188
Әдеби KZ
Гончаровтардың үй-іші шабындық кезінде де бізбен бірге болады. Уәделі күні арба жегіп,
ат жетелеп, шалғысын қайрап келіп тұрғаны.Жаз бойы қырқа қуып, шөп шауып жүргенде,
бозғылт денелері күн көзіне қақтанып күреңітіп болады. Сол сәтте бәрі ажарланып
кеткендей көрінетін. Гончаровтардың шалдан өзгесі түгелдей
жалаң аяқ, жалаң бас
жүретін. Тек шал ғана жамаулы етігін тастамайтын.
Ыстық күнде аяғын желдетпеген соң шуаш иісі бұрқырап жүруші еді.
Гончаровтар шетінен боз көйлек киетін. Желпінуге ыңғайлағаны ма,
әйтеуір кең етек
далбағай көйлекке құмар-ақ.
Олар арба-аяғын салдыратып асығыс келеді де, жау қуғандай құйындатып шабындыққа
асығады.
Шай қойып, дастарқан жаюға да мұрша бермейтін.
— Жұмыс қалын барады, Момыш. Жайбарақат жататын кез емес қой. Бесбармақты кейін
жейміз, — дейтін Кузьма шал.
Әкем мен көкем ат ерттеп асыға бастайды. Мен Гончаровтардың үлкен арбасына
жайғасамын.
Мұндай көлікке бұрын-соңды мінгенім осы еді. Біртүрлі қорқып отырдым. Арба орнынан
қозғалғанда, мен шабағынан ұстай алдым. Жүрген сайын секіректей береді екен.
Гончаровтар маған күліп жатыр.
Василийдің мақтанғысы келді ме, әлде мені батылдандыра ма, әйтеуір ешбір сескенусіз-
ақ арба үстінде ары-бері жүгіріп қояды.
Алайда қалжыңбас Тишко аттарға қамшы басып,
желдіре жөнеліп еді, мен жақтаудан
айрылмастай жабыстым.
— Тишко мұның не? — деп айқайлайды Манька, — жаймен айдасаңшы.
Әйтпесе мына
қара қазақтың көзі тас төбесінен шығатын түрі бар.