Әдеби KZ
Арқасы қозып айқаймен айбат шегіп тұрғандары қаншама. Кейбіреудің иығы өз-өзінен
құнжыңдап анау құрықшы жігіттің қимылын құптайды.
— Енді құтқармайды, — деп айқайлайды бірі.
— Солай-солай... Енді құрық таста, — дейді екіншісі аулақтан ақыл беріп.
— Қап, әттеген-ай, алданып қалдың-ау, — деп қорланып тұрғандар да бар.
— Япырай, жаз бойы жалын сипатпай әбден әккі болған екен, мына асау, — деп өкінеді
тағы бірі.
Қара тер боп ат үстіңде әлегі шыққан құрықшыны құрдастары қарап тұрып-ақ мазақтайды.
— Оған жылқыны емес, сиыр ұстату керек қой дұрысы.
— Жігіт боп атқа мінген соң, жүгенге иелене алмағаны масқара ғой.
— Өзіңнің шамаңды көрер ме еді...
— Одан қайбір ілгерілеп тұр едің сен.
Осылайша ел дабырласып, екеу-екеу пікір таластырып тұрғанда, жылқышы жігіт ат басын
игеруге әлі келмей тұрып еді. Енді бері бұрылып келе жатты. Жейдесі терге малынып,
желкесі төмен салынып, құйысқаны далақтап, құрығы босқа салақтап жиналған жұртқа
атбасын тіреді. Демін әзер алып тұр. Астарындағы аты ақкөбік боп еліріп алған екен. Әлі
біраз егеске шамам бар дегендей, көздері ұшқын атып шатынайды. Осы кезде көкем
жайдақ атқа қарғып мініп, қашағанның жолына кесе-көлденең қарсы құйындата
жөнелгені. Төтелей тартып, төтеп шауып барады.
— Ей, мынауың желіккен бе... желбегей шыққан батырша жөн-жосықсыз шаба жөнелгені
несі! Құр асауды құрықсыз ұстамақ па, — десті топ ішінен әлдекім. Өзгелері демін тартып
тына қалғандай еді. Өйткені көкем оқыс қимыл жасады. Қашағанмен қатарласа беріп
құйрығына жабысқаны сол еді, жерге топ ете түсті. Көз тіккен жұрт шу ете қалды. Аттан
құлап майып болды ма деген ой әркімді де бір зірк еткізген еді. Жоқ, сөйтсем, көкем сол
37
Әдеби KZ
асаудың құйрығынан ұстаған күйі аяғы жерге тимей бүйірлей тартқылап барады екен.
Мұнысы сілтеген тұяқты дарытпаудың амалы екенін кейін білдім.
Бөксесі бұраңдаған қашағанның екпіні бәсеңдеп, осқырына ойқастап барады. Бір мезет
асаудың сәл бұрылып шабысын кідіртуі мұң екен, көкем қас қағымда ат арқасына мініп
үлгерді. Сөйтті де жалға жабысып қыбырсыз жатып алды. Асау болса, жайлау жазығын
жалғыз иемденіп беталды жөңкіле берді. Ақыры дәрмені кетіп, дәмсіз шабысқа
шыдамады білем, әлгі асау айдалада қалт тұрып қалды. Көз тіккен жұрт қуаныштан ду ете
түсті.
Енді көкем асауды ырқына игеріп, жалынан қақпайлап бізге тақай берді.
— О, аруақ, сақтай гөр!
— Тіл-көзден аулақ, әйтеуір.
— Азамат деп осыны айт.
— Диюға да құрық тастар құдірет иесі болар.
— Не де болса епті екен, шіркін!
Жұрт осылай желпінісіп тұрғанда асауды аяңға салып көкем де келді.
Көкем мақтауды жек көрмейтін. Сол мақтауға ілігем деп ол от пен суға орынсыз қойып
кетуден тайынбаушы еді. Ол мықтымын деп жүктің ауырын көтеретін. Күреске де даяр
тұрады. Жаяу жарыстан да қалған емес. Не керек, соның бір де бірін берік тұтынып,
үдесінен шықпайтын. Осыған орай оның ел қойған аты да көп еді: «Епті», «Алаңғасар»,
«Қаракүш», «Таубұзар» — сияқты аттың талайы көкеме үйір болатын. Шынында да, ол
бапкері жоқ тұлпардай, байлаудағы сұңқардай өзіне-өзі сыймай жүретін. Ат үстінде де,
қаражаяу кезінде де қарап жүрген сәті жоқ-ты. Қашан да ел көзіне түсіп, ерекше бір
қырымен екшелене беретін. Осындай мазасыз мінезі оны талай-талай тасқа да соқтырды.
|