37
Әдеби KZ
асаудың құйрығынан ұстаған күйі аяғы жерге тимей бүйірлей тартқылап барады екен.
Мұнысы сілтеген тұяқты дарытпаудың амалы екенін кейін білдім.
Бөксесі бұраңдаған қашағанның екпіні бәсеңдеп, осқырына ойқастап барады.
Бір мезет
асаудың сәл бұрылып шабысын кідіртуі мұң екен, көкем қас қағымда ат арқасына мініп
үлгерді. Сөйтті де жалға жабысып қыбырсыз жатып алды. Асау болса,
жайлау жазығын
жалғыз иемденіп беталды жөңкіле берді. Ақыры дәрмені кетіп, дәмсіз шабысқа
шыдамады білем, әлгі асау айдалада қалт тұрып қалды. Көз тіккен жұрт қуаныштан ду ете
түсті.
Енді көкем асауды ырқына игеріп, жалынан қақпайлап бізге тақай берді.
— О, аруақ, сақтай гөр!
— Тіл-көзден аулақ, әйтеуір.
— Азамат деп осыны айт.
— Диюға да құрық тастар құдірет иесі болар.
— Не де болса епті екен, шіркін!
Жұрт осылай желпінісіп тұрғанда асауды аяңға салып көкем де келді.
Көкем мақтауды жек көрмейтін. Сол мақтауға ілігем деп ол от
пен суға орынсыз қойып
кетуден тайынбаушы еді. Ол мықтымын деп жүктің ауырын көтеретін. Күреске де даяр
тұрады. Жаяу жарыстан да қалған емес. Не керек, соның бір де бірін берік тұтынып,
үдесінен шықпайтын. Осыған орай оның ел қойған аты да көп еді: «Епті», «Алаңғасар»,
«Қаракүш», «Таубұзар» — сияқты аттың талайы көкеме үйір болатын. Шынында да, ол
бапкері жоқ тұлпардай, байлаудағы сұңқардай өзіне-өзі сыймай жүретін. Ат үстінде де,
қаражаяу кезінде де қарап жүрген сәті жоқ-ты. Қашан да ел көзіне түсіп, ерекше бір
қырымен екшелене беретін. Осындай мазасыз мінезі оны талай-талай тасқа да соқтырды.