Әдеби KZ
Бір күні өзіне-озі қайрат беріп: "Қой, бүйтіп күйік үстіне жалқын салмайын, өзімдікі
қабырға бірге түсетін күйік қой, енді тағы Ахметті күйдіріп, кәрі әке-шешесінің обалына
қалмайын; бірдеңеміз елге сезіліп қалса, Ахмет байғұстың талқанын шығарады ғой; сонда
олардың көз жасы, қарғысы менің мойныма болмағанда, кімге?.. Бес-он күндік ойын
үшін, әрі өзімді, әрі оны қараландырып, жұртыма да, құдайға да ұятты болмайын; жанған
жаным жана берсін: обалымыз қиюы жоқ, қисыны қашқан дүниеге, оңға баспай, солға
басқан қазақтың қара ғүрпына болсын. Бейшараның жанына батыра жазып, көңілін
суытайын. Маған әуреленіп Ахмет деген абыройлы атынан айырылып қалмасын. Өмір
бойы өзім түскен азапқа ол түспесін..." деп, әр жағын салыстырып шарқ ұрып келіп,
көзінің жасын төге-төге мынау бір хатты Ахметке жазып, беріп жіберді.
"Құп алдым ықыласыңды замандасым,
Белгілі сенен жақсы таба алмасым.
Сонда да үмітіңді үз, менен түңіл,
Доп емес әркім қағар менің басым.
Көз тігіп қарадың деп күйе жақпа,
Жақсаң жақ, жөні келер жерін тап та.
Ақылмен алды-артыңды шолып алмай,
Қарны ашқан қасқырға ұқсап қойға шаппа!
Қарасам, сүйгендіктен қарамаймын,
Сүйсем де, сол сөзіңе жарамаймын.
Арыстан айға шауып мертігіпті,
Секірме, қолың жетпес көктегі аймын.
13
Әдеби KZ
Сілтей бер маған жетер қолын болса,
Даңы жоқ, даңғыл жатқан жолың болса.
Ашық жол, асулы қол болар еді-ау,
Бірақ жоқ, әттең дүние, соның болса...
Сен шыда, күйіп тұрсың, бір-ақ отқа,
Болсаң да қандай қызу жалын шоқта.
Аузың айтып, ар жағың біліп тұр ғой,
Екі оттың арасында тұрғам жоқ па?!"
деп, өзінің сырын Ахметке дүмбілдеу аңғарсын дегендей қылып қойып еді.
Неше күндей тыншымай, жатып тұрып ойланып, жанып-күйіп сандалып, ой түбіне жете
алмай, дертке дәрмен ете алмай, жаны-жүрегі, көңіл-тілегі Қамардың жылы жауабын
күтіп жүрген Ахмет сорлының жүзі хаттың басқа жолын көрген шағында қараңғы бұлт
астынан күліп шыққан күн сықылды жарқырап кетті. "Ойдағым келді ме, жылы жауап
берді ме, Қамар мені сүйді ме, сүйгендіктен күйді ме?"- дегендей қылып көзі жасаурап,
жүрегі лүпілдеп, өне бойы қалтырап кетті. Аһ, не шара... Талайсыз сорлы! Өлеңнің соңғы
жолына аяқ басқан соң-ақ, баяғы қалтыраған жүз, жаудыраған көз күннің бұлт астына
қайыра кіргені секілді түнеріп салып жүре берді. Сонда жападан-жалғыз өзі ауылдан
жарты шақырым бір төбе басына шығып, қоғамның азғандығына назаланып, бір түрлі
тарығып-зарыққан, мұңды лебізбен бір олай, бір бұлай жүріп, қайта-қайта айта бергені
мынау екен:
Малдылық, маскүнемдік, қарны тоқтық,
Деуші едім неге керек сыпыра боқтық.
|