Е. сейтжанов



Pdf көрінісі
бет7/10
Дата22.02.2017
өлшемі0,78 Mb.
#4697
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

                                         Сұрақтар мен тапсырмалар  

 

1. Əңгіменің жанрлық ерекшеліктері туралы айт. 

2. Қазіргі қазақ əңгімесінің беталысы. 

3. Əңгіме жанрының шебер жкімдер, олардың шығармашылығы? 

4.  О.Бөкеев,  С.Мұратбеков,  Т.Нұрмағамбетов  əңгімелері  туралы  айтып    

бер. 

5. Қазақ əңгімесінің келешегі кімдер деп білесің? 



6. Əңгімеге деген сұраныс, оқырман талабы қандай? 

 

  Əдебиеттер 



 

1.  Р.Рүстембекова. Қазіргі қазақ əңгімесі. 



2.  З.Қабдолов. Жебе. 

3.  А.Егеубаев. Сөз жүйесі. 

4.  С.Қирабаев. Талантқа құрмет.                 

                     Қазiргi повестер жəне олардың 



                               идеялық көркемдiгi 

 

 



                                                    Жоспар 

1. Повесть жанры, оның өзгешелiктерi туралы. 

2. Қазiргi повестер, тақырыптар. 

3. Повестердегi көркемдiк iзденiстер. 

4. Қазiргi повестердегi замандастар келбетi. 

5. Повестердiң əдеби процесте алатын орны. 

 

 


Тiрек сөздер: Повесть пен  əңгiме, қисса жəне хикая, повестердегi iзденiстер, 

жанр  түрi  М.Əуезов,  Ғ.Мүсiреповтың  повесть  жанрындағы  дəстүрi, 

повестердегi лиризм, Ш.Айтматов өнегесi. Қазiргi повестердiң шеберлерi. 

 

Бүгінгі  қазақ  прозасында  сан  жағынан  да  сапа  жағынан  да  ауыз 



толтырып айтар жетістіктер мол. Ол жетістіктерде повестердің де үлесі бар. 

Роман  секілді  кең  ауқымды  ғана  емес,  өмірдің  елеулі  бірер  құбылысын 

таңдап  алып,  соның  төңірегінде  адам  жанына  əсер  етер  оқиғаны  өрбіту, 

эстетикалық  қуат  беру,  патриоттыққ,  адамгершілік  тəрбие  беру  мəселесіне 

қазақ қаламгерлері белсене ат салысып келеді. 

Əдебиет сүюшi қауымға Мағзом Сүндетов татымды повестердiң авторы 

ретiнде  белгiлi.  Жазушы  «Шайтан  базар»  повесiнде  өмiрлiк  жолдасы 

кемпiрiнен  ерте  айырылған,  қартайғанда  жалғыздық  тақсыретiн  тартқан 

Дүйсен  қарттың  ойыншық  жасап,  оны  шайтан  базарына  апарып  сатып 

жүргенiне  таңданасың.  Алдымен  бұл  үлкен  кiсiнiң  ермегi  болса,  екiншi 

жағынан  сол  ермегi  балаларға  қуаныш  та  сыйлайды.  Бой  жетiп  қалған 

Майсарасы қарт үшiн əлi бала. Жалғызын жiгiт атаулыға қимайды. Соңында 

қарт  қызының  болашағын  дұрыс  түсiнiп,  ақ  батасын  бередi.  Мiне, «Шайтан 

базар» повесiнiң оқиғасы осы. 

Мағзом  Сүндетов  балалар  жəне  жас  өспірімдер  үшін  бір  кезде  өндіре 

жазып  еді.  Оның  «От  ішіндегі  адам»  повесінде  балалардың  арасында 

болатын  жолдастық,  достық,  өзара  құрметтеушілік  тəрізді  жарасымды 

қасиеттермен  қоса,  кейде  төбе  көрсетіп  қалатын,  көре  алмаушылық, 

мақтаншақтық  іспетті  қылықтар  барынша  нанымды  берілген.  Мұнда  да 

атаның  немереге,  немеренің  атаға  сүйіспеншілігі  бар.  Бірақ  бұл  «Шайтан 

базардағыдан» басқа қырымен көрінеді. 

Əділ-атасының  əңгімесін  тыңдаудан  жалықпайды.  Оған  дем  беріп, 

тебірендірген  атасының  соңғы  əңгімесі-от  оранған  адам  жайлы.  Сырт  көзге 

повестегі  балалардың  əрекеттері  мен  от  ішіндегі  адам  туралы  əңгіменің 

арасында  байланыс  жоқтай  көрінеді.  Мағзом  жас  балаларды  ойлауға 

меңзейді, өздерінің күнделікті əрекетіне ғана емес, үлкендерге де баға беруге 

үндейді. Мұны əсте де ересектерге күдікпен қарауды уағыздау демеу керек, 

керісінше,  ата  салтын,  əкелер  дəстүрін,  олардың  ел  басына  күн,  олардың  ел 

басына  күн  туған  шақтардың  ерлігі  мен  батырлығын  ұмытпауға  шақыру 

болып  табылады.  Əділ  өзімен  оқитын  Айгүлді  бар  ықыласымен  сыйлайды, 

көбіне «ұрттап қоятын» оның əкесіне көзқарасы басқаша. 

Айгүлдің  əкесі-Дастанның  «ішіп  жүруі»  əдетке  айналды  да,  мұнайшы 

жолдастарының  арасында  өз  қадірін  кетіріп  бара  жаты.  Əділдің  əкесі  де 

жолдасының  бұл  əдетіне  разы  емес.  Осы  орайда  Əділдің  атасының: «От 

ішіндегі Адам анадай болса, оның баласы Дастан жаман бола қоймас»,-деген 

ойы  белең  береді.  Біздіңше,  автор  көп  жасаған  ақ  көңіл  адамның  ешкімді 

жамандыққа қия алмайтын пейілін білдіру үшін айтқызған болар. 

«Еліктің  лағы»-терең  психологиялық  туынды.  Мұнда  тура  мағынадағы 

еліктің лағы да бар, еліктің лағындай түрі мен мінезі сүйкімді Айнаш та бар. 

Екінші жағынан, осы екеуіне де іңкəр Дəулетті көреміз.  



Мағзом бұл повесінде ғашықтар хақындағы талай шығармаларда алдын-

ала тайға таңба басқандай белгілі болып отыратын жайлардан бір өзгешелік 

аңғарылады.  Дəулет  Айнашты  қанша  сүйгенімен,  қызға  бір  ауыз  сыр 

сездірген  жоқ,  қыз  мұндай  ойдан  мүлдем  бейхабар.  Повесті  оқу  үстінде 

бұрын  үйленген  əйелі  бола  тұра,  тіпті,  сол  əйелінің  ішкі  жан  күйзелісін 

білгеніңізге қарамастан, Дəулеттің Айнашпен көңіл қосуын қалайсыз. 

Өмірде  ондай  бола  бермейді  ғой.  Дəулет  əйелінен  ажырасты.  Айнаш 

өзінен  бірталай  үлкен  жігіттен  алданды  (бұл  арада  Айнаштың  сырқаттанып 

қалғанын  сылтау  етіп  айнып  кетіп,  ол  жазылған  соң,  қайта  айналсоқтап 

жүрген  дəрігерді  оқырман  кешірмейді).  Ақырында  Айнаш  өзі  оқып  жүрген 

тарих факультетін тастап, дəрігерлік институтқа түседі. 

«Еліктің  лағы»  повесі  арқылы  Мағзом  Сүндетов  адамның  сан  алуан 

психологиясына  тереңдеп  бойлай  алатын,  сонысымен  оқырманды  да 

тебірендіру қолынан келетін қаламгер екенін танытты.  

Тұтқабай  Иманбаевтың  «Тұт  ағашының  көлеңкесінде»  екі  топтың 

қақтығысы  күш  сынасады.  Оның  бірі-колхозға  жаңа  председетель  болып 

келген Есентай жағы да, екіншісі-бұрыннан осындағы жергілікті тұрғын, көп 

жылдан 


колхоздың 

бас 


бухгалтері 

болып 


істейтін 

Шақшабай 

төңірегіндегілер.  Шақшабайлар  сырттан  келген  талай  бастықты  ретін  тауып 

«жолға  салып  отырған».  Ендігі  кезек  Есентайға  келеді.  Əрине,  жаңашыл, 

ілгерілеуші топтың жеңуі заңды. Соны жазушы нанымды бейнелей білген. 

Бұдан бұрынғы «Үш айдың үш күні» повесінде де Т. Иманбеков колхоз 

бастығының  бейнесін  жасаған-ды.  Ондағы  Рүстем  мына  Есентайдан 

қарабайырлау  көрінген.  Көптің  алдында  қарапайым  боламын  деп  жүріп, 

басқалардың  ақыл-кеңесіне  бас  шұлғи  беруші  еді.  Қырман  басында  ауыл 

ақсақалдарының оған ақырып-жекіруі ақылға онша қон қоймайды. Рүстемнің 

көне  көз  қарттармен  ақыл  қоса  жұмыс  істеуі  түсінікті.  Қанша  бастық  болса 

да, ол күні кеше ғана сол қарттардың қолында өскен бала, екіншіден, соғыс 

зардаптары қалжыратып, шаршатқан,  бірі баласынан, бірі інісінен дегендей, 

ғимастарынан  айрылған,  қайғы  жұтқан  жандарды  шаруашылықтың  аяғынан 

тік тұрып, өркендеп кетуі жолындағы жауапты да маңызды іске жұмылдыру 

үшін  председательдің  көпшілікпен  тонның  ішкі  бауындай  араласып  кетуі 

дұрыс  та.  Мұндағы  Есентай-ысылып,  ісіне  шын  берілген,  тыңдаушыға, 

əсіресе,  колхозшыларға  ойын  ұғынықты  жеткізе  алатын  қайраткер.  Ол-

ынжық  та  емес,  бос  айғайдың  адамы  да  емес!  Бір  сөзбен  айтқанда,  қазіргі 

заман  талабына  сай,  білгір  де  іскер  ұйымдастырушы.  Өз  мамандығын-

егіншілік  мəдениетінің  қыр-сырларын  ғылыми-практикалық  жағынан 

ойдағыдай  меңгергендікпен,  байқақалған  ақауларды  да  жұмыс  үстінде 

түзетіуге дайын, дəуір ағымын да жақсы түсінеді. Міне, Есентайлар тобының 

жеңу  сыры  осында.  Оның  үстіне,  Есентай  жалғыз  емес;  оның  адал  жары, 

жоғары  білімді  дəрігер,  өз  ісіне  мығым  Манатты  айтпағанның  өзінде, 

колхоздың  маңдай  алды  еңбеккері,  механизатор  Бекəшін  мен  оның  əкесі, 

жасы келіп қалса да, еңбекті рахат деп білетін, тек əділдік пен турашылдық 

үшін  күресетін,  балаларын  да  солай  тəрбиелеген  қамқор  ата  Еркебай,  тағы 

басқалар  осы  топтың  санатында.  Бұлардың  қай-қайсысы  да  тапсырылған 


жұмысты  жауапкершілікпен  орындайтын,  сыбыр-күбір,  өсек-аяңға  əуестігі 

жоқ,  Жаны  таза  адамдар  екеніне  сенесіз.  Ал,  Шақшабайлардың  жеңіліс 

табатын  себебін  олардың  білім-парасат  жағынан  алдыңғылардан  төмен 

жатқанынан, 

уақыт 

жүктеп 


отырған 

міндеттер 

үдесінен 

шыға 


алмағандығынан деп түйген жөн.         

Шəрбану  Құмарованың  «Бес  ырғай»  повесiне  негiзгi  арқау  болған 

интеллигент  жастардың  тыныс-тiршiлiгi  екенi  бiлiнiп  тұр.  Жазушы 

шығармада  аяқтан  алған  кедергiнi  сынау  мақсатында  сюжеттi  кедергiге 

кұрған.  Автор  көбiне,  құрбылас  қыз-келiншектердiң  бейнесiн  жасауға  көңiл 

бөледi.  Жазушы,  əсiресе,  мiнез-қылығы  жарамсыз  қыз-келiншектердiң  сын 

садағына алғанда бояуы айқын сурет салып, көз алдыңнан кетпейтiн көрiнiс 

бередi. 


Назекет  ыңырана  еркелеп,  оны  бұрынғыдан  бетер  құшақтап  алды.  Бiр 

құшақтаса  таң  атқанша  құшағы  жайылмайды…  Мұнда  белгiлi  бiр  көрiнiстi 

көз алдымызға қаз-қалпында əкелу бар. 

…Тотия  есiмдi  келiншек  Қара  теңiз  жағасындағы  курортта  танысқан 

Рахым есiмдi жiгiттiң арасындағы диалог та шебер берiлген. 

-Сен сырға берiк екенсiң, осы үшiн сыйлаймын, шынымды айтсам жақсы 

көрiп қалдым… Қимаймын сенi, неғыл дейсiң маған? 

-Неғыл деушi ем. Мен бейбақ неғыл дейiн саған. Қол-аяғым тұсаулы жан 

емеспiн бе? 

-Балаларың көп пе? 

-Біршама бар. Төртеу… 

-Оһо! Ерлепсің. Мен де төртеу.. 

-Не жұмыс істейсің? 

-Заң  қызметкерімін,  өзің  ше,  айтпақшы,  дəрігер  екенсің  ғой…  Басқа 

қолымыздан келе қоймас, жыл он екі айда болса да кезесіп тұруға қалайсың? 

-Мен қарсы емеспін… 

-Хат-хабар  алысып  тұрайық,  бірақ,  Сəния  деп  сені  қайдан  іздейін,  аты-

жөніңді, тұрағыңды айтпаймысың? 

Тотия айтты…» 

Автор  дүние  қоңыздық  пен  бірін-бірі  көре  алмаушылықты  қатаң 

сынайды. Біреулерге еліктеп кербез д6ние жинап еді, Тотия ода насып түсті, 

ал Тотияның үйінде болғанда, Назекеттің де ішіне шоқ түскендей. Назекеттің 

ғылым  адамы  екенін  білгеннен  кейін  Кербез  де  аспирантураға  түсті.,  бірақ 

ештеңе  шығара  алмады:  қажетті  дүние-мүлік  үй  ішіне  толып  болған  соң, 

зерттеу  жұмысы  да,  ғылыми  еңбегіне  жетекшілік  ететін  профессор  да  оны 

онша  қызықтыра  қойған  жоқ.  Ал,  Бұҳарбайға  келсек,  автор  оның  кейпі 

арқылы жағымпаз жастардың бейнесін анық танытады. Бір байқалатын жай-

Шəрбану  кімді  сынаса  да,  қай  тұрғыдан  сынаса  да,  дəл  тауып,  сол 

кейіпкерлерінің  ойы  мен  бойына  шақ  əрекет  жасаттырады.  Қысқасы,  типтік 

дəрежеге  көтере  алады.  Осы  аталған  адамдардың  қай-қайсысының  да 

өмірдегі  прототиптерін  қиналмай  табамыз.  Сондықтан  да  шынайы,  əсерлі, 

күлкі  шақырады,  ызаны  келтіріп  отырады.  Ал  автордың  екінші  повесі-

«Қазбауыр бұлттар» лирикалық-романтикалық сарында жазылған.  


Кешегі  соғыс  кімнің  басына  ауыртпалық  бұлтын  төндірмеді  десеңізші! 

Майданнан қайтқан Мырзатай мен Ақжолтай арасындағы жайлар соның бір 

мысалы ғана. Мінезі ауыр, көп сөйлей де қоймайтын азаматтың семья шырқы 

бұзылуы,  берекесіздікке  ұрынуы  сол  ауыр  жылдардың  салдары.  Ал,  сүйген 

жарын  майданнан  сонша  күтіп,  ажырасқаннан  кейін  оның  екінші  əйелінің 

баласын бауырына салуы Ақжолтайдың нағыз адамгершілік, аналық қасиетін 

айғақтайды.  

Жазушы  махаббат  сияқты  қасиеттi,  ардақты,  аялы  сезiмдi  суреттеймiн 

деп  отырып,  кей  тұста  ұлттық  санаға  қайшы  келiп  отырады.  Қамқанай  мен 

Ұланды  бiр-бiрiне  iңкəр  қыз  бен  жiгiт  ретiнде  суреттейтiн  тұстары 

иландырмайды.  Дұрысында  оларды  көптен  бiрiн-бiрi  таба  алмай  жүрген 

туыстар ретiнде бейнелесе, қаламгер ұтқан болар едi.  

Ауыл  шаруашылығында  еңбек  ететiн  адамдардың  бейнелерiн  əр 

қырынан  суреттеп  жүрген  жазушыларымыздың  бiрi – Төлепберген 

Тобағабылов. 

«Тағы  бiр  күз»  аталатын  повесiнде  Алматы  төңiрегiндегi  бiр 

шаруашылықтың  фермасындағы  түйекеш  кейiн  шопан  Нұртасты  басты 

кейiпкер  етiп  алады,  оқиганың  бəрiн  соның  айналасына  құрады.  Сөйтiп 

Нұртас  туралы  айту – түгелдей  повесть  туралы  сөз  қозғау  болып  шығады. 

Повестегi  ұтымды  жайлар  қатарына  кейбiр  сəттердi  айтуға  болар  едi. 

Алдымен  Айдар  бейнесi  бiршама  жақсы  шыққанын  айтуға  болады.  Ол – өз 

мамандығын  ойдағыдай  меңгерген  режиссёр.  Кинолентаға  қалай  түсiру 

керектiгiн,  үсiрiлуге  тиiс  объектiге  қайсы  жағынан  келу  керектiгiн  дұрыс 

аңғартады.  Нұртастың  өмiрiмен  толығырақ  қанығуы,  былайғы  адамдарға 

ұсақ-түйек көрiнетiн деталдарға көңiл бөлуi осыны дəлелдейдi. Ауылға алғаш 

келгенде  кейбiр  жарамсыз  нəрселерге  көңiл  аударуы  да,  бiр  жағынан  сынай 

қарауы да өнер адамына тəн байқағыштық. 

Повестегi  Нұртастың  қайнағасы  Нақып  та,  оның  зайыбы  Əсем  де 

сыпайы,  адал  жандар  санатында  есте  сақталады.  Айталық,  өз  жүректерiн 

жарып  дүниеге  келген  қызы  Гүлжанды  Нұртас  пен  Раушанға  беруi,  бiр 

қарағанда  талай  шығармалардан  оқылған  таныс  көрiнiс,  бiрақ  өте  жүрек 

толқытар  жай.  Осыған  орай  Раушанның  Гүлжанды  өзiнiң  туған  баласындай 

жақсы көрiп кетуi де жылы əсер қалдырады. 

Шығарманың  негiзгi  кейiпкерi  Нұртасты  алайық.  Оның  ауыз  толтырып 

айтарлық  табысын  байқаймыз.  Бар  болғаны–бошалаған  түйенi  қуалап, iз 

кесумен жүредi. Моральдық-этикалық жағынан да Нұртастан үлгi етер қылық 

таба алмаймыз. Оның Қанымкүл атты алғашқы əйелi жүктi күйiнде шет елде 

қалды.  Өйткені  оның  ата-анасы  сонда,  бірақ  екеуінің  арасында  ешбір 

қақтығыс болмады.: əйел тұрды да, үйден шығып жүре берді. Біздіңше, осы 

тұста  Нұртастың  патриоттығын  танытатын  тартыс  керек  еді.  Автор  оны 

iштей Нұртастың толғанысы арқылы бередi. Ол жеткіліксіз. Жүрегін жарып 

шыққан  баласы  шет  жұртта  қылды.  Əрине,  қол  ұшын  беру  қиын,  дегенмен, 

кейін  оны  ойлап,  тағдырына  қайғырып  жүрген  Нұртас  тағы  жоқ.  Мұнда 

Раушанмен тұрмыс құрды. Өз маңдайына біткен бала болмады да, Гүлжанды 

бауырына  басты.:  еркелеткен  де,  атын  қойған  да  Нұртастың  өзі  еді,  сəлден 


кейін оған илікпей қойды. Сөз болып отырған кітапта Гүлжанның ешқандай 

кінəсі жоқ. Туған балаға деген махаббатты ешкім тартып алмас түсінікті. Ал 

Нұртастың  нағыз  адамгершілігі  дəл  осы  орайда  ашылғаны  дұрыс  еді. 

Өкінішке орай, томырық, тоң мінезбен ғана көзге түседі.  

Əрине,  бүгiнгi  замандастарымыздың  бейнелерiн  жасау  үстiнде  қазак 

прозаиктері  табыссыз  да  емес.  Бүгiнгi  замандастарымыздың  тұрмыста  да, 

өндiрiсте  де,  оқу  процесiнде  де  жан-жақты  көрiнуi  атап  айтарлық  құбылыс. 

Бiр  қарағанда  тарихи  дүниелер  тəрiздi  көрiнгенiмен  кешегi  дəуiрдiң  сан 

салалы иiрiмдерi туралы повестердiң тууы жақсылық нышанындай. 

Əдебиетке  өзіндік  өрнегімен,  келіп  қосылған  жас  жазушы  Роллан 

Сейсенбаев  «Аңсау»  атты  алғашқы  кітабымен  қаламгерлік  қабілетін 

байқатқан  болатын.  Жас  жазушы  творчествосындағы  өзгені  қайталамауға 

деген  батыл  талабын  характерлер  арқылы  ой  айтуға  деген  ниетінен  де, 

сондай-ақ,  көркемдік  тəсілдерді  қолдану  өзгешелігінен  де  байқауға  болады. 

Оның  шығармаларының  негізгі  кейіпкері  көбіне  өз  замандасымыз  болып 

келеді.  

Автордың алғашқы «Намыс» повесі ертедегі жоңғар шапқыншылығына 

байланысты  бір  аңыздың  ізімен  жазылған.  Аңыз  болғанмен,  оның  негізінде 

тарихи шындық жататыны белгілі. 

Дүниені  білектің  күші,  найзаның  ұшы  билеген  алаөкпе  заманның  бір 

суретін көз алдымызға əкеледі повесть. Сыртқы жауды, жоңғарларды, былай 

қойғанда, қазақтың өз ішіндегі талас-тартысты қайтесіз, ағайын арасы жанып 

қойған  семсердей  қылпылдап  тұр.  Бір  ауылдың  екі  батыры-Төбет  пен 

Күшікбайдың  арасы  жер  мен  көктей.  Екеуі  де  қол  жинап,  жылқыларын 

жаулап кеткен жоңғарларға қарсы аттанады. Бірақ екеуі біріге жауға шауып, 

бір  елдің  намысын  жыртып,  жорыққа  аттанғандарымен  жеке  бастарында 

басқаша  ойлар  жатыр.  Төбет-батырлығымен  жауға  шауып  жүрсе  де,  көбіне 

ақылын найзаға сатып, ақымақтық жасап кететін адам, басқалармен бақталас. 

Ел  намысын  ажырата  білмейді.  Бұл  жолғы  шапқыншылықта  да  Төбет 

жоңғардың батыры Анарқойдан өлген інісі Естібек үшін, «тірі болсам жалғыз 

інімнің кегін қайырамын» деп, ант етіп аттанады. Қанға қан, жанға жан деп, 

қолына  түсёрген  жоңғар  жылқышылары  мен  сұлу  қызды  ит  қорлықпен 

өлтіргісі келеді. 

Ал, Төбеттің мұндай əрекеттеріне Күшікбай сияқты жас батырлар қарсы 

шығады.  Автор  бұл  екеуінің  арасындағы  осы  тұстағы  тартыстьы  шынайы 

суреттеген.  Жеке  намысты  қуып,  өз  ерлігін  ғана  ойлаған  аусар  батырға 

елдікті,  бірлікті,  ынтымақты  ойлаған  Күшікбай  сияқты  батырларды  қарсы 

қояды. 


Əулиенің ақылынан бір тентектің шоқпары салмақты заманды Күшікбай 

жақсы  түсінеді.  Ел  намысын  жеке  бастың  намысына  бұрған  Төбетке, 

«Жоңғар  қақпасының  алдына  қорған  салсаң  да,  ел  арасы  жүрек  3ылымен 

сабақтасып  ұғыспай  бəтуа  болмайтынын,  қорғанды  салған  ел  бұза  да 

алатынын  ұғатын  ел  ағасы  сендер  емессіңдер  ме?»  дейді.  Күшікбайдың  бұл 

сөзінен  ел  намысын  қорғаған,  ел  бірлігін  жақтаған,  бағына  емес,  ақылына 

сенген ізгі ниетті жанның бейнесі көрінбей ме? 


Ақыры  əділдік  жеңеді,  Күшікбай  жоңғар  тұтқындарына,  сұлу  қызға 

бостандық əпереді. 

Батырды  намыс  өлтіреді  емес  пе,  ауырып,  екі  дүниенің  ортасында 

жатқан  Күшікбайдың  қызыл  бестісін  олжалап  кетпек  болған  қараниет 

Төбеттің  артынан  қууында  да  бір  ерлік  жатыр.  Ол  ауру  халдегі  өзін 

басындырғысы  келмеді.  Батыршы  қимыл  танытты,  намысқа  тырысты.  Бірақ 

намыс пен кек екеуі екі бөлек дүние екендігін пайымдады ол. 

Автор  көне  заманның  бір  елесін  жып-жинақы  етіп  қана  көз  алдымызға 

əкелген. Мұны жас автордың татымды табысы деп білеміз. 

Қазiргi  əдеби  процестi  сөз  еткенде  аса  талантты  дарын  иесi  Оралхан 

Бөкеев  есiмiн  айтпай  кетуге  болмайды.  Оралхан  повесiнiң  геройлары 

негiзiнен  бүгiнгi  замандасымыз.  Мəселен  «Бəрi  де  майдан»  повесiнде  Ақан 

қарт  пен  Құмырайды  салыстыра  отырып,  кешегi  Отан  соғысынын  жеңiске 

байланысты  болатын  тойға  шақыру  келмеген  Ақан  қарт  ерте  тұрып  кетiп 

қалады.  Шалының кешеден  берi ренжулi екенiн кемпiрi алма ғана  аңғарған. 

Шыныда  да  Ақан  өкпелеп  кетiптi.  Ауыл  басшылары  жеңiс  тойын  тойлауға 

соғысқа  қатысқандарды  ғана  шақырып,  Ақанға  шақыру  жiбермептi.  Ақан 

ойға қалады. Үлкен тойға шақырылмайтындай жазығы не? Кiнəсi – майданға 

бармағаны  ма?  Оны  майданға  емес  еңбек  армиясына  жiберген  үкiметтiң  өзi 

едi  ғой?  Ол  қиын-қыстау  жағдайда  аянбай  тер  төккен  жоқ  па  едi? 

Аурулығына  қарамай  еңбек  озаты  болды.  Жұмысқа  қыры  жоқ  Құмырай 

сияқтыларды майданға жiберiп жатқанда, мұны 1946 жылға дейiн босатпады. 

Жазушының  негiзгi  аударатыны – Ақанның  соғыс  кезiндегi  еңбегi. 

«Бiздер еңбек армиясында болғандар жаумен мылтықсыз шайқастық; əрине, 

өлiм-жiтiм  аз  болды.  Сондықтан  да  қадiрсiз  болдық», -дейдi  Ақан.  Дене 

жарасынан  жүрек  жарасы  əлдеқайда  ауыр  дегендi  ширек  ғасыр  бойы 

Құмырайға түсiндiре алмай келемiн… Қайтейiн. Тағдырдың жазуы шығар… 

Жазушының «Қар қызы» аталатын повесiнiң геройлары өңшең өрiмдей 

жастар.  Озат  тракторист  Нұржан  бастаған  Амантай,  Бақытжан – үш  жiгiт 

Айыртаудын  ар  жағынан  шанамен  шөп  əкелуi  керек.  Олардың  үсiп  қалмау 

үшiн  жанталасы,  үсiк  шала  бастаған  Аманжанды  арашалау  жолындағы 

күресi,  алысы,  төбелесi.  Каскырлардан  қорғануы  т.б.  оқырмандарды  баурай 

бередi. 

Жастарына  лайық  Оралхан  геройларының  барлығы  да  арманшыл, 

қиялшыл жандар. Олар өзiмен өзи сырласады, өткенiн еске алады, қуанады, 

күйiнедi.  Сондай  жағдайда  көбiнесе  жастық  аңсарлары,  сезiм  күйлерi  сөз 

болады. Əрқайсысының алғашқы махаббаты ойға түседi. 

Шығармада Қоңқай атты жұмбақ шал суреттеледi. Ол калың елден алыс 

Айыртаудың баурайында қар басып қалған жалғыз үйде жеке өзi оңаша өмiр 

сүредi. Қоңқайдың өз ұғымы, өз философиясы бар. Өз басының, өз мекенiнiң 

еркiндiгiн  күйттейдi. «Мол  қарлығаштың  мекенiндей  ұямның  қауiпсiздiгiн 

көзiмнiң  қарашығындай  күзетiп,  суверенитетiн  сақтау  үшiн  елу  жыл 

алыстым, атысқанмен атыстым»,- дейдi ол. 

«Мұзтау» повесінің жазылу  стиліндегі сонылық, психологиялық талдау 

барысындағы  кейбір  сəтті  шыққан  тұстары  болмаса,  Оралхан  таланты 


деңгейінен  көп  төмен  тұрған  туынды.  Рас,  Ақтан  бейнесінен  алғашында 

кіндік  кесіп,  кір  жуған,  табаны  топырағына  тиген  ата  мекенді  алпыс  үйдің 

елу  тоғызы  тастап,  жаңадан  құрылған  совхоз  орталығына  көшкенде,  жүрегі 

сыздап, көшпей отырып қалған жігіттің «нарын» көреміз. Амал не, ол тілегі 

бойынша  көшкен  жұртты  жайлап,  мылқау  орман-тоғайдың  күзетшісі  боп 

орналасқан Ақтан, көптен қара үзіп, үрейлі жалғыздыққа, есі ауып шатасуға 

барған зобалаң шақты басынан кешіреді. Бар сүйенері, қара көрері - лəм-мим 

деп  жақ  ашпайтын  «басын  əбден  тозығы  жеткен  жайнамазға  бір-ақ  рет 

тигізетін  де  тасбиығын  он  қайтара  санап  күмбірлей  беретін»  кейуана  анасы 

ғана.  Ақтан  басынан  кешкен  зауалды  шақтың  екі-ақ  күні  бүкіл  повестің 

сюжетін  құрайды.  Оралхан  Ақтанның  жан  дүниесіне  талдау  жасау  үстінде 

сезіміңе шырпы тигізе отырып, осы жігіт ағасының өміріндегі ең есте қалар 

ұрымтал-ау  деген  шиеленісті  сəттерді  теріп  алып,  соған  сай  «сана  ағысын» 

алдына  жайып  салады.  Десе  де,  туған  жерді  сүйіп,  ананың  ақ  сүтіндей 

адалдықты «иманындай» сақтайды деген жігіт, басына «іс түскен» шақтарда 

дүниеқоңыз  пендеден  айырмасы  болмай  шығады.  Сүйдім  деген  Айгүлдің 

махаббатына  жауап  бере  алмай,  диуана  күйге  түседі,  көзіне  шөп  салады, 

шешесі  бөлек  болғанымен  əкесі  бір  бауырының  аруағын  аттап, «намысы 

қозып»,  Жесір  сынды  жесір  келіншекті,  Қан  мұғалімді  еденнің  астындағы 

ұраға  тығып  қойып,  қызыл  іңірде  «шыңғыртып»  нəпсі  құмарын  басады. 

Дүниеқорлығы  ұстап,  жан  баласы  дəті  шыдап  түсе  алмаған  мұз  шыңырауға 

да  тəуекел  жасайды.  Көрер  жарығы,  татар  дəмі  таусылмапты,  тау  асып, 

шекарадан өтіп кетті деген əкесі де өзі сияқты дүниеқоңыз жан екен, мəйітін 

мұз  шыңыраудың  табанынан  кездестірді.  Ақыры  ата  мекен  деп  жаныңды 

шүберекке  түйгенмен, «Көппен  көрген  ұлы  той». «Жалғыз  жүріп  жол 

тапқанша,  көппен  бірге  адасқан»  жөн-ау,  тəйірі,  деген  идеяны  ұсынады 

автор. Ақтан жарық дүние, жер бетінде жүріп, қарны тоқ, қайғы жоқ заманда 

осыншама  неге  сергелдеңге  тап  болған?  Жазушы  оны  психикалық 

шатасуларға талатып, əуре-сарсаңға түсіріп, «күнəға»белшесінен батырғанда 

не  ұтты?  Егер  ол  ЕС  білгеннен  үлкен  өмірден  шеттеліп,  бас  пайдасынан 

басқадан  тұйықталып  қалған  кісі  киік  жан  немесе  тағдырдың  теперішінін 

көріп,  əділетсіздік  таяғынан  запыс  болған, «қуғынға»  ұшыраған  адам  болса 

бір сəрі, бұл мектепте оқыған, оң-солына жетік азамат емес пе? 

Өкініштісі, «Мұзтаудағы»  кейіпкерлердің  ішкі  əлемінің  сапасын 

сезіндіретін  жан  қозғалысы,  дірілі  əрекеттерін  айқындай  келгенде,  бəрі  де 

Ақтаннан  əрі  аспағаны  реніш  тудырады.  Айталық,  жоғары  білімді,  халық 

мұғалімі Қан кім? Ол-осы уақытқа дейін семья қызығын татпаған, маскүнем, 

моральдық жағынан азған, көлгір, айла-шарғының адамы. Жарайды, мұғалім 

де ет пен сүйектен жаралған пенде, жүздің ішінде шырық бұзар, бір қу мүйіз 

неге  кезікпесін  деуге  де  болатын  шығар.  Оған  қол  қою  үшін,  əрине, 

бұлтартпас  көркемдік  себептерін,  моральдық,  азаматтық,  қоғамдық  бет-

бейнесі  айқын  көрінер  ортада  оны  басымырақ  суреттеген  оңды  еді.  Сырты-

абыз,  іші-залым,  əрекеті  бұзық  кейіпкер  сөйтіп  барып  тұлғаланбақ.  Жесір 

ше?  Ол  да  жұмысында  береке  жоқ,  мемлекеттің  ақшасын  жеп,  өмірдегі 

орнын  таба  алмай,  Қан  сияқты  мерездерді  шаңырағына  ұялатқан  жезөкше. 


Айгүлдің ағасы-Бух-аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын бейпіл ауыз, мумья 

мен бұғының кептірген шыбығы көкейін тескен арсы-күрсі жан. Жалт беріп 

көрініп,  ұшты-күйді  жоғалып,  характерлік  дəрежеге  жетпей,  жарым  жолдан 

қараларын  батырып  отырады.  Өзі  өмір  сүрген  ортаға,  яғни  адамдарға, 

қоғамға  сіңірген  еңбегі,  азаматтық  тұлғасы  көрінер  толық  қанды  образ 

іздейсің.  

Жалпы  алғанда  О.Бөкеев  повестерi  оның  творчество  жолындағы  елеулi 

табысы,  ол  автордың  ғана  емес,  қазақ  повесiнiң  қазiргi  дəуiрдегi  жаңа  бет 

алысын, жетiстiктерiн сонымен қатар алда iзденер бағытын көрсете алады. 

Қорыта  айтқанда  қазақ  повесi  қазiр  ерекше  даму  үстiнде  повесть 

жанрындағы iзденiстер өз жемiсiн беруде. 

 

 




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет