24. Сабақта дүниетану түсініктері мен ұғымдарын қалыптастыру әдістері мен тәсілдері. Сабақта жұмыстың әр түрлі әдіс-тәсілдерін қолдану, балалардың бұрыннан бар түсініктерін пайдалану, түрліше көрнекі құралдар қолдану мұғалімге жалпы дүниетану ұғымдарын қалыптастыруға көмегін тигізеді.
Ұғымдардың қалыптасуында мұғалімнің баяндауының белгілі жүйеде болуының үлкен мәні бар. Жүйелілікке оқу үдерісінің барлық бөліктері жетекші идеямен байланысқан және оны ашуға, қоштауға қызмет еткен жағдайда жетуге болады.
Мұғалімнің жүйелі әңгімесінде көрнекілік үлкен орын алады: балалар көрнекілік арқылы, көріп қабылдаудан қорытуға, яғни ұғым құруға оңай барады.
Көрнекі құралдар тек жеке нақтылы заттардың түсініктері мен бейнелерін туғызу үшін ғана емес, сонымен бірге ұғымды қалыптастыру үшін бастапқы материал ретінде де пайдаланылады.
Балалардың бақылаулары, көрген фильмі, талқылаған картиналары немесе диафильмдері бойынша жүргізілген әңгіме оқушылардың бағдарламалық материалды саналы түрде игеруіне көмектеседі. Ал оны саналы түрде игеру негізінде балалардың дұрыс дүниетану ұғымдары қалыптасады.
Мұғалім заттар мен құбылыстардың негізгі белгілері мен қасиеттерін ашушы әңгімелерге жауапты қарауы керек. Балалардың тек есте сақтауын ғана талап ететін және программалық материалды саналы түрде емес, тек механикалық игеруін көрсететін сұрақтар қоймау керек. Сұрақтарды оларға қайтарылатын жауап оқушылардың берілген анықтамаларды түсінетіндей етіп қою керек.
Мәселен сұрақтарды балаға былай қоюға болмайды. Бастау деген не? Мұхит деп нені айтады? т.с.с. Алдымен картинадан, схемадан, жер бетінің планымен, картадан өзеннің немесе жылғаның бастауы деп нені айтатынын сұрауға болады. Оқушыларға сілтеме сұрақтар мен шұбалаңқы сұрақтар қоюға болмайды, өйткені олар балалардың табиғат құбылысының мазмұнын түсінетіндігін айқындамайды, қайта оларды түсінбей жаттап алуға итермелейді.
Жалпы ұғымдарды қалыптастыру жұмысын жүргізе отырып, мұғалім балалардың өз білімдерін қолдана білуіне көңіл бөлуі керек. Мәселен, 3- сынып оқушыларында «Географиялық карта» деген жалпы ұғым қалыптасты дерлік. Балалар картаны оқи біле ме, оның шартты тілін түсіне ме, міне, картадан тауларды, өзендерді, теңіздерді т.б. таба ала ма?-мұғалім, міне, осыларды тексеруі керек.
2-сыныпта балалар бөлме өсімдіктерін күтуді үйренеді. Оларда әрбір өсімдікке, өсіп-өнуге қолайлы жағдайлар: жақсы топырақ, жеткілікті мөлшерде ылғал, жарық, жылу керек деген ұғым қалыптасады. Бөлме өсімдіктерін күту арқылы балалар топырақты дұрыс қопсытуды, өсімдіктерге су құюды, ірі жапырақтарды ылғалды шүберекпен сүртуді, өсімдіктерге дәрі себуді үйренеді. Мұғалім бірінші кезекте мұны барлық бала дұрыс жасай ала ме екен, соны тексеріп, жалпы ұғымдар сабақта және сабақтан тыс уақытта практикалық іс-әрекетпен баянды етілуіне қол жеткізуге тиіс.
Түсініктер мен ұғымдарды қалыптастыру жөнінен тиянақты жұмыс жүргізе отырып, ұғымдардың мазмұнын жете түсінуге жету керек, өйткені тек осындай білімдер ғана сенімге айнала алады. Балалардың табиғат обьектісі мақсатты қабылдауын ұйымдастырудың маңызды шарты оны көрсетуді мұғалімнің түсіндіруімен ұштастыру болып табылады.
Көрсету табиғатта немесе кинофильм, телехабар қою, қабырға картинасын қарау кезінде, тәжірибе уақытында заттық сабақта өтуі мүмкін. Жұмыстың мұндай тәсілі оқушылардың санасындағы сөз бен табиғат құбылысының немесе обьектісінің нақтылы бейнесі арасындағы байланысты қамтамасыз етеді.
Мұғалім мұнан басқа оқушылардың табиғат құбылыстары мен обьектілерін суреттерден, түрлі жиынтықтар мен гербарийлерден көрсете алуына және олар туралы сол құбылыстың сипатты белгілерін әңгімелеп бере алуына қол жеткізуі керек.
Дүниетану сабақтарында практикалық жұмыстар мен бақылауларға сүйене отырып, балалардың кеңістік жайлы түсініктер мен қарапайым ұғымдарын (көкжиек, көкжиек тұстары, бағдарлау туралы) қалыптастыру қажет.
Сонымен оқушылардың ғылыми білімдерді берік игеруі және ұғымдарының қалыптасуы қабылдау, түсініктер қалыптастыру және олардың мәнін ұғу арқылы өтеді.