуіне кім право
беріпті?—деп Мартин шаңқ етті.— Бишара адамға тіл тигізуден гөрі
ақиқатқа тіл тигізу анағұрлым жаман. Судья Блоунт мұнан да сорақы іс
жасады! Ол опат болған кіршіксіз данышпан адамды қаралады. Ах, неткен
хайуандар еді! Неткен хайуандар еді, ə!


Мартиннің ызақорлығы Руфьті шошындырайын деді. Қатты кейігенін
бірінші көруі-ді, өз ойынша, осыншама ағат кету себебін түсінген жоқ. Бір
жағынан, жігітке ықыласы да ауып, тағаты қалмай тұрған қыз күтпеген
жерде Мартиннің мойнына қос білегін арта салды. Сөзі намысына
тигенімен, басын кеудесіне тақап, қысып-қысып құшақтады.
— Хайуандар-ай, ах, хайуандар-ай!— деген сөзін де естігенімен елең
қылған жоқ.
Ол тіпті:
— Мен мұнан бұлай қонақ асыңыздың шырқын бұзбай-ақ қояйын,
қымбаттым. Достарыңыз мені жаратпайды екен, менің де оларға
жалбақтағым келіп жүрген жоқ. Мені жек көрсе, мен де оларды жек
көремін. Фу! Жексұрын! Бұрын дəрежесі жоғары, жасаулы жақсы үйде
тұратын, университет дипломы мен банкіде счеты бар адамдарды
əлдеқандай көріп жүретінмін, өзімді қор, оларды зор тұтатынмын. Аңқау
басым, оларды сыйласуға татиды деп жүріппін ғой,— дегенде де Руфь
басын көтерген жоқ.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   48




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет