Әдеби KZ Әжем бізге өрік-мейіз үлестіріп берді. Аузымыз томпаңдап бәріміз мәз болып жүрміз. Мал
сойылып, ошақта от маздады. Жұрт күндегісінен көтеріңкі көңілде болатын. Бәрі де абыр-
сабыр асығыс үстінде. Біз одан бетер мәзбіз. Желідегі аттардың ер-әбзеліне сүйсіне қарап
қызығамыз. Күміспен көмкерілген құйысқан еріксіз көз тартады...
Қонақтар көп жатпады. Ертеңіне жолға жинала бастады. Көкемді әкетуге арнайы келген
екен. Көкем бұрынғыдай емес, тіптен жуасып қалыпты. Айналсоқтап әкеме жалтақ-жалтақ
қарайды. Серкебай нағашым өзі атқа нығарланып отырып алған соң, баяғы әмірлі үніне
көшті. Тіптен қатуланып алған. Көкемді қамшымен екі-үш салып қалды да ақырып
жіберді.
— Жаман күшікше неменеге жалтақтап тұрсың? Ұзатылатын қыздай сызыла қалыпты ғой,
қызталақ. Мен саған әлі көрсетермін. Ауылға барған соң екі аяғыңды бір етікке тықпасам
ба. — Сөйтті де әжем жаққа алара көз тастап, тістене сөйледі. — Балаңның сүйегі ғана
сенікі, әжеке! Қалғанын өзіме жіберіңіз бұл тентектің...
Көкем әжем жаққа соңғы рет жалынышпен қарап еді, әжем де шыдай алмай даусы
дірілдеп кетті...
— Қайдан білейін, шырағым. Сүйек өзіңдікі ғой әйтеуір. Адам етсең болғаны да.
Серкебай үзеңгіге шіреніп тұрып бізбен қоштасты да, ат басын ауылына бұрды. Соңынан
ат үстінде иығы салбырап еріксіз адамдай көкем еріп бара жатты. Бұрынғы өжеттігінен,
қайсарлығынан, жігерінен жұрнақ та қалмағанына бәріміз де таңдандық. Жат қолға
түскендей жабығып кете берді. Әжем соңдарынан ұзақ қарап тұрды да, жанарына
үйірілген жасты жаулығымен сүртті.Тәңірім жолыңды оңғара көрсін, құлыным! — деді ол
ұлына арнаған тілеуін болар-болмас күбірлеп.
Бір ай өтпей жатып әжем көкемді сағына бастады. Жатса-тұрса атын атап отыратынды
шығарды. Ақыры үш айдың жүзі толар-толмаста әжем көкемнің соңынан іздеп, төркініне
аттанды. Баласының қасында бір аптадай болып, мауқын басқан соң оралды. Алайда үйге
келген соң қайта сағынып аһылап-үһілеп әкеме әр жайды айта беретінді шығарды.