11
Әдеби KZ
Шынтуайттап келгенде, дауыс беріп, тас салу деген де жай сөз.Чиновник оған қарамайды,
болыстыққа таласқандардың қай жағы дүниені көп берсе — сол жағына қарай қағазды
икем деп жібереді, сайлау қағаздарын қалай жасаймын десе де өз қолында. Соны білген
атқамінерлер ояздың чиновнигінің аузын алуға жанын салып бағады. «Ояз шықты, сияз
бардың» кері келеді. Күштінің алдында байғұстар «бас изейді шыбындап». Бақталастар
бірін-бірі балағаттап, қаралап бағады.
Домалақ арыз ағылады-ай келіп, арызды оқып
жатқан ұлық болмаса да, қайран қазекең арыз жазып қалуды парыз санайды. Ол болмаса
басы ауыратындай көрінеді, бойына ас батпайтындай көрінеді, ұйқысы шала, күлкі жоқ,
есі-дерті айбақтатып арыз жазсам
дейді, баяғы.
Бір жолы өңшең атқамінер пысықтар сайлау
алдында жиналып алып, қатты сассын.
Жандары алқымға келіп, қиналып, тығырыққа тіреліпті.
— Ойбай, қағаз тоқтап қалды! Қағаз тоқтап қалды! — дейді ғой бір-біріне қатты сасып. Асу
бермес асқар белдің алдында амалы құрығандай боп тұрған кездері екен.
Ішінде әкемнің нағашысы Байтана Текебай би де бар екен. Ол кісі қайта сайланудың сары
уайымымен аһылап-үһілеп берекесі кете беріпті. Оязға дер кезінде мына қағаз бармайтын
болды деп қатты қайғырғаны сонша, соны көріп менің әкем Момыш:
— Не боп қалды? Неге қиналдыңыз? — деп сұрайды.
— «Жартыны» ешкім жаза алмай қойды ғой, құдай-ау, — депті би. «Жарты» дегені 1/2
екен.
— Мен жаза аламын, — депті менің жиырма төрт жасар әкем.
Сен жаман неме. не жазып жарытамын дейсің. Екі күннің жүзі болды, ол қиын жазуды
мына оқыған молдалардың өзі түсіре алмай отыр, — деп Текебай сене қоймайды.
— Мен жазып берсем, қайтесіз, — депті әкем.
Әкемді салы суға кетіп отырған молдалардың ішіне алып барады.