215
Әдеби KZ
— Ақырын, қарақтарым, абайлаңдар, алтындарым, — деп
Жантөренің даусы төменнен
қалтырап шықты.
Қарасам бет-аузы қанға бөккен қыбырсыз Аққұл атамды құшақтап көтеріп келеді екен.
Денем түршігіп кетті. Әлгінде ғана ат үстінде атой салып жүрген атамды дәл осылай қан
жуып, шаңға көміліп жатады деп кім ойлаған?
— Үймелемей аулақ тұрыңдар. Ауа жұтсын, — деп ақырды Жантөре.
— Ой, ой, айналайын, әкетайым, — деп Жексембай зар еңіреп тұр.
— Мына жерге жайғастырайық.
Көкшолақтың қасында болсын, — деді Жантөре баяу
үнмен.
Суға кеткен шапқыншы да ауылдан оралды. Жантөре атамның басын сүйеп бетіне су
бүрікті. Үлкен орамалымен қанын сүртіп, асты-үстіне түсіп отыр...
Жасыл шалғын үстінде қорқыраған Көкшолақ пен оның иесі Аққұл екеуі қыбырсыз жатыр.
Қалған жұрт жандарын шүберекке түйіп, тілеу тілеп қалтырап тұр.
Іштей жылап
тұншығады. Көлбей түскен күн сәулесі атамның денесінен аққан қанды күлгіндендіріп
жібергендей, біртүрлі үрей тудырады.
Аққұл әлі қыбырсыз. Жантөре басын сүйеп, кеудесіне құлағын тоса береді. Бетіне суық су
бүркіп отыр.
— Аққұл! Аққұл! — дейді қайта-қайта. — Естимісің мені?!
Аққұлда үн жоқ. Осылай өткен үмітсіз көп уақыттың үрейін қуып әлден соң атамның ерні
қыбырлады.
— Ақкұл! Аққұл! Қалайсың! —дейді Жантөре дамылсыз дауыстап. Аққұлдың кірпігі
қимылдап, көзін әзер ашты.
— Сенбісің, шырағым? Қасымдамысың?