Ə. Е. Жұмабаева, М. Н. Оспанбекова, М. А. Данабаева



бет123/305
Дата06.01.2022
өлшемі2 Mb.
#11310
1   ...   119   120   121   122   123   124   125   126   ...   305
Сан есім тақырыбы оқушыларға екінші сыныптан бастап жақсы таныс. Сан есімнің өтілген түрлері еске түсіріліп, оның дара жəне күрделі түрлері таныстырылады. Бұл тақырыпты меңгерту қиындық келтірмейді.

Есімдік. Есiмдер тобына жататын сөз табының бiрi – есiмдiк. Есiмдiктер заттың атын, сынын немесе санын бiлдiрмейдi, бiрақ солардың орнына жұмсалады.

Есiмдiкпен оқушылар 4-сыныпта алғаш рет танысады. Бұл тақырыпты оқытудың негiзгi мiндеттерi мынадай:



    1. есiмдiк туралы алғашқы түсiнiк беру, есiмдiктiң тiлде атқаратын қызметiн байқату, оқушыларды есiмдiктi сөйлеу тəжiрибелерiнде саналы түрде қолдана бiлуге үйрету;

    2. оқушыларды қажет жағдайда зат есiмдердi есiмдiкпен алмастырып қолдануға дағдыландыру;

    3. жiктеу есiмдiктерiмен таныстыру, олардың үш жақта айтылатынын бiлдiру;

    4. жiктеу есiмдiктерiнiң септелуiн меңгерту.

Ең алдымен есiмдiктiң зат есiм, сын есiм, сан есiмдердiң орнына қолданылатын сөз табы екенiнен мағлұмат берiледi. Есiмдiк осы аталған сөз таптарының орнына жұмсалатындықтан, оған қойылатын сұрақтар да солардың сұрақтарымен бiрдей болып келетiнi байқатылады. Бұл үшiн мынадай сөйлемдер талданады: 1. Сəуле дүкенге келдi. Ол кiтап сатып алды. 2. Бұл кiсiнi жақсы танимын. 3. Асқар кiтапханадан бiрнеше кiтап алды.

Бiрiншi сөйлемдегi ой иесi – Сəуле екендiгi, оған жалғас сөйлемдегi ол сөзi Сəуле сөзiнiң орнына жұмсалып тұрғаны түсiндiрiлiп, оған кiм? сұрағы қойылатыны байқатылады. Екiншi сөйлемде бұл сөзiне назар аударылып, оның қай? сұрағына жауап берiп, сын есiмнiң орнына қолданылып тұрғаны, ал үшiншi сөйлемдегi бiрнеше сөзi қанша? сұрағына жауап берiп, сан есiм орнына жұмсалып тұрғаны сұрақ-жауап əдiсiмен түсiндiрiледi. Осы мысалдарды талдау нəтижесiнде оқушылар есiмдердiң орнына жұмсалатын сөздер есiмдiк деп аталады деген қорытындыға келуi қажет.



Етістік. Етiстiктi оқытудың басты мiндеттерi:

  1. етiстiк туралы берiлген ұғымды кеңейту, етiстiктiң негiзгi лексикалық мағынасы мен қызметiн, түрлену жүйесiн (жақ, шақ категориялары бойынша өзгеруiн, сөйлемдегi рөлiн) меңгерту;

  2. етiстiктiң жiктелуiмен таныстыру: үш жақта айтылатынын айтып, жiктiк жалғауларын бiлдiру;

  3. етiстiктiң шақтарымен таныстыру. Осы шақ, өткен шақ, келер шақ етiстiктердi саналы түрде табуға жəне пайдалана бiлуге үйрету;

  4. сөйлеу барысында етiстiктердi мағынасына сай дəл, дұрыс жұмсай бiлу дағдысын дамыту. Осы мақсатта сөйлемдегi, мəтiндегi етiстiктердiң мағынасына назар аудару, мəндес жəне қарама- қарсы мағынадағы етiстiктердi пайдалануын қадағалау.

Етiстiк – сөз таптарының iшiндегi грамматикалық категорияға бай ең бiр күрделi түрi. Сондықтан оның категориялары əр сыныпқа бөлiнiп, бiртiндеп үйретiледi. 4-сыныпта жаңадан оқытылатын етiстiктердiң жiктелуi, етiстiктiң шақтарынан бұрын 2–3-сыныптарда өтiлген етiстiктiң дара, күрделi, негiзгi, туынды жəне болымды, болымсыз түрлерiн еске түсiрiп, қайталау жұмысын жүргiзу қажет.

Етiстiктiң жiктелуi. Жiктiк жалғау – баяндауышқа ғана тəн жалғау. Олай дейтiнiмiз, жiктiк жалғаулы сөз сөйлемде əрдайым баяндауыш болады. Бұл туралы оқушылар «Зат есiмнiң жiктелуi» тақырыбын өткен кезде алғашқы түсiнiк алған болатын. Ендi жiктеу категориясы туралы ұғымдары кеңейтiлiп, етiстiктiң жiктелуiмен таныстырылады. Сондықтан бұл тақырыпты түсiндiрер алдында зат есiмнiң жiктелуiн еске түсiрiп, оны етiстiктiң жiктелген түрiмен салыстырып байқатқан тиiмдi. Сонда оқушылар зат есiмнiң де, етiстiктiң де жiктiк жалғауларының бiрдей екенiн байқайды. Өйткенi, алғашқыда зат есiммен бiрдей жiктелетiн етiстiктер ұсынылды.

Етiстiктiң шақтары. Шақ категориясы да – етiстiкке ғана тəн категория. Себебi, қимыл, iс- əрекет үнемi белгiлi бiр мезгiлде жүзеге асырылады. Яғни олар уақыт ұғымымен тығыз байланысты. Бұл туралы проф. К. Аханов былай дейдi: «Грамматикалық шақ категориясында осы шақ, өткен шақ жəне келер шақ бiр-бiрiнен қимыл, iс-əрекеттiң сөйлеу кезiне қатысы жағынан ажыратылады. Осы шақтың формасы сөйлеу кезiмен сəйкес келетiн қимыл, iс-əрекеттi бiлдiрсе, өткен шақтың формасы сөйлеу кезiне дейiн болған қимыл, iс-əрекеттi, келер шақтың формасы сөйлеу кезiнен соң, яғни келешекте болуға тиiстi iс-əрекеттi бiлдiредi» («Тiл бiлiмiнiң негiздерi», 347-б.). Етiстiктiң шақтарына бұдан артық сипаттама беру мүмкiн болмас.

4-сыныпта оқушылар етiстiктiң шақ категориясымен алғаш рет танысады. Сондықтан оқулықта алдымен жалпы шақ категориясы туралы түсiнiк беру көзделдi. Ол үшiн берiлген жаттығулардағы етiстiктiң қандай мезгiлдiк ұғымда жұмсалып тұрғанын анықтату, берiлген етiстiктердi iс-əрекеттiң бұрын болғанын немесе алда болатынын бiлдiретiндей етiп өзгертiп жаздыру тəрiздi тапсырмалар ұсынылды. Осындай жаттығуларды орындату арқылы етiстiктер iс-əрекеттiң белгiлi бiр уақытта жүзеге асатынын бiлдiретiнi, сөйтіп олар үш шақта айтылатыны меңгертiледi.



Үстеу – 4-сыныпта алғаш рет өтiлетiн тақырып. Үстеу туралы түсiнiк тiлдiк мысалдарды талдату, бақылату, салыстыру арқылы берiледi. Мысалы:

қашан? қалай? қайда?

Бүгiн мұражайға бардық. Жанар тез оқыды. Айша төменде күтiп тұр.

Осы тəрiздi мысалдарды талдау барысында қимыл, iс-əрекеттiң мезгiлiн, қалай орындалатынын, қайда болатынын бiлдiретiн сөз табы үстеу деген қорытындыға келулерi қажет.



Шылау. Шылауды оқытқанда, олар сөз таптарына жатқанымен, басқа сөз таптарындай жеке тұрғанда олардың толық мағынасы болмайтынын, арнайы сұраққа жауап бермейтiнiн, өздiгiнен жеке тұрып сөйлем мүшесi бола алмайтынын байқататын жұмыс түрлерiн жүргiзу керек.

Шылау туралы топтастырылған ұғым қалыптастыру, олардың жеке тұрғанда толық мағынасы жоқ екендігін, тек өзге сөздермен байланысып жұмсалатынын аңғарту мақсатында тақтаға төмендегідей кесте ілінеді:




Оқу жайында сөйлестім.

Оқу сөйлестім (мəн жоқ)

Көлге таман бардым.

Көлге бардым.

Сенен кейін сұрадым.

Сенен сұрадым.

Айжан ауылдан келді ме?

Айжан ауылдан келді.

– Кестенің екі бағандағы сөйлемдерін оқып, өзара салыстырайық.

Оқу жайында сөйлестім дегенде біреумен оқу туралы сөйлескенін ұғамыз, ал оқу сөйлестім десек мағына түсініксіз. Көлге таман бардым дегенде көлге жақынырақ барғанын, ал көлге бардым деген көлдің қасына барғанын білеміз. Осы ретпен кестедегі барлық сөйлем талданып шығады. Содан кейін «өз алдына толық мағына білдірмейтін, тек өзге сөздермен байланысып жұмсалатын сөздерді шылау сөздер дейміз» деген тұжырым оқушылардың өздеріне айтқызылады.



Одағай. Бұл сөз табының түрі 4-сыныпта алғаш рет таныстырылады. Сөйлемдегі ойға қатысты адамның əр алуан көңіл күйін білдіретін сөздердің одағай деп аталатынын ұғындыру, олардың сөйлемдегі өзге сөздерден үтір арқылы бөлініп жазылатыны туралы түсінік беру көзделеді. Сонымен қатар оқушыларды одағай сөздерді өз сөйлеу тəжірибелерінде орынды қолдана білуге жаттықтыруға баса назар аудару қажет.

Еліктеу сөздер. Оқушыларға еліктеу сөздер туралы түсінік беріп, оның еліктеуіш жəне бейнелеуіш болып екіге бөлінетінін, олардың өзіндік ерекшеліктерін байқату көзделеді. Сонымен қатар еліктеу сөздер көбіне етістіктермен тіркесіп жұмсалатыны, ондай жағдайда тұрлаусыз мүше болатыны байқатылады.

«Қазақ тілі. 2-бөлім» оқулығымен атқарылатын жұмысқа 72 сағат бөлінген. Оның 56 сағаты оқушылардың тіл заңдылықтарын меңгеруіне арналады. Қалған 16 сағаты жазбаша жұмыс түрлері (қорытынды бақылау: бақылау сөздік диктанты, грамматикалық тапсырмасы бар бақылау диктанты, бақылау мазмұндамасы, бақылау шығармасы) мен не үйренгендігін тексеруге арналған нəтиже сабақты, зерттеушілік іс-əрекетке баулитын жоба жұмысын құрайды.



QR(кюар)-кодты оқу үшін камерасы жəне сол кодты оқуға арналған қосымшасы бар смартфон (планшет) болуы қажет. Ондай қосымшаны Google Play Market арқылы таңдай аласыз. Ол үшін смартфоныңызды QR-кодқа жақындатыңыз. Сонда смартфон оны өзіне көшіріп алады. Сөйтіп QR-кодты сканерлеп алғаннан кейін, смартфон экранында шифрлі сілтеме пайда болады. Соны бассаңыз, сайтқа кіре аласыз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   119   120   121   122   123   124   125   126   ...   305




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет