ИТТІҢ ДОСТЫҒЫ
Бір байдың «Төрткөз», «Мойнақ» төбеттері,
Өздері ит болса да əдепті еді.
Түнде үріп, күндіз үрмей жай жататын,
Болады əдепті иттің əдеттері.
Түс мезгіл екі төбет тойып жатып,
Кемпір наз-өкпелерін қойып жатып.
Ас үйдің алдындағы күншуақта,
Сөйлесті əр нəрсенің басын шатып.
Сөз қылды жақсылықты, жамандықты,
Жомарттық, мырзалық пен сараңдықты.
Достықтың, дұшпандықтың жайын сөйлеп,
Қолға алды татулық пен араздықты.
Ділмарсып сол уақытта айтты «Мойнақ»,
Менсіз-ақ қара, «Төрткөз», өзің ойлап.
Дүниеде онан артық не нəрсе бар,
Таласпай, тұрсаң тату күліп-ойнап?
Дос болсаң құшақтасып, жанға балап,
Сөз айтсаң бір-біріңе «шырақ-қарақ».
Алты күн ашаршылық көрсең-дағы,
Жемесең бірің жоқта, бірің тамақ.
Достың дос жұлдырмаса жауға түгін,
Еш нəрсе айырмаса ара жігін.
Бірінің қабағына бірі қарап,
Білмесе күннің қалай еткендігін.
«Не бар» деп дүниеде мұнан артық?
Мен қалып бір қиялға тұрмын бүгін.
«Жолдыаяқ», ақсақ «Құтпан», жаман «Сарықұс»
Солар да тап-тату жүр біздер түгіл.
Сөйлейді маңызданып енді «Төрткөз»,
«Мойнеке», мұның əбден айтарлық сөз.
Тұрмайтын бір күн тату неміз бар? — деп,
Мен-дағы ойлаушы едім осыны əр кез.
Не келіп тірі жүрсең, не кетпейді?
Араз боп екеумізге не жетпейді?
Тамақ тоқ, өркені өссін иеміздің!
Тыюсыз сөгіп, соқпай құрметтейді.
Расты рас демей танамыз ба?
Бір сəтке татулық жоқ арамызда.
Тұрмайтын ренжуге аз нəрсеге
Екеуміз таласамыз барамыз да.
Мұндай іс арасында болған емес,
Көз салсақ бұрынғы өткен бабамызға.
Атаның жолын қумай лаққанда,
Тура жол сонан артық табамыз ба?»
Бұл сөзге көңілденіп «Мойнақ» тасты,
(Ол үлкен, онан көрі «Төрткөз» жас-ты).
«Төрткөзім», «Мойынекем» деп бірін-бірі,
Дос болып, серт айтысып, құшақтасты.
Екеуі бірін-бірі сүйді, құшты,
Қызығы басылмаған достық күшті.
Ас үйден лақтырған бір омыртқа
Солардың нақ жанына келіп түсті.
Көрген соң майлы сүйек ит тұра ма?
Құшағын жазып ала жүгірісті.
Достықты, айтқан сертті былай қойып,
Екеуі бір-біріне салды тісті.
Досты дос мұнан артық қалай сыйлар,
Жүндері бұрқыраған аспанға ұшты.
Су құйып үстеріне жиылған жұрт,
Екеуін зордан ғана айырысты.
Иттерге таласса да жарасады,
Əйтпесе ит əдетін адасады.
Дос болған адамдарға қарап тұрсақ,
Биікпен тең деп болмас аласаны.
Сүйектей арасына нəрсе түссе,
Иттерден олар артық таласады.
Əсірелеу
Бір нəрсені өте асырып, я өте кемітіп айту — əсірелеу болады.
«Көп түкірсе — көл болар» деген мақал, «Көзінің жасы көл болды» деген мақал түкірік
пен көз жасын өте асырып айтып отыр. «Қара арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар»
деген мақал. «Бойы бір тұтам» деген мақал арықтың күші мен аласаның бойын өте кемітіп
тұр. Ақындардың өлеңінде де не осындай өте асырып, не өте кемітіп айту көп болады. Бұлай
айтудағы мақсат сөздің əсерін күшейту, əсірелеу, əсіресе ескі сөздерде ескі ақындардың
айтысқан я мақтаған өлеңдерінде, батырлардың жырларында көп ұшырайды. Алаша Байтоқ
ақын Жəңгір ханның істеген ісін айтып, жоқтаған сөзінде бұлай деген жері бар:
Тастан сарай салдырған,
Ол салдырған сарайдың
Айналасы айшылық,
Көлденеңі күншілік.
Мұның соңғы екі жолында айтылған сөздер əсірелеу болады. «Қобыланды батырда»
мынадай əсірелеу бар:
1.Астындағы бурылдың
Жоғарғы ерні көк тіреп,
Төменгі ерні жер тіреп.
2.Асқар төбе бел еді,
Бірде шауып желеді.
Көлденең жатқан көк тасқа
Тіктеп тиген тұяғы
Ұршығынан енеді.
Аттың жолы қазылды,
Ұмтылғанда қызынып,
Бес жүз құлаш жазылды.
4.Қарсы келген қабақтан
Қарғып асып жөнелді,
Сеңгір-сеңгір таулардан,
Секіріп асып жөнелді.
(Қобыланды батыр)
5.Тиеді ер пайдасы сасқан жерде,
Етегін ер жаңылып басқан жерде.
Жаманға жазатайым ісің түссе,
Қабысып қалады екен аспан жерге.
6.Қарағым, сапар шектің бөтен елге,
Қош айту қиын болды кетер жерге.
Мегзеген хор қызына сен кеткен соң,
Түсті ғой шыр айналып аспан жерге.
7.Қарағым, бөтен елге сапар шектің,
Айтысып, қош аман бол, бізден кеттің.
Жаманға малын берген еріп кетіп,
Досыңды ойнап жүрген зар еңіреттің.
Алайда еш өкпем жоқ саған шырақ.
Аспаннан қан жауған күн сертке жеттің.
(Ғайнікей мен Қыз Тойым)
МЕЗГЕУ
Бір ұғым орнына екінші ұғым айтылуы мезгеу болады. Мезгеу мынадан шығады.
1. Ана ауылға Омар, Оспан, Асан, Үсен келді деудің орнына — ана ауылға Омарлар келді
дейміз. Омарлар келді деуіміз мезгеу болады.
2. Үй кімдікі екенін ұмытпа, «Үйге қара» деудің орнына шаңыраққа қара дейміз.
Шаңырақ мезгеу болады.
3. «Осы ауылдың адамдары жүдеу екен» деудің орнына, «Осы ауылдың адамы жүдеу
екен» дейміз. Адамы мезгеу болады.
4. «Абайдай ақын қазақтан туа бермейді ғой» деудің орнына «Абайлардай ақын қазақтан
туа бермейді ғой» дейміз. Мұнда Абайлар мезгеу болады.
5. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылады» дейміз. Отыз тістен шыққан сөз
отыз емес, қырық рулы, яки жиырма рулы елге жайылатын шығар, біз білмейміз. Отыз деп
кесіп айтуымыз мезгеу болады.
Мезгеумен айтылған сөз жай айтылған сөзден жайнақы, ширақ келеді. Сондықтан мезгеу
ақындар сөзінде көп ұшырайды.
1.Ант ішкен, күнде берген жаны құрсын!
Арын сатып тіленген малы құрсын!
Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,
Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын!
(Абай)
2. Кім біліп ер еңбегін сезіп жатыр,
Кім шыдап жолдастыққа төзіп жатыр.
Сасық ми, сасық жүрек санасыздар
Алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр.
(«Маса»)
3.Болған соң ағаң болыс, ендігің не?
Таласып, мен болам деу, кемдігің де.
Сөзімді достық білмей, қастық білсең
Қарарсың Алтынбектің түндігіне.
(Бұдабай ақын)
4.Түрленіп жиырмада кидім киім,
Түсірдім атын ұстап мырза-бидің.
Көрінсе қайда жақсы өзімсінген,
Келсейші қайта айналып жігіт күйім.
(Наурызбай би)
5.Жау жоғары, біз төмен,
Жеткен екен қамалға.
Наурызбай сынды сұр перен.
(Нысанбай жырау)
6.Қайырсыз толып жатыр Қарынбайлар.
Қолы ашық аз табылар Атымтайлар.
Ат майын ағайынға берер ме екен
Ат аяп, тайын мініп жүрген байлар?
Əсерлеу (лептеу)
Əсерлеу деп сөздің əсерін күшейтіп сөйлетуді айтамыз. Əсерлеу көңіл күйінен шығып,
көңілге күй түсіреді. Қөңіл қалыпты тыныш күйінде тұрғандағы адамның аузынан шыққан
сөзбен көңіл көтеріңкі я бəсең уақытта адам аузынан шыққан сөздің екеуі бірдей болмайды.
Əсерлеудің асылы осыдан шығады. Əсерлеудің көбінесе айтылатын түрлері мынау:
1. Арнау. 2. Қайталақтау. 3. Шендестіру. 4. Дамыту. 5. Түйдектеу. 6. Бүкпелеу. 7.
Кекесіндеу.
1. Арнау. Арнаудың өзі үш түрлі болады: а. Сұрай арнау. б. Зарлай арнау. в. Жарлай
арнау.
а. Сұрай арнау мысалдары:
Не жазып ем құдай-ау, мен қазаққа?
Мүбтəла қып салғандай мұнша азапқа.
Адамшылық есебіне кірісіп,
Қолы жетсін дегеніміз бе азатқа?
Бар ма, қазақ, мұнан басқа қылғаным?
Неңді шаштым, неңді бұздым, былғадым?
Аштан өлген аталарың бар ма еді?
Тамақ үшін сатқан иттер иманын.
(«Маса»)
У-шу боп қыбырлаған төрт түлік мал,
Есетін солтүстіктен салқын самал.
Апырым-ай, қандай жауыз тағдыр деген
Бұйырған тұтқын болып жат та қамал?
(Мағжан)
Барма топқа шақырмай,
Жат үйінде шатылмай!
Шыдармын ба, апырым-ай!
Жатуға шықпай үйде енді!
Қатыныңның ойнасын
Көрсең, білсең қоймасын
Не ойлар едің өз басың?
Сонымен тең біз де енді.
(Абай)
Алдымызда көрінген
Балабамның таулары.
Артымызда көрінген
Үргеніштің аңғары.
Енді бізге күн қайда
Қайтып соған барғалы?
А, дариға, дүние-ай!
Көкірегімнің арманы.
Күндер қайда басқандай?
Еттім қайрат мен жаста.
Хан-қарадан жасқанбай
Құдірет алла, не жаздым?
Бір сағатта тосқандай!
(Жүсіпбек пен Ахметбек)
Желі толған сар түйе
Ағажан, кімге тапсырдың?
Қора толған ақты қой
Ай көке, кімге тапсырдың?
Тоғай толған мың жылқы
Күн көке, кімге тапсырдың?
Тоқсанда əкең Тоқтарбай
Жан көке, кімге тапсырдың?
Алпыста шешең Аналық
Бірге туған мен зарлық
Ақ көке, кімге тапсырдың?
(Қобыланды батыр)
б. Зарлай арнау мысалдары:
Ойпырым-ай, Алла-ай, жасаған!
Қысылды ғой шыбын жан!
Қуат кеміп барады
Көл болды мынау аққан қан.
Тəңірі, өзіңе жылайын!
Хал жоқ қалай тұрайын?!
Жүректі жара жеп барад,
Жасаған-ау, қалай шыдайын?!
Сауықшыл есіл, елім-ай,
Сарыарқа сайран, жерім-ай!
Күмістей таза суы бар,
Айдын шалқар, көлім-ай!
Қиналдың-ау, шыбын жан!
Тоқталсайшы, ыстық қан!
Зарлайсың ғой жетім боп,
Бесікте қалған балапан!
(Мағжан)
в. Жарлай арнау мысалдары:
Бұл сөзге құлағың сал ақын, інім,
Ой, пікір, рухымыз жақын, інім.
Ағалық правосын қолыма алып,
Келемін айтайын деп ақыл, інім!
(«Маса»)
Қара балуан Жəнібек,
Қаз дауысты Қазыбек,
Жетім қалған халқыңа
Тұлға болып артыңа
Кім тиянақ қазық ед.
(«Маса»)
Еркіңді қу қайғыға берме, көңілім!
Күйленіп бұрынғыдай керне, көңілім!
Қамығып, жабырқадың неге мұндай?
Талпынып көкке құлаш серме, көңілім!
(Сəкен)
Ассалаумағалейкүм, батыр Ерден,
Кетіп тұр бақ-дəулетің тағы керден.
Ішінде көп қарғаның бір бүркіттей,
Көзіме көрінесің келген жерден.
(Орынбай ақын)
Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Оқысаңдар, балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар.
(Алтынсарин Ыбырай)
Пір Назар, Смайыл мен Жүсіп Назар!
Тілімді алсаң мұныңды қой, мырзалар!
Бар ма еді құлағыңда қалған нақыл:
«Тозған қудан топтанған қарға озар».
(Бұдабай ақын).
2. Қайталақтау. Бір сөзді яки лебізді қайта-қайта айту қайталақтау деп аталады. Ондай
қайта-қайта айту — нəрсенің өзіне яки ғамалына көбірек назар салғызу үшін істеледі.
«Кітапты əпер деймін, кітапты» дегенде кітапқа назар салғызу үшін кітапты қайта-қайта
айтамыз. «Бар деген соң, бар» дегенде барды қайта-қайта айтамыз. Бару ғамалына көбірек
назар салғызу үшін. «Қарай-қарай көзім талды» дегенде яки «Сұрай-сұрай мезі қылды»
дегенде көздің талуының, мезілеудің себебіне көбірек назар түсіру үшін «қарау» мен «сұрау»
қайта-қайта айтылып тұр. Сол сияқты бір сөзді қайта-қайта айту шығарма сөздерде де
болады. Шығарушы бірдемеге көбірек назар салғызғысы келгенде соны қайта-қайта айтады.
Мысалдар:
1.Мен кетемін, кетемін,
Мен кеткенмен айдалаға кетпеймін.
Айналып елді өтемін,
Қадір білмес бұл итке
Қарашы болып нетемін.
(Ер Тарғын)
Ой деген у —
Ауызға алсаң қандырад,
Ой деген у —
Жанды есінен тандырад.
2.Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен Күн ұлы, көзімде күн нұры бар.
Мен келемін, мен келемін, мен келем,
Күннен туған, Күннен туған пайғамбар.
Күншығыстан таң келеді, мен келем,
Көк күңіренед, мен де көктей күңіренем.
Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,
Жер жүзіне нұр беремін, күн берем.
(Мағжан)
Қазақ тілінде қайталақтау жоғарыда айтылған мəністен басқа жөнмен де айтылады.
Бірдеменің көптігін көрсеткенде, соны қайта-қайта атап көрсетеміз. «Көре-көре көсем
болар, сөйлей-сөйлей шешен болар» дегенде, «көсем болу» мен «шешен болудың»
себептеріне назар салғызу мақсат та бар. «Көру» мен «сөйлеудің» көптігі де көрсетіледі.
Мысалдар:
1.Жылы-жылы сөйлесең,
Жылан іннен шығады.
Қатты-қатты сөйлесең,
Кəпір діннен шығады.
2.Қора-қора қой жатыр,
Қарын-қарын май жатыр.
Түйе-түйе жүк жатыр,
Ауыл-ауыл ел жатыр.
3.Жол бойы көргеніміз егін де егін,
Қағазды жол-жол қылып сызды.
Биік-биік ағаштар тұр,
Басында бүркіт ұясы.
4.Асқар-асқар, асқар тау
Асқардың ақ сұңқары —
Ылдидың аңын шалар ма!
Қазақ тілінде біреуге арнай сөйлегенде де бір сөз қайта-қайта айтылады.
Мысалдар:
1.А, Бозмұнай, Бозмұнай,
Берер ме екен бір құдай?
Ертеменен кеткен қой
Жетермін бе жаяулай?
Сен алпысқа жеткенде,
Мен елуден өткенде
Біздей екі сорлыға
Енді берсін не құдай?
(Ер Сайын)
Ей, Қартқожақ, Қартқожақ,
Атыңның басын тарт, Қожақ
2.Бұлғыр-бұлғыр, бұлғыр тау!
Бұлдырап тұрған құрғыр тау.
Үш атамыз өткен тау,
Үш мың қара біткен тау
(Радловтан)
Қожыр-қожыр тастарым,
Көзімнен ағар жастарым.
(Досқожа ақын)
Қайталақтау бір нəрсенің ғамалын, күйін еліктеген орындарда келеді.
Мысалдар:
1.Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күрең мінген бар ма екен?
Күдеріден бау тағып,
Күпі киген бар ма екен?
2.Жалп-жалп еткен жапалақ
Жапалақ жазда кімге жолдас болмаған,
Жағы түкті хайуан
Мұңдантып кімді жаяу салмаған.
3.Алып-алып, алып басқан
Арабы торым өзіңсің.
Балдағы жауһар, сабы алтын
Алдаспаным өзіңсің.
(Би сөзі)
4.Он екі айдың еркетайы Май келді!
Жұлдыздар да жымыңдады, ай күлді.
Қалың қардың құшағынан құтылып,
Сылдыр-сылдыр, сылдырлады, сай күлді
Сөйлетіп қоя берсек сөзге тақ-тақ,
Күлкісі күміс сылдыр, емес сақ-сақ.
Шық-шық деп соғып тұр,
Тоқтаусыз бұл сағат.
Дүниеде неғып тұр
Адамзат бір сағат.
Сылқ-сылқ күліп, сылдыр қаққан су сұлу,
Көлге қонып қаңқылдаған қу сұлу.
Бейне айнадай жарқыраған айдыннан
Күн шығарда көтерілген бу сұлу.
(Мағжан)
Қайталақтаудың бір түрі еспелеу келеді. Арқан яки тарамыс ескен сияқты алдыңғы
пікірдің аяғын соңғы пікірге қатыстырып, қайта айтатын қазақта ақындар бар: бір сөзді көп
қайтара айтып айналақтағанда сөздің əсері мылжыңдықтың əсеріне айналып кетеді, бір
сөзді екі-үш қайтара айтқанда сөз пысықталған, нығыздалған, ширатылған іспетті болады.
Сондықтан еспелеп қайталақтауды шамалы қолданбаса маңыздаудың орнына мылжыңдау
болып кетуі оңай.
Еспелеп қайталақтау мысалдары:
1.Тілегім күннен-күнге артылады,
Қазынаң бермегенге тартылады.
Жар болған тар болғанда пірлерді айтып,
Күндіз-түн қызыл тілім шарқ ұрады.
Күндіз-түн шарқ ұрады қызыл тілім,
Болмай тұр саудақыдай ашық күнім.
Бір құдай жігіттікке қайғы салма,
Жасым бар жиырма жеті, тауық жылым.
Жасым бар жиырма жеті, жылым тауық,
Сөйледім құрбы ішінде болып сауық.
Ырайы аурудың қайтпаған соң,
Дертімнен бұрынғыдан қылдым қауіп.
Дертімнен бұрынғыдан қауіп қылдым,
Шығарып ой сəулесін жарық қылдым.
Ойладым соның тілі тиді ме деп,
Назарда Ахмет пенен Арыққұлдың.
(Əбубəкір)
2.Бір алла, мал мен басқа қаза бердің,
Күніме жаяулық пен жаза бердің.
Сіздерді көп беймаза еткенімнен,
Ұялып ортаңызға азар келдім,
Арқама тарыққанда сүйеуім деп,
Ортаңа бұл қазамды шаға келдім.
Ортаңа бұл қазамды келдім шаға,
Дос етпес — дұшпан болса етер таба.
Ер жаяу өз жұртында болмасын деп,
Бас болып ойға қалса əрбір аға.
Байларды Сақау атты алла сүйер
Мұсылман құл бір-біріне етсін пана.
Мұсылман құл етсін пана бір-біріне,
Паналық қайыр ықсан жан тіріде,
Біз қасық, халық дария түгесілмес,
Тілекші біз қартыңыз əр күнінде.
Тілекші əр күнінде біз қартыңыз,
Жомарттық етсең келер қуатыңыз.
Жыл сайын қажетімді сізден алып,
Келгенде болып қайтқай мұратыңыз.
(Қубала ақын)
3. Шендестіру. Екі нəрсе қатар яки қарама-қарсы келгенде, арасындағы айырым көзге
көбірек түседі. Биік пен аласа, ұзын мен қысқа, көрікті мен көріксіз, шебер мен олақ, ғалым
мен надан қатар келгенде, араларындағы айырмасын анық көреміз. Жайдағы қайғыдан
қуаныш үстіндегі көрген қайғы жанға көбірек батады. Жарлылық қиындығы жасынан жарлы
болғаннан гөрі байдан жарлы болғанға көбірек сезіледі. Көріксіз бетіндегі дақтан көріктінің
бетіндегі дақ көзге көбірек түседі. Тəттінің артынан ащылық, дəмдінің артынан дəмсіздік
артығырақ білінеді. Сөздің əсерін күшейту үшін табиғаттың бұл заңын сөз шығарушылар көп
қолданады. Байдың аса байлығын анық көрсету үшін елін кедей қылып көрсетеді. Батырдың
халық үшін қандай бəйгеге тігетіндігін көрсету үшін өлдім-талдым дегенде көрген шал мен
кемпірдің аяулы баласы қылып, оның үстіне байлығын да қоса көрсетеді. Алпамыс,
Қобыланды, Сайын — бəрі де байдың жалғыз балалары. Лебіз түрінде де, ақындар сөзінде
көп ұшырайды. Сөзді бұлай əсерлеу əдісі түйістіру деп аталады.
Мысалдар:
1.Ассалаумағалейкүм, батыр Ерден!
Кетіп тұр бақ-дəулетің тағы керден.
Ішінде топ қарғаның бір бүркіттей
Көзіме көрінесің келген жерден.
Қарға мен бүркітті түйістіргенде, бүркіт əрине өте көрнекті көрінбекші, олай болса,
бүркітке теңеген Ерденнің өзгеден артығы көбірек білінбекші.
2.Қара жерге қар жауар —
Қарды көр де етім көр.
Қар үстіне қан тамар —
Қанды көр де бетім көр.
Ақтың ақтығының нағыз күшті көрінетіні қарамен қатар қойғанда. Бұл ақтың ақ болып
көрінуінің ең барып тұрған жері. Қара жер мен қарды қатар қоюындағы мақсат етінің
ақтығы қай дəрежеде екендігін көрсету. Еттің ақтығы қар мен қара жерді қатар қойғанда
қандай анық көрінсе, беттің қызылдығы қарды қанмен қатыстырғанда сондай анық
көрінбекші. Сол ақ пен қызыл қатысқан түсті қар мен қаннан артық еш нəрсе анық көрсете
алмайды. Мұны бұлай келтіріп отырған ақынның ақындығы.
Ақжүністің Қартқожаққа əуелі жастықтағы күйін айтып келіп, сонан соң барып
қартайғандағы күйін айтуы да ақындықтың əлгі əдісі.
3.Бес жасында Қартқожақ,
Жас шыбықтан жай тарттың,
Жалғыз шиден оқ аттың,
Атқан оғың жоғалттың
Кəне, шыққан мүйізің?
Он жасыңа келгенде,
Қызыл-жасыл киініп,
Қынай белің буынып,
Қыз баладай көрініп.
Бала болдың бір кезек
Кəне, шыққан мүйізің?
Жиырма беске келгенде,
Ақ балтырың түрініп,
Оймақтай аузың бүріліп,
Қарт бурадай қамданып,
Қас батырдай шамданып,
Сыртыңнан дұшпан сөз айтса,
Шыныңменен арланып,
Қызды бақтың бір кезек
Кəне, шыққан мүйізің?
Отыз беске келгенде,
Қоңыраулы найза қолға алдың.
Қоңыр салқын төске алдың,
Жауды көрсең шүйілдің,
Жеңсіз берен киіндің,
Көк серек атты борбайлап,
Қамалды бұздың айқайлап,
Кəне, шыққан мүйізің?
Қырық бес жасқа келгенде,
Қырым деген шаһардың
Жел жағына қаласың,
Ық жағына панасын,
Қырдан қиқу төгілсе,
Елге таман үңілсе,
Мың кісіге бір өзің
Шошынбай жалғыз барасың
Кəне, шыққан мүйізің?
Елу беске келгенде,
Топқа бардың бой түзеп,
Дауға бардың тіл безеп,
Билік сүрдің бір кезек
Кəне, шыққан мүйізің?
Алпыс беске келгенде,
Сақал-мұртың қуарып,
Бойға біткен тамырдың,
Бəрі бірдей суалып,
Алайын деп тұрмысың
Мені көріп қуанып?
Өлтірсең де тимеймін,
Теңдік берсең сүймеймін,
Бұрын батыр болсаң да,
Сенің басың бұл күнде,
Жерде жатқан қу тезек.
(Ер Тарғын)
4. Дамыту. Пікіріңді сөйлегенде алдыңғы сөзіңнен артқы сөзіңнің қуаты асып отырса
дамыту болады. Əншейін сөйлегенде дамыту мысалы мынау:
1. Бар! Жүгір! Ұш!
2. Мен саған он рет, жүз рет, мың рет айттым. «Бар» дегеннен «жүгір» деген күштірек.
«Жүгір» дегеннен «ұш» деген күштірек. Екінші мысалда: «Он рет айттым» дегеннен «жүз
рет айттым» деген күштірек, «Жүз рет айттым» дегеннен «мың рет айттым» деген күштірек.
Дамыту негізі сөздің осы табиғи заңына тіреледі. Сөз шығарушылар да сөздің осы табиғи
заңымен пайдаланып, керекті жерінде сөзін бірден-бірге күшейтеді.
Мысалдар:
1. Халықты қаңсылату — обал, халықты зар жылату — мейірімсіздік, халықты тамақ
үшін сату — иттік.
2.Шынымен Қобылан шу деді,
Құбылып бурыл гуледі.
Аманбайдың Ақ тікен
Аса қарғып жөнелді.
Қарсы келген қабақтан
Қарғып асып жөнелді.
Сеңгір-сеңгір таулардан
Секіріп асып жөнелді.
3.Арандай аузын ашады,
Аяғын топтап басады.
Бір төбенің тозаңын
Бір төбеге қосады.
Кешке таман Тайбурыл
Жын қаққанға ұсады.
Құла менен құлжаның
Марал менен бұғының
Ұзатпай алдын қосады.
Көл жағалай отырған
Көк құтан мен қарабай
Көтеріліп ұшқанша
Белінен келіп басады.
(Қобыланды батыр)
4.Іші лас, сырты таза залымдардың
Алданып құр сыртының тазасына,
Мəз болып байғазы алған балаларша,
Сатылып жылтыраған танасына.
Əбілдің зияратын аттап өтіп,
Қабылдың бата қылма моласына.
Қорыққанға қос көрініп қойдай үркіп,
Тығылып Дажалдың бұтқанасына.
Ес кетіп сабыр қалмай сасқалақтап,
Қорыққаннан көзің сыймай шарасына.
Ұмытып құдайды да, құранды да
Бас ұрма лəнат-манат ағашына.
(«Маса»)
5.Əлде мен бабын тауып бақпадым ба?
Болмаса жемнен қысып сақтадым ба?
Əйтпесе əбзелдерің сəнді емес пе?
Жібектен тізгініңді тақпадым ба?
Малдырып сап алтынға үзеңгіңді,
Тағаңды шын күмістен қақпадым ба?
(«Маса»)
5. Түйдектеу. Əр сөзге көп ой сыйғыза сөйлеу — түйдектеу деп аталады. Түйдектеп
сөйлегенде сөздің əсері күштірек болады. Себебі сөйлем ішінде сөз аз болса, əр сөзге көбірек
назар түсіп, ілтипатқа көбірек айналады. Көп нəрсеге адам назар салғанда ілтипаты ыдырап,
сирей түседі. Мəселен, топ адамды көргенде назар топқа түсіп, бас-басына аз түседі.
Сондықтан əрқайсысының түрін-түсін, киген киімін, мінген атын байқамай қаласың. Аз
адамды көргенде назар əрқайсысына көбірек түсіп, түр-түсін де, киген киім, мінген аттарын
да байқап қаласың. Сөйлем ішіндегі сөз де сол сияқты. Түйдектей сөйлеудің мысалы мынау:
1. Бақ — ерікте; ерік — ерлік пен бірлікте, ерік — ұранымыз, бірлік — құранымыз
болсын.
(Шырша)
2.Адамына оқ!
Қаласына от!
Мұнан басқа бітім жоқ.
(Темірше)
3. Соғыс. Бұ не əурешілік? Қырылған жан, төгілген қан — шулаған ел, шұбырған босқын,
жылаған қатын-бала.
6. Бүкпелеу. Сөзді ашып айтпай ұшығын ғана көрсетіп айту — бүкпелеу деп аталады.
Мысалдар:
1.Отыр ем бала ғой деп жүзің жарқын,
Сөз — кілт, кеуде — сандық, ақыл — алтын.
Ақылың көп болғанмен шашың ұзын,
Жібердің келістірмей сөздің артын.
(Жарылғасын)
2. Ақсұлу, айтар сөзді аңдамадың,
Аузыңа келген сөзді сандалдың.
Əкесін, шешесімен нандырады
Қыз бала елдің жайын қайдан білсін.
Білмесе қызбен жайын боз баланың.
7. Кекесіндеу. Сөздің тысқы лебіз мағынасына ішкі астыртын мағынасы қайшы келсе,
кекесін болып шығады. Кекесінмен сөйлеуді кекесіндеу дейміз. Қорқақ кісіні «Батырым»
деу, қара кісіні «Əппағым» деу, ақымақ кісіні «Данышпаным» деу — осылардың бəрі де
кекесін сөздер. Кекесіннің түрі толып жатыр. Бірақ толып жатқан түрін екі топқа бөлуге
болады.
1. Зілсіз кекесін (ойын, қулық, қалжың, əзіл).
2. Зілді кекесін (мазақ, сықақ, мысқыл, келемеж, келеке, əжуа).
Кекесін мысалдары:
1. Тұрсынбай датқаның балалары болыстыққа таласып, араз болып жүргенде Бұдабай
ақынның айтқаны:
Бір күнде Досан болды Алтынбекпен,
Датқаны не қыласың өтіп кеткен.
Таласып Əлімбеттің ісін алсаң,
Бақытты келтірдің ғой қиыр шеттен.
2.Иттерге таласса да жарасады,
Əйтпесе ит əдетін адасады.
Дос болған адамдарға қарап тұрсақ,
Биікпен тең деп болмас аласаны,
Сүйектей арасына түссе нəрсе,
Иттерден олар артық таласады.
(«Қырық мысал»)
3. Төрені түйеге тіркеп қойып, «Төре неме ғой, жүрер ме екен» деген.
4. «Ой бəрекелді! Ой-сабаз-ай!» — дегенде ырза болып айтса қостау болады, ырза болмай
айтса кекесін болады.
|