Әдеби KZ асыла шығып келе жатқанын көргенде, дүниенің бұл кереметіне түсіне алмай тұрып
қалған болармын. Тау бөктерінің таңғы самалы тіс сақылдатады. Мына күннің шығып келе
жатқан суретіне қадала қарап қалған қалпымды салқын самал да бұза алмаған болар.
Ойпаңда қаз-қатар киіз үйлер. Бөктерді жағалай қой өріп барады. Қойтас екенін, қой
екенін біліп болмас, тау бөктері толы мал. Күн көтерілгенше, шығыстағы шоқының ұзын
көлеңкесі шатқалды көлегейлеп жатып алады. Күн көтеріле, көлеңке де қысқара береді.
Шатқал алтын нұрға малынып, дүниенің бір шалқыған шағы басталады.
— Ойбай-ау, мына күшіктің әлден тұрып кеткені несі, — деп киіз үйден апам шығады.
Әжемді мен апа деймін.
— Кішкентай ғана құлыным менің, ерте тұрып кеткенің қалай? — деп апам мені қолымнан
жетектеп алады. Мен тырмысып, үйге басқым келмейді. Әлгі бір күн шоқыдан шығып келе
жатқан шақтағы ғажайып суреттен айрылғым жоқ-ақ.
— Жүр, қымыз құйып берейін, ақыр ерте тұрыпсың ғой, — дейді апам. Мен жалаң
аяғымды тасқа тіреп, тыртысып бағамын. Сөйтсем кәрі апам:
— Жүрмесең мейлің, қымызды түк қалдырмай өзім ішіп қоямын, — деп үйге кіріп кетеді.
Сонда барып мен бақыра жылап апамның соңынан тұра жүгіремін.Қайран, балалық-ай
десеңші! Алыста қалған арайлы адал таңдарым менің. Онда мен кіп- кішкентай сәби едім.
Ал айнала таулар да, үйлер де, қойтастар да, жылқылар да — бәрі- бәрі үлкен болатын.
Адамдардың бәрі «айналайыннан» басқа сөзі жоқ, кілең мейірімді жандар болып
көрінетін... Қария кісілердің сақалынан қасиет-қадір белгісі көрініп тұрар еді маған. Ер
мінез жігіттердің кесек тұлғаларынан, шашбаулары сылдыраған қыз- келіншектердің
жүріс-тұрысынан мен адамзаттың асқақ сұлулығын түйсіксіз байқағандай болармын.
Солардың бәрі мені аймалап, сүю үшін жаратылған жандар сияқты сезілуші еді.
Ол-ол ма, анау асқар таулар, етектегі еңісті шексіз дала, көгілдір аспан, түнде жымыңдаған
жұлдыздар, толықсып туған ай, жасыл жайлау — бәрі-бәрі тек маған ғана елжірей қарап,