Әдеби KZ болып қосыларлық ешбір реті жоқ еді. Себебі: Ахметтің құр жігіттігі болмаса, құда болып
аларлық малы жоқ, алып қашар еді, ат салысарлық аудыны жоқ, қолына қарап тұрған әке-
шешесі тағы бар: оларды тастау оңай болып па? "Теңі келсе тегін бер" дегенге көне
қоятын қазақ па? Өйтпек тұрсын, "Қамар" деп аузынан шығарса-ақ айып салып, бірдеңесін
өлтіргеннен жаман тергеуге алатын жайы бар. Міне, бұған Қамардың көзі жеткені секілді,
Ахметтің де көзі жетіп, "әйтеуір түпкілікті бола алмайтынымыз ақ, олай болғанда нақақ
біреуді қаралауда қанша пайда деп, олай-былай құмартып құрыстап келгенмен, ақылға
жеңдіріп тоқтала беруші еді. Алайда, шын сүйіп күюшілік- бір дерт шыдата ма? "Таң
атпайын десе де, күн қоймайды" деген секілді осынша тырмысып, шыдайын-ақ десе де
жүрек қоймай барады. Күннен-күнге сабыры қалмай, жатса-тұрса көз алдына Қамардың
суреті елестеп жанын қоярға жер таптырмай барады. Ақыр іштегі дертіне шыдай алмады:
біраз күн болса да, ептеп мауқын баса тұру қиялына түсті. Ал енді Қамардың оңаша
уақытын тауып, жүректегісін ашып салайын деп-ақ батырланып келеді. Не хикмет?
Қамармен тап бетпе-бет келген уақытта, беті күйгендей ұялып қызара бастаушы еді.
Бойына әлденемене бір қорқу пайда болған секілді, тұла бойы тітіренгенсымақ
қызуланып,
қызынып,
қуанышты-қорқынышты,
аттай
тулап,
аузына
қарай
тығылыңқыраған жүрегі сөйлесе дірілдеп кетейін деп суынып-ісініп қымтырылып
қымсынып, бір жоғары, бір төмен қарап қайта-қайта ұмсынып, ешбір нәрсе айта алмай
шыға беруші еді. Сүйтіп іштерінен сүйісіп күйгендігін көлеңкелеген болып отырысса да:
"Жаным жарылайын деп-ақ іші-бауырым елжіреп бара жатқандықтан, есалаңданып
отырмын, қайтейін?".. дегендей қылып, ақырын баяу ғана аударысқан көздері бір-біріне
түсіп кете қалса өздерінің ықтиярсыз барып шап етіп қосылған көлеңкелерін (сурет)
көрген секілді беттерінен отары шығып, бір нәрсені шұқылаған болып, күбіжіктеп кетуші
еді. Солай Ахмет әлденеше рет "Әй, енді ме..." деп көңілін бекітіп қатайып келсе де,
әлгідей халге ұшырай берді. Таудан, тастан қайтпаған жүрегі Қамарға бір ауыз сөз айтуға
бата алмады. Ол Ахметтің қорқақтығынан, я ынжық, жамандығынан емес, ғашық оты
күйдірсе де, ақты қаралауға ішкі батылымның бармағандығынан, жүрегінің тазалығынан
еді. Жасынан қиянат-бұзықтыққа қарайып үйренбеген таза көңіл жеме-жемге келгенде
жиренбей қайтуші еді?..